62-бап. Білім беру ұйымдарын мемлекеттік қаржыландыру Білім туралы Заңы
1. Мемлекет білім берудің басымдығын ескере отырып оған бюджеттік қаражаттардың бөлінуін қамтамасыз етеді.
2. Мемлекеттік білім беру ұйымдарын қаржыландыру білім беру деңгейлері бойынша мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарымен белгіленген талаптар және Қазақстан Республикасының заңнамасымен айқындалатын нормалар негізінде бюджеттік қаражаттар есебінен жүзеге асырылады.
3. Мемлекеттік білім беру мекемелерін бюджеттік қаражаттар есебінен қаржыландыру мекемелердің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына сәйкес ұсталуын және функцияларды орындауын қамтамасыз етеді.
Жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру іске асырылатын мемлекеттік білім беру мекемелерін қаржыландыру жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру әдістемесінде айқындалатын көлемде және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де шығыстармен жүзеге асырылады.
4. Мемлекеттік білім беру кәсіпорындарын, басқа да ұйымдық-құқықтық нысандардағы білім беру ұйымдарын қаржыландыру мемлекеттік білім беру тапсырысының негізінде жүзеге асырылады.
Мемлекеттік білім беру кәсіпорындары үшін мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемі Сот төрелігі академиясын, медициналық, әскери, арнаулы оқу орындарын, мәдениет саласындағы білім беру ұйымдарын, сондай-ақ қаржыландыру көлемін тиісті саланың уәкілетті органы өзі дербес айқындайтын республикалық орта білім беру ұйымдарын қоспағанда, жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру әдістемесіне сәйкес және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де шығыстармен айқындалады.
Мемлекеттік білім беру тапсырысымен байланысты көрсетілетін қызметтердің тізбесін білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
Білім беру ұйымдары өздерінің қаржылық-шаруашылық қызметінің нәтижесінде қалған, мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде көрсетілетін қызметтерді өткізуден түскен ағымдағы қаржы жылындағы кірістерін кезекті қаржы жылында пайдаланады.
4-1. Алып тасталды – ҚР 04.07.2018 № 171-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
4-2. Жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік білім беру ұйымдарында орта білім беруге мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастырады.
4-3. Жекеменшік білім беру ұйымдарында орта білім беруге мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру білім беру саласындағы уәкілетті органның операторына жүктеледі.
4-4. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары тиісті қаржы жылына арналған жергілікті бюджеттерде бекітілген бюджет қаражатының көлемдері шегінде балаларға қосымша білім беруге мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастырады.
5. Кадрларды даярлауға, білікті жұмыскерлер мен мамандардың біліктілігін арттыруға және оларды қайта даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысы:
1) кадрларды даярлау бағыттарын;
2) оқыту нысандары бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысының көлемін (орындар, гранттар санын);
3) бір білім алушыны (маманды) оқытуға жұмсалатын шығыстардың орташа құнын қамтуға тиіс.
Мемлекеттік білім беру мекемелерінде техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру кезінде бюджеттік бағдарламаның әкімшісі және білім беру ұйымының атауы көрсетіледі.
Мемлекеттік білім беру тапсырысына сонымен қатар осы Заңның 65-бабының 4-тармағында көзделген тәртіппен құрылған оқу орындарында және (немесе) олардың филиалдарында кадрларды даярлау, сондай-ақ жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының дайындық бөлімдерінде шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды оқыту енеді.
5-1. Білім беру грантының немесе мемлекеттік білім беру тапсырысының негізінде жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрлар даярлауды қаржыландыру, Сот төрелігі академиясын, әскери, арнаулы оқу орындарын қоспағанда, танылған аккредиттеу органдарының тізіліміне енгізілген аккредиттеу органдарында аккредиттеуден өткен білім беру ұйымдарында және жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарын саралау нәтижелері ескеріле отырып жүзеге асырылады.
Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы әскери, арнаулы оқу орындарын қоспағанда, білім беру ұйымдарында білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен орналастырылады.
6. Мектепалды сыныптарда мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын орта білім беру ұйымдарын қоспағанда, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарындағы мемлекеттік білім беру тапсырысы білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен орналастырылады.
6-1. Орта білім беру ұйымдарында орналастырылатын мемлекеттік білім беру тапсырысы білім алушылардың санын және бір оқушыға жұмсалатын шығыстардың орташа құнын қамтуға тиіс.
6-2. Балаларға қосымша білім беруге мемлекеттік білім беру тапсырысы білім алушылардың және (немесе) тәрбиеленушілердің санын және бір білім алушыға және (немесе) тәрбиеленушіге жұмсалатын шығыстардың орташа құнын қамтуға тиіс.
6-3. Мүмкіндігі шектеулі балаларды арнаулы психологиялық-педагогикалық қолдауға мемлекеттік білім беру тапсырысы білім алушылардың және (немесе) тәрбиеленушілердің санын және бір білім алушыға және (немесе) тәрбиеленушіге жұмсалатын шығыстардың орташа құнын қамтуға тиіс.
7. Білім беру жүйесін оқу-әдістемелік қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысының мазмұнына қойылатын талаптарды білім беру саласындағы уәкілетті орган және (немесе) ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
8. "Бакалавр" немесе "магистр" дәрежелері берілетін жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді қаржыландыруға мемлекеттік білім беру тапсырысы білім беру бағдарламаларына, Сот төрелігі академиясын, әскери, арнаулы оқу орындарын қоспағанда, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымының түріне, мәртебесіне және саралау нәтижелеріне қарай саралана отырып, білім беру гранттары түрінде орналастырылады.
9. Шетелдіктерді, оның ішінде Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын, ұлты қазақ адамдарды қазақстандық жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында стипендиялық бағдарламалар бойынша оқытуды қаржыландыру оқытудың тиісті кезеңіне бюджет қаражатын бөлу арқылы жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі № 319 Заңы.
Осы Заң білім беру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, осы саладағы мемлекеттік саясаттың негізгі принциптерін айқындайды және Қазақстан Республикасы азаматтарының, сондай-ақ Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың білім алуға конституциялық құқығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы