400-бап. Салық салуға жататын кірісті азайту жөніндегі жалпы ережелер Қазақстан Республикасының Салық кодексі
1. Жеке тұлғаның салық салуға жататын кірісі мынадай кірістерге азаяды:
1) мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарды өткізу кезінде құн өсімінен түсетін кіріс;
2) агенттік облигацияларды өткізу кезінде құн өсімінен түсетін кіріс;
3) ашық және аралық инвестициялық пай қорларының пайларын өткізу кезінде құн өсімінен түсетін кіріс;
4) Қазақстан Республикасында құрылған резидент-заңды тұлғадағы немесе консорциумдағы акцияларды, қатысу үлестерін өткізу кезіндегі құн өсімінен түсетін кіріс.
Осы тармақша мынадай шарттар бір мезгілде орындалған кезде қолданылады:
акцияларды немесе қатысу үлестерін өткізу күніне салық төлеуші осы акцияларды немесе қатысу үлестерін үш жылдан астам иеленеді;
осындай эмитент-заңды тұлға немесе қатысу үлесі өткізілетін осындай заңды тұлға немесе осындай консорциумға қатысу үлесін өткізетін осындай консорциумға қатысушы жер қойнауын пайдаланушы болып табылмайды;
жер қойнауын пайдаланушылар (жер қойнауын пайдаланушы) болып табылатын тұлғалардың (тұлғаның) мүлкi осындай эмитент-заңды тұлға немесе қатысу үлесі өткізілетін осындай заңды тұлға активтерінің құнында немесе қатысу үлесі өткізілетін осындай консорциум қатысушылары активтерінің жалпы құнында осындай өткiзу күнiне 50 пайыздан аз болады.
Жерасты суларын және (немесе) кең таралған пайдалы қазбаларды өз мұқтаждықтары үшін өндіру құқығына ие болғандықтан ғана жер қойнауын пайдаланушы болып табылатын осындай пайдаланушы осы тармақшаның мақсатында жер қойнауын пайдаланушы деп танылмайды.
Бұл ретте акциялары немесе қатысу үлестері өткізілетін заңды тұлға немесе консорциум активтерінің құнындағы жер қойнауын пайдаланушылар (жер қойнауын пайдаланушы) болып табылатын тұлғалар (тұлға) мүлкінің үлесі осы Кодекстің 687-бабына сәйкес айқындалады;
5) жеңілдікті салық салынатын мемлекеттің резиденті болып табылатын тұлғаның кірістерін қоспағанда, эмитенті резидент-заңды тұлға болып табылатын борыштық бағалы қағаздарды өткізу кезінде мынадай:
борыштық бағалы қағаздарды өткізу күніне салық төлеуші осы борыштық бағалы қағаздарды үш жылдан астам иеленеді;
осындай эмитент-заңды тұлға жер қойнауын пайдаланушы болып табылмайды;
жер қойнауын пайдаланушылар (жер қойнауын пайдаланушы) болып табылатын тұлғалардың (тұлғаның) мүлкі осындай эмитент-заңды тұлға активтерінің құнында осындай өткізу күніне 50 пайыздан аз болады деген шарттар бір мезгілде орындалған кезде құн өсімінен түсетін кірістер.
Жерасты суларын және (немесе) кең таралған пайдалы қазбаларды өз мұқтаждықтары үшін өндіру құқығына ие болғандықтан ғана жер қойнауын пайдаланушы болып табылатын осындай пайдаланушы осы тармақшаның мақсатында жер қойнауын пайдаланушы деп танылмайды.
Бұл ретте жер қойнауын пайдаланушылар (жер қойнауын пайдаланушы) болып табылатын тұлғалар (тұлғалар) мүлкінің эмитент-заңды тұлға активтерінің құнындағы үлесі осы Кодекстің 687-бабына сәйкес айқындалады.
6) Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істейтін қор биржасында ашық сауда-саттық әдісімен осы қор биржасының ресми тізімдерінде өткізілген күні тұрған бағалы қағаздарды өткізу кезіндегі құн өсімінен түсетін кірістер;
7) цифрлық майнинг жөніндегі қызметтен кірісі айқындалған цифрлық активтерді өткізу кезінде құн өсімінен түсетін кіріс;
8) салық агенті болып табылмайтын тұлғадан қайырымдылық және демеушілік көмек түрінде алынған мүліктің құны;
9) салық агенті болып табылмайтын тұлғадан гуманитарлық көмек түрінде алынған мүліктің құны;
10) Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын дипломатиялық немесе консулдық жұмыскерлердiң ресми кірістері;
11) кірісі салық салуға жататын шет мемлекеттiң мемлекеттiк қызметiндегі шетелдiктердің ресми кірістері;
12) Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын және Қазақстан Республикасының шет елдердегi дипломатиялық және оларға теңестiрiлген өкiлдiктерiнде қызметте жүрген жеке тұлғалардың бюджет қаражаты есебiнен төленетiн шетел валютасындағы ресми кірістері;
13) Қазақстан Республикасының неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы заңнамасына сәйкес алынған алименттер;
14) моральдық зиянды қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жеке тұлғаның өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу;
15) заңды күшіне енген сот актісі бойынша берілген материалдық залалды, сондай-ақ сот шығыстарын өтеу сомалары;
16) он алты жасқа толмаған балаларға арналған балалар лагерьлеріне жолдамалардың құны;
17) осы Кодекстің 429-бабында көрсетілген жұмыскердің кірісі;
18) осы Кодекстің 430-бабында көрсетілген сыйақылар;
19) осы Кодекстің 431-бабында көрсетілген біржолғы зейнетақы төлемдері, зейнетақы төлемдері;
20) осы Кодекстің 432-бабында көрсетілген бюджет қаражаты есебінен төлемдер;
21) осы Кодекстің 433-бабында көрсетілген өтеусіз алынған мүлік;
22) осы Кодекстің 434-бабында көрсетілген оқуға байланысты стипендиялар, төлемдер және өтемақылар;
23) осы Кодекстің 435-бабында көрсетілген сақтандыру төлемдері;
24) осы тармақтың 1) – 23) тармақшаларында көзделмеген және осы Кодекстің 436-бабында көрсетілген кірістер.
2. Егер жеке тұлғаның салық салуға жататын кірісінен жеке табыс салығын ұстап қалу күнінен кеш жүгінуіне байланысты жеке тұлғаның кірісіне қатысты салық агенті жеке тұлғаның осындай кірісін осы баптың 1-тармағының 12) – 24) тармақшаларында көзделген кіріске азайтпаса, онда жеке тұлға осындай кірістен жеке табыс салығын ұстап қалуды жүргізген салық агентіне салық салуға жататын кірістерді салық агентінің қайта есептеуіне негіз болған өтініш пен растаушы құжаттарды төлем жүргізілген күнтізбелік жылдың және одан кейінгі күнтізбелік жылдың ішінде ұсынуға құқылы.
Қазақстан Республикасының 2025 жылғы 18 шiлдедегi № 214-VIII ҚРЗ Кодексі
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы
______________________________
2026 жыл 1 қаңтардан бастап "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" 2017 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) күші жойылды деп танылсын, 2025 жылғы 18 шілдедегі № 214-VIII ҚРЗ Салық кодексінің қолданысқа енгізілуіне байланысты.
400-бап. Есепке жатқызылатын қосылған құн салығы Қазақстан Республикасының Салық және бюджетке төленетін басқада міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі) кодексі
1. Егер алынған тауарлар, жұмыстар және көрсетілетін қызметтер өткізу бойынша салық салынатын айналым мақсатында пайдаланылса немесе пайдаланылатын болса, солар үшін төлеуге жататын және мыналарда:
1) осы тармақтың 2) және 3) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер сатып алынған жағдайда – қосылған құн салығы бөліп көрсетіліп және өнім беруші салық төлеушінің сәйкестендіру нөмірі көрсетіле отырып, мынадай құжаттардың бірінде:
шот-фактураны жазып беру күніне қосылған құн салығын төлеуші болып табылатын өнім беруші жазып берген шот-фактурада немесе жол жүру билетінде (қағаз жеткізгіште, электрондық билетте, электрондық жол жүру құжатында);
әуе көлігінде жол жүру фактісін растайтын, осындай құжаттарды жазып беру күніне қосылған құн салығын төлеуші болып табылатын өнім беруші жазып берген құжатта;
жалпыға бірдей қолжетімді телекоммуникациялық желілердегі интернет-ресурста орналастырылғандарды қоса алғанда, есепті салықтық кезеңде алынған мерзімді баспасөз басылымдарының және бұқаралық ақпарат құралдарының өзге де өнімінің құнына тура келетін бөлікте осы Кодекстің 414-бабында сәйкес жазып берілген шот-фактурада;
мемлекеттік материалдық резервтен тауарларды шығару кезінде мемлекеттік материалдық резерв саласындағы уәкілетті органның құрылымдық бөлімшесі жазып берген шот-фактурада көрсетілген қосылған құн салығының сомасы осы Кодекстің 367-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес қосылған құн салығын төлеуші болып табылатын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді алушы есепке жатқызатын қосылған құн салығының сомасы деп танылады. Қосылған құн салығының сомасы мынадай формула бойынша, бірақ осы тауарларды мемлекеттік материалдық резервке беру кезінде төленген салық сомасынан аспайтындай болып айқындалады:
ҚҚС = ҚШТ х МҚҚС / (100 % + МҚҚС), мұнда:
ҚҚС – қосылған құн салығының сомасы;
ҚШТ – қосылған құн салығы салынатын шығарылатын тауарлардың құны;
МҚҚС – тауарлар шығарылған күнге қолданыста болатын қосылған құн салығының мөлшерлемесі;
2) тауарлар импортталған жағдайда – Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасына және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес ресімделген тауарларға арналған декларацияда, бірақ Қазақстан Республикасының бюджетіне төленген және кедендік рәсімнің шарттарына сәйкес қайтаруға жатпайтын салық сомасынан аспайтындай немесе тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтініште (өтініштерде), бірақ Қазақстан Республикасының бюджетіне төленген және қайтаруға жатпайтын салық сомасынан аспайтындай;
3) бейрезидент берген және осындай жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алушының айналымы болып табылатын жұмыстар, көрсетілетін қызметтер сатып алынған жағдайда – қосылған құн салығы бойынша декларацияда, бірақ төлем құжатында немесе салық органы уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша берген және қосылған құн салығының төленгенін растайтын құжатта көрсетілген салық сомасынан аспайтындай;
4) осы Кодекстің 367-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген тұлға қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қойылған жағдайда – қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қойылған күнге дейін салық төлеуші сатып алған, жасаған, салған және қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебіне қойылған күнге меншік құқығында болатын тауарлар бойынша, осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларының біріне сәйкес осындай сома расталған жағдайда, осындай тұлға осы Кодекстің 215-бабының 4-тармағына сәйкес жасаған салықтық тіркелімде көрсетілген қосылған құн салығының сомасы осы Кодекстің 367-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес қосылған құн салығын төлеуші болып табылатын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді алушы есепке жатқызатын қосылған құн салығының сомасы деп танылады.
Осы тармақшаның ережелері қайта ұйымдастыру нәтижесінде жаңадан құрылған заңды тұлға алған тауарларға қатысты қолданылмайды.
2. Жеке тұлға олар бойынша шығыстар халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасына сәйкес қосылған құн салығын төлеушінің шығыстары деп танылған және осы Кодекстің 244-бабына сәйкес қызметтік іссапарлар кезіндегі өтемақылар ретінде шегерімдерге жатқызылуға тиіс көрсетілетін қызметтерді алған жағдайда, қосылған құн салығын осындай төлеушінің осы баптың 1-тармағы 1) тармақшасының талаптарын сақтаған кезде аталған көрсетілетін қызметтер бойынша қосылған құн салығының сомасын есепке жатқызуға құқығы бар.
3. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген қосылған құн салығының сомаларын есепке жатқызу үшін бірнеше негіз болған кезде қосылған құн салығының сомасын есепке жатқызу неғұрлым ерте болатын негіз бойынша бір рет жүргізіледі.
4. Осы Кодекстің 401-бабына сәйкес айқындалған дәл сол салықтық кезеңде осы Кодекстің 403, 404 және 405-баптарында көзделген жағдайлар басталған кезде, есепке жатқызылатын қосылған құн салығының мөлшері осы Кодекстің 403, 404 және 405-баптарында көзделген алып тастау, ұлғайту немесе азайту ескеріле отырып айқындалады.
5. Қосылған құн салығы бойынша есепке жатқызу салық төлеушіні қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен шығаруға байланысты осы Кодекстің 369-бабы 1-тармағы бірінші бөлігінің 3) тармақшасында көрсетілген талаптар орындалғаннан кейін, қосылған құн салығы бойынша тарату декларациясы берілген салықтық кезеңде қосылған құн салығының асып кету сомасына азайтуға жатады.
6. Осы баптың 9-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, осы баптың ережелеріне сәйкес келмейтін қосылған құн салығының, сондай-ақ осы Кодекстің 402-бабында көрсетілген қосылған құн салығының сомасы есепке жатқызылмайтын қосылған құн салығының сомасы деп танылады.
7. 01.01.2022 дейін қолданыста болды - ҚР 27.12.2019 № 295-VI Заңымен. 8. 01.01.2022 бастап 01.01.2024 дейін қолданыста болды – ҚР 21.12.2022 № 165-VII Заңымен.
9. Жолаушыларды, багажды, жүк-багажды, пошта жөнелтілімдерін тасымалдау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын теміржол тасымалдаушысына теміржол көлігімен жолаушыларды тасымалдау кезінде магистральдық теміржол желісінің қызметтерін өтеусіз негізде, оның ішінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес теміржол көлігімен жолаушыларды тасымалдау кезінде магистральдық теміржол желісінің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне арналған тарифке 0 мөлшеріндегі уақытша төмендету коэффициентін қолдана отырып көрсету үшін Ұлттық инфрақұрылым операторы пайдаланған немесе пайдаланатын тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша қосылған құн салығының сомасы осы баптың 1-тармағында белгіленген шарттар сақталған кезде есепке жатқызылуға жатады.
Қазақстан Республикасының Кодексі 2017 жылғы 25 желтоқсандағы № 120-VІ ҚРЗ.
Осы Кодекс салық салудың негіз құраушы қағидаттарын белгілейді, салықтарды және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді белгілеу, енгізу, өзгерту, олардың күшін жою, есептеу мен төлеу тәртібі жөніндегі билік қатынастарын, сондай-ақ салықтық міндеттемені орындауға байланысты қатынастарды реттейді.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы