Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 461-бабына түсініктеме. Әскери мүлікті жоғалту
1. Қызмет бабында пайдалану үшін сеніп тапсырылған қаруды, оқ-дәрілерді немесе әскери техника заттарын сақтау қағидаларын бұзу, егер бұл олардың жоғалуына әкеп соқса, —
екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тартуға, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Бұл әрекеттің қоғамдық қауіптілігі қызмет бабында пайдалану үшін сеніп тапсырылған қаруды, оқ-дәрілерді немесе әскери техника заттарын сақтау қағидаларын бұзудан, соның салдарынан олардың жоғалуынан көрінеді. Қоғамдық қауіптілігі жоғалған заттардың қылмыстық мақсаттарда пайдаланылуы мүмкін екендігінде де.
Қылмыстың объектісі Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының жауынгерлік әзірлігі мен жауынгерлік қабілеттілігінің материалдық негізін құрайтын әскери мүлікті иелену, пайдалану және сақтау тәртібі болып табылады.
Сеніп тапсырылған деп кінәлі адамға белгіленген тәртіппен қызмет бабында пайдалану үшін берілген әскери мүлік танылады.
Қылмыстың объективтік жағы мынадай белгілермен сипатталады:
қызмет бабында пайдалану үшін сеніп тапсырылған қаруды, оқ-дәрілерді немесе әскери техника заттарын сақтау қағидаларын бұзу;
әскери мүліктің жоғалуы түріндегі материалдық сипаттағы залал;
қоғамға қауіпті әрекет пен туындаған зиянды салдар арасындағы себепті байланыс.
Әскери мүлікті сақтау қағидалары жарғылармен, нұсқаулықтармен, тәлімдемелермен, бұйрықтармен және басқа да нормативтік актілермен реттеледі. Белгіленген тәртіпті бұзу әскери қызметшіге қызмет бабында пайдалану үшін сеніп тапсырылған әскери мүліктің жоғалуына әкеп соғуы мүмкін.
Жоғалту деп әскери қызметшінің еркінен тыс, қызмет бабында пайдалану үшін сеніп тапсырылған мүліктің оның иелігінен шығуын түсінеміз. Бұл ретте мүлік ұмытылып қалуы, жоғалуы, жойылуы және т.б. мүмкін.
Қылмыс құрамы өзінің құрылымы бойынша материалдық құрамға жатады. Қылмыс әскери мүлік жоғалған сәттен бастап аяқталған болып танылады.
Әскери мүлікті жоғалтудың субъективтік жағы кінәнің абайсыздық нысанымен, оның ішінде менмендік және немқұрайлылық түрлерімен сипатталады. Кінәлі адам не қызмет бабында пайдалану үшін сеніп тапсырылған әскери мүлікті сақтау қағидаларын бұзып отырғанын сезінеді және оның жоғалу мүмкіндігін алдын ала болжайды, бірақ зиянды салдардың туындамайтынына жеңілтектікпен сенеді, не өзінің жасаған әрекетін сезінбейді және теріс салдардың туындау мүмкіндігін алдын ала болжамайды, алайда тиісті ұқыптылық пен сақтық танытқан жағдайда оларды алдын ала болжауға тиіс әрі болжай алатын еді.
Себептер мен мақсат саралауға әсер етпейді, бірақ сот оларды жаза тағайындау кезінде ескереді.
Қылмыстың субъектісі — арнаулы субъект, яғни лауазымы мен әскери атағына қарамастан, әскери қызмет міндеттерін орындау кезінде пайдалану үшін әскери мүлік сеніп тапсырылған әскери қызметші.
ҚК-нің 461-бабында көзделген әрекет онша ауыр емес қылмыстарға жатады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктеме авторы — Исидор Шамилович Борчашвили, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі мен ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, ҚР Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік кеңес Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер, даулар Қорғау Арбитраждық Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар