Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 454-бабына түсініктеме. Қазаға ұшырап бара жатқан әскери кемені тастап кету
1. Қазаға ұшырап бара жатқан әскери кемені өзінің қызметтік міндеттерін соңына дейін орындамаған командирдің, сол сияқты командирдің тиісті өкімінсіз кеме экипажының құрамындағы адамның тастап кетуі —
екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Дәл сол әрекет соғыс уақытында немесе ұрыс жағдайында жасалса —
бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының кемелерінде кеме қызметін ұйымдастыру жөніндегі Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрі мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының 2007 жылғы 10 мамырдағы бірлескен бұйрығымен бекітілген Нұсқаулық кемеге қаза болу қаупі төнген жағдайда әскери кеме командирі мен экипажының іс-қимыл жасау тәртібін айқындайды.
Бұл тәртіп экипаждың қойылған міндетті орындау, кеменің тіршілікке қабілеттілігін қамтамасыз ету және оны құтқару, кеменің жау қолына түсуіне жол бермеу, жеке құрамды, жолаушыларды, құжаттаманы және әскери мүлікті құтқару үшін барлық мүмкіндіктерді пайдалану мақсатында белгіленеді.
Аталған әрекеттің қоғамдық қауіптілігі оның мемлекеттің қорғаныс қабілетін, теңіздегі қауіпсіздігін төмендететіндігінде, әскери кеменің бортында жүрген адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретіндігінде, су айдынының экологиялық ластану қаупіне, әскери-теңіз іс-шараларының және қабылданған шешімдердің орындалмауына әкеп соғатындығында.
Қазаға ұшырап бара жатқан кемені тастап кету жеке құрам арасында дүрбелең мен қорқыныш туғызуы, кемені құтқару үшін күресті әлсіретуі, оны тоқырауға ұшыратуы, адам шығынына, жауынгерлік қабілеттіліктің жоғалуына, әскери кеменің қаза болуына немесе қарсылас тарапынан басып алынуына әкеп соғуы мүмкін.
Қоғамдық қауіптілік сондай-ақ командирдің өзінің қызметтік міндеттерін соңына дейін орындамай, қазаға ұшырап бара жатқан әскери кемені тастап кетуімен, сол сияқты кеме экипажының құрамындағы адамның командирдің тиісті өкімінсіз немесе бұйрығынсыз кемені тастап кетуімен сипатталады.
Түсіндіріліп отырған қылмыстың объектісі — әскери кемеде оның қаза болу қаупі төнген жағдайдағы әскери қызметті атқарудың белгіленген тәртібі. Бұл тәртіп кеменің тіршілікке қабілеттілігін сақтау үшін күресу және қаза болу қаупі төнген жағдайда оны ұйымдасқан түрде тастап кету жөніндегі шараларды қабылдауды, сондай-ақ әскери кеменің бортында жүрген адамдардың өмірі мен денсаулығын қорғауды қамтамасыз етеді.
Қылмыстың заты — қазаға ұшырап бара жатқан әскери кеме.
Әскери кеме деп Қазақстан Республикасының Әскери-теңіз күштерінің құрамына кіретін, жауапты әскери командованиенің қарамағында болатын кез келген су көлігі түсініледі.
Кеменің қаза болу қаупінің туындауына, мысалы, басқа кемемен, суасты немесе өзге де объектімен соқтығысу нәтижесінде алынған зақымдану, атыс салдарынан болған зақым, кемедегі өрт, табиғи апат және т.б. себеп болуы мүмкін. Жағдай қауіптің, яғни кеменің қаза болу қаупінің болуымен сипатталуға тиіс. Бұл белгілі бір салдардың алдын алу үшін әлі де нақты іс-қимылдар жасау мүмкіндігі бар екенін білдіреді. Егер мұндай мүмкіндік болмаса, осы бап бойынша қылмыстық жауаптылық туындамайды.
Әскери кеме командирі де, кеменің құрамындағы кез келген басқа әскери қызметші де әскери борышын орындау кезінде өз күшін де, өмірін де аямауға, Отан алдындағы әскери борышын соңына дейін орындауға тиіс. Ол өзінің лауазымдық міндеттерін толық орындамай, қазаға ұшырап бара жатқан кемені тастап кете алмайды, ең алдымен, жеке құрамды, жолаушыларды, бағалы әскери мүлікті құтқару шараларын қабылдауға міндетті.
Нұсқаулықтың 150-тармағына сәйкес, кеменің қаза болу қаупі төнген жағдайда кеме командирі жеке құрамның кемені ұйымдасқан түрде тастап кетуі жөнінде уақтылы шаралар қабылдауға тиіс. Ең алдымен кемеден науқастар, жолаушылар болған жағдайда — әйелдер мен балалар, содан кейін аварияны жою жөніндегі жұмыстарға қатыспайтын әскери қызметшілер эвакуацияланады.
Кемені құтқару мүмкін еместігіне көз жеткізгеннен кейін командир қалған жеке құрамның кемені тастап кетуі туралы шешім қабылдайды.
Командир кемені ең соңынан тастап кетеді.
Объективтік жағы қазаға ұшырап бара жатқан әскери кемені өзінің қызметтік міндеттерін соңына дейін орындамаған командирдің, сол сияқты кеме экипажының құрамындағы адамның командирдің тиісті өкімінсіз құқыққа қайшы түрде тастап кетуімен сипатталады.
Қазаға ұшырап бара жатқан әскери кемені тастап кету деп қаза болу қаупі төнген кемеден кетудің кез келген нысаны түсініледі. Бұл басқа кемеге ауысу, кеменің құтқару және эвакуациялау құралдарын (қайықтарды, тікұшақтарды және т.б.) пайдалану, жүзіп кету және т.б. болуы мүмкін. Кемеден кету тәсілі қылмысты саралауға әсер етпейді.
Қылмыс құрамының міндетті белгісі — ұрыс қимылдары немесе авариялық жағдай салдарынан туындаған, кеменің қаза болу қаупі төнген ахуалдың болуы.
Кеме командирі, егер ол қазаға ұшырап бара жатқан кемені құтқару үшін барлық шараларды қабылдамай, мүмкіндік болған жағдайда кеме техникасын, қару-жарақ пен оқ-дәрілерді, құжаттаманы және өзге де бағалы мүлікті құтқармаса, жолаушылар мен кеме жеке құрамын эвакуацияламаса, өзінің міндеттерін соңына дейін орындамаған болып танылады.
Аталған міндеттерді орындамау үшін жауаптылықтың міндетті шарты оларды орындау мүмкіндігінің болуы екенін атап өткен жөн. Бұл жерде командирдің физикалық мүмкіндіктері, уақыттың, құралдардың және т.б. болуы туралы сөз болып отыр. Мұндай мүмкіндікті анықтау үшін, әдетте, тиісті сараптама жүргізіледі. Егер командирдің өзіне жүктелген барлық әрекеттерді орындауға нақты мүмкіндігі болмаса, қазаға ұшырап бара жатқан әскери кемені тастап кеткені үшін жауаптылық туындамайды.
Командирдің тиісті өкімінсіз кемені тастап кеткен экипаж құрамындағы адамдарға қатысты да мұндай өкімді алу мүмкіндігінің болған-болмағанын анықтау қажет.
Қылмыс құрамы өзінің құрылымы бойынша формальдық болып табылады. Қылмыс командирдің немесе экипаж құрамындағы адамның қазаға ұшырап бара жатқан әскери кемені заңсыз немесе өз бетінше, командирдің тиісті өкімінсіз тастап кеткен сәтінен бастап, нақты зиянды салдардың туындағанына қарамастан аяқталған болып есептеледі.
Субъективтік жағынан қазаға ұшырап бара жатқан кемені өзінің міндеттерін соңына дейін орындамаған командирдің тастап кетуі тек қасақаналықпен жасалады.
Кінәлі адам кеменің қаза болу қаупі төнген жағдайда өзінің міндеттерін соңына дейін орындамағанын сезінеді, қоғамдық қауіпті салдардың туындау мүмкіндігін немесе болмай қоймайтынын алдын ала біледі және олардың туындауын қалайды.
Кеме экипажының құрамындағы адамның қазаға ұшырап бара жатқан әскери кемені командирдің тиісті өкімінсіз тастап кетуі де қасақана жасалады: кінәлі адам командирдің рұқсатынсыз қазаға ұшырап бара жатқан кемені тастап кетіп жатқанын сезінеді. Мұндай өкімді тек кеме командирі ғана бере алады.
Себептер мен мақсат қылмысты саралауға әсер етпейді, бірақ жазаны тағайындау кезінде сот оларды ескереді.
Субъектісі — арнайы, яғни кеме командирі немесе кеме экипажының құрамындағы адам.
Өзге адамдар (жолаушылар, кемеде тасымалданатын бөлімшелердің жеке құрамы және т.б.) осы қылмыстың субъектісі бола алмайды. Жағдайларға байланысты кеме экипажының құрамына кірмейтін әскери қызметшілер басқа әскери қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін, мысалы, бұйрықты орындамау немесе қызмет орнын өз бетінше тастап кету үшін жауаптылыққа тартылуы мүмкін.
ҚР ҚК 454-бабының 2-бөлігі, егер әрекет соғыс уақытында немесе ұрыс жағдайында жасалса, жоғары қылмыстық жауаптылықты көздейді. Олардың анықтамалары ҚР ҚК 437-бабын талдау кезінде берілген.
ҚР ҚК 454-бабының 1-бөлігінде көзделген әрекет онша ауыр емес қылмыстарға жатады.
ҚР ҚК 454-бабының 2-бөлігінде көзделген әрекет ауыр қылмыстарға жатады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме, авторы — Исидор Шамилович Борчашвили, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі мен ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, ҚР Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік кеңес Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Арбитраждық Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Ережелер Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Ережелер