Алимент өндіріп алу туралы сот актілерін орындау
Атқарушылық іс жүргізу туралы заңның 2-параграфы алимент өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттарды орындау тәртібін реттейді.
Алимент өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттарды орындау кезінде сот орындаушылары жиі жол беретін қателіктерге мыналар жатады:
- атқарушылық құжатты орындау кезінде әрекетсіздік таныту (нақты шаралар қабылдамау);
- алимент бойынша берешекті дұрыс есептемеу;
- ай сайынғы төлемдерді төлеу жөніндегі міндеттемелердің орындалуына немесе орындалмауына дұрыс баға бермеу.
Атқарушылық іс жүргізу туралы заңның 99-бабына сәйкес, алимент төлемдерін үш ай бойы жалақыдан немесе өзге де кірістерден өндіріп алу мүмкін болмаған жағдайда, сот орындаушысы берешекті айқындау туралы қаулы шығарады, осы Заңның 32-бабына сәйкес атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету шараларын қабылдайды және осы Заңның 61-бабына сәйкес өндіріп алуға болмайтын мүлікті қоспағанда, борышкердің мүлкіне өндіріп алуды қолданады.
Алимент бойынша берешек мөлшерін сот орындаушысы шешімнің орындалатын жері бойынша өндіріп алу жүргізілмеген кезеңде борышкер алған нақты жалақысы (кірісі) немесе берешекті айқындау сәтінде алатын жалақысы (кірісі) негізінде өндіріп алушының таңдауы бойынша айқындайды. Егер борышкер осы кезеңде жұмыс істемесе немесе оның жалақысы мен өзге де кірістерін растайтын құжаттар ұсынылмаса, алимент бойынша берешек өндіріп алу жүргізілетін сәттегі Қазақстан Республикасындағы орташа айлық жалақы мөлшері негізінде айқындалады.
Атқарушылық іс жүргізу туралы заңда және Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2014 жылғы 24 желтоқсандағы № 372 «Кәмелетке толмаған балаларды күтіп-бағуға арналған алимент ұсталатын жалақы және (немесе) өзге де кіріс түрлерінің тізбесін бекіту туралы» бұйрығында алимент өндіріп алынатын кіріс түрлерінің толық тізбесі белгіленген.
Атап айтқанда, аталған тізбенің 7 және 11-тармақтарына сәйкес, алимент төлеуге міндетті ата-ананың кірістеріне біржолғы сипатқа ие емес азаматтық-құқықтық шарттар бойынша жұмыстарды орындағаны және қызметтер көрсеткені үшін алынған кірістер, сондай-ақ заңды тұлға құрмай кәсіпкерлік қызметпен айналысудан түскен кірістер жатады.
Осы санаттағы істер бойынша сот орындаушысының берешекті айқындау жөніндегі әрекеттеріне жиі дау айтылады. Бұл ретте борышкерлердің кәсіби қызметінің сипаты бойынша жеке кәсіпкерлер немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің құрылтайшылары болуы жиі кездеседі.
Борышкерлердің аталған санаттары бойынша берешекті айқындау сот орындаушылары үшін барынша күрделі мәселелердің бірі болып табылады. Соның салдарынан сот орындаушылары алимент бойынша берешекті есептеу кезінде жиі қателіктер жібереді.
Мысалы, жеке сот орындаушысы алимент бойынша берешекті Қазақстан Республикасындағы орташа айлық жалақы негізінде есептеген. Есептеумен келіспеген борышкер жалақысы туралы анықтамалар мен жұмысқа орналасқанын растайтын құжаттарды ұсынған. Алайда жеке сот орындаушысы бұл құжаттарды қабылдамаған.
Борышкер сотқа шағыммен жүгінген. Соттар жалақы туралы ұсынылған анықтаманың негізінде алимент бойынша берешекті айқындау бөлігіндегі талапты қанағаттандырудан бас тарта отырып, талап қоюшы ұсынған құжаттарда сот отырысында жойылмаған қайшылықтар бар деген қорытындыға келген.
Атап айтқанда, борышкер сотқа қызмет көрсету туралы шартты, бұйрықтан үзіндіні, жалақысы мен өзге де кірістері туралы анықтаманы ұсынған. Сот борышкердің қызмет көрсету туралы шарт негізінде жұмысқа қабылданғанын, ал жалақы туралы анықтамада оның еңбек шарты негізінде берілгені көрсетілгенін анықтаған. Яғни ұсынылған құжаттарда өзара қайшылықтар болған.
Мұндай жағдайда сот орындаушысының көрсетілген анықтама негізінде алимент бойынша берешекті айқындаудан бас тартуы заңды деп танылған (6001-22-00-6ап/584).
Борышкерлердің келіспеушілігі сондай-ақ сот орындаушылары алименттің төленгенін растау үшін өндіріп алушының шоттарына ақша аударылғаны туралы түбіртектерді қабылдамауына байланысты туындайды.
Алимент бойынша берешекті айқындауға және есептеуге байланысты дауларды қарау кезінде сот орындаушысының алимент бойынша берешекті айқындау жөніндегі әрекеттерінің заңдылығына құқықтық баға берген орынды.
Даулардың осы санатын қарау кезінде мәжбүрлеп өндіріп алу тәртібімен алимент тағайындалған кәмелетке толмаған балалардың мүдделерін ескеру қажет.
Алимент төлеу жөніндегі міндеттемелердің орындалғанын растайтын дәлелдемелерді бағалау кезінде жеке сот орындаушысы мыналарды ескеруге тиіс:
- ақша қаражатының түсу көзі (алимент төлеуші немесе үшінші тұлға);
- ақша қаражатының түсу кезеңділігі мен тұрақтылығы;
- аударылатын сомалардың бірдей мөлшерде болуы;
- ата-аналар арасында өзге де ақшалай міндеттемелердің болуы (кредиттік міндеттемелер, қарыздар және т.б.);
- аударылатын сомалардың борышкердің кірістеріне мөлшерлес болуы.
Мысалы, сот бұйрығымен кәмелетке толмаған балаларды күтіп-бағуға арналған алимент өндіріп алынған. Бұған дейін сот бұйрығы мемлекеттік сот орындаушысының орындауында болған. Ол 2016 жылғы наурыздан 2019 жылғы сәуірге дейінгі кезең үшін берешекті айқындаған.
2021 жылғы қазанда жеке сот орындаушысы атқарушылық іс жүргізуді қозғап, 2019 жылғы 3 сәуірден 2021 жылғы 3 қыркүйекке дейінгі кезең үшін берешекті айқындаған және оған бұрын белгіленген берешек сомасын қосқан.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы жеке сот орындаушысының талап қоюшы өтемегендіктен, қазіргі уақытта айқындалған берешекті ғана емес, бұрын мемлекеттік сот орындаушысы айқындаған барлық берешекті де есепке алуы негізді болғанын көрсеткен.
Бұл жағдай жауапкердің заңда белгіленген үш жылдық мерзімнен шыққанын білдірмейді. Осыған байланысты бірінші және апелляциялық сатыдағы соттардың жеке сот орындаушысы мерзімдерді бұзғаны туралы тұжырымдары қате деп танылған (6001-22-00-6ап/1035).
Сот орындаушылары борышкерлер ұсынған құжаттарды, оның ішінде олардың жалақысы туралы құжаттарды мұқият тексеруге тиіс.
Нақты берешекті белгілеу және оны есептеу әкімшілік істі қарау шеңберіне кірмейді. Берешекті айқындау туралы қаулыларға шағым жасалған кезде сот орындаушысы жүргізген есептеудің дұрыстығы тексерілуге тиіс. Сот жеке сот орындаушысының функцияларын өзіне алып, берешектің дұрыс сомасын өз бетінше есептемеуге тиіс.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 76-бабының 3-тармағына сәйкес, заңды күшіне енген сот актілері барлық мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, заңды тұлғалар, лауазымды адамдар мен азаматтар үшін міндетті және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында орындалуға жатады.
Атқарушылық іс жүргізудің мақсаты — бұзылған немесе даулы құқықтар мен заңмен қорғалатын мүдделердің нақты қалпына келтірілуін қамтамасыз ету.
Сот орындаушысының әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым жасау атқарушылық іс жүргізу саласындағы сот бақылауының нысаны болып табылады. Оның мақсаты — атқарушылық іс жүргізу тараптарының құқықтары мен мүдделерін қорғау.
Атқарушылық іс жүргізу мәселелерін реттейтін негізгі нормативтік құқықтық актілер:
- Қазақстан Республикасының Конституциясы;
- Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі (ӘРПК);
- Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі (АК);
- Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексі (АПК);
- Атқарушылық іс жүргізу туралы заң;
- Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы» Заңы;
- Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2017 жылғы 31 наурыздағы № 1 «Атқарушылық іс жүргізу туралы заңнаманың кейбір нормаларын соттардың қолдануы туралы» нормативтік қаулысы;
- Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 19 желтоқсандағы № 12 «Сот актілерін орындамағаны үшін жауаптылық туралы» нормативтік қаулысы;
- Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2015 жылғы 20 ақпандағы № 100 бұйрығымен бекітілген қағидалар;
- Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 4 мамырдағы № 437 «Жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу мөлшерлерін бекіту туралы» қаулысы.
Қолданылған қысқартулар:
ӘРПК — Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі;
АПК — Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексі;
АК — Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі;
Қазақстан Республикасының «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңы — Атқарушылық іс жүргізу туралы заң;
ЖС НҚ — Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысы;
Тәркіленген мүлікті, оның ішінде электрондық аукцион нысанындағы сауда-саттықта өткізу қағидалары — Қағидалар;
АИАЖ — Қазақстан Республикасы сот органдарының «Төрелік» автоматтандырылған ақпараттық-талдау жүйесі;
ЖС ӘІСК — Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы;
ӘІСК немесе алқа — әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы;
МАӘС — мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сот;
ӘД — Әділет департаменті (департаменттері);
МСО — мемлекеттік сот орындаушысы (орындаушылары);
ЖСО — жеке сот орындаушысы (орындаушылары).
Назар аударыңыз!
«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі, бұл құжаттың жалпылама екендігіне және нақты сіздің жағдайыңыздың талаптарына сәйкес келмеуі мүмкіндігіне көңіл бөлуіңізді сұрайды. Біздің заңгерлер сіздің нақты жағдайыңызға сәйкес келетін кез келген құқықтық құжатты әзірлеп көмектесуге дайын.
Қосымша ақпарат алу үшін Заңгер/Адвокат телефонына хабарласуыңызға болады: +7 (708) 971-78-58; +7 (700) 978 5755, +7 (700) 978 5085.
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер орғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Конвенция Келісімшарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Ережелер Бағдарлама Жарғы Мақала Түсініктеме Қарар Регламент Хаттама Жоба Жолдау