Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 15-бабы. Қылмыстық істер бойынша іс жүргізу кезінде азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау туралы түсініктеме
1. Қылмыстық процесті жүргізетін орган қылмыстық процеске қатысатын азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, оларды жүзеге асыру үшін жағдайлар жасауға, қылмыстық процеске қатысушылардың заңды талаптарын қанағаттандыру үшін уақтылы шаралар қабылдауға міндетті.
2. Қылмыстық іс бойынша іс жүргізу кезінде азаматтың құқықтары мен бостандықтарының бұзылуы нәтижесінде оған келтірілген зиян осы Кодексте көзделген негіздер мен тәртіп бойынша өтелуге жатады.
3. Жәбірленушіге, куәға немесе қылмыстық процеске қатысатын өзге де адамдарға, сондай-ақ олардың отбасы мүшелеріне немесе өзге де жақын туыстарына өлтірумен, күш қолданумен, мүлікті жоюмен немесе бүлдірумен не өзге де қауіпті құқыққа қайшы әрекеттермен қорқытуға жеткілікті негіздер болған кезде, қылмыстық процесті жүргізетін орган өз құзыреті шегінде осы адамдардың өмірін, денсаулығын, ар-намысы мен қадір-қасиетін және мүлкін қорғау жөнінде заңда көзделген шараларды қабылдауға міндетті.
Қылмыстық-процестік нормалардың диспозицияларында қылмыстық-процестік қатынастардың барлық қатысушыларының субъективтік құқықтары мен заңдық міндеттері айқындалады. Алайда биліктік қатынастар болып табылатын қылмыстық-процестік қатынастар қылмыстық процесті жүргізетін органдарға оның барлық сатыларында қылмыстық-процестік қызметке қатысушылардың ықтимал және қажетті мінез-құлқы шеңберін толыққанды қорғау міндетін жүктейді. Бұл, біріншіден, қылмыстық процесті жүргізетін органдардың іс бойынша іс жүргізуге қатысатын адамдарға олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіру міндеті, екіншіден, қылмыстық сот ісін жүргізу барысында осы адамдардың оларды жүзеге асыру мүмкіндігін қамтамасыз ету міндеті (ҚПК-нің 114-бабы).
Қылмыстық процеске қатысушыларға құқықтары мен міндеттерін түсіндіру, әдетте, олардың қылмыстық іс бойынша құқықтық мәртебесі өзгерген сайын, сондай-ақ олардың қатысуымен жүргізілетін процестік әрекет басталар алдында жүзеге асырылады. Мұның қаншалықты маңызды екені ҚПК-нің 112-бабынан көрінеді. Аталған бап өзінің құқықтары мен міндеттерін түсіндірмеу, толық түсіндірмеу немесе дұрыс түсіндірмеу салдарынан қылмыстық процеске қатысатын адамның өз құқықтары мен міндеттеріне қатысты жаңылыстырылуын пайдалану арқылы алынған нақты деректерді дәлелдемелер деп танымайды (осы баптың 2-бөлігінің нормасы). Сондықтан қылмыстық процесті жүргізетін орган процеске қатысушыға оның құқықтары мен міндеттерін жай ғана оқып беруге емес, ең бастысы, оларды іс жүзінде жүзеге асыру тәртібін түсінікті түрде түсіндіруге міндетті.
Қылмыстық процесті жүргізетін органның заңсыз әрекеттері нәтижесінде келтірілген зиянды өтеуге құқығы бар адамдардың тобы, өтелуге жататын зиянның түрлері, мүліктік және моральдық зиянды өтеудің тәртібі мен құқықтық негіздері, талап қою тәртібімен құқықтарды қалпына келтіру мәселелері ҚПК-нің 12–14-баптарында көзделген қағидаттар бұзылған кездегі жағдайларға ұқсас. Сонымен бірге, егер адамның қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру және сот талқылауы барысында өз еркімен өзіне жала жабуы арқылы ақиқатты анықтауға кедергі келтіргені және осылайша тиісті салдардың туындауына ықпал еткені дәлелденсе, оған зиян өтелуге жатпайды (заңсыз: ұстап алу, күзетпен ұстау, үйқамақ, лауазымынан уақытша шеттету, арнаулы медициналық мекемеге орналастыру, соттау, медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану) (ҚПК-нің 38-бабының 4-бөлігі). ҚПК-нің бұл нормасы Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 14-бабының «б» тармағының ережелеріне толық сәйкес келеді. Аталған ережеге сәйкес, егер қандай да бір адам қылмыс жасағаны үшін сотталған болса және кейіннен соттың қателігі болғанын жаңа немесе жаңадан анықталған мән-жайдың даусыз дәлелдеуі негізінде оған қатысты шығарылған үкімнің күші жойылса немесе оған кешірім жасалса, онда осы соттаудың нәтижесінде жазасын өтеген адам, егер белгісіз болған осы мән-жайдың өз уақытында анықталмауына оның кінәсі толық немесе ішінара себеп болмағаны дәлелденбесе, заңға сәйкес өтемақы алады.
Қылмыстық қызметтің кәсібилігінің артуы, ұйымдасқандық деңгейінің күшеюі, қылмыстық ортада айналымда жүрген елеулі материалдық ресурстар қылмыскерлердің қылмыстық процесті жүргізетін органдарға қарсы іс-қимылын объективті түрде күшейтеді. Бұл жерде екі үрдіс айқын байқалады: қылмыстық процеске қатысушыларға және олардың жақын туыстарына қарсы қылмыстар жасау, сондай-ақ қылмыстық процесті жүргізетін органдардың лауазымды адамдарының және олардың жақын туыстарының өміріне қол сұғу.
Осыған байланысты ҚПК қылмыстық процестің сотқа дейінгі және сот сатыларында қылмыстық процеске қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын реттейді және айқындайды (ҚПК-нің 95–98-баптары). Сонымен қатар куәлардың, күдіктілердің, айыпталушылардың, жәбірленушілердің және қылмыстық сот ісін жүргізуге қатысатын басқа да адамдардың, сондай-ақ олардың жақын туыстарының жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ету тәртібі Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 5 шілдедегі «Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғау туралы» арнайы Заңында көзделген.
Қылмыстық процеске қатысатын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қабылдау міндеті қылмыстық процесті жүргізетін органда қылмыстық іс бойынша іс жүргізу кезінде қылмыстық-процестік қатынастар туындаған сәттен бастап, яғни қылмыстық құқық бұзушылық туралы арызды немесе хабарламаны қабылдап, тіркеген кезден бастап туындайды және қауіпсіздік шараларын қолдану негіздері объективті түрде жойылғанға дейін жалғасады. ҚПК нормалары сот сатыларында қылмыстық сот ісін жүргізу аяқталғаннан кейін де қауіпсіздікті қамтамасыз етуге тыйым салмайды.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде сот төрелігін жүзеге асыруға және сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізуге кедергі келтіргені үшін (407-бап), сот төрелігін немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның өміріне қол сұққаны үшін (408-бап), сот төрелігін жүзеге асыруға немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеруге байланысты қорқыту немесе күш қолдану әрекеттері үшін (409-бап), айғақтар беруге немесе айғақтар беруден жалтаруға, жалған қорытынды беруге не дұрыс аударма жасауға мәжбүрлегені немесе сатып алғаны үшін (422-бап), адвокаттар мен адамның және азаматтың құқықтарын қорғау және жеке және заңды тұлғаларға заң көмегін көрсету жөніндегі өзге де адамдардың заңды қызметіне кедергі келтіргені үшін (435-бап), азаматтың алқаби міндеттерін орындауына кедергі келтіргені үшін (436-бап) қылмыстық жауаптылық белгіленген.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексіне Марат Чекишевич Қоғамовтың, заң ғылымдарының докторы, Қазақстанның құрметті заңгері, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкерінің 2020 жылғы түсініктемесі.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Заңгерлік қызмет Заңгерлік консультация Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік [істер даулар] Адвокаттық қорғау Арбитраждық істер Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар