Қызметтер үшін төлем тек компанияның шотына төленеді. Сізге ыңғайлы болу үшін біз Kaspi RED / CREDIT /БӨЛІП ТӨЛЕУДІ іске қостық 😎

Басты бет / Кодекстер / Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 258-бабына түсініктеме. Террористік немесе экстремистік қызметті қаржыландыру және терроризмге не экстремизмге өзге де жәрдемдесу

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 258-бабына түсініктеме. Террористік немесе экстремистік қызметті қаржыландыру және терроризмге не экстремизмге өзге де жәрдемдесу

АMANAT партиясы және Заң және Құқық адвокаттық кеңсесінің серіктестігі аясында елге тегін заң көмегі көрсетілді

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 258-бабына түсініктеме. Террористік немесе экстремистік қызметті қаржыландыру және терроризмге не экстремизмге өзге де жәрдемдесу

1. Ақшаны және (немесе) өзге мүлікті, мүлікке құқықты немесе мүліктік сипаттағы пайданы беру немесе жинау, сондай-ақ жеке тұлғаға не адамдар тобына, не заңды тұлғаға сыйға тарту, айырбастау, қайырмалдық, қайырымдылық көмек көрсету, ақпараттық және өзге де сипаттағы қызметтер көрсету не қаржылық қызметтер көрсету, егер бұл әрекеттерді жасаған адам олардың қызметінің террористік немесе экстремистік сипатын не берілген мүліктің, көрсетілген ақпараттық, қаржылық және өзге де қызметтердің террористік немесе экстремистік қызметті жүзеге асыру үшін не террористік немесе экстремистік топты, террористік немесе экстремистік ұйымды, заңсыз әскерилендірілген құралымды қамтамасыз ету үшін пайдаланылатынын көрінеу біле тұра жасаса, —

мүлкі тәркіленіп, бес жылдан тоғыз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

2. Дәл сол іс-әрекеттер бірнеше рет не өзінің қызмет бабын пайдаланып жасалған адаммен немесе коммерциялық не өзге ұйымдағы басқару функцияларын орындайтын адаммен, не қоғамдық бірлестіктің көшбасшысымен, не адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, не ірі мөлшерде жасалса, —

мүлкі тәркіленіп, жеті жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Ескертпе. Зорлық-зомбылық жасау қатерімен террористік немесе экстремистік қызметті қаржыландыруды және терроризмге не экстремизмге өзге де жәрдемдесуді жүзеге асырған және бұл туралы өз еркімен мәлімдеген, сондай-ақ қылмысты ашуға немесе оның жолын кесуге белсенді түрде жәрдемдескен адам, егер оның әрекеттерінде өзге қылмыс құрамы болмаса, қылмыстық жауаптылықтан босатылады.

Көрсетілген қылмыстың қоғамдық қауіптілігі экстремизмді немесе террористік қызметті қаржыландыру нәтижесінде террористік және экстремистік әрекеттердің жасалу қаупі туындайтынында, адамдардың қаза табу, елеулі мүліктік залал келтіру не өзге де қоғамға қауіпті зардаптардың туындау қаупі жасалатынында, қоғамдағы жағдайдың тұрақсызданатынында болып табылады.

Осы қылмыстың объектісі — қоғамдық қауіпсіздік.

Объективтік жағы ақшаны және (немесе) өзге мүлікті, мүлікке құқықты немесе мүліктік сипаттағы пайданы беру немесе жинау, сондай-ақ сыйға тарту, айырбастау, қайырмалдық, қайырымдылық көмек көрсету, адамдарға ақпараттық және өзге де сипаттағы қызметтер көрсету не жеке тұлғаға, адамдар тобына немесе заңды тұлғаға қаржылық қызметтер көрсету арқылы көрініс табады. Бұл әрекеттерді жасаған адам олардың қызметінің террористік немесе экстремистік сипатын не берілген мүліктің, көрсетілген ақпараттық, қаржылық және өзге де қызметтердің террористік немесе экстремистік қызметті жүзеге асыру үшін не террористік немесе экстремистік топты, террористік немесе экстремистік ұйымды, заңсыз әскерилендірілген құралымды қамтамасыз ету үшін пайдаланылатынын көрінеу түсінген болуы тиіс.

Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 13 шілдедегі «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» Заңының 1-бабының 12) тармағында терроризмді қаржыландыру деп ақшаны және (немесе) өзге мүлікті, мүлікке құқықты немесе мүліктік сипаттағы пайданы беру немесе жинау, сондай-ақ жеке тұлғаға не адамдар тобына, не заңды тұлғаға сыйға тарту, айырбастау, қайырмалдық, қайырымдылық көмек көрсету, ақпараттық және өзге де сипаттағы қызметтер көрсету не қаржылық қызметтер көрсету танылады. Бұл әрекеттерді жасаған адам олардың қызметінің террористік сипатын не берілген мүліктің, көрсетілген ақпараттық, қаржылық және өзге де қызметтердің террористік қызметті жүзеге асыру үшін не террористік топты, террористік ұйымды, заңсыз әскерилендірілген құралымды қамтамасыз ету үшін пайдаланылатынын көрінеу түсінген болуы тиіс.

Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 18 ақпандағы «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» Заңының 1-бабының 3) тармағында экстремизмді қаржыландыру деп ақшаны және (немесе) өзге мүлікті, мүлікке құқықты немесе мүліктік сипаттағы пайданы беру немесе жинау, сондай-ақ жеке тұлғаға не адамдар тобына, не заңды тұлғаға сыйға тарту, айырбастау, қайырмалдық, қайырымдылық көмек көрсету, ақпараттық және өзге де сипаттағы қызметтер көрсету не қаржылық қызметтер көрсету танылады. Бұл әрекеттерді жасаған адам олардың қызметінің экстремистік сипатын не берілген мүліктің, көрсетілген ақпараттық, қаржылық және өзге де қызметтердің экстремизмді жүзеге асыру үшін не экстремистік топты, экстремистік ұйымды, заңсыз әскерилендірілген құралымды қамтамасыз ету үшін пайдаланылатынын көрінеу түсінген болуы тиіс.

Осыған ұқсас анықтама Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2017 жылғы 8 желтоқсандағы «Террористік және экстремистік қылмыстар туралы заңнаманы қолдану жөніндегі сот практикасының кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысының 23-тармағында да берілген.

Терроризм мен экстремизмді қаржыландыру деп материалдық құралдарды, мысалы, киім-кешек заттарын, жарақтарды, байланыс құралдарын, дәрілік препараттарды, тұрғын немесе тұрғын емес үй-жайларды, көлік құралдарын беру немесе жинау да танылуға тиіс.

Қылмыс қаражатты жинау, беру (жөнелту) немесе қызметтер көрсету сәтінен бастап аяқталған деп танылады. Бұл ретте аталған активтердің ҚК-нің 258-бабының диспозициясында көрсетілген мақсаттарда нақты пайдаланылуы талап етілмейді.

Оларды беру тұрақты, оқтын-оқтын немесе бір реттік сипатта болуы мүмкін. Қаржыландыру екінші тараптың — ақша қаражатын алушының болуын, сондай-ақ осы қаражаттың нысаналы мақсатының — террористік немесе экстремистік қызметті қамтамасыз етудің болуын көздейді.

Қаржыландыру бір тараптың екінші тарапқа ақша қаражатын беруі немесе аударуы сәтінен басталады.

Терроризмге не экстремизмге өзге де жәрдемдесу деп кеңестер беру, нұсқаулар жасау, ақпарат, қылмыс жасау құралдарын немесе заттарын ұсыну не оны жасауға кедергілерді жою, сондай-ақ терроризм немесе экстремизм актісін орындаушыны, қылмыс жасау құралдарын немесе өзге де заттарын, осы әрекеттің іздерін алдын ала уәде етілген жасыруды түсіну қажет.

Террористік қызмет деп өз әрекеттерінде террорды, яғни саяси қарсыластарын қатаң қорқыту мен үрейлендіруді, физикалық зорлық-зомбылыққа, тіпті жоюға дейін баратын әрекеттерді пайдаланатын адамдардың қызметі түсініледі.

«Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» ҚР Заңының 1-бабының 18) тармағында террористік қызмет деп төменде көрсетілген кез келген әрекетті жасау айқындалған:

терроризм актісін ұйымдастыру, жоспарлау, оған дайындалу, қаржыландыру және жүзеге асыру;

терроризм актісіне арандату;

терроризм актісін жасау мақсатында заңсыз әскерилендірілген құралымды, қылмыстық қоғамдастықты (қылмыстық ұйымды), ұйымдасқан топты ұйымдастыру, сол сияқты осындай құрылымдарға қатысу;

террористерді азғырып көндіру, қаруландыру, оқыту және пайдалану;

терроризм актісін ұйымдастыруға, жоспарлауға, оған дайындалуға және жасауға ақпараттық немесе өзге де жәрдемдесу;

терроризм идеяларын насихаттау, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялар желілерін пайдалана отырып, террористік материалдарды тарату;

көрсетілген әрекеттердің террористік қызметті жүзеге асыру үшін не террористік ұйымды қамтамасыз ету үшін пайдаланылатынын сезіне отырып, террористерге, сондай-ақ қызметі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес террористік деп танылған ұйымдарға қаржылық, құқықтық көмек көрсету немесе өзге де жәрдемдесу.

Экстремизм деп шектен тыс көзқарастар мен шараларды ұстану (әдетте саясатта) түсініледі.

«Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» ҚР Заңының 1-бабының 1) тармағында экстремизм деп мыналарды ұйымдастыру және (немесе) жасау айқындалған:

белгіленген тәртіппен экстремистік деп танылған ұйымдардың атынан жеке және (немесе) заңды тұлғаның, жеке және (немесе) заңды тұлғалар бірлестігінің әрекеттері;

жеке және (немесе) заңды тұлғаның, жеке және (немесе) заңды тұлғалар бірлестігінің мынадай экстремистік мақсаттарды көздейтін әрекеттері:

конституциялық құрылысты күшпен өзгерту, Қазақстан Республикасының егемендігін, аумақтық тұтастығын, оған қол сұғылмауын және оның бөлінбеуін бұзу, ұлттық қауіпсіздік пен мемлекеттің қорғаныс қабілетіне нұқсан келтіру, билікті күшпен басып алу немесе билікті күшпен ұстап тұру, заңсыз әскерилендірілген құралымды құру, оған басшылық ету және оған қатысу, қарулы бүлікті ұйымдастыру және оған қатысу, әлеуметтік, сословиелік алауыздықты қоздыру (саяси экстремизм);

зорлық-зомбылықпен немесе зорлық-зомбылыққа шақырумен байланысты нәсілдік, ұлттық және рулық алауыздықты қоздыру (ұлттық экстремизм);

зорлық-зомбылықпен немесе зорлық-зомбылыққа шақырумен байланысты діни араздықты немесе алауыздықты қоздыру, сондай-ақ азаматтардың өмірінің, денсаулығының, имандылығының немесе құқықтары мен бостандықтарының қауіпсіздігіне қатер төндіретін кез келген діни практиканы қолдану (діни экстремизм).

Экстремистік әрекеттер — экстремистік мақсаттарды көздейтін әрекеттерді тікелей іске асыру, оның ішінде осындай әрекеттерді жасауға жария түрде шақыру, экстремистік ұйымдардың рәміздерін насихаттау, үгіттеу және жария түрде көрсету (Заңның 1-бабының 5) тармағы).

Сыйға тарту — өз мүлкін, қандай да бір затты басқа тұлғаға толық иелік етуіне өтеусіз беру. Көбінесе сыйға тарту қандай да бір құжаттарды ресімдеусіз жүзеге асырылуы мүмкін (АК-нің 27-тарауы).

Айырбас — тараптар арасында бір мүліктің орнына екінші мүлік берілетін азаматтық-құқықтық шарттың түрі. Айырбас шарты орындалғаннан кейін тараптардың әрқайсысы берілген мүлікке меншік құқығынан айырылады және алынған мүлікке меншік құқығына ие болады (АК-нің 26-тарауы).

Қайырмалдық деп жалпыға пайдалы мақсаттарда затты немесе құқықты сыйға тарту танылады (АК-нің 516-бабы).

Қайырымдылық көмек — азаматтар мен заңды тұлғалардың азаматтарға немесе заңды тұлғаларға мүлікті, оның ішінде ақша қаражатын өтеусіз немесе жеңілдікті шарттармен ерікті түрде беру, жұмыстарды ақысыз орындау, қызметтер көрсету, өзге де қолдау көрсету жөніндегі ерікті қызметі.

2015 жылғы 24 қарашадағы «Ақпараттандыру туралы» ҚР Заңының 1-бабының 26) тармағына сәйкес ақпараттық-коммуникациялық қызмет — есептеу ресурстарын мүліктік жалдауға (жалға алуға) және (немесе) орналастыруға, бағдарламалық қамтамасыз етуді, бағдарламалық өнімдерді, сервистік бағдарламалық өнімдер мен техникалық құралдарды пайдалануға беруге, оның ішінде осы қызметтердің жұмыс істеуін қамтамасыз ететін байланыс қызметтеріне байланысты қызмет немесе қызметтер жиынтығы.

Қаржылық қызметтер — қаржылық делдалдық қызметтер, оның ішінде банктік, инвестициялық, сақтандыру, лизингтік, факторингтік қызметтер және кредиттеудің әртүрлі нысандары.

Мұндай әрекеттердің қылмыстылығы террористік немесе экстремистік қызметті жүзеге асыру не террористік немесе экстремистік топты, террористік немесе экстремистік ұйымды, заңсыз әскерилендірілген құралымды қамтамасыз ету мақсатында материалдық, ақша қаражатының, мүліктің, мүлікке құқықтың, мүліктік сипаттағы әрекеттердің берілуі мен жиналуынан көрінеді.

Террористік топ — бір немесе бірнеше террористік қылмыс жасау мақсатын көздейтін ұйымдасқан топ (ҚК-нің 3-бабының 31) тармағы).

Террористік қылмыстар деп ҚК-нің 171, 173, 177, 178, 184, 255, 256, 257, 258, 259, 260, 261, 269 және 270-баптарында көзделген әрекеттер танылады.

Экстремистік топ — бір немесе бірнеше экстремистік қылмыс жасау мақсатын көздейтін ұйымдасқан топ (ҚК-нің 3-бабының 40) тармағы).

«Экстремизм» сөзі латын тілінен аударғанда «шектен тыс көзқарастар мен шараларды ұстану» дегенді білдіреді. Экстремистік қылмыстардың толық тізбесі ҚК-нің 3-бабының 39) тармағында белгіленген: бұлар ҚК-нің 174, 179, 180, 181, 182, 184, 258, 259, 260, 267, 404-баптарының 2 және 3-бөліктерінде және 405-бабында көзделген әрекеттер.

ҚК-нің 184-бабында («Диверсия»), 258-бабында («Террористік немесе экстремистік қызметті қаржыландыру және терроризмге не экстремизмге өзге де жәрдемдесу»), 259-бабында («Террористік немесе экстремистік қызметті ұйымдастыру мақсатында адамдарды азғырып көндіру немесе даярлау не қаруландыру»), 260-бабында («Террористік немесе экстремистік даярлықтан өту») көзделген әрекеттердің экстремистік те, террористік те қылмыстарға жатқызылғанын ескеру қажет.

Террористік ұйым — террористік қызметті жүзеге асыратын не өз қызметінде терроризмді пайдалану мүмкіндігін мойындайтын, оған қатысты соттың оны террористік деп тану туралы шешімі қабылданып, заңды күшіне енген ұйым («Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» Заңның 1-бабының 17) тармағы).

Экстремистік ұйым — экстремизмді жүзеге асыратын және сот экстремистік деп таныған заңды тұлға, жеке және (немесе) заңды тұлғалар бірлестігі («Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» Заңның 1-бабының 9) тармағы).

Заңсыз әскерилендірілген құралым — ҚР заңнамасында көзделмеген, әскери үлгідегі ұйымдастырушылық құрылымы бар, дара басшылыққа, жауынгерлік қабілетке, қатаң тәртіпке ие үш және одан да көп адамнан тұратын құралым (бірлестік, отряд, жасақ немесе өзге де топ) (ҚК-нің 3-бабының 18) тармағы).

Қылмыс құрамының құрылымы бойынша бұл қылмыс формальдық құрамға жатады. Террористік немесе экстремистік қызметті қаржыландырғаны үшін жауаптылық қаражат жиналған сәттен бастап туындайтындықтан, қаражат алушыға жеткен-жетпегеніне және мақсаты бойынша пайдаланылған-пайдаланылмағанына қарамастан, қылмыс аяқталған деп есептеледі; ақпараттық, қаржылық және өзге де қызметтер көрсетілген жағдайда — қызмет көрсетілген сәттен бастап аяқталған болып саналады.

Субъективтік жағынан әрекет тікелей қасақаналық нысанындағы кінәмен сипатталады. Адам экстремизмді немесе террористік қызметті қаржыландыру жөніндегі өз әрекеттерінің қоғамға қауіпті сипатын сезінеді, қоғамға қауіпті зардаптардың туындау мүмкіндігін немесе болмай қоймайтынын алдын ала біледі және соны қалайды.

Субъектісі — 16 жасқа толған, есі дұрыс жеке тұлға.

ҚК-нің 258-бабының 2-бөлігінде дәл сол әрекеттерді бірнеше рет не өзінің қызмет бабын пайдаланып жасаған адаммен немесе коммерциялық не өзге ұйымдағы басқару функцияларын орындайтын адаммен, не қоғамдық бірлестіктің көшбасшысымен, не адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, не ірі мөлшерде жасағаны үшін жауаптылық белгіленген.

Бірнеше рет қаржыландыру деп экстремизмді немесе террористік қызметті қаржыландыру жөніндегі аталған әрекеттердің екі немесе одан да көп рет жасалуын түсіну қажет. Бұл ретте адам бұрын жасалған экстремизмді немесе террористік қызметті қаржыландырғаны үшін заңда белгіленген тәртіппен қылмыстық жауаптылықтан босатылмаған, қылмыстық жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімдері өтпеген немесе адам бұрын жасалған осындай әрекеті үшін сотталмаған болуы тиіс.

Террористік қызметтің қай жерде жүзеге асырылғаны немесе жүзеге асырылуы болжанғаны: Қазақстан Республикасының аумағында немесе одан тыс жерлерде болуы, сондай-ақ қаражат нақты террористік актіні жүзеге асыру үшін немесе террористік ұйымның жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында берілгені маңызды емес (бір террористік немесе экстремистік ұйымның жалпы кассасына жүйелі аударымдар немесе бір реттік жарна, егер олар бірыңғай пиғылмен қамтылса, оның қызметі үшін жылжымайтын мүлікті сатып алу немесе жалдау құнын төлеу, лауазымды адамдарды сатып алуға, қару-жарақ, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды сатып алуға арналған ақша қаражатын беру және т. б.).

«Коммерциялық немесе өзге ұйымда басқару функцияларын орындайтын адам» ұғымының анықтамасы ҚК-нің 3-бабының 19) тармағында берілген (ҚК-нің 250-бабына түсініктемені қараңыз).

Ірі мөлшер деп сомасы, мүліктің, мүліктік сипаттағы пайданың, көрсетілген қызметтердің құны бір мың айлық есептік көрсеткіштен асатын ақша сомасын түсіну қажет (ҚК-нің 3-бабының 38) тармағы).

Өзге белгілердің сипаттамасы ҚК-нің 256, 257-баптарына түсініктемеде берілген.

ҚК-нің 258-бабына ескертпеге сәйкес қылмыстық жауаптылықтан босату тек мынадай шарттар болған кезде ғана мүмкін болады:

террористік немесе экстремистік қызметті қаржыландыру және терроризмге не экстремизмге өзге де жәрдемдесу зорлық-зомбылық жасау қатерімен жүзеге асырылған;

адам бұл туралы өз еркімен мәлімдеген;

  1. адам қылмысты ашуға немесе оның жолын кесуге белсенді түрде жәрдемдескен;

оның әрекеттерінде өзге қылмыс құрамы болмаған.

ҚК-нің 258-бабының 1, 2-бөліктерінде көзделген әрекеттер ауыр қылмыстарға жатады.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне Исидор Шамилович Борчашвилидің 2021 жылғы түсініктемесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі және ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.*

Конституция Заң Кодекс Нормативтік Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Заңгерлік қызмет Заңгерлік кеңес Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар

258-бап. Террористiк немесе экстремистiк әрекетті қаржыландыру және терроризмге не экстремизмге өзге де дем берушілік  ҚР ҚК, Қылмыстық кодексi Қазақстан Республикасының

258-бап. Террористiк немесе экстремистiк әрекетті қаржыландыру және терроризмге не экстремизмге өзге де дем берушілік ҚР ҚК, Қылмыстық кодексi Қазақстан Республикасының1 Жеке...

Толық оқу »