8-бап. Тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі Газ және газбен жабдықтау туралы Заңы
1. Қазақстан Республикасының тауарлық газға деген ішкі қажеттіліктерін іркіліссіз қамтамасыз ету, газбен жабдықтау жүйелерінің объектілерін қауіпсіз пайдалану, тауарлық газдың тасымалдануын, сақталуын үздіксіз диспетчерлік бақылауды ұйымдастыру және оны есепке алудың бірыңғай жүйесін құру мақсатында Қазақстан Республикасында тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі қалыптастырылады.
2. Тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі жалғастырушы, магистральдық газ құбырларын, тауарлық газ қоймаларын, газ тарату және газ тұтыну жүйелерін, автогаз толтыру компрессорлық станцияларын және тауарлық газ өндіруге, тасымалдауға, сақтауға, өткізуге және тұтынуға арналған өзге де технологиялық объектілерді қамтиды.
Тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесінің құрамына кәсіпшілік газ құбырлары, тұрмыстық және коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылардың газ тұтыну жүйелері, сұйытылған табиғи газды өндіруге және қайтадан газға айналдыруға, сондай-ақ сұйытылған мұнай газын тасуға, сақтауға, өткізуге және тұтынуға арналған технологиялық объектілер кірмейді.
3. Тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесінің объектілері мемлекеттік немесе жеке меншікте болуы мүмкін.
4. Мыналар:
1) ұлттық оператор;
2) тауарлық газды өндірушілер;
3) өздері өндірген шикі газды өңдеу процесінде өндірілген тауарлық газдың меншік иелері болып табылатын жер қойнауын пайдаланушылар;
4) Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндірілген және тұтыну үшін Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген тауарлық газдың меншік иелері;
5) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары негізінде Қазақстан Республикасында өндірілетін шикі газдан Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндірілген тауарлық газдың меншік иелері;
6) газ тасымалдау және газ тарату ұйымдары;
7) автогаз толтыру компрессорлық станцияларының иелері;
8) тауарлық газдың өнеркәсіптік тұтынушылары;
9) өнеркәсіптік тұтынушы-инвесторлар;
10) электр станцияларының тізбесіне енгізілген тұтынушылар;
11) ірі коммерциялық тұтынушылар;
12) цифрлық майнер жүзеге асыратын тұлғалар тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесінің субъектілері болып табылады.
4-1. Нормативтік техникалық ысыраптарды қоса алғанда, тауарлық газды өз мұқтажына пайдаланатын газ тасымалдау және газ тарату ұйымдарын, сондай-ақ:
әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын;
жылу энергиясын өндіру бойынша реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсынатын табиғи монополиялар субъектілері тауарлық газды тұтынушылар болып саналған жағдайда, жылу энергиясын;
Қазақстан Республикасының электр энергетикасы туралы заңнамасына сәйкес электр энергиясын бірыңғай сатып алушыға өткізілетін электр энергиясын;
Қазақстан Республикасының электр энергетикасы туралы заңнамасына сәйкес электр энергиясын бірыңғай сатып алушыға электр энергиясын сатуды жүзеге асыратын энергия өндіруші ұйымдар тауарлық газды тұтынушылар болып саналған жағдайда, электр энергиясының теңгерімдеуші нарығында өткізілетін электр энергиясын өндіру үшін тікелей пайдаланылатын көлемде тауарлық газды тұтынушыларды қоспағанда, газ тұтыну жабдығының санына қарамастан, жылына он миллион текше метр және одан көп көлемде тауарлық газды сатып алатын заңды тұлғалар ірі коммерциялық тұтынушылар болып саналады.
Егер Қазақстан Республикасының электр энергетикасы туралы заңнамасына сәйкес электр энергиясының теңгерімдеуші нарығында өткізілген электр энергиясын баланс провайдері болып саналатын не теңгерімсіздіктер үшін жауапкершілікті баланс провайдеріне беру шартын жасасқан энергия өндіруші ұйым өндірсе, осы тармақтың бірінші бөлігі бесінші абзацының ережесі қолданылмайды.
5. Уәкілетті орган тауарлық газды өндірушілердің, өздері өндірген шикі газды өңдеу процесінде өндірілген тауарлық газдың меншік иелері болып табылатын жер қойнауын пайдаланушылардың, Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндірілген және тұтыну үшін Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген тауарлық газдың меншік иелерінің, Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары негізінде Қазақстан Республикасында өндірілетін шикі газдан Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерде өндірілген тауарлық газдың меншік иелерінің, газ тасымалдау және газ тарату ұйымдарының есебін жүргізеді және тізбесін интернет-ресурста жариялайды.
6. Тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесінің тиімді жұмыс істеуі мақсатында тауарлық газды өндірушілер, газ тасымалдау және газ тарату ұйымдары тауарлық газбен жабдықтаудың бірыңғай жүйесі объектілерін пайдаланудың белгіленетін технологиялық режимдерін сақтауға міндетті.
7. Газ тарату ұйымының меншік құқығында не өзге де заңды негіздерде магистральдық газ құбыржолына тікелей қосылған газ тарату жүйесі болуға тиіс.
8. Екі және одан көп газ тарату ұйымының тауарлық газды газ тарату жүйесі арқылы бір мезгілде тасымалдауына тыйым салынады.
9. Газ тарату ұйымдары болып саналмайтын тұлғаларға газ тарату жүйесінің жекелеген объектілерін салуға жол беріледі.
Тұтынушылардың газ тұтыну жүйелерін қосу есебінен құрылысқа жұмсалған шығыстар өтелгеннен кейін мұндай объектілер газ тарату жүйесіне өздері қосылған газ тарату ұйымының меншігіне өтеусіз негізде беріледі.
Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 9 қаңтардағы № 532-IV Заңы.
Осы Заң Қазақстан Республикасында газ және газбен жабдықтау саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеудің құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық негіздерін айқындайды және Қазақстан Республикасының газға деген ішкі қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ газбен жабдықтау жүйелерінің объектілерін тиімді, сенімді және қауіпсіз пайдалану үшін жағдай жасауға бағытталған.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы