Сотқа дейінгі наразылық келтірілген мүліктік залалды өтеу жайлы
Кімге: БИИЖСН ....
Түркістан облысы, Мактаарал ауданы, Мактарал ауылдык
округі, ., Т... кешесі,Nº49уй.
8-775-......
Кімнен: ЭХА
ЖСН ....
Түркістан обл., Мақтаарао ауданы, Аль-Фараби ауылы, Т.. к., 51 үй.
Сенімхат бойынша өкілі:
«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі
БСН 201240021767.
Қазахстан Республикасы, 050002, Алматы қаласы, Алмалы
ауданы, Абылай Хана даңғылы, 79/71 үй, 304 кеңсе.
info@zakonpravo.kz; www.zakonpravo.kz
+7 708 971 78 58 / +7 727 978 57 55.
СОТҚА ДЕЙІНГІ НАРАЗЫЛЫҚ
Э ХА Түркістан облысы, Мақтаарал ауданы, Әл-Фараби ауылы, Тәуелсіздік көшесі №51 мекенжайында орналасқан тұрғын үйдің меншік иесі болып табылады.
Сізге тиесілі Тәуелсіздік көшесі №49 тұрғын үй Э Х.А.-ға тиесілі №51 тұрғын үйге тікелей жапсарлас орналасқан. Аталған тұрғын үйлер бір-бірімен конструктивтік тұрғыдан байланысты.
Сіз №49 тұрғын үйде бұзу және демонтаждау жұмыстарын жүргіздіңіз. Алайда аталған жұмыстарды жүргізу барысында жапсарлас орналасқан №51 тұрғын үйдің конструктивтік ерекшеліктері мен оның қауіпсіздігі тиісті дәрежеде ескерілмеген.
Жүргізілген бұзу жұмыстары барысында орын алған механикалық әсерлер мен құрылыс құралдарынан туындаған вибрациялық күштердің әсерінен Э Х.А.-ға тиесілі №51 тұрғын үйдің техникалық жай-күйі нашарлап, оның қабырғалары мен конструктивтік элементтерінде жарықтар және өзге де зақымдар пайда болды.
Осыған байланысты №51 тұрғын үйдің нақты техникалық жай-күйін, пайда болған зақымдардың сипаты мен себептерін, сондай-ақ тұрғын үйді қалпына келтіруге қажетті шығындардың мөлшерін анықтау мақсатында мамандандырылған сарапшының қатысуымен техникалық зерттеу жүргізілді.
Сараптамалық қарау 2026 жылғы 7 тамызда сағат 12:00-де өткізілді. Сіз аталған зерттеудің жүргізілетіні туралы алдын ала хабардар етілдіңіз және оған қатысу мүмкіндігі берілді, бірақ сіз қатыспадыңыз.
Зерттеу нәтижесінде маман №51 тұрғын үйдегі анықталған зақымдардың пайда болуына №49 жапсарлас тұрғын үйінде жүргізілген демонтаждау және бұзу жұмыстары кезіндегі механикалық әсерлер мен құрылыс құралдарының вибрациялық күштері ықпал еткенін көрсетті.
Сонымен қатар зерттеу нәтижесі бойынша №51 тұрғын үйдің техникалық жай-күйі IV санатқа – апат алдындағы жағдайға жатқызылып, тұрғын үй сейсмикалық күшейту жөніндегі іс-шараларды сақтай отырып, жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуді қажет ететіні анықталды.
Тұрғын үйді жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарының құны 4 166 285 (төрт миллион бір жүз алпыс алты мың екі жүз сексен бес) теңге мөлшерінде айқындалды.
Осылайша, Сіз жүргізген бұзу және демонтаждау жұмыстарынан кейін Э Х.А.-ға тиесілі тұрғын үйдің техникалық жай-күйі елеулі түрде нашарлап, оны қалпына келтіру үшін елеулі материалдық шығындар қажет болып отыр.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 188-бабына сәйкес меншік иесі өзіне тиесілі мүлікті иеленуге, пайдалануға және оған билік етуге құқылы. Бұл ретте меншік иесінің өз құқықтарын жүзеге асыруы басқа тұлғалардың құқықтары мен заңмен қорғалатын мүдделерін бұзбауға тиіс.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 917-бабына сәйкес азаматтар мен заңды тұлғалардың мүліктік немесе мүліктік емес игіліктері мен құқықтарына құқыққа қайшы әрекеттермен (әрекетсіздікпен) келтірілген зиянды оны келтірген тұлға толық көлемде өтеуге тиіс.
Осы Кодекстің 934-бабына сәйкес зиянды өтеу кезінде сот істің мән-жайларына сәйкес зиян келтіруге жауапты тұлғаны келтірілген зиянды заттай өтеуге немесе келтірілген залалды өтеуге міндеттейді.
Бұдан бөлек, Бв И.И. тарапынан бұзу және демонтаждау жұмыстары Э Х.А.-ның келісімінсіз жүргізілгеніне назар аудару қажет.
Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 40-бабына сәйкес пәтердің, тұрғын емес үй-жайдың конструкциялық бөлігін және (немесе) үйге ортақ инженерлік желілерді өзгерту, оның ішінде қайта жабдықтау және (немесе) қайта жоспарлау Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасының талаптарына сәйкес жүзеге асырылуға тиіс. Сонымен қатар қайта жабдықтау және (немесе) қайта жоспарлау тіреуіш және (немесе) қоршау конструкцияларын, үйге ортақ инженерлік жүйелерді немесе кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін қозғайтын жағдайда, заңда көзделген меншік иелерінің міндетті жазбаша келісімі талап етіледі.
Бұл ретте №49 және №51 тұрғын үйлер бір-біріне жапсарлас орналасқан және олардың конструктивтік элементтері өзара байланысты. Осыған қарамастан, Бв И.И. №49 тұрғын үйде бұзу және демонтаждау жұмыстарын бастау және жүргізу алдында №51 тұрғын үйдің меншік иесі Э Х.А.-ның келісімін алмаған. Э Х.А. өзіне тиесілі тұрғын үйдің конструктивтік жай-күйіне әсер етуі мүмкін жұмыстарды жүргізуге қандай да бір жазбаша немесе ауызша келісім берген жоқ.
Нәтижесінде Бв И.И. жүргізген бұзу жұмыстары тек өзіне тиесілі №49 тұрғын үйдің шегінде қалмай, жапсарлас орналасқан №51 тұрғын үйдің конструктивтік жай-күйіне әсер етіп, оның қабырғалары мен өзге де конструкцияларында жарықтардың пайда болуына, техникалық жай-күйінің нашарлауына және тұрғын үйдің қауіпсіз пайдаланылуына қатер туындауына әкеп соққан.
Осылайша, Бв И.И. өзіне тиесілі тұрғын үйге қатысты меншік құқығын жүзеге асыру барысында көршілес меншік иесі Э Х.А.-ның құқықтары мен заңды мүдделерін ескермей, оның келісімінсіз №51 тұрғын үйдің конструктивтік тұтастығына әсер ететін бұзу жұмыстарын жүргізген. Аталған мән-жайлар Бв И.И. әрекеттерінің құқыққа қайшылығын және оның әрекеттері нәтижесінде Э Х.А.-ға келтірілген мүліктік залалды өтеу міндетінің туындағанын қосымша негіздейді.
Бұдан бөлек, Э Х.А. өзінің бұзылған құқықтарын қорғауға байланысты қосымша шығындар көтерді. Атап айтқанда, маманның техникалық зерттеуін жүргізуге 400 000 теңге, сондай-ақ өкілдің заң көмегіне 1 000 000 теңге жұмсалды.
ҚР АК-нің 9-бабының 4-тармағына сәйкес бұзылған құқықты қалпына келтіру үшін жасалған қажетті шығыстар залал құрамына жатады. Ал өкілдің көмегіне ақы төлеу жөніндегі шығыстар дау сотқа берілген жағдайда ҚР АПК-нің 109 және 113-баптарына сәйкес сот шығыстары ретінде өндіріп алынуға жатады.
Осыған байланысты Э Х.А.-ға тиесілі тұрғын үйге келтірілген зиянды сотқа дейінгі тәртіпті реттеуге және қосымша сот шығындарын болдырмауға мүмкіндік бере отырып,
ТАЛАП ЕТЕМІЗ:
Осы сотқа дейінгі наразылықты алған күннен бастап 10 (он) күнтізбелік күн ішінде Э ХАке келтірілген мүліктік залалды өтеу есебіне 4 166 285 (төрт миллион бір жүз алпыс алты мың екі жүз сексен бес) теңге төлеуді.
Бв И.И.-нан маман шығынын және өкіл шығынын, яғни 1 400 000 (бір миллион төрт жүз мың) теңгені ерікті түрде өтеуді талап етеміз.
Жалпы суммасы 5 566 285 (бес миллион бес жүз алпыс алты мың екі жүз сексен бес) теңге.
Осы талапта көрсетілген мерзімде талаптар ерікті түрде орындалмаған немесе оларды орындаудан бас тартылған жағдайда Э Х.А. өзінің бұзылған құқықтарын қорғау үшін сотқа жүгінуге мәжбүр болады.
Сотқа жүгінген жағдайда жауапкерден негізгі келтірілген залалмен қатар, заңда көзделген негіздер болған кезде, сараптама жүргізуге жұмсалған шығындар, мемлекеттік баж, өкілдің көмегіне ақы төлеу жөніндегі шығыстар және істі қарауға байланысты өзге де сот шығындары өндіріп алу туралы талаптар қойылатын болады.
Сонымен бірге осы сотқа дейінгі талаптың жіберілуі дауды сотқа дейін ерікті түрде реттеуге нақты мүмкіндік беру мақсатында жүзеге асырылып отырғанын хабарлаймын.
Құрметпен,
Сенімхат бойынша өкілі: Г.Т. Саржанов
Назар аударыңыз!
«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі, бұл құжаттың жалпылама екендігіне және нақты сіздің жағдайыңыздың талаптарына сәйкес келмеуі мүмкіндігіне көңіл бөлуіңізді сұрайды. Біздің заңгерлер сіздің нақты жағдайыңызға сәйкес келетін кез келген құқықтық құжатты әзірлеп көмектесуге дайын.
Қосымша ақпарат алу үшін Заңгер/Адвокат телефонына хабарласуыңызға болады: +7 (708) 971-78-58; +7 (700) 978 5755, +7 (700) 978 5085.
Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы