Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында магистральдық құбырға құрылыс нормалары мен қағидаларында белгіленген қашықтық шегінде салу керек
«ҚазТрансОйл» АҚ (бұдан әрі-Талапкер) сотқа жауапкерлер Ж., Сайрам ауданы Бадам ауылының әкіміне, Шымкент қалалық жер кадастры филиалына, Оңтүстік Қазақстан облыстық сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау департаментіне, А.-ға, Оңтүстік Қазақстан облысының Әділет департаментіне қарсы арыз беріп, Бадам ауылы әкімінің шешімін, жерге жеке меншік құқығын беретін мемлекеттік актіні, объектіні пайдалануға қабылдау актісін жарамсыз деп танып күшін жою, салынған құрылыс нысандарын иесінің есебінен бұзу, 2011 жылғы 8 шілдедегі № 8-3346 сатусатып алу шартын, жер теліміне жеке меншік құқығын беретін мемлекеттік актіні, кадастрлік тіркеу куәлігін жарамсыз деп тану туралы сұраған. Талапкер Магистральды құбырларды қорғау ережелерінің 4.1, 4.3тармақтарына сәйкес, кез келген құрылыс нысандарынан магистральді мұнай құбырына дейін қашықтық 75 метрден кем болмауы тиіс екендігін, ал Бадам ауылы әкімінің шешімімен жауапкер Ж.-ға Бадам ауылы, Карл Маркс бөлімшесінен тұрғын үй құрылысын салу және қосалқы шаруашылық жүргізу берілген 800 шаршы метр жер телімі мұнай құбырларынан небәрі 25 метр қашықтықта тұрғанын, мұнай тасымалдайтын құбырлардың зақымдану мүмкіндігін болдырмау үшін аталған жер теліміндегі құрылыс нысандарын бұзу қажеттігін көрсеткен.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында магистральдық құбырға құрылыс нормалары мен қағидаларында белгіленген қашықтық шегінде салу керек
Шымкент қаласы Абай аудандық сотының 2012 жылғы 29 наурыздағы шешімімен «ҚазТрансОйл» АҚ-ның талап арызы ішінара қанағаттандырылып, магистральды құбырдан 25 метр қашықтықта орналысқан құрылыс нысандарын жауапкер А.-ның есебінен бұзу міндеттелген. Облыстық соттың апелляциялық сот алқасы сот шешімін өзгеріссіз қалдырған. Кассациялық сот алқасы өз кезегінде апелляциялық сот алқасының қаулысын өзгеріссіз қалдырған. Жауапкер А. сот актілерінің күшін жойып, істі жаңадан қарауға жіберуді сұрап Жоғарғы Соттың қадағалау сот алқасына өтініш берген. Қадағалау сот алқасы азаматтық іс құжаттарын және өтініштің уәждерін тексеріп, өтініш төмендегі негіздер бойынша ішінара қанағаттандырылуға жатады деген тұжырымға келді. Қазақстан Республикасы Азаматтық іс жүргізу кодексінің 387 - бабының 3-бөлігіне сәйкес (бұдан әрі-АІЖК), материалдық нормалардың немесе іс жүргізу құқығының едәуір бұзылуы соттың заңды күшіне енген шешімдерін, ұйғарымдарын, қаулыларын қадағалау тәртібімен қайта қарауға негіз болады. Іс бойынша мұндай кемшіліктерге жол берілген. Іс құжаттарына қарағанда, Ж.-ға ауыл әкімінің шешімімен 800 шаршы метр жер телімі тұрғын үй құрылысын салу және қосалқы шаруашылық жүргізу үшін жеке меншікке берілген, ол жерге мемлекеттік акті алып, оны аудандық әділет басқармасында тіркеп, сол жерге үй тұрғызып, оны қабылдау комиссиясы объектіні қабылдау туралы актісі арқылы пайдалануға қабылдаған. Ж. сатып алу-сату шарты бойынша жер телімінің екінші бөлігінде орналасқан шағын тұрғын үй мен 0,0394 гектар жер телімін А.-ға сатқан.
Осының нәтижесінде АІЖК-нің 118-бабының талаптарына сәйкес, аталған жер теліміне А.-ның меншік құқығы пайда болған Сот сатылары талап арызды ішінара қанағаттандырған кезде жауапкерлер Ж. мен А.-ның меншігінде болған құрылыстар өз бетімен салынған құрылыс болып саналмайды, себебі, даулы құрылыс Сайрам ауданы Бадам ауылдық округі әкімінің шешімінің негізінде салынған деген тұжырымға келген. Алайда, қадағалау сот алқасы соттардың бұл тұжырымымен келіспейді. Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 121 - бабына сәйкес, тұрғын халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өнеркәсіп, көлік объектілері мен өзге де объектілерді пайдалану үшін қажетті жағдайлар жасау мақсатында аймақтар белгіленеді, аймақтарды белгілеу мақсаттарына сай келмейтін қызмет түрлеріне олардың шегінде шек қойылады немесе тыйым салынады. Жерді ерекше шарттармен пайдалану аймақтарына магистральды құбыр жолдарының, байланыс, радио және электр желілерінің күзет аймақтары жатады. «Қазақстан Республикасының №3.05-01-2010 Құрылыс нормалары және ережелері» нұсқамасының (бұдан әрі - ҚНжЕ) 2-кестесі 2-тармағының талабына сәйкес, 2 кластағы мұнай құбырының диаметрі 500 мм-ден 1000-ға дейін болған жағдайда мұнай құбыры қауіптілігі жоғары нысанға жатқызылып, 1-2 қабатты тұрғын үйлердің құбырдан қашықтығы 75 метр болуға тиіс. Сотта анықталғандай, жауапкер Ж. өз жер телімін екіге бөліп, мұнай құбыры жағында орналасқан екінші тұрғын үйін жауапкер А.-ға сатып алусату шарты арқылы сатқан. Жауапкер А.-ға тиесілі тұрғын үйі магистральды мұнай құбырынан 42,80 метр, ал жауапкер Ж.-ның қосымша салған үйі 65 метр қашықтықта орналасқан, яғни жауапкерлердің тұрғын үйілері Қазақстан Республикасы құрылыс нормалары Ережесінің талаптары бұзылып, магистральды құбырдың 75 метрлік қауіпсіздік аумағына салынған. Алайда, соттар жоғарыда аталған нұсқаулықтың 7-тармағына сілтеме жасап, үй мен құрылыстар мұнай құбырынан жоғары деңгейде орналасқан болса, онда аталған ара қашықтық 25%-ға кемітіледі деген тұжырымға келген. «Магистральдық құбыр туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 14-бабының 8-тармағында көрсетілгендей, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында магистральдық құбырға жатпайтын кез келген объектіні құрылыс нормалары мен қағидаларында белгіленген ең аз қашықтық шегінде салуға тыйым салынады. Жер асты және жер үсті құбырлар білігінен елді мекендерге, бөлек өндірістік және ауыл шаруашылық кәсіпорындарға, ғимараттарға, құрылыстарға дейінгі тиісті ең аз қашықтықтар «Магистралды құбырлар» 2.05.06-85 ҚНжЕ-нің 3.16- тармағымен, ал 2011 жылғы 1 мамырдан бастап «Магистралды құбырлар» 3.05.01-2010 ҚНжЕ-нің 5.3.9-тармағымен белгіленеді. АІЖК-нің 65-бабында көрсетілгендей, әр тарап өзінің талаптарының және қарсылықтарының негізі ретінде сілтеме жасайтын мән-жайларды дәлелдеуге тиіс. «Павлодар-Шымкент» құбырының диаметрі 820 мм болғандықтан, жоғарыда көрсетілген ҚНжЕ-ге сәйкес, құбырдан 1-2 қабатты тұрғын ғимараттарға дейінгі ең аз қашықтық 75 метрді құрауға тиіс.
Алайда соттар үй мен құрылыстар мұнай құбырынан жоғары деңгейде орналасқандықтан ара қашықтық 25% кемітуге жатады деп тұжырым жасаған. Бірақ даулы үйлердің мұнай құбырынан жоғары деңгейде орналасқандығын дәлелдейтін деректер сот қаулыларында көрсетілмеген, бұл жағдайларды анықтау үшін іс бойынша ешқандай сараптама өткізілмеген және тиісті мамандар сұралмаған. Аппеляциялық сатыдағы сот маман Б.-ның жауабын назарға алумен шектелген, аталған маманның қажетті деңгейде біліктілігінің бар-жоғы анықталмаған. Сондықтан апелляциялық алқа осы маманның жауабына сілтеме жасауы негізсіз. Істің мұндай тұрғысында, қадағалау сот алқасы дау келтірілген сот актілерінің күшін жойып, істі қайтадан қарау үшін апелляциялық сатыға жіберу қажет деп санайды. Істі қайтадан қарау барысында сот алқасы жоғарыда көрсетілген кемшіліктерді жойып, атап айтқанда, даулы үй мұнай құбырынан қанша қашықтықта салынғанын анықтау үшін сараптама өткізіп, іс бойынша білікті мамандарды мүдделі тараптар ретінде сұрап, тараптардың уәждерін жанжақты тексеріп, оларға құқықтық дұрыс баға беріп, анықталған мән-жайларға орай заңды және негізді шешім қабылдауға тиіс.
Назар аударыңыз!
«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі, бұл құжаттың жалпылама екендігіне және нақты сіздің жағдайыңыздың талаптарына сәйкес келмеуі мүмкіндігіне көңіл бөлуіңізді сұрайды. Біздің заңгерлер сіздің нақты жағдайыңызға сәйкес келетін кез келген құқықтық құжатты әзірлеп көмектесуге дайын.
Қосымша ақпарат алу үшін Заңгер/Адвокат телефонына хабарласуыңызға болады: +7 (708) 971-78-58; +7 (700) 978 5755, +7 (700) 978 5085.
Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы
Құжатты жүктеп алу
-
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында магистральдық құбырға құрылыс нормалары мен қағидаларында белгіленген қашықтық шегінде салу керек
134 рет жүктеп алынды -
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында магистральдық құбырға құрылыс нормалары мен қағидаларында белгіленген қашықтық шегінде салу керек
118 рет жүктеп алынды