Баланың туу тегін анықтауға байланысты істерді қарау кезінде соттардың заңнаманы қолдануы туралы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2018 жылғы 29 қарашадағы № 16 нормативтік қаулысы.
Баланың туу тегіне байланысты істерді қарау кезінде соттардың заңнаманы біркелкі қолдануын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы мынадай түсіндірмелер беруге қаулы етеді.
Баланың әкесі (анасы) болу мәселелері бойынша дау туындаған жағдайда, баланың туу тегі туралы, атап айтқанда, әке болуды анықтау; әке (ана) болуды даулау және баланың тууы туралы акт жазбасынан баланың әкесі (анасы) туралы мәліметтерді алып тастау туралы дауларды Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі - АПК) 14-тарауының талаптарын сақтай отырып, талап қою ісін жүргізу тәртібімен аудандық (қалалық) сот және оларға теңестірілген соттар (бұдан әрі – аудандық сот) шешеді.
Баланың туу тегі туралы, баланы нақты осы әйел туған фактісін анықтау, әке болуды тану фактісін немесе әке болу фактісін анықтау туралы мәселені АПК-нің 32-тарауында белгіленген қағидалар бойынша ерекше іс жүргізу тәртібімен аудандық сот шешеді.
Егер баланың туу тегін анықтауға байланысты талап қою арызы бала туғанға дейін берілген жағдайда (мысалы, әке болуды даулау туралы), судья АПК-нің 151-бабының бірінші бөлігі 1) тармақшасының негізінде оны қабылдаудан бас тартады. Мұндай бас тарту сотқа бала туғаннан кейін аталған арызбен қайта жүгінуге кедергі болмайды.
Осы санаттағы істер бойынша талап қоюдың ескіру мерзімі заңда белгіленбегендіктен, сот бала туғаннан кейін кез келген уақытта әке (ана) болуды анықтауы мүмкін (Кодекстің 8-бабының 1-тармағы).
АПК-нің 30-бабының төртінші бөлігіне сәйкес әке болуды анықтау және алименттерді өндіріп алу туралы талаптар талап қоюшының таңдауы бойынша немесе өзінің тұрғылықты жері бойынша сотқа не жауапкердің тұрғылықты жері бойынша кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотқа берілуі мүмкін.
Баланың туу тегіне байланысты, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың соттылығына жатқызылмаған өзге де талаптар жауапкердің тұрғылықты жері бойынша қаралады.
АПК-нің 307-бабына сәйкес АПК-нің 32-тарауында көзделген тәртіппен қарауға жататын баланың туу тегін анықтауға байланысты істерді сот арыз берушінің тұрғылықты жері бойынша қарайды.
Жауапкердің нақты болу орны белгісіз болса, сот АПК-нің 133-бабы бірінші бөлігінің талаптарын сақтай отырып істі қарауға кіріседі.
Осыған байланысты, судья талап арызды қабылдау кезінде талап қоюшының оның әке болуын азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу органдарының анықтауына келісім алу үшін қорғаншылық немесе қамқоршылық функцияларын жүзеге асыратын органға жүгінген-жүгінбегенін тексергені жөн.
Егер талап қоюшы осындай келісімді алу үшін жүгінбеген болса, судья АПК-нің 152-бабы бірінші бөлігінің 1) тармақшасының негізінде талап арызды кері қайтарады, егер іс қозғалса - АПК-нің 279-бабы 1) тармақшасының негізінде талап арызды қараусыз қалдырады және талап қоюшыға көрсетілген мәселе бойынша тиісті қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын тиісті органға жүгіну құқығын түсіндіреді.
Бала анасының жұбайының әке болуы некенің қиылғаны туралы жазбаның негізінде жүргізіледі. Өзге адам (іс жүзінде әке) мен баланың анасы әкелікті анықтау туралы бірлесіп арыз берген және азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу органдары оны баланың әкесі ретінде жазудан бас тартқан жағдайда, сот осы адамның әке болуын анықтау туралы мәселені баланың тууы заңмен белгіленген тәртіппен тіркелгеннен кейін талап қою ісін жүргізу тәртібімен шешеді.
Әкесі болуы мүмкін адамнан және баладан қанның және (немесе) эпителийдің үлгілерін алу АПК-нің 83, 84-баптарына сәйкес сот ұйғарымының негізінде жүргізіледі, онда үлгілер, олардың саны туралы мәліметтер, үлгілер алынған адамдар туралы, үлгілерді алған субъектілер туралы мәліметтер, үлгілердің алынған уақыты мен орны және алынған үлгілер ұсынылуы тиіс адам туралы мәліметтер көрсетіледі.
Сарапшының қорытындысы сот үшін міндетті болып табылмайтынын соттардың ескергендері жөн. Соттың қорытындымен келіспеуі уәжді болуы тиіс (АПК-нің 92-бабының жетінші бөлігі).
Өзін баланың әкесімін деп мойындаған адам қайтыс болған және адам қайтыс болғанда немесе одан бұрын бала оның асыруында болған жағдайда, бірақ ол баланың анасымен некеде (ерлі-зайыптылық) болмаған кезде, сот оның әке болуын тану фактісін анықтауға құқылы.
Анасының жүктілігі кезінде өзін болашақ баланың әкесімін деп мойындаған адам қайтыс болғаннан кейін туған балаға қатысты да әке болуды тану фактісі анықталуы мүмкін.
Қайтыс болған адамның асырауында баланың болғанын, баланы жүктілігі кезінде де, туғаннан кейін де мойындағанын растайтын дәлелдемелер болғанда, немесе, егер адам бала туғанға дейін қайтыс болса, ол баланы анасының жүктілігі кезеңінде мойындағаны жөнінде дәлелдемелер (бірге тұруы, жүкті әйелді күтуі және басқа) болған кезде әке болуды тану фактісі анықталуы мүмкін.
Өзін баланың әкесiмiн деп мойындамаған не осы баланың бойға біткені және туғаны туралы білмеген адам қайтыс болған жағдайда, сот әке болуды тану фактісін, яғни баланың осы адамнан туу тегі фактісін анықтауға құқылы. Мұндай факт баланың туу тегі қайтыс болған адамнан екендігін растайтын шынайы дәлелдемелер болған кезде ғана анықталуы мүмкін. Осы мақсатта соттар генетикалық сараптама жүргізу мақсатында әкесі болуы мүмкін адамның туыстарын тартуға құқылы.
Әке болуды тану фактісін не әке болу фактісін анықтау туралы істі сот талқылауына дайындау барысында арыз берушіге фактіні анықтау не үшін қажет екенін, осы істің шешілуіне қандай адамдар мен ұйымдар мүдделі болуы мүмкін не шешімнің олардың құқықтары мен мүдделерін қозғау ықтималдығын және сот отырысына шақыруға жататынын судья анықтауы тиіс.
Неке-отбасы заңнамасы отбасының ісіне кімнің болса да өз бетінше араласуына жол бермейді, осыған байланысты адамдардың көрсетілген тізбесі түпкілікті болып табылады және кеңінен түсіндірілуге жатпайды.
Егер туу туралы актілердің жазба кітабындағы баланың әкесі (анасы) туралы жазбаны даулау туралы талап арызды Кодекстің 51-бабы 1-тармағында көрсетілген адамдар тізбесіне жатпайтын адам берсе, судья АПК-нің 151-бабы бірінші бөлігінің 1) тармақшасының негізінде талап арызды қабылдаудан бас тартады, ал егер іс бойынша іс жүргізу қозғалса – сот АПК-нің 277-бабының 1) тармақшасына сәйкес іс бойынша іс жүргізуді тоқтатады.
Соттар осындай істерді қарау барысында ерік білдірудің бұзылуына (қорқыту, күш қолдану әсерінен немесе талап қоюшы өзінің әрекеттерінің мәнін түсінуге немесе оларды басшылыққа алуға қабілетті болмағанда) байланысты талап қоюшы жүргізілген жазбаны даулауға құқылы екенін назарда ұстағандары жөн. Ерік білдірудің бұзылуын куәландыратын дәлелдемелер ұсынылған жағдайда талап қанағаттандырылуға жатады.
Сонымен қатар әке болуды даулау туралы істер бойынша онда қатынастар субъектісі кәмелетке толмаған бала болатын дау нысанасының негізінде соттың татуласу келісімін, дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімді, дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімді бекітуіне жол берілмейді.
Баланың әкесі (анасы) туралы жазбаны даулау туралы талапты қанағаттандыру жөніндегі сот шешімі баланың тууы туралы акт жазбасынан баланың әкесі (анасы) туралы мәліметтерді жою үшін негіз болып табылады.
Сот ерекше жағдайларда Баланың құқықтары туралы конвенцияның 3-бабында белгіленген баланың құқықтары мен мүдделерін басым қорғауды негізге алып, сонымен қатар істің объективті мән-жайларын ескере отырып, егер баланың анасы не баланың қорғаншысы (қамқоршысы) баланың биологиялық әкесіне қатысты әке болуды анықтау туралы талапты бір уақытта мәлімдемесе (не осындай талапты баланың биологиялық әкесі қоймаса), ал баланың әкесі ретінде жазылған адам талапқа қарсы болса, әке болуды даулау туралы талап қоюды қанағаттандырудан бас тартуы мүмкін.
Әке туралы мәліметтерді енгізу, сонымен қатар баланың тегін, атын, әкесінің атын өзгерту сот шешімінде көрсетілген деректерге сәйкес жүзеге асырылады.
Әке болуды анықтау туралы не әке болуды тану фактісін немесе әке болу фактісін анықтау туралы, баланың тууы туралы акт жазбасындағы баланың әкесі туралы жазбаны даулау туралы талапты қанағаттандыру барысында азаматтық хал актілерін тіркеу органында әке болуды жазу және (немесе) азаматтық хал актісінің жазбасына тиісті өзгертулер енгізу үшін қажетті мәліметтер сот шешімінің қарар бөлігінде жазылуы тиіс.
Әке болуды анықтау туралы актіні тіркеу негізінде баланың әкесі туралы мәліметтер, сонымен қатар баланың тууы туралы актіні тіркеу жазбасына енгізіледі.
Баланың әкесі туралы мәліметтер әке болуды анықтау туралы, сондай-ақ әке болу фактісін және әке болуды тану фактісін анықтау туралы сот шешімінде көрсетілген деректерге сәйкес әке болуды анықтау туралы актінің жазбасына енгізіледі (Кодекстің 210-бабының 1-тармағы). Әке болуды анықтау туралы акт жазбасының негізінде баланың әкесі туралы мәліметтер баланың тууы туралы актінің жазбасына да енгізіледі (Кодекстің 215-бабының 1-тармағы).
Істі шешу кезінде сот әкесі анықталғаннан кейін баланың тегіне және (немесе) әкесінің атына қатысты, егер олар әке болуы анықталған адамның тегімен және (немесе) атымен сәйкес келмесе, ата-анасының пікірін білуге міндетті (Кодекстің 211-бабының 2-тармағы).
Аталған мәселе бойынша ата-аналардың арасында дау болған кезде сот іске қамқорлық және қорғаншылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органдарды қатыстырып, баланың мүдделерін негізге ала отырып оны шешеді. Он жасқа толған баланың атын, әкесінің атын (ол болған кезде) және (немесе) тегін өзгерту оның келісімімен ғана жүргізілуі мүмкін.
1) "Әке болуды анықтау және әке болуды тану фактілері жөніндегі сот тәжірибесі туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 1971 жылғы 30 қыркүйектегі № 7 нормативтік қаулысының;
2) Қазақ ССР Жоғарғы Соты Пленумының 1983 жылғы 29 наурыздағы № 3 қаулысының;
3) "Әке болуды анықтау және әке болуды тану фактілері жөніндегі сот тәжірибесі туралы" Қазақ ССР Жоғарғы Соты Пленумының 1971 жылғы 30 қыркүйектегі № 7 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2004 жылғы 18 маусымдағы № 6 нормативтік қаулысының;
4) "Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының кейбір нормативтік қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2012 жылғы 31 мамырдағы № 2 нормативтік қаулысының 1-тармағының;
5) "Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының кейбір нормативтік қаулыларына азаматтық және азаматтық процестік заңнама бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2017 жылғы 31 наурыздағы № 2 нормативтік қаулысының 2-тармағының күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан РеспубликасыЖоғарғы Сотының Төрағасы Ж.Асанов Қазақстан РеспубликасыЖоғарғы Сотының судьясы,жалпы отырыс хатшысы Г.Әлмағамбетова © 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Азаматтық кодексi Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы