7-бап. Микроқаржы ұйымының құқықтары мен мiндеттерi Микроқаржылық қызмет туралы Заңы
1. Микроқаржы ұйымы:
1) алып тасталды - ҚР 03.07.2019 № 262-VI Заңымен (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі);
1-1) микрокредит беру туралы шарт бойынша құқықты (талап етуді) осы Заңның 9-1-бабының 4 және 5-тармақтарында көрсетілген тұлғаға беруге;
2) микрокредиттер беру қағидаларында айқындалған, микрокредит беру туралы шартты жасау және ол бойынша мiндеттемелердi орындау үшiн қажетті құжаттар мен мәлiметтердi қарыз алушыдан (өтініш берушіден) сұратуға;
2-1) қарыз алушының өтініші бойынша тауарлар, жұмыстар немесе көрсетілетін қызметтер үшін ақы төлеу мақсатында екінші деңгейдегі банктер арқылы микрокредитті үшінші тұлғаға аударуды жүзеге асыруға;
2-2) осы Заңда көзделген мақсаттар үшін Қазақстан Республикасының бейрезидент жеке тұлғаларының жеке басын куәландыратын құжаттарының көшірмелерін жинауға;
3) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында және микрокредит беру туралы шартта белгіленген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.
2. Микроқаржы ұйымы:
1) тұрған жерi өзгерген не атауы өзгерген жағдайда бұл туралы уәкілетті органды, сондай-ақ қарыз алушыларды (өтініш берушілерді) микроқаржы ұйымының тұрған жері бойынша, сондай-ақ қарыз алушы (өтініш беруші) жеке тұлғаның заңды мекенжайы бойынша және қарыз алушы (өтініш беруші) заңды тұлғаның тұрған жері бойынша екi баспа басылымында қазақ және орыс тілдерінде тиiстi ақпарат жариялау арқылы не мұндай өзгерiстер болған күннен бастап күнтiзбелiк отыз күннен кешіктірілмейтін мерзімде әрбір қарыз алушыны (өтініш берушіні) жазбаша хабардар ету арқылы жазбаша хабардар етуге;
1-1) қатысушылардың (акционерлердің) құрамы өзгерген жағдайда, бұл туралы және қатысушылардың (акционерлердің) осы Заңның 14-бабы 6-тармағының талаптарына сай келуі туралы уәкілетті органды мұндай өзгеріс болған күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірілмейтін мерзімде микроқаржылық қызметті лицензиялау қағидаларында белгіленген тәртіппен жазбаша хабардар етуге;
1-2) Тауар белгілерінің мемлекеттік тізілімінде тіркелген күнінен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде Тауар белгілерінің мемлекеттік тізілімінен үзінді көшірмені қоса бере отырып, уәкілетті органды тауар белгісінің (тауар белгілерінің) тіркелгені туралы хабардар етуге міндетті.
Осы тармақшада белгіленген талап кредиттік серіктестіктерге қолданылмайды;
1-3) оның микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға арналған лицензияның көшірмесі, микрокредиттер бойынша жеке және заңды тұлғаларға көрсетілетін қызметтер үшін сыйақы мөлшерлемелері мен тарифтер туралы өзекті ақпарат, микроқаржы ұйымының атауы көрсетілген тауар белгісінің (тауар белгілерінің) бейнесі, микроқаржы ұйымының тұрған жері, телефон нөмірлері, жұмыс істеу графигі туралы ақпарат, сондай-ақ микроқаржы ұйымының қалауы бойынша өзге де ақпарат орналастырылатын өз интернет-ресурсының болуы міндетті.
Сыйақы мөлшерлемелері мен тарифтер туралы ақпарат қолданыстағы сыйақы мөлшерлемелері мен тарифтерге өзгерістер енгізу күні туралы мәліметтер, ішкі құжаттың нөмірі мен осы өзгерістерді қабылдаған орган көрсетіліп, жаңартып отыру режимінде болуға тиіс.
Осы тармақшаның талаптары ломбардтар мен кредиттік серіктестіктерге қолданылмайды;
1-4) микроқаржы ұйымының тиісті органының басшы қызметкерлер құрамында болған барлық өзгерістер туралы шешімі қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде уәкілетті органды жазбаша хабардар етуге;";
2) микрокредиттер беру қағидаларының көшiрмесiн микроқаржы ұйымы қарыз алушысының (өтініш берушісінің) көруі және онымен танысуы үшін қолжетiмдi жерде, оның ішінде микроқаржы ұйымының интернет-ресурсында, сондай-ақ кредиттік серіктестіктің, ломбардтың интернет-ресурсы бар болса, сонда орналастыруға;
3) өтініш берушіге микрокредитті алуға, оған қызмет көрсетуге және оны өтеуге (қайтаруға) байланысты төлемдер туралы толық және анық ақпарат беруге;
4) микрокредит беру туралы шартты жасасқанға дейін өтініш берушіге микрокредитті өтеу әдісімен танысу және оны таңдау үшін түрлі әдістермен есептелген өтеу кестелерінің жобаларын беруге міндетті. Қарыз алушыға микроқаржы ұйымдары жеке тұлғаларға беретін микрокредиттер бойынша тұрақты төлемдерді есептеу әдістемесіне және уәкілетті органның нормативтік-құқықтық актісінде белгіленген осындай микрокредиттер бойынша сыйақыны есептеуге арналған уақытша базаларға сәйкес микрокредит беру туралы шартта белгіленген кезектілікпен есептелген микрокредитті өтеу кестелерінің жобалары мынадай өтеу әдістерімен міндетті түрде ұсынылуға тиіс:
сараланған төлемдер әдісі, бұл ретте микрокредит бойынша берешектерді өтеу негізгі борыш бойынша төлемдердің тең сомаларын және негізгі борыштың қалдығы кезеңіне есептелген сыйақыны қамтитын азайтылып отыратын төлемдермен жүзеге асырылады;
аннуитеттік төлемдер әдісі, бұл ретте микрокредит бойынша берешектерді өтеу негізгі борыш бойынша ұлғайтылып отыратын төлемдерді және негізгі борыштың қалдығы кезеңіне есептелген сыйақы бойынша азайтылып отыратын төлемдерді қамтитын микрокредиттің бүкіл мерзімі ішінде тең төлемдермен жүзеге асырылады. Бірінші және соңғы төлем мөлшерлері бір-бірінен ерекшеленуі мүмкін.
Микроқаржы ұйымы микрокредиттер беру қағидаларына сәйкес есептелген микрокредитті өтеу кестелерінің қосымша жобаларын ұсыныуы мүмкін;
4-1) алып тасталды – ҚР 27.12.2019 № 291-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
4-2) талаптарында сақтандыру шартын жасасу көзделген микрокредит бойынша міндеттемені қарыз алушы толық мерзімінен бұрын орындаған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде микрокредит беру туралы шартта көзделген тәсілмен қарыз алушыны оның осындай сақтандыру шартын бұзуға және Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 842-бабы 2-тармағының төртінші бөлігінде көзделген тәртіппен сақтандырудың пайдаланылмаған кезеңі үшін сақтандыру сыйлықақысының бір бөлігін қайтаруға құқығы туралы хабардар етуге
5) қарыз алушыға (өтініш берушіге) микрокредит алуға байланысты оның құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ микрокредит беру туралы шарт бойынша міндеттемелер орындалмаған жағдайда ықтимал салдары туралы ақпарат беруге;
5-1) "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) , терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органға мәліметтерді хабарлауға;
6) микрокредит беру құпиясын сақтауға;
7) салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер түсімін қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органмен келісім бойынша уәкілетті орган бекіткен қағидаларға сәйкес, берілген микрокредиттер бойынша активтер мен шартты міндеттемелерді сыныптауды жүзеге асыруға және оларға қарсы провизияларды (резервтерді) құруға міндетті.
Осы тармақшада белгіленген талап ломбардтарға қолданылмайды;
8) уәкілетті орган белгiлеген пруденциялық нормативтерді және сақталуы міндетті өзге де нормалар мен лимиттерді, оларды есептеу әдістемесін сақтауға;
8-1) уәкiлеттi органның нормативтiк құқықтық актiсiнде белгіленген, микроқаржы ұйымы қарыз алушысының борыштық жүктемесі коэффициентін есептеу тәртiбiн және оның шекті мәнін сақтауға міндетті. -Алынып тасталды Қазақстан Республикасының Заңымен 2026 жылғы 16 қаңтардағы № 259-VIII ҚРЗ
Осы тармақшада белгіленген талап ломбардтарға қолданылмайды;
9) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне қаржылық және өзге де есептілікті ұсынуға;
9-1) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне пруденциялық нормативтердің және сақталуы міндетті өзге де нормалар мен лимиттердің орындалуы туралы есептілікті ұсынуға;
10) уәкілетті орган анықтаған Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықты жоюға;
11) алып тасталды - ҚР 03.07.2019 № 262-VI Заңымен (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі);
11-1) "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) , терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген жағдайларда микрокредит беруден бас тартуға";
11-2) -Алынып тасталды Қазақстан Республикасының Заңымен 2026 жылғы 16 қаңтардағы № 259-VIII ҚРЗ мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерге микрокредит беру туралы шарт бойынша уәкілетті орган айқындаған тәртіппен микрокредит бойынша сыйақыны есепке жазбай, мерзімді әскери қызмет өткеру мерзімін және ол аяқталғаннан кейінгі 60 күнді қамтитын кезеңге негізгі борыш пен сыйақы бойынша төлемді кейінге қалдыруды ұсынуға міндетті.
Мерзімді әскери қызметке шақырылған әскери қызметшілер, сондай-ақ оларды қызметтен шығару, оларда микрокредиттің болуы не болмауы, ол бойынша төлемді кейінге қалдырудың ұсынылуы туралы мәліметтерді алмасу Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігімен келісу бойынша уәкілетті орган айқындаған тәртіппен мемлекеттік органдар мен кредиттік бюролардың ақпараттық жүйелерінің өзара іс-қимылын қамтамасыз ету арқылы жүзеге асырылады.
Осы тармақтың екінші бөлігінде көзделген жағдайларда дербес деректерді жинау, өңдеу және пайдалану Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады;
11-3) өз қызметін осы Заңның 3-бабының 1-тармағында көрсетілген микроқаржылық қызметтің бір түріне қатысты жүзеге асыратын микроқаржылық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымға мынадай оқиғалардың бірі:
микроқаржылық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымды уәкілетті органның тізіліміне енгізу;
микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға арналған лицензияны алу және уәкілетті органның тізіліміне енгізілген микроқаржылық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымның болуы;
микроқаржылық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымға өзінің мүшелігін (қатысуын) тоқтату басталған күннен кейін күнтізбелік тоқсан күннің ішінде кіруге;
11-4) микроқаржылық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйым белгілеген жарналарды төлеуге;
11-5) микроқаржылық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымның сұрау салуы бойынша микроқаржылық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйым айқындайтын тәртіппен тексеру жүргізу үшін қажетті барлық ақпаратты ұсынуға;
11-6) микроқаржылық қызмет саласындағы өзін-өзі реттейтін ұйымның қағидалары мен стандарттарының талаптарын сақтауға;
11-7) Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерде орналасқан жылжымайтын мүлікті қоспағанда, микроқаржы ұйымы микрокредит беру туралы шарт бойынша кепілге (өзге де қамтамасыз ету) өндіріп алуды қолдану және (немесе) микрокредит беру туралы шарт бойынша міндеттемелерді орындаудың орнына бас тарту төлемін алу нәтижесінде сатып алған мүлікті банк және микроқаржы активтері сатылатын электрондық сауда алаңында сауда-саттық жүргізу арқылы өткізуге міндетті.
Микроқаржы ұйымы мыналарды:
өткізу мерзімі Қазақстан Республикасының Жер кодексінде көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып айқындалатын жер учаскесін;
микроқаржы ұйымы ғимарат немесе өзге де жылжымайтын мүлік сатып алынған күннен бастап он екі айдан кешіктірмей өзінің үй-жайы ретінде пайдаланудың басталуы шартымен осылайша пайдалануға ниеттенетін көрсетілген ғимаратты немесе өзге де жылжымайтын мүлікті қоспағанда, осы тармақшаның бірінші бөлігінде көрсетілген мүлікті сатып алынған күнінен бастап үш жыл ішінде өткізуге тиіс.
Осы тармақшаның екінші бөлігінің үшінші абзацында белгіленген мерзім сақталмаған жағдайда, микроқаржы ұйымы тиісті ғимаратты немесе өзге де жылжымайтын мүлікті сатып алған күннен бастап үш жыл ішінде оны банк және микроқаржы активтері сатылатын электрондық сауда алаңында сауда-саттық жүргізу арқылы өткізуге міндетті.
Ғимаратты немесе өзге де жылжымайтын мүлікті өзінің үй-жайы ретінде пайдалану тоқтатылған жағдайда, микроқаржы ұйымы көрсетілген ғимаратты немесе өзге де жылжымайтын мүлікті аталған пайдалану тоқтатылған күннен бастап екі жыл ішінде банк және микроқаржы активтері сатылатын электрондық сауда алаңында сауда-саттық жүргізу арқылы өткізуге міндетті.
Осы тармақшаның бірінші бөлігінде көрсетілген мүлікті тікелей атаулы сату уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісімен бекітілген банк және микроқаржы активтері сатылатын электрондық сауда алаңында сауда-саттық өткізу қағидаларында айқындалған жағдайларда және тәртіппен банк және микроқаржы активтері сатылатын электрондық сауда алаңында жүзеге асырылады.
Осы тармақшада белгіленген талаптар ломбардтарға қолданылмайды;
12) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамасында белгiленген өзге де талаптарды сақтауға мiндеттi.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 1), 1-1), 1-2) және 1-4) тармақшаларында көзделген жағдайларда микроқаржы ұйымдарының уәкілетті органды хабардар етуі жазбаша не электрондық құжат айналымы жүйесі арқылы жүзеге асырылады.
3. Микроқаржы ұйымы:
1) сыйақы мөлшерлемелерін (оларды төмендету жағдайларын қоспағанда) және (немесе) микрокредиттi өтеу тәсiлi мен әдісін біржақты тәртіппен өзгертуге;
1-1) банктік қарыз және (немесе) микрокредит бойынша күнтізбелік елу күннен астам мерзімі өткен берешегі бар жеке тұлғаға кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырумен байланысты емес микрокредит беруге құқылы емес.
Осы тармақшада белгіленген талап жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес банктік қарызын және (немесе) микрокредитін өтеу мақсатында сыйақы мөлшерлемесін және (немесе) мерзімді төлемдер мөлшерін азайту жағына қарай өзгертуді және (немесе) тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) азайту жағына қарай өзгертуді немесе толық жоюды көздейтін жақсарту талаптарында берілетін микрокредиттерге, сондай-ақ ломбардтардың міндетті тіркелуге жатпайтын жылжымалы мүлікті кепілге қойып беретін микрокредиттеріне қолданылмайды;
1-2) микрокредит сомасын қайтару және кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес микрокредит бойынша сыйақыны төлеу жөніндегі міндеттемені бұзғаны үшін сыйақыны және (немесе) тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) қоспағанда, кез келген төлемді белгілеуге және қарыз алушыдан (өтініш берушіден) алуға;
1-3) кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты микрокредит бойынша сыйақыны және тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) қоспағанда, кез келген төлемді белгілеуге және қарыз алушыдан (өтініш берушіден) алуға;
2) жеке тұлға болып табылатын, микроқаржы ұйымына микрокредит сомасын мерзімінен бұрын толық немесе ішінара қайтарған қарыз алушыдан микрокредитті мерзімінен бұрын қайтарғаны үшін тұрақсыздық айыбын (айыппұлды, өсімпұлды) және басқа да төлемдерді талап етуге;
3) кепілге салынған заттарды пайдалануға және оларға билік етуге;
3-1) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелмеген тауар белгісін (тауар белгілерін) пайдалануға;
4) қарыз алушы – жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес микрокредиті бойынша негізгі борыш және (немесе) сыйақы сомалары бойынша төлемдердің кез келгенін өтеу жөніндегі міндеттемені орындаудың мерзімін өткізіп алудың қатарынан күнтізбелік тоқсан күні өткен соң есепке жатқызылған сыйақыны, тұрақсыздық айыбын (айыппұлдарды, өсімпұлдарды) төлеуді талап етуге құқылы емес.
Осы тармақшаның талабы микрокредит беру туралы шартқа, егер оны жасасу күні негізгі борыш сомасы тіркеуге жататын мүлік кепілімен және (немесе) ақша кепілімен толық қамтамасыз етілген болса, қолданылмайды;
5) қарыз алушы – жеке тұлғаның кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты емес жылжымайтын мүлік ипотекасымен қамтамасыз етілген микрокредиті бойынша негізгі борыш және (немесе) сыйақы сомалары бойынша төлемдердің кез келгенін өтеу жөніндегі міндеттемені орындаудың мерзімін өткізіп алудың қатарынан күнтізбелік бір жүз сексен күні өткен соң есепке жазылған сыйақыны, сондай-ақ тұрақсыздық айыбын (айыппұлдарды, өсімпұлдарды) төлеуді талап етуге;
6) микрокредит беру туралы шарт бойынша қарыз алушыдан борыш сомасын өндіріп алу үшін жеке сот орындаушыларымен ынтымақтастықты көздейтін шарттарды жасасуға, сондай-ақ "Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 12-1-бабының 2-тармағына және (немесе) "Акционерлік қоғамдар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 64-бабының 1-тармағына сәйкес микроқаржы ұйымының үлестес тұлғасы болып табылатын жеке сот орындаушысымен атқарушылық құжатты орындау шарттары туралы келісім (шарт) жасасуға;
7) "Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 12-1-бабының 2-тармағына және (немесе) "Акционерлік қоғамдар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 64-бабының 1-тармағына сәйкес микроқаржы ұйымының үлестес тұлғасы болып табылатын нотариусқа нотариаттық әрекеттер жасау үшін жүгінуге;
8) жеке тұлғамен жасалған микрокредит беру туралы шарттың қолданылу мерзімін оның келісімінсіз және микрокредит беру туралы шарттың талаптарын сақтауды не жақсартуды қамтамасыз етпейтін талаптармен ұлғайтуға құқылы емес.
Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 26 қарашадағы № 56-V Заңы.
Осы Заң микрокредиттер беру жөнiндегi қызметтi жүзеге асыруға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейдi, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдарды құрудың және қайта ұйымдастырудың, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың құқықтық жағдайының, қызметiнiң ерекшелiктерiн белгiлейдi, сондай-ақ микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдарды мемлекеттік реттеудің, олардың қызметін бақылаудың және қадағалаудың ерекшелiктерiн айқындайды.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы