63-бап. Өрттерді сөндіру Азаматтық қорғау туралы Заңы
1. Өрттерді сөндіру өрттерді жоюға, адамдар мен жеке және заңды тұлғалардың мүлкін құтқаруға бағытталған іс-қимылдарды білдіреді.
Елді мекендердің аумақтарындағы, стратегиялық, аса маңызды мемлекеттік объектілер мен мемлекеттік меншіктің тіршілікті қамтамасыз ету объектілеріндегі өрттерді сөндіруді мемлекеттік өртке қарсы қызмет жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органы және қорғаныс, әуе, ішкі су және теміржол көлігі объектілеріндегі өрттерді сөндіру үшін мемлекеттік өртке қарсы қызметті тарту және салалық өртке қарсы қызметтермен өзара іс-қимыл жасау тәртібі уәкілетті орган мен тиісті мемлекеттік органдар арасындағы келісімдермен регламенттеледі.
Орман өрттерін сөндіру үшін мемлекеттік өртке қарсы қызметті тарту тәртібі Қазақстан Республикасы Орман кодексінің 65-1-бабына сәйкес жүзеге асырылады.
Дала өрттерін, сондай-ақ мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелері жоқ елді мекендердегі өрттерді сөндіруді тиісті аумақтағы жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады.
2. Уәкілетті органның басшысы өртке қарсы қызметтердің барлығына қатысты аға жедел бастық болып табылады.
Облыстардағы, республикалық маңызы бар қалалардағы, астанадағы, аудандардағы, облыстық маңызы бар қалалардағы мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының басшылары тиісті аумақтарда орналасқан өртке қарсы қызметтерге қатысты аға жедел бастық болып табылады.
3. Өртке қарсы қызмет гарнизонына кіретін күштер мен құралдарды пайдалану тәртібі өртке қарсы қызмет гарнизоны бөлімшелерінің бару кестесімен айқындалады, ал ауылдық жерлердегі аудандарда - өрттерді сөндіруге күштер мен құралдарды тарту жоспарымен айқындалады.
Өртке қарсы қызмет бөлімшелерін шақыру үшін елді мекендердің телефон желілерінде "101" және "112" бірыңғай нөмірлері орнатылады.
4. Өртке қарсы қызмет бөлімшелерінің өрттерді сөндіруге баруы сөзсіз тәртіппен жүзеге асырылады.
5. Өрт сөндіруге басшылықты өртке келген өртке қарсы қызмет гарнизонының аға лауазымды адамы жүзеге асырады.
Өрт сөндіру басшысы дара басшылық қағидаттарымен өрт сөндіру міндеттерін орындауға қатысатын жеке құрамды, сондай-ақ өрт сөндіруге тартылған күштерді басқарады.
Өрт сөндіру басшысын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен міндеттерін орындаудан шеттетуден және басшылықты өзіне қабылдаудан немесе басқа лауазымды адам тағайындаудан басқа кезде оның қызметіне араласуға ешкім құқылы емес.
6. Өрттерді сөндірумен байланысты емес төтенше жағдайларды жою кезінде мемлекеттік, кәсіби және салалық өртке қарсы қызметтің, ақшасын қоспағанда, күштері мен құралдары төтенше жағдайды жою басшысының билігіне көшеді.
7. Өрт сөндіру басшысының:
1) өрт сөндіру үшін, көлік құралдары мен басқа да материалдық-техникалық құралдарды қоса алғанда, кәсіби, салалық өртке қарсы қызметтердің және өртке қарсы ерікті құралымдардың күштері мен құралдарын тартуға;
2) өрттерді сөндіру жұмыстарын жүргізу кезеңінде цехтар мен объектілердің жұмысын тоқтата тұруға, адамдарды, материалдық құндылықтарды қауіпті аймақтан эвакуациялауға өкім беруге құқығы бар.
8. Өрттерді сөндіру кезінде мемлекеттік өртке қарсы қызмет қызметкерлерінің:
1) өрттер кезінде азаматтардың жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, оларды құтқаруға, оттың таралуын болғызбауға және өртті жоюға бағытталған шаралар қабылдау үшін, шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктері, консулдық мекемелері, сондай-ақ халықаралық ұйымдар өкілдіктері орналасқан үй-жайларды, жер учаскелерін қоспағанда, адамдарды құтқаруға, авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге бағытталған шараларды қабылдау үшін жеке және заңды тұлғаларға тиесілі аумаққа, тұрғынжайға және өзге де үй-жайға, жер учаскелеріне кедергісіз кіруге;
2) қажет болған жағдайларда, оттың таралуын болғызбауға және өртті жоюға бағытталған шаралар қабылдау үшін жабық есіктерді, терезелерді, шатырларды, сондай-ақ қоршау конструкцияларды ашуға;
3) осы Заңның 33-бабы 3-тармағының 5) және 7) тармақшаларында көзделген іс-қимылдарға құқығы бар.
9. Өрттерді сөндіру кезінде келтірілген материалдық нұқсан Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өтелуге жатады.
Өрт сөндіру кезінде құқыққа сыйымды әрекет еткен өртке қарсы қызметтердің қызметкерлері мен ерікті өрт сөндірушілер келтірілген нұқсанды өтеуден босатылады.
Қазақстан Республикасының Заңы 2014 жылғы 11 сәуірдегі № 188-V ҚРЗ.
Осы Заң азаматтық қорғау жөніндегі іс-шараларды жүргізу процесінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді әрі табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар мен олардың салдарларының алдын алуға және оларды жоюға, төтенше жағдай аймағындағы халыққа шұғыл медициналық және психологиялық көмек көрсетуге, өрт қауіпсіздігі мен өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған, сондай-ақ Қазақстан Республикасы азаматтық қорғанысының негізгі міндеттерін, құрылуы мен жұмыс iстеуінің ұйымдастырушылық қағидаттарын, мемлекеттік материалдық резервті қалыптастыруды, сақтауды және пайдалануды, авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының ұйымдастырылуы мен қызметін айқындайды.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы