Қызметтер үшін төлем тек компанияның шотына төленеді. Сізге ыңғайлы болу үшін біз Kaspi RED / CREDIT /БӨЛІП ТӨЛЕУДІ іске қостық 😎

Басты бет / Бланктер / КАССАЦИЯЛЫҚ ШАҒЫМ қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкімін және қалалық сотының қаулысын қайта қарау туралы

КАССАЦИЯЛЫҚ ШАҒЫМ қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкімін және қалалық сотының қаулысын қайта қарау туралы

КАССАЦИЯЛЫҚ ШАҒЫМ қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкімін және  қалалық сотының қаулысын қайта қарау туралы

 

 

ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ КАССАЦИЯЛЫҚ СОТҚА

Астана қаласы, Сарыарқа ауданы, Бейбітшілік көшесі, №37 ғимарат

8 7172 55 92 03.

Жәбірленуші: КРА

ЖСН: ....

Шымкент қаласы, .... үй тұрғыны.

Сенімхат бойынша өкілі:

«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі

БСН 201240021767.

Адвокат Саржанов Галымжан Турлыбекович

Қазахстан Республикасы, 050002, Алматы қаласы, Алмалы

  ауданы, Абылай Хана даңғылы, 79/71 үй, 304 кеңсе.

info@zakonpravo.kz    www.zakonpravo.kz

+7 708 578 57 58 / 8 727 971 78 58.

 

 

КАССАЦИЯЛЫҚ ШАҒЫМ

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2026 жылғы 29 шілдедегі үкімін және Шымкент қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 9 қыркүйектегі қаулысын қайта қарау туралы

 

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2026 жылғы 29 шілдедегі үкімімен АШДҚазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (әрі қарай - ҚК) 188-бабы 3-бөлігінің 3) тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 2 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

Бірінші сатыдағы сот рақымшылық туралы заңды қолданып, жазаны 1 жыл 6 ай бас бостандығын шектеуге дейін қысқартты.

Жәбірленуші тарап аталған үкімге апелляциялық шағым беріп, сотталған адамға тағайындалған жазаның негізсіз жеңілдігін, азаматтық талап қоюды шешу кезінде іс бойынша зерттелген дәлелдемелерге толық құқықтық баға берілмегенін және сот талқылауында анықталған өзге де елеулі мән-жайлардың назардан тыс қалғанын көрсетті. Апелляциялық шағымда бірінші сатыдағы үкімнің күшін жойып, Аға ҚК-нің 188-бабы 3-бөлігінің 3) тармағы бойынша 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау және жәбірленушінің азаматтық талап қоюын толық көлемде қанағаттандыру сұралды.

Шымкент қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 9 қыркүйектегі №5299-26-00-1а/393 қаулысымен жәбірленуші өкілінің апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылды. Бұл ретте сот алқасы бірінші сатыдағы соттың рақымшылық туралы заңды дұрыс қолданбағанын анықтап, сотталған адамның жазасын керісінше 1 жыл 4 ай бас бостандығын шектеуге дейін қысқартты.

Аталған сот актілерімен келіспейміз және олар төменде көрсетілген негіздер бойынша кассациялық тәртіппен қайта қаралуға жатады деп есептейміз.

ҚР Жоғарғы Сотының 2025 жылғы 29 мамырдағы №1 «Қылмыстық істерді кассациялық тәртіппен қарауды регламенттейтін заңнаманы қолдану туралы» нормативтік қаулысына сәйкес Қылмыстық-процестік кодексінің (әрі қарай - ҚПК) 485-бабының бірінші және екінші бөліктерінде көзделген қылмыстық және қылмыстық-процестік заңдарды дұрыс қолданбау заңды күшіне енген сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қараудың негізі болып табылады. Сонымен қатар аталған нормативтік қаулы жәбірленуші мен оның өкіліне, соның ішінде азаматтық талап қоюды дұрыс шешпеу қылмыстық істі мәні бойынша шешудің дұрыстығына әсер еткен кезде, ҚПК-нің 485-бабы бірінші бөлігінің 4) тармағы бойынша кассациялық шағым жасау құқығын тікелей түсіндіреді.

1. Апелляциялық саты жәбірленушінің нақты уәждеріне толық жауап бермеген және бірінші сатыдағы дәлелдемелерді бағалауда жіберілген кемшіліктерді жоймаған. Апелляциялық шағымның негізгі уәждерінің бірі бірінші сатыдағы соттың азаматтық талапты шешу кезінде сотта тікелей зерттелген дәлелдемелерге толық әрі жан-жақты құқықтық баға бермеуі болды.

Жәбірленуші тарап бұл туралы абстрактілі түрде емес, нақты куәлардың айғақтарына сүйене отырып көрсетті.

2026 жылғы 14 шілдедегі сот отырысында куәлар Д.А., А.Ә.Беркінбайқызы, Т.Б.М., Т.Н.Ш. және Н. Н. А. жәбірленушімен ұзақ уақыт іскерлік қатынаста болғандарын, оған жеміс-жидек өнімдерін көтерме көлемде кейіннен төлеу шартымен тұрақты түрде жеткізіп отырғандарын және 2026 жылғы қаңтардан бастап жәбірленушінің олардың алдындағы берешегінің күрт өскенін көрсетті.

Бұдан бөлек, бірқатар өзге куәлар жәбірленушінің ірі көтерме саудагер болғанын, оның қаржылық жағдайының 2026 жылғы қаңтардан бастап нашарлағанын, жеткізушілер алдындағы берешегінің көбейгенін және осы кезеңде Аның жеміс-жидек өнімдерін қалыптасқан нарықтық бағадан төмен бағамен сатып жүргенін көрсетті.

ҚПК-нің 124-бабына сәйкес іс бойынша жиналған дәлелдемелер жан-жақты және объективті зерттелуге тиіс; зерттеу дәлелдемені талдауды, оны басқа дәлелдемелермен салыстыруды және тексеруді қамтиды. Ал ҚПК-нің 125-бабы әрбір дәлелдемені оның қатыстылығы, жол берілетіндігі және анықтығы, ал барлық дәлелдемелерді жиынтығында істі шешуге жеткіліктілігі тұрғысынан бағалауды талап етеді.

Алайда бірінші сатыдағы сот куәлардың нақты айғақтарын талдаудың орнына олардың сотталушы мен жәбірленушінің жауаптарына «мағыналас жауап бергенін» көрсетумен шектелген. Н.Н.А. сотта берген айғақтары үкімнің уәждеу бөлігінде мүлдем тиісті бағасын алмаған. Бұл мәселе апелляциялық шағымда арнайы көтерілген болатын.

Апелляциялық сот бұл кемшілікті жойған жоқ.

Алқа аталған куәлардың әрқайсысының айғақтарын талдап, олардың қандай бөлігін қабылдайтынын, қандай бөлігін қабылдамайтынын және не себепті олардың жиынтығы азаматтық талаптағы залал мен сотталған адамның әрекеттері арасындағы себептік байланысты дәлелдемейді деп есептейтінін көрсетпеген.

Оның орнына апелляциялық қаулыда жәбірленушінің қалған материалдық талаптары 2026 жылғы қаңтардан бастап қалыптасқан кәсіпкерлік қызметке, жеткізушілер мен банктер алдындағы міндеттемелерге байланысты екені және олардың А жасаған қылмыстық құқық бұзушылықпен тікелей келтірілген залал екені анықталмаған деген жалпы қорытынды жасалған.

Бірақ дәл осы «анықталмаған» деген тұжырымның қандай дәлелдемелерді бағалау нәтижесінде жасалғаны қаулыда көрсетілмеген.

Осылайша, бірінші сатыдағы сот жіберген дәлелдемелерді бағалаудағы кемшілік апелляциялық сатыда жойылмай, іс жүзінде қайталанған.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2006 жылғы 20 сәуірдегі №4 нормативтік қаулысы апелляциялық және кассациялық сатыларға бірінші сатыда зерттелген нақты деректерді дәлелдеме ретінде пайдалануға, оларды зерттеп, бағалауға мүмкіндік береді. Демек, апелляциялық саты бірінші сатыдағы соттың бағалауындағы кемшілікті анықтаған жағдайда оны өзі жоюға процестік мүмкіндігі болған.

2. Соттар дәлелденген 18–24 наурыз аралығындағы ұрлықтарды азаматтық талаптың өзге дәлелдемелерімен жиынтықта бағаламаған. Сот актілерімен Аның 2026 жылғы 18–24 наурыз аралығында жәбірленушіге тиесілі №17 дүкеннің кілтін тауып алып, оны пайдалану арқылы дүкенге бірнеше рет заңсыз кіріп, тауарларды жасырын жымқырғаны анықталған. Оның кінәсі өзінің жауабымен ғана емес, жәбірленуші мен куәлардың айғақтарымен, бейнебақылау жазбаларымен, Kaspi Gold шотының тарихымен, тауарлардың есеп-қисабымен, WhatsApp хат алмасуларымен және өзге дәлелдемелермен расталған.

Бұл бір сәттік, кездейсоқ жасалған әрекет емес.

Бірнеше күн бойы бір дүкенге қайта-қайта кіру, кілтті пайдалану және тауарларды жүйелі түрде алып шығу соттар анықтаған нақты фактілер болып табылады.

Сондықтан жәбірленушінің 2026 жылғы қаңтардан бастап тауарлары жоғалып, сауда айналымы төмендеп, жеткізушілер алдындағы берешегі ұлғайғаны туралы куәлардың айғақтары дәлелденген наурыздағы бірнеше мәрте жасалған ұрлық фактілерінен бөлек қарастырылмауға тиіс еді.

Біз 2026 жылғы қаңтардан бастап жасалған әрбір ұрлық эпизоды сөзсіз дәлелденді деп отырған жоқпыз.

Мәселе басқа.

Жәбірленуші тарап ұсынған дәлелдемелердің жиынтығы — қаржылық жағдайдың дәл осы кезеңнен бастап күрт өзгеруі, тауарлардың жоғалуы, жеткізушілер алдындағы қарыздардың өсуі, сотталған адамның төмен бағамен тауар өткізуі және кейін бейнебақылаумен нақты расталған бірнеше мәрте ұрлық жасау тәсілі — өзара байланыста бағалануға тиіс болатын.

ҚПК-нің 125-бабының мәні де дәлелдемелерді бір-бірінен оқшау емес, жиынтығында бағалауды талап етеді.

Алайда мұндай жиынтық бағалау бірінші сатыдағы үкімде де, апелляциялық қаулыда да жүргізілмеген.

3. Апелляциялық сот азаматтық талаптың дәлелденбегенін айтқанымен, оны растайтын дәлелдемелердің неліктен жеткіліксіз екенін көрсетпеген. Апелляциялық соттың негізгі тұжырымы бойынша 15 078 258 теңге материалдық залалдың қалған бөлігі тағылған айып шегіне кірмейді және оның осы қылмыстық құқық бұзушылықпен тікелей келтірілгені анықталмаған.

Бірақ бұл жерде сот екі түрлі мәселені ажыратпаған.

Біріншісі — сотталған адамға тағылған айыптың шегі.

Екіншісі — дәлелденген қылмыстық әрекеттердің салдарынан туындаған мүліктік зиянның көлемі.

ҚПК-нің 166-бабының 1-бөлігі қылмыстық процесте қылмыстық құқық бұзушылықпен тікелей келтірілген мүліктік және моральдық зиянды, сондай-ақ өкілдік етуге және сотқа қатысуға жұмсалған шығыстарды өтеу туралы азаматтық талаптардың қаралатынын көздейді.

Апелляциялық соттың өзі де осы норманы қаулыда келтірген.

Сондықтан соттың міндеті азаматтық талапты тек оның сомасы тағылған айыптауда сөзбе-сөз көрсетілген-көрсетілмегеніне қарап шешу емес, талап етілген әрбір шығын мен дәлелденген қылмыстық әрекет арасында тікелей себептік байланыстың бар-жоғын дәлелдемелердің жиынтығы арқылы анықтау болатын.

Сот мұндай байланысты жоққа шығаруға құқылы.

Бірақ ол үшін сотта зерттелген нақты дәлелдемелерді бағалап, неліктен олар себептік байланысты растауға жеткіліксіз екенін уәждеуге тиіс.

Бұл жасалмаған.

Осы мәселенің кассациялық маңызы ерекше, өйткені Жоғарғы Соттың 2025 жылғы №1 нормативтік қаулысының 6-тармағы жәбірленуші мәлімдеген азаматтық талап қоюды дұрыс шешпеуді ҚПК-нің 485-бабы бірінші бөлігінің 4) тармағы бойынша сот актісін кассациялық қайта қарауға негіз бола алатын бұзушылықтардың қатарына тікелей жатқызады.

4. Жаза тағайындау кезінде сотталған адамның «шын ниетпен өкінуі» туралы тұжырым жеткілікті тексерілмеген. Апелляциялық алқа бірінші сатыдағы соттың Аның шын ниетпен өкінуін, залалды өтеуін және кәмелетке толмаған балаларының болуын жеңілдететін мән-жайлар ретінде есепке алуын дұрыс деп таныған.

Алайда жәбірленуші тараптың позициясы сотталған адамның жай ғана кінәсін мойындаған-мойындамағанына емес, оның мойындауының қашан және қандай жағдайларда болғанына қатысты болды.

Іс бойынша сотталған адамның өз әрекеттерін толық мойындауы оның қылмыстық әрекеттерін объективті түрде растайтын бейнежазбалар іске тіркелгеннен кейін орын алғаны жөніндегі мән-жайлар көтерілді.

Мұндай жағдайда соттар шын ниетпен өкіну формальды түрде кінәні мойындаумен ғана шектеле ме, әлде адамның қылмыстан кейінгі нақты мінез-құлқы оның шынайы өкінгенін көрсетеді ме деген мәселені бағалауға тиіс еді.

Апелляциялық алқа бұл уәжге жеке құқықтық баға бермей, бірінші сатыдағы сот көрсеткен жеңілдететін мән-жайларды қайталаумен шектелген.

Сонымен бірге үкімнің өзінде Аның бірнеше рет заңсыз кіріп, бөтеннің мүлкін жүйелі түрде жымқырғаны анықталған.

Осы мән-жайлардың барлығы ҚК-нің 52-бабы бойынша қылмыстық құқық бұзушылықтың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін және кінәлінің қылмыстан кейінгі мінез-құлқын бағалау кезінде жиынтықта ескерілуге тиіс.

Сондықтан сотталған адамға санкция шегіндегі барынша жеңіл сипаттағы жазалардың бірін тағайындаудың жеткілікті негізділігіне жәбірленуші тараптың келтірген нақты уәждеріне толық жауап берілмеген деп есептейміз.

5. Апелляциялық қараудың нәтижесінде жәбірленушінің шағымы бойынша сотталған адамның жазасы керісінше жеңілдетілген. Жәбірленуші апелляциялық шағымында сотталған адамның жазасын қатаңдатуды сұрады.

Алайда апелляциялық сот жәбірленушінің шағымын қанағаттандырусыз қалдырып қана қоймай, бірінші сатыдағы сот рақымшылық туралы заңды дұрыс қолданбаған деген негізбен 2 жыл бас бостандығын шектеу жазасының қысқартылатын бөлігін 1/4-тен 1/3-ке өзгертіп, түпкілікті жазаны 1 жыл 6 айдан 1 жыл 4 айға дейін қысқартқан.

Бұл жерде біз рақымшылық туралы заңның тиісті нормасын қолдану қажеттігінің өзін ғана даулаумен шектелмейміз.

Негізгі мәселе — апелляциялық алқа жәбірленушінің жазаның негізсіз жеңілдігі жөніндегі нақты уәждерін толық тексерместен, керісінше сотталған адамның құқықтық жағдайын одан әрі жақсартатын шешім қабылдаған.

Сондықтан кассациялық саты бірінші және апелляциялық сатыларда ҚК-нің 52 және 53-баптарының талаптарының нақты қалай қолданылғанын, «шын ниетпен өкіну» мән-жайының фактілік негізін және тағайындалған жазаның қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесіне сәйкестігін қайта тексеруге тиіс деп есептейміз.

6. Жол берілген бұзушылықтар формальды емес, істің нәтижесіне тікелей әсер еткен. Бұл шағымда сот актілерін қайта қарау тек дәлелдемелерді өзгеше бағалауды қалау негізінде сұралып отырған жоқ.

Мәселе сотта тікелей зерттелген елеулі дәлелдемелердің бір бөлігіне құқықтық баға берілмеуінде, азаматтық талаптың елеулі бөлігі бойынша себептік байланыстың неліктен жоқ екені уәжделмеуінде, жәбірленушінің апелляциялық шағымындағы нақты уәждердің толық тексерілмеуінде және жаза тағайындауға әсер еткен жеңілдететін мән-жайлардың фактілік негізінің тиісті түрде талданбауында.

ҚПК-нің 124 және 125-баптары дәлелдемелерді жан-жақты, толық және объективті зерттеп, оларды жеке-жеке әрі жиынтығында бағалауды талап етеді.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының №4 нормативтік қаулысы да апелляциялық және кассациялық сатыларда бірінші сатыда зерттелген деректерді зерттеп, бағалауға мүмкіндік береді.

Ал Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2025 жылғы 29 мамырдағы №1 нормативтік қаулысы ҚПК-нің 485-бабының бірінші және екінші бөліктерінде көрсетілген негіздердің тізбесі толық екенін және ауыр, аса ауыр және ауырлығы орташа қылмыстар бойынша жәбірленушінің ҚПК-нің 485-бабы бірінші бөлігінде көзделген негіздермен тікелей кассациялық сотқа жүгінуге құқылы екенін түсіндіреді.

Бұл жағдайда азаматтық талаптың дұрыс шешілмеуі және оған әсер еткен дәлелдемелерді бағалау талаптарының сақталмауы ҚПК-нің 485-бабы бірінші бөлігінің 4) тармағы тұрғысынан кассациялық қайта қарауға жататын елеулі процестік бұзушылық болып табылады.

Сонымен қатар жәбірленуші тарап сотталған адамның жағдайын нашарлату туралы мәселені апелляциялық сатыда да тікелей қойған. Біздің апелляциялық шағымда 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау туралы талап нақты көрсетілген. Сондықтан бұл талап кассациялық сатыда алғаш рет қойылып отырған жоқ.

ҚПК-нің 487-бабы бойынша сотталған адамның жағдайын нашарлататын негіздермен заңды күшіне енген сот актісін кассациялық қайта қарау туралы шағым сот актісі заңды күшіне енгеннен кейін бір жыл ішінде берілуге тиіс.

Осыған байланысты, Қазақстан Республикасы ҚПК-нің 484–488, 494-баптарын, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2025 жылғы 29 мамырдағы №1 және 2006 жылғы 20 сәуірдегі №4 нормативтік қаулыларын басшылыққа ала отырып,

 

СОТ АЛҚАСЫНАН СҰРАЙМЫЗ:

 

·         Шымкент қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2026 жылғы 9 қыркүйектегі №5299-26-00-1а/393 қаулысын күшін жоюды;

·         Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2026 жылғы 29 шілдедегі №5241-26-00-1/1103 қылмыстық іс бойынша шығарылған айыптау үкімінің өзгертуді, яғни А Ш.Д. қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-бөлігінің 3)-тармағымен жаңа айыптау үкімін шығарып, 7 (жеті) жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды;

·         Жәбірленуші Қ..й. азаматтық талап қоюын толық көлемде қанағаттандырып, азаматтық жауапкер А Ш. Д.:

o    15 078 258 (он бес миллион жетпіс сегіз мың екі жүз елу сегіз) теңге материалдық зиянды;

o    2 000 000 (екі миллион) теңге моральдық зиянды;

o    2 450 000 (екі миллион төрт жүз елу мың) теңге өкілдің көмегіне байланысты сот шығындарын

өндіру туралы жаңа үкім қабылдауды.

 

·         Кассациялық шағымды жәбірленуші Қ.Р.А. мен оның өкілі – адвокат Саржанов Ғалымжан Тұрлыбекұлының қатысуымен қарауды сұраймыз.

 

 

Ізгі ниетпен,

Сенімхат бойынша өкілі, Адвокат:                                                    Саржанов Г.Т. 

 

 

 

 

Назар аударыңыз!  

«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі, бұл құжаттың жалпылама екендігіне және нақты сіздің жағдайыңыздың талаптарына сәйкес келмеуі мүмкіндігіне көңіл бөлуіңізді сұрайды. Біздің заңгерлер сіздің нақты жағдайыңызға сәйкес келетін кез келген құқықтық құжатты әзірлеп көмектесуге дайын.  

Қосымша ақпарат алу үшін Заңгер/Адвокат телефонына хабарласуыңызға болады: +7 (708) 971-78-58; +7 (700) 978 5755, +7 (700) 978 5085.    

Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы  Заң компаниясы