51-бап. Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымында кәсіптік қызметін жүзеге асыратын педагогтің құқықтары, міндеттері мен жауапкершілігі Білім туралы Заңы
1. Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымы педагогінің кәсіптік қызметіне:
1) соттың заңды күшіне енген үкіміне сәйкес педагогтің кәсіптік қызметін жүзеге асыру құқығынан айырылған;
2) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танылған;
3) медициналық қарсы көрсетілімдері, сондай-ақ психикалық, мінез-құлықтық, оның ішінде психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты бұзылушылықтары (аурулары) бар, денсаулық сақтау ұйымдарында есепте тұрған;
4) жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білімі туралы құжаттары жоқ адамдар;
5) Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде көзделген өзге де шектеулер негізінде жіберілмейді.
2. Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымында кәсіптік қызметін жүзеге асыратын педагогтің:
1) кәсіби қызметіне арналған жағдаймен қамтамасыз етіле отырып, педагогтік қызметпен айналысуға;
2) ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-эксперименттік жұмыспен айналысуға, педагогтік практикаға жаңа әдістемелер мен технологияларды енгізуге;
3) дара педагогтік қызметке;
4) тиісті білім беру деңгейінің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартының талаптары сақталған жағдайда педагогтік қызметті ұйымдастырудың тәсілдері мен нысандарын еркін таңдауға;
5) білім беру ұйымдарын басқарудың алқалы органдарының жұмысына қатысуға;
6) бес жылда бір реттен сиретпей, ұзақтығы төрт айдан аспайтын біліктілігін арттыруға;
7) алып тасталды – ҚР 27.12.2019 № 294-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
8) педагогтік қызметтегі табыстары үшін мемлекеттік наградалар, құрметті атақтар, сыйлықтар мен атаулы стипендиялар түрінде моральдық және материалдық көтермеленуге;
9) өзінің кәсіптік ар-намысы мен қадір-қасиетінің қорғалуына;
10) әскери қызметке шақырылу мерзімінің кейінге қалдырылуына;
11) ғылыми қызметпен айналысу үшін педагогтік өтілі сақтала отырып, шығармашылық демалыс алуға;
12) білім беру ұйымы әкімшілігінің бұйрықтары мен өкімдеріне шағым жасауға;
13) білім алушылар, тәрбиеленушілер және олардың ата-аналары немесе өзге де заңды өкілдері тарапынан өз ар-намысы мен қадір-қасиетінің құрметтелуіне құқығы бар.
3. Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымында кәсіптік қызметін жүзеге асыратын педагог:
1) өзінің кәсіптік құзыреті саласында тиісті теориялық және практикалық білімді және оқыту дағдыларын меңгеруге;
2) мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының талаптарына сәйкес және академиялық адалдық нормалары сақтала отырып ұсынылатын білім беру қызметтерінің сапасын қамтамасыз етуге;
2-1) білім алушыларға ғылыми зерттеулер мен академиялық жазу әдістерін және оларды зерделенетін салада қолдануды оқытып-үйретуге;
3) білім алушыларды жоғары имандылық, ата-аналарына, этномәдени құндылықтарға құрмет көрсету, қоршаған дүниеге ұқыпты қарау рухында тәрбиелеуге;
4) білім алушылардың өмірлік дағдыларын, құзыретін, өздігінен жұмыс істеуін, шығармашылық қабілеттерін дамытуға;
5) өзінің кәсіптік шеберлігін, зияткерлік, шығармашылық және жалпы ғылыми деңгейін ұдайы жетілдіріп отыруға;
6) алып тасталды – ҚР 27.12.2019 № 294-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
7) педагогтік әдеп қағидаларын және ғылыми әдеп қағидаттарын сақтауға;
8) білім алушылардың, тәрбиеленушілер мен олардың ата-аналарының немесе өзге де заңды өкілдерінің ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеуге;
9) құқық қорғау органдарына білім беру ұйымдарында қылмыстық не әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар әрекеттерді (әрекетсіздікті) кәмелетке толмағандардың жасау немесе оларға қатысты жасалу фактілері туралы, сондай-ақ білім беру ұйымдарынан тыс жерде кәсіптік қызметіне байланысты өзіне белгілі болған фактілер туралы дереу хабарлауға;
10) арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж баланы анықтағаннан бастап бір жұмыс күні ішінде кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың профилактикасы жүйесі органдарына хабарлауға міндетті.
Міндеттерін бұзғаны және педагог атағына кір келтіретін теріс қылық жасағаны үшін жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымында кәсіптік қызметін жүзеге асыратын педагог Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа тартылуы мүмкін.
4. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында кәсіптік қызметін жүзеге асыратын педагогтерді өздерінің кәсіптік міндеттерін орындаумен байланысы жоқ жұмыс түрлеріне тартуға жол берілмейді.
5. Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында кәсіптік қызметін жүзеге асыратын педагогтердің білім беру процесін саяси үгіттеу, діни насихат жүргізу мақсатында немесе білім алушыларды Қазақстан Республикасының Конституциясына және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келетін әрекеттерге итермелеу үшін пайдалануына тыйым салынады.
Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі № 319 Заңы.
Осы Заң білім беру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, осы саладағы мемлекеттік саясаттың негізгі принциптерін айқындайды және Қазақстан Республикасы азаматтарының, сондай-ақ Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың білім алуға конституциялық құқығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы