Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 312-бабына түсініктеме. Кәмелетке толмағандардың порнографиялық бейнелері бар материалдарды немесе заттарды дайындау және олардың айналымы не оларды порнографиялық сипаттағы ойын-сауық іс-шараларына қатысуға тарту
1. Кәмелетке толмағандардың порнографиялық бейнелері бар материалдарды немесе заттарды тарату, жария көрсету немесе жарнамалау мақсатында дайындау, сақтау немесе Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу не тарату, жария көрсету немесе жарнамалау —
мүлкі тәркілене отырып, үш жылдан алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Он сегіз жасқа толған адамның кәмелетке толмағандарды порнографиялық сипаттағы материалдарды және (немесе) заттарды дайындауға модельдер немесе актерлер ретінде қатысуға, сондай-ақ порнографиялық сипаттағы ойын-сауық іс-шараларына орындаушылар ретінде тартуы —
мүлкі тәркілене отырып, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген іс-әрекеттерді:
1) ата-анасы, педагог немесе Қазақстан Республикасының заңымен кәмелетке толмағанды тәрбиелеу жөніндегі міндеттер жүктелген өзге де адам;
2) көрінеу жас балаға қатысты;
3) адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша немесе қылмыстық топ жасаған;
4) бірнеше рет жасаған болса, —
мүлкі тәркілене отырып, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, он жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Түсіндіріліп отырған қылмыстың қоғамдық қауіптілігі осы әрекеттерді жасау кезінде кәмелетке толмағандардың порнографиялық бейнелері бар порнографиялық материалдардың немесе заттардың таратылуында, олардың қоғамдық адамгершілік пен мораль негіздеріне нұқсан келтіруінде, кәмелетке толмағандарға қатысты төмен ниетті сезімдер мен нәпсіқұмарлық тілектерді қоздыруында болып табылады.
Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 8 тамыздағы «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Заңының 40-1-бабына сәйкес баланы оның денсаулығына, адамгершілік және рухани дамуына зиян келтіретін өнім айналымына тарту әрекеттерінен қорғау көзделген. Атап айтқанда, осы бапта: «Баланы денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін порнографиялық сипаттағы және (немесе) эротикалық мазмұндағы баспа басылымдарын, кино- немесе бейнематериалдарды, бейнелерді, өзге де заттарды немесе материалдарды дайындауға, жарнамалауға, жария көрсетуге немесе таратуға тарту, сондай-ақ оларды балаға сату Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылыққа әкеп соғады», — делінген.
Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 19 желтоқсандағы «Жарнама туралы» Заңының 6-бабының 4-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өндіруге және өткізуге тыйым салынған тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) жарнамасына жол берілмейді.
Қарастырылып отырған қылмыстың объектісі — қоғамдық адамгершілік. Қосымша объектісі кәмелетке толмаған адамның мүдделері, оның дене бітімінің, адамгершілік және рухани дамуы болып табылады.
Жәбірленушілер ретінде екі жыныстағы да кәмелетке толмаған адамдар болуы мүмкін.
Қылмыстың заты болып кәмелетке толмағандардың порнографиялық бейнелері бар әртүрлі материалдар мен заттар табылады. Олардың қатарына баспа басылымдары, фото-, кино-, аудио- және бейнематериалдар, бейнелер, картиналар, суреттер және т.б. жатқызылуы мүмкін.
Қылмыстың объективтік жағы кәмелетке толмағандардың порнографиялық бейнелері бар материалдармен немесе заттармен мынадай баламалы әрекеттерді жасаудан тұрады:
оларды тарату, жария көрсету немесе жарнамалау мақсатында дайындау, сақтау немесе Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу;
оларды тарату, жария көрсету немесе жарнамалау.
Дайындау, тарату, жарнамалау ұғымдары мен белгілері ҚК-нің 311-бабына берілген түсініктемеде келтірілген белгілерге сәйкес келеді.
ҚР ҚК-нің 311-бабында көрсетілмеген өзге белгілерге «сақтау», «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу» және «жария көрсету» жатады.
Кәмелетке толмағандардың порнографиялық бейнелері бар материалдарды немесе заттарды сақтау деп кінәлі адамның осы материалдар мен заттарды олардың орналасқан жеріне (өзінде, жасырын жерде, үй-жайда, көлік құралында және басқа да орындарда) және сақтау уақытына қарамастан нақты иелігінде ұстауына байланысты кез келген қасақана әрекеттерді түсіну қажет.
Көрсетілген материалдарды немесе заттарды Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу деп оларды ҚР аумағынан тыс жерге өткізу түсініледі.
Қазақстан Республикасының 2013 жылғы 16 қаңтардағы «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы» Заңының 1-бабына сәйкес ҚР Мемлекеттік шекарасы деп ҚР аумағының (құрлықтың, судың, жер қойнауының, әуе кеңістігінің) шектерін және ҚР мемлекеттік егемендігінің қолданылу кеңістіктік шегін айқындайтын сызық пен осы сызық арқылы өтетін тік жазықтық түсініледі.
Кәмелетке толмағандардың порнографиялық бейнелері бар материалдарды немесе заттарды жария көрсету деп осы материалдар мен заттарды адамдардың белгісіз бір тобына көрнекі түрде көрсетуге, таныстыруға байланысты әрекеттерді түсіну қажет.
Жарнамалау деп кәмелетке толмағандардың порнографиялық бейнелері бар материалдарды немесе заттарды белгісіз бір адамдар тобына арналған және осы материалдарға немесе заттарға деген қызығушылықты қалыптастыруға немесе қолдауға бағытталған кез келген нысанда, кез келген ақпарат құралдарының көмегімен тарату және орналастыру түсініледі.
Кәмелетке толмағандардың порнографиялық бейнелері бар материалдарды немесе заттарды тарату деп оларды басқа адамдарға ақылы немесе ақысыз түрде беруді түсіну қажет.
Талданып отырған қылмыс құрамы өзінің құрылымы бойынша формальдық құрамға жатады. Қылмыс жоғарыда аталған әрекеттердің біреуі жасалған сәттен бастап аяқталған болып есептеледі.
ҚР ҚК-нің 311-бабынан айырмашылығы, қарастырылып отырған нормада порнографиялық материалдарды Мемлекеттік шекара арқылы өткізу немесе кәмелетке толмағандарды порнографиялық сипаттағы ойын-сауық іс-шараларына қатысуға тарту үшін жауаптылық белгіленген.
Субъективтік жағы тікелей қасақаналықпен сипатталады: кінәлі адам кәмелетке толмағандардың порнографиялық бейнелері бар материалдармен немесе заттармен заңсыз әрекеттер жасап отырғанын сезінеді және мұны жасауды қалайды.
Кәмелетке толмағандардың порнографиялық бейнелері бар материалдарды немесе заттарды дайындау, сақтау немесе Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу кезінде қылмыс құрамының субъективтік жағының міндетті белгісі болып осындай материалдарды немесе заттарды тарату, жария көрсету немесе жарнамалау мақсаты табылады.
Қылмыстың субъектісі — он алты жасқа толған, есі дұрыс жеке тұлға.
ҚК-нің 312-бабының 2-бөлігінде он сегіз жасқа толған адамның кәмелетке толмағандарды порнографиялық сипаттағы материалдарды және (немесе) заттарды дайындауға модельдер немесе актерлер ретінде, сондай-ақ порнографиялық сипаттағы ойын-сауық іс-шараларына орындаушылар ретінде қатысуға тартқаны үшін жауаптылық көзделген. Бұл жағдайда аталған қылмыстың қоғамдық қауіптілігі артады, өйткені порнографиялық сипаттағы материалдар мен заттарды дайындауға модельдер немесе актерлер ретінде, ал порнографиялық іс-шараларға орындаушылар ретінде кәмелетке толмағандар тартылады, сондай-ақ порнографиялық іс-шара ойын-сауық сипатында болады, яғни бір мезгілде адамдардың көп санына көрсетіледі.
Осы бөлік бойынша қылмыстық жауаптылық 18 жастан бастап туындайды.
ҚК-нің 312-бабының 3-бөлігінде қылмыстық жауаптылықты ерекше ауырлататын белгілер көзделген, егер бұл қылмыс: 1) ата-анасы, педагог немесе Қазақстан Республикасының заңымен кәмелетке толмағанды тәрбиелеу жөніндегі міндеттер жүктелген өзге де адам; 2) көрінеу жас балаға қатысты; 3) адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша немесе қылмыстық топ жасаған; 4) бірнеше рет жасалған болса.
Ата-аналар болып кәмелетке толмаған адамның әкесі мен анасы табылады.
Педагогтерге өздерінің кәсіби міндеттеріне сәйкес балалардың зияткерлік, дене бітімі, рухани және адамгершілік дамуы бойынша жұмыс атқаратын адамдар жатады.
Заң бойынша кәмелетке толмағанды тәрбиелеу міндеттері жүктелген өзге адамдарға бала асырап алушылар, қорғаншылар немесе қамқоршылар, патронат тәрбиешілер, баланың заңды өкілдері жатады.
Он төрт жасқа толмаған адам жас бала деп танылады.
Адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша немесе қылмыстық топ жасаған, бірнеше рет жасалған қылмыс белгілері ҚР ҚК-нің 297-бабының 3 және 4-бөліктеріне берілген түсініктемеде ашып көрсетілген.
Кәмелетке толмағандардың порнографиялық бейнелері бар материалдарды немесе заттарды тарату, жария көрсету немесе жарнамалау мақсатында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу (ҚК-нің 312-бабының 1 және 3-бөліктері) айналымнан алынған, айналымы шектелген заттардың контрабандасының (286-бап) жеке жағдайы болып табылады. Сондықтан ҚК-нің аталған нормаларын қолдану кезінде жалпы және арнайы нормалардың бәсекелестігі туындайды, мұндай жағдайда ҚК-нің 13-бабының 3-бөлігіне сәйкес қылмыстық жауаптылық ҚК Ерекше бөлімінің арнайы норманы қамтитын бабы, яғни ҚК-нің 312-бабы бойынша туындайды.
Осы қылмыс құрамының ҚР ҚК-нің 311-бабында көзделген әрекеттен айырмашылығын қылмыс заты бойынша ажырату қажет. Осы түсіндіріліп отырған бапта көзделген қылмыста кәмелетке толмағандардың порнографиялық бейнелері бар материалдар немесе заттар туралы сөз болады.
ҚР ҚК-нің 312-бабының 1, 2, 3-бөліктерінде көзделген әрекеттер ауыр қылмыстар санатына жатады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме, авторы — Исидор Шамилович Борчашвили, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі мен ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.*
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік кеңес Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Арбитраждық Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар