Сақтандыру шарттарынан туындайтын даулар бойынша сот практикасы туралы
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2017 жылғы 6 қазандағы № 8 нормативтік қаулысы.
ХАБАРЛАНДЫРУСоттардың сақтандыру саласындағы қатынастарды реттейтін заңнаманы қолданудың сот практикасын қорыту нәтижелерінің негізінде және оның біртұтастығын қамтамасыз ету мақсатында, сонымен қатар осы санаттағы істерді қарау кезінде соттарда туындайтын мәселелерді ескере отырып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы мынадай түсініктемелерді беруге қаулы етеді.
Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 29.09.2022 № 8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.
Сақтандыру ұйымына қатысты талап қою сақтандыру шартын жасаған филиалдың немесе өкілдіктің орналасқан жері бойынша берілуі мүмкін.
Сақтандыру шарты бойынша сақтандыру төлемін өндіріп алу туралы талап талап қоюшының тұрғылықты жері бойынша не жауапкердің орналасқан жері бойынша берілуі мүмкін. "Тұрғылықты жер" деген ұғым бұл нормада талап қоюшы – жеке тұлға туралы айтылатынын білдіреді, демек талап қоюшылар – заңды тұлғалар талапты жалпы тәртіппен – жауапкердің орналасқан жері бойынша береді.
Салық кодексінің 616-бабының 19) тармақшасына сәйкес мемлекеттік бажды төлеуден босату тек міндетті сақтандыру шарттарынан туындайтын талап қоюлар бойынша сақтанушылар мен сақтандырушылар үшін көзделген.
Көрсетілген нормадағы "талап қоюлар бойынша" деген сөздердің мағынасы процеске талап қоюшы немесе жауапкер ретінде қатысуына қарамастан, сақтанушылар мен сақтандырушылардың мемлекеттік баж төлеуден босатылатынын білдіреді.
Сонымен қатар, пайда алушылар мұндай жеңілдікті пайдаланбайды. Сондықтан сақтанушы болып табылмайтын пайда алушы сақтандырушыға міндетті сақтандыру шарты бойынша сақтандыру төлемін өндіріп алу туралы талап қойған жағдайда, ол Салық
кодексінің 616-бабында көзделген негіздер бойынша мемлекеттік баж төлеуден босатылмаса, Салық кодексінің 610-бабында көзделген мөлшерде мемлекеттік бажды төлеуге міндетті.
Бұл жағдайда сот шығыстары АПК-нің 109-бабында көзделген жалпы қағидалар бойынша тараптар арасында бөлінеді. Егер міндетті сақтандыру шарты бойынша пайда алушының сақтандырушыға қатысты талап қоюы бойынша шешім пайда алушының мүддесіне шешілсе, сот оның пайдасына сақтандырушыдан олардан кеткен барлық сот шығыстарын, оның ішінде мемлекеттік бажды өндіріп береді.
Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Жоғарғы Сотының 20.04.2018 № 7 нормативтік қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі).
АК-нің 181-бабына сәйкес суброгация кезінде міндеттемедегі тұлғалардың ауысуы талап қоюдың ескіру мерзімін және оны есептеу тәртібін өзгертуге әкеп соқтырмайды, сондықтан борышкер осы мерзімнің өткені туралы жаңа кредитордың орнына бұрынғысы әрекет еткен сияқты, дәл солай мәлімдей алады. Суброгация тәртібімен зиян келтірушіге қатысты талап қоюды берген кезде сақтандырушы үшін талап қою мерзімінің ескіруі, сақтандыру төлемін жүзеге асыру сәтінен емес, сақтандыру жағдайы басталған сәттен бастап есептеледі. Зиян келтіруші субъектіні анықтауға байланысты дау орын алған кезде талап қоюдың ескіру мерзімі осы субъект айқындалған сот актісі күшіне енген кезден бастап есептеледі.
Зиян келтіруші деп сол зиянды келтірген адам не тікелей зиян келтіруші болмаса да заңнамалық актілермен зиянның орнын толтыру бойынша міндеттер жүктелген адам танылады.
Сонымен қатар, мұндай талап қойылған кезде сот өзінің бастамасы бойынша іске қатысуға дау нысанасына дербес талаптар қоймаған үшінші тұлға ретінде сақтандырушыны тартуы тиіс, өйткені бұдан кейін зиянға жауапты және өзінің жауаптылығын сақтандырған адам сақтандырушыға талап қоюға құқылы.
АК-нің 839-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген сақтандыру жағдайын тудыруға бағытталып қасақана жасалған іс-әрекеттер деп сақтанушының (сақтандырылғанның, пайда алушының) сақтандыру төлемін алу мақсатында сақтандыру жағдайын тудыруды немесе оның басталуына жағдай жасауды көздейтін теріс пиғылына негізделіп жасалатын іс-әрекеттер түсініледі. Сақтанушыда осындай теріс пиғылдың болуы дәлелденуі тиіс. Көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін сақтандыру туралы заңның 22-бабының 6-тармағына сай сақтандыру жағдайын тудыруға қасақана оқиға жасау, сондай-ақ сақтандыру төлемін заңсыз алуға бағытталған өзге де алаяқтық әрекеттер Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне сәйкес жауаптылыққа соқтырады.
АК-нің 839-бабының 1-тармағы 2) тармақшасына сәйкес сақтанушының (сақтандырылған адамның, пайда алушының) кез келген қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылықтарды жасауы емес, тек қасақана және сақтандыру жағдайымен себептік байланыста болған құқық бұзушылықтарды жасауы сақтандыру төлемін жүзеге асырудан бас тартуға негіз болып табылады.
Егер сақтандыру жағдайы азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыру шарты бойынша жауапкершілігі сақтандыру объектісі болып табылатын адамның кінәсінен орын алған болса, сақтандырушы кінәсінің нысанына қарамастан сақтандыру төлемін жүзеге асырудан босатылмайды. Мұндай жағдайда сақтандыру төлемін жүзеге асырған сақтандырушыда төленген сома шегінде сақтанушыға кері талап қою құқығы туындайды (Көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін сақтандыру туралы заңның 28-бабы 1-тармағының 1) тармақшасы.
Ескерту. 7-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 29.09.2022 № 8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.
Атап айтқанда, сақтандырушының сақтандыру төлемін жүзеге асыру міндетіне сақтанушының сақтандыру жағдайының басталғаны туралы сақтандырушыны хабардар ету мерзімдерін бұзуы салдарынан онда қажетті мәліметтердің болмауы әсер етуі мүмкін.
Сақтандыру жағдайының басталғаны туралы сақтандырушыны уақтылы хабардар ету оны сақтандыру жағдайы басталуының мән-жайларын тергеп-тексеруге қатысу, сақтандыру жағдайының болғанын не болмағанын айқындауға; сақтанушы шеккен залалдың мөлшерін анықтауға; сақтандыру жағдайынан залалды азайту мақсатында шаралар қабылдауға; кейін болуы ықтимал қайта сақтандыру компаниясына жүгінуге қажетті деректерді жедел жинау мен тіркеуді ұйымдастыру мүмкіндігімен қамтамасыз етеді.
Сақтандыру жағдайының басталғаны туралы мәліметтің жоқтығы сақтандырушының өтемді төлеу міндетіне әсер етпегендігін немесе сақтандырушы сақтандыру төлемін жүзеге асыру үшін қажетті ақпаратты уақтылы алғанын дәлелдеу ауыртпалығы төлем туралы талап қойған адамға жүктеледі.
Сақтанушы сақтандыру шартын жасасу кезінде сақтандырушыға сақтандыру жағдайының басталу ықтималдығын және оның басталуынан (өмірі мен денсаулығын сақтандыру кезінде сақтандырылған адамның денсаулығының жай-күйі туралы, мүліктің сақтандыру кезіндегі техникалық жай-күйі туралы және т.б.) туындауы мүмкін залалдардың мөлшерiн айқындау үшiн елеулi мәнi бар сақтанушының өзiне белгiлi жағдайларды, егер бұл жағдайлар сақтандырушыға белгiсiз болса және белгiсiз болуға тиiстi болса, хабарлауға мiндеттi (АК-нің 832-бабының 1-тармағы).
Сақтанушының сақтандырушыға сақтандыру объектiсi, сақтандыру тәуекелi, сақтандыру жағдайы және оның зардаптары туралы көрінеу жалған мәлiметтер хабарлауы сақтандырушының сақтандыру төлемiн жүзеге асырудан бас тартуы үшiн негіздердің бірі болып табылады (АК-нің 839-бабы 4-тармағының 1) тармақшасы).
Ескерту. 9-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Жоғарғы Сотының 29.09.2022 № 8 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Нормативтік қаулысымен.
Суброгация кері талап қою талаптарының түрі болып табылмайды. Себебі кері талап қою кезінде жаңа міндеттеме туындайды, ал суброгация кезінде қолданыстағы міндеттемедегі тұлғаның (кредитордың) ауысуы болады.
АК-нің 933-бабына сәйкес басқа тұлға келтiрген зиянды өтеушінің, егер заңнамалық актiлерде өзгеше мөлшер белгiленбесе, төленген өтем мөлшерiнде осы тұлғаға керi талап қоюға (регресс) құқығы бар. Мысалы, жұмыс беруші АК-нің 921-бабының ережелерін ескере отырып, еңбек міндеттерін атқару кезінде оның жұмысшысы келтірген зиянның орнын толтырады, одан кейін жұмыс беруші өзінің жұмысшысына кері талап қоя алады және олардың қарым-қатынасы еңбек заңнамасымен реттелетін болады. Мұндай жағдайда бірінші міндеттемеде зиян келтірілген адам кредитор, ал борышкер – заңды тұлға – жұмыс беруші болып табылады. Регрестік талапта кредитор жұмыс беруші, ал борышкер – тікелей зиян келтірген жұмысшы болады.
Сақтандырушы сақтандыру төлемін жүзеге асыра отырып, зиян келтірген тұлға үшін залалдың орнын толтырмайды, заңда оған мұндай міндет жүктелмеген, ол өзінің міндеттемесін сақтандыру шарты бойынша орындайды, одан кейін оған сақтанушы (пайда алушы) мен зиян келтірген тұлға арасындағы қолданылып отырған міндеттемедегі кредитор құқығы ауысады.
Сақтандырудағы кері талап (регресс) құқығы тек сақтандырушы мен сақтанушы арасында ғана туындауы мүмкін. Бұл құқықты сақтандырушы міндетті сақтандырудың тиісті сыныбын реттейтін заңнамалық актілерде не ерікті сақтандыру шартында көзделген тәртіппен және жағдайларда іске асырады. Мысалы, Көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін сақтандыру туралы заңның 28-бабы сақтандыру төлемiн жүзеге асырған сақтандырушыда сақтанушыға (сақтандырылған адамға) кері талап қою құқығының болуы жағдайларының тізбесін қамтиды.
Суброгация тәртібімен ауысқан талап ету құқығы, осы міндеттемедегі алғашқы кредитордың талап ету құқығы сияқты, нақ сол қағидаларды сақтай отырып жүзеге асырылады. Тиісінше, сақтандырушы оған суброгация тәртібімен ауысқан талапты шығын келтірген адамға қоя отырып, сақтанушы (пайда алушы) және шығын келтірген адам арасындағы қарым-қатынастарды реттейтін нормативтік актілерді басшылыққа алуға міндетті. Кінәлі тұлға жәбірленушіге (сақтанушыға), оның ішінде зиян мөлшері бойынша мәлімдей алатын, өзінің қарсылықтарын сақтандырушыға білдіруге құқылы.
Егер бұл ретте сақтандырушыда Көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін сақтандыру туралы заңның 28-бабының 1-тармағында көзделген, сақтанушыға кері талап қою құқығы туындаса, сақтандырушы мұндай талапты көлік құралын басқарушыға емес, оның иесіне қояды.
АК-нің 287-бабының 1-тармағына орай ортақтасқан міндет немесе ортақтасқан талап, егер ол шартта көзделсе немесе заңнамалық актілерде белгіленсе туындайды.
Жоғары қауіптілік көздер иелерінің ортақтасқан жауаптылығы заңда осы көздердің өзара іс-қимылының салдарынан үшінші тұлғаларға зиян келтірілген кезде ғана көзделген (АК-нің 931-бабының 2-тармағы).
Егер жоғары қауіптілік көзді басқару басқа адамға осындай тапсыру ресімделмей берілсе, мысалы басқа адам автомашинаны оның иесінің көзінше және оның келісімімен басқарса, иелігінен жоғары қауіптілік көзін шығармаған иесі жәбірленушінің алдында тікелей жауапты болады.
АК-нің 931-бабында көзделген басқа заңды негізде (жалға беру шарты, сенімхат) көлік құралы иесінің және көлік құралын меншік иесінің болуынсыз иеленген адамның ортақтасқан жауаптылығы басталмайды. Бұл адам көлік құралымен келтірілген залал үшін жәбірленушінің алдында дербес жауапты болады.
Атап айтқанда, жүргізушінің (бұған қол жеткізген өзге жүргізушінің) көрінеу техникалық ақауы бар көлік құралын басқаратын жағдайлардың мысалы, тежегіш жүйесі немесе рульді басқару жүйесі жұмыс істемейтін, басқа да ақаулары бар және Жол жүрісі қағидаларымен және Көлік құралдарын пайдалануға рұқсат беру жөніндегі негізгі ережелермен (Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 13 қарашадағы № 1196 қаулысымен бекітілген) көлік құралдарын пайдалануға тыйым салынған жағдайларда және оларды қозғалыс басталғанға дейін жүргізуші немесе көлік құралының иесі мамандарға жүгінбей көре алатын жағдайлардың маңызы бар.
Азаматтық-құқықтық жауаптылықты міндетті сақтандыру шарты бойынша сақтандыру объектісі сақтанушының өмірі мен денсаулығы емес, оның Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген үшінші тұлғалардың өміріне, денсаулығына және мүлкіне келтірілген зиянды өтеу міндетіне байланысты сақтандырылған адамның мүліктік мүддесі болып табылады.
Тиісінше сақтандыру төлемін жүзеге асыру үшін (Көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін сақтандыру туралы заңның 24-бабында көзделген мөлшерде) жоғары қауіптілік көздің әсер етуі салдарынан қайтыс болудың бір ғана фактісі жеткіліксіз, жәбірленушінің қайтыс болуымен келтірілген кінәлі адамның зиянды өтеу міндетінің туындауына негіз болатын мән-жайлардың бар екендігін анықтау қажет.
Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты бойынша жәбірленуші пайда алушы болып табылады, ол қайтыс болған жағдайда – Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жәбірленушінің қайтыс болуына байланысты зиянды өтетуге құқығы бар тұлға болады.
Пайда алушының қайтыс болуына байланысты залалды өтетуге, яғни сақтандыру шартында көзделген сақтандыру төлеміне құқығы бар тұлғалардың тізбесі АК-нің 940-бабында көзделген. Аталған тізбеге қатысы жоқ сақтандырылған адамның отбасы мүшелеріне немесе мұрагерлеріне сақтандыру төлемі жүзеге асырылмайды.
Сонымен қатар пайда алушы болып табылмаса да, бірақ Көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін сақтандыру туралы заңның 24-бабының 6-тармағына сәйкес жәбіренушіні жерлеуді жүзеге асырған адамдар жерлеуге жүз айлық есептік көрсеткіш (бұдан әрі – АЕК) мөлшерінде сақтандырушыдан шығыстарды өтеп алуға құқылы. Бұл ретте жәбірленушіні жерлеу шығыстарын растайтын құжаттарды сақтандырушыға ұсыну қажеттілігі жоқ.
Көлік құралына зиян келтірілген жәбірленушінің (пайда алушының) өзі немесе сақтанушы (сақтандырылған адам) мүлікке келтірілген зиянның мөлшерін айқындау туралы арызды берген күнінен бастап зақымдалған мүлікті көлік оқиғасының салдарынан түскен күйде сақтайды және сақтандырушыға бүлінген мүлікті қарап-тексеруіне мүмкіндік береді.
Егер сақтандырушы белгіленген мерзімде зиян мөлшеріне есептеуді ұйымдастырмаған жағдайда ғана жәбірленуші (пайда алушы) өз бетінше бағалау ұйымының қызметтеріне жүгінуге және бүлінген көлік құралын қалпына келтіру (кәдеге жарату) жұмыстарын бастауға құқылы. Бұл ретте бағалау ұйымының көлік құралына келтірілген зиян мөлшерін айқындау нәтижелерін сақтандырушы сақтандыру төлемін жүзеге асыру үшін қабылдайды.
Сақтандырушы айқындаған зиян мөлшерінің нәтижесімен келіспеген кезде жәбірленуші (пайда алушы) зиян мөлшерін бағалау нәтижелерін заңсыз деп тану туралы жеке талап арыз беру арқылы, не болмаса сақтандыру төлемін өндіріп алу туралы талаптарды сотта қарау барысында оны даулауға құқылы. Сот осындай дау туындаған кезде сот сараптамасын негізсіз тағайындауды болдырмау мақсатында сақтандырушының Зиян мөлшерін айқындау қағидаларында қамтылған талаптардың сақталуын тексереді, қажет болған жағдайда іске маманды қатыстырады.
АК-нің 924-бабына сәйкес өзінің жауапкершілігін сақтандырған тұлғаның сақтандыру сомасы мен залалдың нақты мөлшері арасындағы айырманы өтеу міндеті тек келтірілген зиянды толық өтеу үшін сақтандыру сомасы жеткіліксіз болған жағдайда ғана туындайды.
Көлік құралдары иелерінің жауапкершілігін сақтандыру туралы заңның 24-бабына сәйкес бiр сақтандыру жағдайы бойынша сақтандырушы жауапкершілігiнiң шектi көлемi келтірілген зиян мөлшері шегінде, бірақ алты жүз АЕК-тен аспайтын сомада айқындалады. Көрсетілгенге байланысты АК-нің 924-бабы, егер мүлікке келтірілген залалдың мөлшері алты жүз АЕК-тен асып кеткен жағдайда қолданылады. Бұл ретте, залалдың нақты мөлшерін автомобильдің тозуын ескере отырып айқындау АК-нің 9-бабының талаптарына сәйкес келеді және жәбірленушіге мүлікті бұрынғы жағдайына келтіру жолымен, сонымен қатар оның тарапынан негізсіз баю мүмкіндігін болдырмай, өзінің бұзылған құқығын толық көлемде қалпына келтіруге мүмкіндік береді.
Сақтандыру төлемін қолданылуы кезеңінде жазатайым оқиға орын алған қызметтерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шартын жасасқан сақтандырушы жүзеге асырады.
Жазатайым оқиғаның басталу сәті: жұмыста мертігу салдарынан қызметкер қайтыс болған немесе оған кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесі белгіленген кезде – жазатайым оқиға туралы актіде көрсетілген жазатайым оқиға күнімен; кәсіптік ауруының анықталуы салдарынан қызметкерге кәсіптік еңбекке қабiлеттiлiгінен айрылу дәрежесi белгіленген кезде – кәсіптік патология саласында мамандандырылған медициналық, сараптамалық көмек көрсетуді жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымының қорытынды берген күнімен айқындалады.
Еңбек кодексінің 186-бабының тәртібімен еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиға фактісінің анықталуы оны сақтандыру жағдайы деп тану үшін негіз болып табылады және сақтандырушыны заңда немесе шартта көзделген осындай міндеттемені орындаудан босатуға негіз болмаған жағдайда сақтандыру төлемін жүзеге асыру міндетіне алып келеді.
Қызметкерді жазатайым оқиғалардан сақтандыру туралы заңның 9-бабы 2-тармағының 9) тармақшасында көзделген мерзімі өткен әрбір күн үшін төленбеген соманың 1,5 пайыз мөлшеріндегі өсімпұл қызметкердің табысты (кірісті) жоғалтуына байланысты зиянды өтеу ретінде қызметкерге тиесілі ай сайынғы сақтандыру төлемдері уақтылы жүргізілмегені үшін ғана өндіріп алынады (жоғарыда аталған Заңның 19-бабының 1-тармағы).
Қызметкерге кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесін кемінде бір жыл мерзімге белгілеуге байланысты оның табысты (кірісті) жоғалтуына орай зиянды өтеу ретінде тиесілі алғашқы сақтандыру төлемін сақтандырушы Қызметкерді жазатайым оқиғалардан сақтандыру туралы заңның 20-бабының 2-тармағында көзделген құжаттар ұсынылған сәттен бастап жеті жұмыс күні ішінде жүзеге асыратындықтан, мерзімі өткен күндердің саны көрсетілген жеті күндік мерзім аяқталғаннан кейін есептеледі.
Қызметкерге кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесі белгілеу себебі бойынша кемінде бір және одан көп жыл мерзімге оның табысты (кірісті) жоғалтуына байланысты зиянды өтеу ретінде тиесілі сақтандыру төлеміне қатысты аннуитет шартының талаптарын, оның ішінде тараптар айқындаған алғашқы сақтандыру төлемі күнін негізге алу қажет.
Қызметкерді жазатайым оқиғалардан сақтандыру туралы заңның 19-бабының 2-тармағында көзделген денсаулықтың зақымдануынан туындаған қосымша шығыстарды өтеу бойынша сақтандыру төлемдерін уақтылы жүзеге асырмағаны үшін сақтандырушы АК-нің 353-бабына сәйкес жауапты болады. Мұндай жағдайда мерзімі өткен күндер санын айқындау кезінде де сақтандырушы сақтандыру төлемін қызметкер не осы шығындарға ұшыраған тұлға аталған шығындарды растайтын құжаттарды берген сәттен бастап жеті жұмыс күні ішінде жүзеге асыруы тиіс.
Аталған зиянды өтеу үшін кәсіптік еңбекке қабілеттіліктен отыздан жүз пайызды қоса алғанға дейін айырылу кезінде қызметкерге тиесілі сақтандыру төлемін сақтандырушы жүзеге асырады.
Сақтандырушыға өтеуге жататын жоғалтылған табысты (кірісті) есептеу үшін ескерілетін орташа айлық табыс (кіріс) мөлшерінің шегі белгіленген. Бұл шекті мөлшер Қызметкерді жазатайым оқиғалардан сақтандыру туралы заңның 19-бабына сәйкес қызметкерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шартын жасасу күніне республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржылық жылға белгіленген ең төменгі жалақының он еселік мөлшерінен аспауы тиіс. Сондықтан, егер қызметкерге келтірілген зиянның іс жүзіндегі мөлшері сақтандырушы айқындаған сақтандыру төлемінен асып кетсе, айырмасын Еңбек кодексінің 122-бабына сәйкес жұмыс беруші өтейді.
Мұндай жағдайға Конституцияның 77-бабының 3-тармағы 5) тармақшасында қамтылған ереже қолданылмайды, өйткені "Қазақстан Республикасы Конституциясының 14-бабының 1 және 2-тармақтарын, 24-бабының 2-тармағын, 77-бабы 3-тармағының 5) тармақшасын ресми талқылау туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 1999 жылғы 10 наурыздағы № 2/2 қаулысында қамтылған түсіндірмелер негізінде аталған конституциялық нормаға сәйкес құқық бұзушылықтар үшін азаматтардың заңдық жауапкершілігін реттейтін және жауаптылықтың жаңа түрлерін белгілейтін немесе жаңа санкциялар енгізу арқылы оны күшейтетін заңдардың кері күші болмайды.
Қосымша шығыстарды өтеу, азаматтың қайтыс болуы салдарынан залал шеккен адамдарға зиянды өтеу кезінде, сонымен қатар жерлеуге жұмсалған шығындарды өтеу кезінде жәбірленушінің кінәсі ескерілмейді.
Сондықтан Қызметкерді жазатайым оқиғалардан сақтандыру туралы заңнан суброгацияны көздейтін 21-бабының алынып тасталғанын ескере отырып және "Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 6 сәуірдегі № 480-V Заңының 10, 12-баптарында белгіленген нормативтік құқықтық актілердің сатысына орай сақтандырушылардың Қызметкерді жазатайым оқиғалардан сақтандыру туралы заңның 9-бабы 1-тармағының 8) тармақшасына сілтеме жасап, оларда кері талап құқығының бар екендігі туралы арыздары АК-нің 840-бабына қайшы келуіне орай заңсыз деп таныған жөн.
Ерікті сақтандырудың түрлері, шарттары мен тәртібі тараптардың келісімімен айқындалады.
Егер ерікті сақтандыру шарты сақтанушыға сақтандыру полисін бере отырып, қосылу шарты нысанында жасалған болса, сақтандырушы сақтанушыны сақтандыру ережелерімен таныстыруға және ережелердің көшірмесін ұсынуға міндетті (АК-нің 828-бабы 1-тармағының (1-1) тармақшасы).
Егер сақтандырушы сақтанушының сақтандыру ережелерімен танысқандығы туралы дәлелдемелер бермесе, барлық келіспеушіліктер сақтанушының пайдасына түсіндірілуі тиіс.
Ерікті сақтандыру шартының талаптарын түсіндіру кезінде АК-нің 392-бабының талаптарын басшылыққа алу қажет.
Егер кепіл мүлкін ерікті сақтандыру шарты бойынша пайда алушы болып банк тағайындалса және қарыз алушы сақтандырылған тұлға бола отырып, осы талаппен келіскенін жазбаша білдірсе, онда ол сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтандыру төлемін өз пайдасына немесе пайда алушы – банк пайдасына жүзеге асыру туралы талап қоюға құқылы болмайды. Мұндай құқық пайда алушы ретінде банкке ғана тиесілі болады. Егер банк пайда алушы ретінде аталған талаптарды мәлімдемесе, қарыз алушыда зиян келтірушіге мүлікке келтірілген залалды, егер ондай болса, өтеу туралы талап қою құқығы қалады. Бұдан басқа, сақтандырылған адам сақтандырушының сақтандыру төлемін жүзеге асырудан бас тартуына шағымдану құқығынан айырылмайды.
Егер банк пайда алушы ретінде сақтандыру төлемін жүзеге асыруды талап ету бойынша өз құқығын сақтандырылған адамға берсе, сақтандырылған адам оның жазбаша расталуын ұсынуға тиіс.
Ерікті сақтандыру объектісі болып табылатын мүліктің ортақ бірлескен меншік құқығында ерлі-зайыптыларға тиесілілігі, ол туралы сақтандыру шартында көрсетілмесе, сақтандырылған адамның жұбайы да сақтандырылған деп танылатындығын білдірмейді.
Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының Төрағасы
Қ.Мәми Қазақстан Республикасы
Жоғарғы Сотының судьясы,
жалпы отырыс хатшысы
Қ.Шаухаров © 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Азаматтық кодексi Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы
Құжатты жүктеп алу
-
№ 8 ҚР ЖС НҚ Сақтандыру шарттарынан туындайтын даулар бойынша сот практикасы туралы
633 рет жүктеп алынды