999-бап. Патенттiң қолданылу мерзiмi Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексi
1. Патент сараптама ұйымына өтiнiм берілген күннен бастап қолданылады және Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген талаптар сақталған кезде:
1) өнертабысқа патент – жиырма жыл бойы күшiн сақтайды.
Қолданылуы үшін Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен рұқсаттар алу талап етілетін дәрілік затқа, пестицидке жататын өнертабысқа қатысты айрықша құқықтың және осы құқықты куәландыратын патенттің қолданылу мерзімі патент иеленушінің өтінішхаты бойынша, бірақ бес жылдан аспайтындай етіп ұзартылуы мүмкін.
Көрсетілген мерзім бес жыл шегеріле отырып, өнертабысқа патент беруге өтінім берілген күннен бастап өнертабысты қолдануға алғашқы рұқсат алынған күнге дейін өткен уақытқа ұзартылады;
2) пайдалы модельге патент – бес жыл бойы күшiн сақтайды. Патенттің қолданылу мерзімін сараптама ұйымы патент иеленушiнiң өтiнiшхаты бойынша, бірақ үш жылдан аспайтындай етіп ұзартуы мүмкiн;
3) өнеркәсiптiк үлгiге патент – он жыл бойы күшiн сақтайды. Патенттің қолданылу мерзімін сараптама ұйымы патент иеленушінің өтінішхаты бойынша әр жолы бес жылға ұзартуы мүмкін. Бұл ретте патенттің жалпы қолданылу мерзімі өтінім берілген күннен бастап жиырма бес жылдан аспауға тиіс.
2. Өнертабысты, пайдалы модельдi, өнеркәсiптiк үлгiнi қорғау сараптама ұйымына өтiнiм берілген күннен бастап қолданылады. Құқықтарды қорғау патент берiлгеннен кейiн жүзеге асырылуы мүмкiн. Патент беруден бас тартылған жағдайда, қорғауға алынбаған деп есептеледі.
3. Өнертабыстың, пайдалы модельдiң, өнеркәсiптiк үлгiнiң басымдығы Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен айқындалады.
4. Айрықша құқықтың қолданылу мерзімі өткеннен кейін, сондай-ақ қолданылуы мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда, өнертабыс, пайдалы модель немесе өнеркәсіптік үлгі қоғамдық игілікке өтеді.
5. Қоғамдық игілікке өткен өнертабысты, пайдалы модельді немесе өнеркәсіптік үлгіні кез келген адам ешкімнің келісімінсіз немесе рұқсатынсыз және пайдаланғаны үшін сыйақы төлемінсіз еркін пайдалана алады.
Азаматтық кодексi Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы