806-бап. Мiндеттi және ерiктi сақтандыру Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексi
1. Міндетті сақтандыру:
1) міндетті әлеуметтік сақтандыру саласындағы қоғамдық қатынастарды қоспағанда, түрлері, шарттары мен тәртібі Қазақстан Республикасының сақтандырудың міндетті түрлерін реттейтін жекелеген заңнамалық актілерінде белгіленетін, заңнамалық актілердің талаптарына орай жүзеге асырылатын сақтандыру;
2) міндетті сақтандыру туралы талап, сақтандырудың түрлері мен ең төмен талаптары (оның ішінде сақтандыру объектісі, сақтандыру тәуекелдері және сақтандыру сомаларының ең төмен мөлшерлері) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленетін, ал сақтандырудың өзге де шарттары мен тәртібі тараптардың келісімімен айқындалатын сақтандыру (жүктелген сақтандыру).
2. Азаматқа өз өмiрiн немесе денсаулығын сақтандыру мiндетiн Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен де, шартпен де жүктеуге болмайды.
Мiндеттi сақтандыру сақтанушының есебiнен жүзеге асырылады.
Түрлері, шарттары мен тәртібі Қазақстан Республикасының сақтандырудың міндетті түрін реттейтін жекелеген заңнамалық актісінде белгіленетін міндетті сақтандыру экономикалық тұрғыдан негізді, көпшілікке ортақ және әлеуметтік-қоғамдық маңызды болған кезде енгізілуі мүмкін.
3. Сақтандыру міндеті Қазақстан Республикасының заңнамалық актісінен туындамай, шартқа негізделген жағдайларда, мұндай сақтандыру міндетті болып табылмайды және осы Кодекстің 808-бабында көзделген салдарға алып келмейді.
4. Түрлері, шарттары мен тәртібі Қазақстан Республикасының сақтандырудың міндетті түрін реттейтін жекелеген заңнамалық актісінде белгіленген міндетті сақтандыру шартын жасасу кезінде сақтанушы Қазақстан Республикасының осы заңнамалық актісінде жазылған талаптарда сақтандырушымен шарт жасасуға міндетті.
Жүктелген сақтандыру кезiнде сақтандырушымен шарт Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген ең төмен талаптар сақтала отырып, тараптардың келісімінде айқындалған талаптармен жасалады.
5. Түрлері, шарттары мен тәртібі Қазақстан Республикасының сақтандырудың міндетті түрін реттейтін жекелеген заңнамалық актісінде белгіленген міндетті сақтандыру шарты сақтандырудың осы түрiн жүзеге асыруға арналған лицензиясы бар сақтандырушымен ғана жасалуы мүмкін. Түрлері, шарттары және тәртібі Қазақстан Республикасының сақтандырудың міндетті түрін реттейтін жекелеген заңнамалық актісінде белгіленген міндетті сақтандыру шартын жасасу, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, сақтандырудың осы түрін жүзеге асыруға арналған лицензиясы бар сақтандырушы үшін міндетті болып табылады.
6. Ерікті сақтандыру – тараптардың ерік білдіруіне қарай жүзеге асырылатын сақтандыру.
Ерікті сақтандырудың түрлері, шарттары мен тәртібі тараптардың келісімімен айқындалады.
Ескерту. 806-бап жаңа редакцияда – ҚР 02.07.2018 № 166-VІ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді – ҚР 12.07.2022 № 138-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 20.04.2023 № 226-VII (01.07.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Азаматтық кодексi Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы