Қызметтер үшін төлем тек компанияның шотына төленеді. Сізге ыңғайлы болу үшін біз Kaspi RED / CREDIT /БӨЛІП ТӨЛЕУДІ іске қостық 😎

Басты бет / Конвенция / Резолюция / Концепция / Адам құқықтары мен негізгі бостандықтары туралы

Адам құқықтары мен негізгі бостандықтары туралы

АMANAT партиясы және Заң және Құқық адвокаттық кеңсесінің серіктестігі аясында елге тегін заң көмегі көрсетілді

Адам құқықтары мен негізгі бостандықтары туралы

1995 жылғы 26 мамырдағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Мемлекет басшылары кеңесінің Минск қаласында жасалған конвенциясы

  • Депозитарийге Уағдаласушы Тараптардың Конвенцияның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағанын растайтын үшінші хабарламаны тапсырған күннен бастап күшіне енеді. Басқа Уағдаласушы Тараптар үшін Конвенция олардың Конвенцияның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы хабарламаны депозитарий алған күннен бастап күшіне енеді.
  • Қол қойғандар: Армения Республикасы, Беларусь Республикасы, Грузия, Қырғыз Республикасы, Молдова Республикасы, Ресей Федерациясы, Тәжікстан Республикасы.
  • Хабарламаларды тапсырғандар: Ресей Федерациясы – 1995 жылғы 20 қарашада тапсырылған (ратификациялау грамотасы 1995 жылғы 21 желтоқсанда тапсырылған); Беларусь Республикасы – 1998 жылғы 11 тамызда тапсырылған; Қырғыз Республикасы – 2003 жылғы 21 тамызда тапсырылған.
  • Ратификациялау грамоталарын тапсырғандар: Тәжікстан Республикасы – 1997 жылғы 1 шілдеде тапсырылған.
  • Конвенция 1998 жылғы 11 тамызда күшіне енді.
  • Мемлекеттер үшін күшіне енген күндері: Ресей Федерациясы – 1998 жылғы 11 тамыз; Тәжікстан Республикасы – 1998 жылғы 11 тамыз; Беларусь Республикасы – 1998 жылғы 11 тамыз; Қырғыз Республикасы – 2003 жылғы 21 тамыз.
  • (Бейресми мәтін)

      Төменде Уағдаласушы Тараптар деп аталатын Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер,

      Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясын, Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактіні, Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіні және осы соңғы Пактіге Факультативтік хаттаманы, сондай-ақ ЕҚЫҰ (ЕҚЫК) шеңберінде қабылданған адам құқықтары жөніндегі халықаралық міндеттемелерді назарға ала отырып,

      аталған құжаттардың мақсаты оларда жарияланған құқықтарды жалпыға бірдей және тиімді тану мен сақтауды қамтамасыз ету болып табылатынын назарға ала отырып,

      Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер басшыларының адам құқықтары мен негізгі бостандықтар саласындағы халықаралық міндеттемелер туралы декларациясын назарға ала отырып,

      Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы барлық мемлекеттердің адам құқықтары саласындағы халықаралық стандарттарды сақтау, нәсіліне, жынысына, тіліне, саяси сенімдеріне, дініне және әлеуметтік шығу тегіне қарамастан, баршаға арналған адам құқықтары мен негізгі бостандықтарға құрметпен қарауды дамыту және көтермелеу демократиялық қайта құруларды тереңдетуге, экономикалық және әлеуметтік өсуге, заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға ықпал етеді деп есептей отырып,

      Уағдаласушы Тараптардың бостандық пен заң үстемдігі мұраттарын орнықтыру, адам құқықтары мен негізгі бостандықтардың бұзылуына жол бермеу, халықтардың төзімділік пен достық дәстүрлерін сақтау, азаматтық бейбітшілік пен келісімді нығайту ісіндегі ұжымдық күш-жігерін шоғырландыру рухында адам құқықтары мен негізгі бостандықтарды қорғау жөніндегі міндеттемелерді тиімді жүзеге асыруға ұмтыла отырып,

      мұндай күш-жігер адам құқықтары саласындағы негізгі халықаралық-құқықтық құжаттарға сәйкес адам құқықтары мен негізгі бостандықтарды жалпыға бірдей құрметтеуге және сақтауға ықпал етеді деп пайымдай отырып,

      төмендегілер туралы келісті.

- 1-бап

      Уағдаласушы Тараптар өз юрисдикциясындағы әрбір адамға осы Конвенцияда баяндалған құқықтар мен бостандықтарды қамтамасыз етеді.

- 2-бап

      1. Әрбір адамның өмір сүру құқығы заңмен қорғалады. Ешкім өмірінен қасақана айырылмауға тиіс. Өлім жазасы жойылғанға дейін аса ауыр қылмыстар үшін тек сот үкімі бойынша ғана қолданылуы мүмкін.

      2. Өлім жазасы туралы үкім, әдетте, әйелдерге қатысты шығарылмауға тиіс. Үкім шығарылған кезде жүкті күйде болған әйелдерге өлім жазасы туралы үкім шығарылмауға тиіс және үкімді орындау сәтінде жүкті болған әйелдерге қатысты өлім жазасы орындалмауға тиіс.

      3. Он сегіз жасқа толғанға дейін жасаған қылмысы үшін адамға өлім жазасы туралы үкім шығарылмауға тиіс.

      4. Өмірден айыру ұлттық заңнамада көзделген аса қажетті қорғаныс және төтенше қажеттілік жағдайларында ғана күш қолданудың нәтижесі болған кезде осы бап ережелерін бұзу болып есептелмейді.

- 3-бап

      Ешкім азаптауға немесе қатыгез, адамгершілікке жатпайтын не оның қадір-қасиетін қорлайтын қарым-қатынасқа немесе жазаға ұшыратылмауға тиіс. Ешкім өзінің еркін келісімінсіз медициналық немесе ғылыми тәжірибелерге тартылмауға тиіс.

- 4-бап

      1. Ешкім құлдықта немесе кіріптарлық жағдайда ұсталмауға тиіс.

      2. Ешкім мәжбүрлі немесе міндетті еңбекке тартылмауға тиіс.

      3. Осы бапта «мәжбүрлі немесе міндетті еңбек» термині мыналарды қамтымайды:

      а) осы Конвенцияның 5-бабының ережелеріне сәйкес тағайындалған бас бостандығынан айыру жазасын өтеу кезінде немесе осындай жазадан шартты түрде босатылған кезеңде әдетте орындалуға тиіс кез келген жұмыс;

      б) әскери сипаттағы кез келген қызмет, ал мұндай қызметті саяси немесе діни-этикалық себептер бойынша атқарудан бас тарту құқығы танылған Уағдаласушы Тараптарға қатысты міндетті әскери қызметтің орнына орындалуы талап етілетін қызмет;

      в) халықтың өміріне немесе әл-ауқатына қауіп төндіретін төтенше жағдай немесе апат кезінде міндетті болып табылатын кез келген қызмет;

      г) әдеттегі азаматтық міндеттерге жататын кез келген жұмыс немесе қызмет;

      д) ата-аналардың балаға қажетті жағдайлар жасау жөніндегі міндеттерін және кәмелетке толған балалардың еңбекке қабілетсіз, көмекке мұқтаж ата-аналарын асырау жөніндегі міндеттерін орындауы.

- 5-бап

      1. Әрбір адамның бостандыққа және жеке басына қол сұғылмауына құқығы бар. Ешкім ұлттық заңнамада белгіленген рәсімге сәйкес мынадай жағдайлардан басқа кезде бас бостандығынан айырылмауға тиіс:

      а) адамды құзыретті сот соттағаннан кейін оны заңды түрде қамауда ұстау;

      б) адамды заңды түрде тұтқындау немесе ұстау;

      в) істі тергеуге беру, жаза тағайындау туралы шешім шығару немесе сотқа беру мақсатында кәмелетке толмаған адамды заңды түрде ұстау.

      2. Әрбір тұтқындалған адамға тұтқындау кезінде оның өзіне түсінікті тілде тұтқындау себептері хабарланады.

      3. Тұтқындау немесе қамауда ұстау салдарынан бас бостандығынан айырылған әрбір адам ұлттық заңнамаға сәйкес өзінің тұтқындалуының немесе қамауда ұсталуының заңдылығы туралы ісін сотта қарату құқығына ие.

      4. Бас бостандығынан айырылған барлық адамдар адамгершілікпен қаралуға және адам тұлғасына тән қадір-қасиеттің құрметтелуіне құқылы.

      Заңсыз тұтқындауға немесе қамауда ұстауға ұшыраған адамдар ұлттық заңнамаға сәйкес келтірілген залалдың өтелуіне құқылы.

- 6-бап

      1. Барлық адамдар сот алдында тең.

      Әркім кез келген істі қарау кезінде тәуелсіз және бейтарап соттың ақылға қонымды мерзім ішінде әділ әрі жариялы түрде талқылау жүргізуіне құқылы. Сот шешімдері немесе үкім жария түрде шығарылады, алайда қоғамдық тәртіпті сақтау, мемлекеттік құпияны қорғау мақсатында немесе кәмелетке толмағандардың мүдделері не іске қатысушы адамдардың жеке өмірінің құпия тұстарын қорғау талап еткен жағдайда бүкіл сот талқылауы немесе оның бір бөлігі жабық түрде өткізілуі мүмкін.

      2. Қылмыс жасады деп айыпталған әрбір адам оның кінәсі заңға сәйкес дәлелденгенге дейін кінәсіз деп есептеледі.

      3. Қылмыс жасады деп айыпталған әрбір адам кем дегенде мынадай құқықтарға ие:

      а) өзіне тағылған айыптаудың сипаты мен негіздері туралы өзі түсінетін тілде жедел әрі егжей-тегжейлі хабардар болуға;

      б) өзінің қорғанысын дайындау үшін жеткілікті уақыт пен мүмкіндікке ие болуға;

      в) өзін жеке өзі немесе өзі таңдаған қорғаушы арқылы қорғауға не сот төрелігінің мүдделері талап еткен барлық жағдайларда өзіне тағайындалған қорғаушыға ие болуға, сондай-ақ ұлттық заңнамада айқындалған жағдайларда адвокаттың тегін көмегін пайдалануға;

      г) куәлардан жауап алдыру, қарап-тексерулер жүргізу, құжаттарды талап ету, сараптамалар тағайындау және басқа да тергеу әрекеттерін жүргізу туралы сотқа өтінішхатпен жүгінуге;

      д) егер сотта қолданылатын тілді түсінбесе немесе осы тілде сөйлей алмаса, аудармашының тегін көмегін пайдалануға;

      е) өзіне қарсы айғақ беруге немесе өзін кінәлі деп тануға мәжбүрленбеуге.

- 7-бап

      1. Ешкім өзі жасаған кезде қолданыста болған ұлттық заңнамаға немесе халықаралық құқыққа сәйкес қылмыс деп танылмаған әрекеті үшін жауаптылыққа тартылмауға тиіс. Сол сияқты қылмыс жасалған кезде қолданылуға тиіс болған жазадан неғұрлым ауыр жаза тағайындалмауға тиіс. Егер қылмыс жасалғаннан кейін заңда неғұрлым жеңіл жаза белгіленсе немесе ол үшін жауаптылық жойылса, жаңа заң қолданылады.

      2. Ешкім ұлттық заңнама негізінде өзі үшін сотталған немесе жазасын өтеген қылмысы үшін екінші рет сотталмауға немесе жазаланбауға тиіс. Әрбір сотталған адам заңға сәйкес сот үкімін жоғары тұрған сот сатысында қайта қаратуға, сондай-ақ кешірім жасау немесе жазаны жеңілдету туралы өтініш беруге құқылы.

- 8-бап

      Ешкім қандай да бір шарттық міндеттемені орындай алмауына ғана негізделіп бас бостандығынан айырылмауға тиіс.

- 9-бап

      1. Әрбір адамның өзінің жеке және отбасылық өміріне құрмет көрсетілуіне, тұрғын үйіне қол сұғылмауына және хат-хабар құпиясының сақталуына құқығы бар.

      2. Заңда көзделген және демократиялық қоғамда мемлекеттік және қоғамдық қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп, халықтың денсаулығы мен имандылығын қорғау немесе басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мүдделеріне қажетті жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік органдар тарапынан осы құқықты пайдалануға ешқандай араласу болмауға тиіс.

- 10-бап

      1. Әрбір адамның ой, ар-ождан және дін бостандығына құқығы бар. Бұл құқық өз дінін немесе наным-сенімін таңдау бостандығын және өз діні мен наным-сенімін жеке өзі немесе басқалармен бірлесіп ұстану, діни ғибадаттарды орындау, діни және рәсімдік әдет-ғұрыптарды сақтау және орындау, сондай-ақ оларға сәйкес әрекет ету бостандығын қамтиды.

      2. Дінді немесе наным-сенімді ұстану бостандығы заңда көзделген және демократиялық қоғамда мемлекеттік және қоғамдық қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп, халықтың денсаулығы мен имандылығын қорғау немесе басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мүдделеріне қажетті шектеулерге ғана ұшырауы мүмкін.

- 11-бап

      1. Әрбір адамның өз пікірін еркін білдіру құқығы бар. Бұл құқық өз пікірін ұстану, ақпарат пен идеяларды кез келген заңды тәсілмен мемлекеттік билік органдарының араласуынсыз және мемлекеттік шекараларға қарамастан алу және тарату бостандығын қамтиды.

      2. Бұл бостандықтарды пайдалану міндеттер мен жауапкершілікті жүктейтіндіктен, ол заңда көзделген және демократиялық қоғамда мемлекеттік немесе қоғамдық қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп немесе басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мүдделеріне қажетті формальдылықтармен, шарттармен және шектеулермен ұштасуы мүмкін.

- 12-бап

      1. Әрбір адамның бейбіт жиналыстар бостандығына және басқалармен бірлесу бостандығына, оның ішінде өз мүдделерін қорғау үшін кәсіподақтар құру және оларға кіру құқығына ие болуға құқығы бар.

      2. Осы құқықтарды пайдалану заңда көзделген және демократиялық қоғамда мемлекеттік және қоғамдық қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп, халықтың денсаулығы мен имандылығын қорғау немесе басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мүдделеріне қажетті шектеулерден басқа ешқандай шектеулерге ұшырамауға тиіс. Осы бап қарулы күштердің, құқық қорғау немесе мемлекеттік әкімшілік органдардың құрамына кіретін адамдардың осы құқықтарды пайдалануына заңды шектеулер белгілеуге кедергі келтірмейді.

- 13-бап

      1. Неке жасына жеткен ерлер мен әйелдер некеге тұруға және осы құқықты жүзеге асыруды реттейтін ұлттық заңнамаға сәйкес отбасын құруға құқылы.

      2. Неке некеге тұратын адамдардың еркін әрі толық келісімі болған жағдайда ғана қиылуы мүмкін.

      3. Қоғамның негізгі ұясы болып табылатын отбасының толыққанды дамуы үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз ету мақсатында Уағдаласушы Тараптар әлеуметтік және отбасылық жәрдемақылар, салықтық жеңілдіктер, отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету, жас жұбайларға арналған жәрдемақылар және басқа да тиісті құралдар арқылы отбасылық өмірді экономикалық, құқықтық және әлеуметтік қорғауға жәрдемдесуге міндеттенеді.

- 14-бап

      1. Әрбір адамның еңбек етуге және жұмыссыздықтан қорғалуға, сондай-ақ бірдей құндылықтағы еңбек үшін тең сыйақы алуға, оның ішінде жеңілдіктер алуға, құндылығы бірдей еңбекке қатысты бірдей жағдайларға және жұмыс сапасын бағалауда тең тәсілге құқығы бар.

      2. Жұмыс істейтін әйелдердің құқықтарын тиімді жүзеге асыруды қамтамасыз ету мақсатында Уағдаласушы Тараптар:

      а) ұлттық заңнамада көзделген мерзімге босанғанға дейін және босанғаннан кейін демалыс алатын әйелдерге ақылы демалыс, әлеуметтік қамсыздандыру бойынша жеткілікті жәрдемақы немесе қоғамдық қорлардан жәрдемақылар беруге;

      б) кәсіпкердің әйелге жүктілікке және босануға байланысты демалыста жүрген кезінде жұмыстан босатылатыны туралы хабарлама беруін немесе жұмыстан босату туралы хабарлау мерзімі оның демалыста болу кезеңінде аяқталатын уақытта осындай хабарлама беруін заңсыз деп тануға;

      в) емшектегі балаларын тамақтандыратын аналардың осы мақсат үшін жеткілікті бос уақыты болуын қамтамасыз етуге;

      г) әйелдерді өнеркәсіптегі түнгі ауысымдағы жұмысқа қабылдауды реттеуге;

      д) әйелдерді жерасты тау-кен жұмыстарына және қауіптілігіне, денсаулыққа зияндылығына немесе ауырлығына байланысты оларға сәйкес келмейтін басқа да жұмыс түрлеріне қабылдауды реттеуге міндеттенеді.

- 15-бап

      Денсаулықты қорғау құқығын тиімді жүзеге асыруды қамтамасыз ету мақсатында Уағдаласушы Тараптар тікелей немесе мемлекеттік не жеке ұйымдармен ынтымақтастықта, атап айтқанда, мынадай бағыттарға арналған тиісті шараларды қабылдауға міндеттенеді:

      а) денсаулықтың нашарлау себептерін барынша мүмкін дәрежеде жою;

      б) денсаулықты нығайту және денсаулық мәселелеріндегі жеке жауапкершілікті арттыру үшін консультациялық қызметтер мен оқу базасын қамтамасыз ету;

      в) эпидемиялық, эндемиялық және басқа да аурулардың пайда болуын барынша мүмкін дәрежеде болдырмайтын санитариялық-гигиеналық жағдайларды қамтамасыз ету.

- 16-бап

      1. Әрбір адамның әлеуметтік қамсыздандыруға, оның ішінде жасына байланысты, ауру, мүгедектік, асыраушысынан айырылу, балаларды тәрбиелеу жағдайларында және ұлттық заңнамада белгіленген басқа да жағдайларда әлеуметтік сақтандыруға құқығы бар.

      2. Әлеуметтік және медициналық көмек алу құқығын тиімді жүзеге асыруды қамтамасыз ету мақсатында Уағдаласушы Тараптар жеткілікті қаражаты жоқ және оны өз күшімен немесе басқа көздерден, атап айтқанда, әлеуметтік қамсыздандыру жүйесі шеңберіндегі жеңілдіктер есебінен ала алмайтын кез келген адамның қажетті көмек алуын, ал ауырған жағдайда өзінің жай-күйіне қажетті күтіммен қамтамасыз етілуін міндетіне алады.

      3. Аналар мен балалардың әлеуметтік және экономикалық қорғалу құқығын тиімді жүзеге асыруды қамтамасыз ету мақсатында Уағдаласушы Тараптар осы бағытта тиісті мекемелер немесе қызметтер құру мен олардың жұмыс істеуін қамтамасыз етуді қоса алғанда, барлық тиісті және қажетті шараларды қабылдайды.

- 17-бап

      Әрбір кәмелетке толмаған адамның өзінің жағдайына байланысты отбасы, қоғам және мемлекет тарапынан талап етілетін ерекше қорғау шараларына құқығы бар.

- 18-бап

      Дене және ақыл-ой кемістігі бар адамдардың еңбекке қабілеттілігін қалпына келтіруге, кәсіптік даярлықтан өтуге және қоғамдық өмірге қайта оралуға құқығын тиімді жүзеге асыруды қамтамасыз ету мақсатында Уағдаласушы Тараптар:

      а) қажет болған жағдайда мемлекеттік немесе жеке мамандандырылған мекемелерді қоса алғанда, оқу орындарын ұйымдастыру жөнінде тиісті шаралар қабылдауға;

      б) еңбекке қабілетсіз адамдарды жұмысқа орналастыру, оның ішінде жұмысқа орналастыру жөніндегі мамандандырылған қызметтерді, еңбек жағдайлары ерекше мекемелерді құру және жұмыс берушілерді мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа қабылдауға ынталандыру жөнінде тиісті шаралар қабылдауға міндеттенеді.

- 19-бап

      Құқықтары мен бостандықтары бұзылған әрбір адамның ұлттық заңнамаға сәйкес өз құқықтары мен бостандықтарын тиімді қалпына келтіруге құқығы бар.

- 20-бап

      1. Барлық адамдар заң алдында тең және ешқандай кемсітусіз заңның тең қорғалуына құқылы.

      2. Осы Конвенцияда баяндалған құқықтар мен бостандықтарды пайдалану жынысына, нәсіліне, терісінің түсіне, тіліне, дініне, саяси немесе өзге де наным-сенімдеріне, ұлттық немесе әлеуметтік шығу тегіне, ұлттық азшылыққа жататындығына, мүліктік және лауазымдық жағдайына, туған жеріне немесе өзге де мән-жайларға қарамастан, қандай да бір белгісі бойынша кемсітусіз кепілдендіріледі.

- 21-бап

      Ұлттық азшылықтарға жататын адамдарға өздерінің этникалық, тілдік, мәдени немесе діни ерекшелігін жеке-дара, бірлесіп және кедергісіз білдіру, сақтау және дамыту құқығынан бас тартылмауға тиіс.

- 22-бап

      1. Қандай да бір Уағдаласушы Тараптың аумағында заңды түрде жүрген әрбір адам осы аумақ шегінде еркін жүріп-тұруға және тұрғылықты жерін еркін таңдауға құқылы.

      2. Әрбір адамның кез келген елден, оның ішінде өз елінен кетуге құқығы бар.

      3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында баяндалған құқықтар заңда көзделген, мемлекеттік немесе қоғамдық қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп мүдделерінде, халықтың денсаулығы мен имандылығын қорғау немесе басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында белгіленген шектеулерден басқа ешқандай шектеулердің нысанасы бола алмайды.

      4. Осы баптың 1-тармағында баяндалған құқықтар нақты аудандарда қоғамдық мүдделермен негізделген және заңға сәйкес белгіленген шектеулердің нысанасы болуы мүмкін.

- 23-бап

      Әрбір адам қай жерде жүрсе де, өзінің құқық субъектілігін тануға құқылы.

- 24-бап

      1. Әрбір адамның азаматтық алуға құқығы бар.

      2. Ешкім азаматтығынан немесе азаматтығын өзгерту құқығынан ерікті түрде айырылмауға тиіс.

- 25-бап

      1. Ешкім жеке тәртіппен немесе ұжымдық іс-шара нәтижесінде өзі азаматы болып табылатын мемлекеттің аумағынан шығарылмауға тиіс.

      2. Ешкім өзі азаматы болып табылатын мемлекеттің аумағына кіру құқығынан айырылмауға тиіс.

      3. Кез келген Уағдаласушы Тараптың аумағында заңды түрде жүрген шетелдік тек заңды түрде қабылданған шешімді орындау мақсатында ғана шығарылуы мүмкін және оған шығаруға қарсы дәлелдерін ұсыну мүмкіндігі берілуге тиіс.

      4. Шетелдіктерді ұжымдық түрде шығарып жіберуге тыйым салынады.

- 26-бап

      1. Әрбір жеке немесе заңды тұлғаның меншік құқығы бар. Ешкім өз мүлкінен қоғамдық мүдделер үшін, сот тәртібімен және ұлттық заңнамада әрі халықаралық құқықтың жалпыға танылған қағидаттарында көзделген талаптар сақталған жағдайда ғана айырылуы мүмкін.

      2. Алайда жоғарыда баяндалған ережелер Уағдаласушы Тараптың мемлекеттік және қоғамдық мүдделер үшін азаматтық айналымнан алынған заттарды пайдалануды бақылау мақсатында өзі қажет деп санайтын заңдарды қабылдау құқығына ешбір түрде нұқсан келтірмейді.

- 27-бап

      1. Ешкімнің білім алу құқығынан бас тартылмауға тиіс. Уағдаласушы Тарап білім беру мен оқытуға қатысты өзіне алған кез келген функцияларды жүзеге асырған кезде ата-аналардың өз балаларына өздерінің наным-сенімдері мен ұлттық дәстүрлеріне сәйкес келетін білім мен тәрбие беруді қамтамасыз ету құқығын құрметтеуге тиіс.

      2. Бастауыш, негізгі жалпы білім міндетті және тегін болып табылады.

      3. Әрбір Уағдаласушы Тарап орта білім алу міндетті болып табылатын ең төменгі жасты белгілейді және ол жұмысқа қабылдаудың ең төменгі жасына қатысты халықаралық деңгейде танылған стандарттарға сәйкес заңмен белгіленген жастан төмен болмауға тиіс.

- 28-бап

      Кәсіптік білім алу құқығын тиімді жүзеге асыруды қамтамасыз ету мақсатында Уағдаласушы Тараптар мынадай міндеттемелерді қабылдайды:

      1. Кәсіподақ бірлестіктерімен келісу бойынша мүгедектігі бар адамдарды қоса алғанда, барлық адамдардың техникалық немесе кәсіптік білім алуын қамтамасыз ету немесе қажеттілігіне қарай көтермелеу және тек жеке қабілеттеріне негізделе отырып, жоғары білім алу мүмкіндігін беру.

      2. Қажеттілігіне қарай мыналарды қамтамасыз ету немесе олардың құрылуына жәрдемдесу:

      а) жұмысшыларға арналған тиісті және кеңінен қолжетімді оқу базасын;

      б) техникалық прогресс немесе жұмыспен қамту саласындағы жаңа үрдістер салдарынан жұмысшыларды қайта даярлауға арналған арнайы орталықтарды.

      3. Тиісті шараларға байланысты берілетін жеңілдіктерді толық пайдалануға жәрдемдесу, оның ішінде:

      а) кез келген алымдар мен төлемдерді қысқарту немесе жою;

      б) тиісті жағдайларда материалдық көмек көрсету;

      в) жұмыс берушінің өтініші бойынша жұмысшының жұмыс уақытында қосымша даярлыққа жұмсаған уақытын қалыпты жұмыс күніне қосу;

      г) кәсіподақ бірлестіктерімен келісу бойынша тиісті бақылау жағдайында оқушылар мен жас жұмысшыларға арналған басқа да оқу іс-шараларының тиімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ жалпы алғанда жас жұмысшылардың мүдделерін тиісті түрде қорғау.

- 29-бап

      Әрбір адам ұлттық заңнамаға сәйкес өзі азаматы болып табылатын мемлекетте мынадай құқықтар мен мүмкіндіктерге ие:

      а) мемлекеттік істерді басқаруға және жүргізуге тікелей немесе еркін сайланған өкілдері арқылы қатысуға;

      б) жалпыға бірдей және тең сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы өткізілетін және сайлаушылардың еркін ерік білдіруін қамтамасыз ететін сайлауларда дауыс беруге және сайлануға;

      в) өз елінде теңдік негізінде мемлекеттік қызметке жіберілуге.

- 30-бап

      11, 12 және 20-баптардағы ешбір ереже Уағдаласушы Тараптардың шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың саяси қызметіне шектеулер енгізуіне кедергі келтіреді деп түсіндірілмеуге тиіс.

- 31-бап

      Осы Конвенциядағы ешбір ереже қандай да бір Уағдаласушы Тарапқа, адамдар тобына немесе жеке адамдарға осы Конвенцияда баяндалған құқықтар мен бостандықтарды жоюға бағытталған қандай да бір қызметпен айналысу немесе іс-әрекет жасау құқығын береді деп түсіндірілмеуге тиіс.

- 32-бап

      Осы Конвенцияға сәйкес аталған құқықтар мен бостандықтарға қатысты жол берілетін шектеулер олар көзделген мақсаттардан басқа мақсаттарда қолданылмауға тиіс.

- 33-бап

      Осы Конвенциядағы ешбір ереже тиісті Уағдаласушы Тараптың заңнамасына, сондай-ақ ол қатысушысы болып табылатын адам құқықтары саласындағы негізгі халықаралық құжаттарға сәйкес танылатын немесе кепілдік берілетін адам құқықтары мен негізгі бостандықтарының кез келгенін шектеу немесе кемсіту ретінде түсіндірілмеуге тиіс.

- 34-бап

      Осы Конвенцияның орындалуын бақылауды Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Адам құқықтары жөніндегі комиссиясы (ТМД АҚК) жүзеге асырады, оның Ережесі осы Конвенцияның ажырамас бөлігі болып табылады.

- 35-бап

      1. Соғыс немесе Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысының аса маңызды мүдделеріне қауіп төндіретін өзге де төтенше жағдай кезеңінде олардың әрқайсысы осы Конвенция бойынша қабылдаған міндеттемелерінен шегіну шараларын жағдайдың маңыздылығы талап ететін дәрежеде ғана қабылдай алады, бұл ретте мұндай шаралар оның халықаралық құқық бойынша басқа міндеттемелеріне қайшы келмеуге және осы Конвенцияның 20-бабында аталған белгілер бойынша кемсітуге әкеп соқпауға тиіс.

      2. Осы баптың 1-тармағы негізінде осы Конвенцияның 2-бабынан, заңды әскери іс-қимылдар нәтижесінде адамдардың қаза табуы жағдайларын қоспағанда, немесе 3-бабынан, 4-бабының 1-тармағынан және 7-бабынан шегінуге жол берілмейді.

      3. Міндеттемелерінен шегіну құқығын пайдаланған кез келген Уағдаласушы Тарап қабылданған шаралар мен оларды қабылдау себептері туралы депозитарийді хабардар етеді. Сондай-ақ мұндай шаралардың қолданылуы тоқтатылған және Конвенция ережелері қайтадан толық көлемде орындала бастаған кезде ол туралы депозитарийді хабардар етеді.

- 36-бап

      1. Әрбір Уағдаласушы Тарап осы Конвенцияға қол қою кезінде немесе өзінің ратификациялау грамотасын сақтауға тапсырған кезде Конвенцияның кез келген нақты ережесіне қатысты, осы кезеңде оның аумағында қолданыста болған қандай да бір заңның осы ережеге сәйкес келмейтіні туралы ескертпе жасай алады. Осы бап бойынша жалпы сипаттағы ескертпелерге жол берілмейді.

      2. Осы бапқа сәйкес жасалған кез келген ескертпеде тиісті заңның қысқаша мазмұны болуға тиіс.

- 37-бап

      1. Кез келген Уағдаласушы Тарап депозитарийге жіберілген және ол басқа Уағдаласушы Тараптарға хабарлайтын хабарламада көрсетілген ескертуден кейін алты ай өткен соң осы Конвенцияны денонсациялай алады.

      2. Мұндай денонсация осы Конвенцияны денонсациялау туралы мәлімдеген Уағдаласушы Тарапты денонсация күшіне енгенге дейін өзі жасауы мүмкін және осындай міндеттемелердің бұзылуы болып табылуы ықтимал кез келген әрекетке қатысты Конвенция бойынша қабылдаған міндеттемелерінен босатпайды.

- 38-бап

      1. Осы Конвенция, оның ішінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Адам құқықтары жөніндегі комиссиясы туралы ереже, депозитарийге Уағдаласушы Тараптардың Конвенцияның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағанын растайтын үшінші хабарламаны тапсырған күннен бастап күшіне енеді.

      2. Басқа Уағдаласушы Тараптар үшін осы Конвенция осы баптың 1-тармағында көрсетілген мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы хабарламаны депозитарий алған күннен бастап күшіне енеді.

- 39-бап

      Осы Конвенция күшіне енгеннен кейін оның мақсаттары мен қағидаттарын қолдайтын басқа мемлекеттер осы Конвенцияның 38-бабының 1-тармағында көрсетілген мемлекетішілік рәсімдерді орындағанын растайтын хабарламаны депозитарийге тапсыру арқылы оған қосыла алады. Депозитарийдің аталған хабарламаны алған күні осы Конвенцияның осындай мемлекет үшін күшіне ену күні болып табылады.

      1995 жылғы 26 мамырда Минск қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды. Түпнұсқа дана Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Атқарушы Хатшылығында сақталады, ол осы Конвенцияға қол қойған әрбір мемлекетке оның куәландырылған көшірмесін жібереді.

Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік кеңес Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер даулары Қорғау Арбитраждық Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Ережелер Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Ережелер Жолдаулар