Түсініктеме 298-бабына Көлік құралдарын сапасыз жөндеу және оларды техникалық ақауларымен пайдалануға шығару, көлік құралын басқаруға масаң күйдегі адамды жіберу Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексіне
1. Көлік құралдарын, қатынас жолдарын, сигнал беру немесе байланыс құралдарын не өзге де көлік жабдықтарын сапасыз жөндеу, сондай-ақ көлік құралдарының техникалық жай-күйіне жауапты адамның көрінеу техникалық ақауы бар көлік құралдарын пайдалануға шығаруы, егер бұл әрекеттер абайсызда денсаулыққа ауырлығы орташа немесе ауыр зиян келтіруге әкеп соқса, —
төрт жүзден жеті жүзге дейінгі айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не сотталған адамның төрт айдан жеті айға дейінгі кезеңдегі жалақысы немесе өзге де табысы мөлшерінде айыппұл салуға, не жүз сексеннен екі жүз қырық сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не алты айға дейінгі мерзімге қамаққа алуға, не белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Көлік құралының меншік иесі немесе иеленушісі жасаған, алкогольдік, есірткілік немесе өзге де масаң күйдегі адамды көлік құралын басқаруға жіберу, егер бұл абайсызда денсаулыққа ауырлығы орташа немесе ауыр зиян келтіруге әкеп соқса, —
төрт жүзден жеті жүзге дейінгі айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не сотталған адамның төрт айдан жеті айға дейінгі кезеңдегі жалақысы немесе өзге де табысы мөлшерінде айыппұл салуға, не жүз сексеннен екі жүз қырық сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не алты айға дейінгі мерзімге қамаққа алуға, не белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, абайсызда адам өліміне әкеп соққан әрекеттер —
бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан әрекеттер —
белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, төрт жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Қылмыстың қоғамдық қауіптілігі көлік құралдарын, қатынас жолдарын, сигнал беру немесе байланыс құралдарын не өзге де көлік жабдықтарын сапасыз жөндеу, көрінеу техникалық ақауы бар көлік құралдарын пайдалануға шығару, сондай-ақ алкогольдік, есірткілік немесе өзге де масаң күйдегі адамды көлік құралын басқаруға жіберу фактісінің өзі көліктің қауіпсіз жұмыс істеуіне қатер төндіретінінде, азаматтардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп туғызатынында және көбінесе ауыр зардаптарға әкеп соғатынында.
Қылмыстың тікелей объектісі нақты механикалық көлік құралдарының қозғалысы мен пайдаланылуы қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы қоғамдық қатынастар болып табылады. Қосымша объектісі – жәбірленушінің өмірі мен денсаулығы не меншік қатынастары.
Заң шығарушы Қылмыстық кодекстің 295 және 296-баптарында көрсетілген көлік құралдарынан басқа, көлік қылмыстарының нысанасына қатынас жолдарын (рельстер, бағыттамалық бұрмалар, көпірлер, шлюздер), байланыс және сигнал беру құралдарын (бағдаршамдар, семафорлар, телеграф және телефон сымдары), өзге де көлік жабдықтарын (эстакадалар, радиолокаторлар) жатқызады.
Қатынас жолдарына мыналар жатады: теміржол көлігінде – кәдімгі, тар табанды, балалар теміржолдары, кәсіпорындарға, кеніштерге, шахталарға және т.б. апаратын автономды көтергіш жолдар; су көлігінде – кеменің мұхиттың немесе теңіздің ашық учаскелері, бұғаздар, каналдар арқылы жүру жолдары, сондай-ақ ішкі су жолдары (кеме қатынайтын және сал ағызатын өзендер, көлдер); әуе көлігінде – әуе трассалары мен жергілікті әуе желілері.
Сигнал беру құралдарына мыналар жатады: теміржол көлігінде – автоматты және жартылай автоматты жолдық блоктау, автоматты локомотивтік сигнал беру; су көлігінде – маяктар, буйлар, створлар, навигациялық белгілер; әуе көлігінде – радиомаяк жүйелері, жарық сигнал беру жабдықтары; автомобиль көлігінде – бағдаршамдар, жол белгілері, авариялық сигналдар беруге арналған құралдар және т.б.
Байланыс құралдарына мыналар жатады: теміржол көлігінде – радиобайланыс, сымды байланыс; су көлігінде – радиостанциялар, телетайптар; әуе көлігінде – радарлар, УКВ радиобайланысы, борттық жауап бергіштер және т.б.
Өзге де көлік жабдықтарына мыналар жатады: теміржол көлігінде – көпірлер, тоннельдер, жолаушыларды отырғызу және түсіру, багаж бен жүктерді тиеу және түсіру құрылғылары, электр пойыздарын электр энергиясымен қамтамасыз ету құралдары, жарықтандыру, сумен жабдықтау құрылғылары. Су көлігінде – шлюздер, айлақтар, бөгеттер. Әуе көлігінде – әуе кемелеріне жанармай құюды қамтамасыз ететін құрылыстар мен құрылғылар, ангарлар. Автомобиль көлігінде – эстакадалар, жүріс бөлігінің бөлгіш қоршаулары және т.б.
Қылмыстың объективтік жағы ҚК-нің 298-бабының 1-бөлігінде көзделген мынадай белгілерді қамтиды: а) көлік құралдарын, қатынас жолдарын, сигнал беру немесе байланыс құралдарын не өзге де көлік жабдықтарын сапасыз жөндеу; б) көлік құралдарының техникалық жай-күйіне жауапты адамның көрінеу техникалық ақауы бар көлік құралдарын пайдалануға шығаруы; в) қоғамға қауіпті зардаптардың болуы; г) олардың арасындағы себепті байланыс.
Көлік құралдарын, қатынас жолдарын, сигнал беру немесе байланыс құралдарын не өзге де көлік жабдықтарын сапасыз жөндеу деп жарамсыз бөлшектер мен материалдарды пайдалана отырып жөндеу жұмыстарын жүргізуді, жөндеу жұмыстарын жүргізудің белгіленген қағидаларын бұзуды, осы жұмыстар барысында көлік қозғалысы мен пайдаланылуы қауіпсіздігіне қатер төндіретін жабдықтардың бұрыннан бар немесе жаңадан анықталған ақауларын жоймауды және т.б. түсінуге болады. Қарастырылып отырған әрекеттің белгілеріне көлік құралдарына, қатынас жолдарына, сигнал беру және байланыс құралдарына жаңа сапасыз жабдықтарды, аспаптарды немесе механизмдерді орнату да жатады.
Көрінеу техникалық ақауы бар көлік құралдарын пайдалануға шығару деп көлік құралдарының техникалық жай-күйіне жауапты адамның тежегіш жүйесінде, рульдік басқаруында немесе жарықтандыру аспаптарында, дыбыстық сигналында, сондай-ақ басқа да бөлшектері мен тораптарында ақаулары бар, ақаулары анық және айқын көрініп тұрған көлік құралдарын рейске, желіге шығуға рұқсат беруін, сондай-ақ көрсетілген адамның басқа тұлғалардың техникалық ақауы бар көлікті пайдалануына жол бермеу жөнінде шаралар қабылдамауын түсіну қажет. Мұндай әрекетсіздіктің салдарынан ҚК-нің 298-бабының 1-бөлігінде көрсетілген зиянды зардаптар (денсаулыққа ауырлығы орташа немесе ауыр зиян келтіру) туындауы тиіс. Мысалы, автокөлік шаруашылығының механигі жөнделген көлік құралдарын тексермейді, көлік құралдарына профилактикалық жөндеу жүргізу мерзімдерін сақтамайды және т.б.
Адам денсаулығына ауырлығы орташа немесе ауыр зиян келтіру түріндегі зардаптар өздерінің сипаттамасы бойынша ҚК-нің 296-бабында көзделген зардаптарға ұқсас. Сапасыз жөндеу немесе техникалық ақауы бар көлік құралын пайдалануға шығару арасындағы себепті байланысты анықтаудың ерекшелігі – зиянды көлік құралының нақты пайдаланушысы емес, осындай жөндеу жұмыстарын жүргізген адам немесе оны пайдалануға рұқсат берген адам келтіретіндігінде.
Қылмыс субъектісінің ерекшелігі объективтік жақтың сипатымен айқындалады. Субъект жалпы да, арнайы да болуы мүмкін. Мұндай адам көлік құралдарын, қатынас жолдарын, сигнал беру немесе байланыс құралдарын нақты жөндеуді жүзеге асырған жағдайларда қылмыстық жауаптылық он алты жастан басталуы мүмкін (жалпы субъект). Техникалық ақауы бар көлікті пайдалануға шығару кезінде арнайы субъектінің болуы міндетті. Мұндай адамдарға қолданыстағы нұсқаулықтар мен қағидаларға, тиісті өкімге сәйкес немесе атқаратын лауазымдық жағдайына байланысты көлік құралдарының техникалық жай-күйіне жауапкершілік жүктелген тұлғалар (гараж меңгерушілері, кезекші механиктер, диспетчерлер, автопарк инженерлері және т.б.) жатады.
Қылмыстың субъективтік жағы кінәнің абайсыздық нысанымен (қылмыстық менмендік және қылмыстық немқұрайлылық – ҚК-нің 21-бабы) сипатталады. Менмендік кезінде кінәлі адам өзі пайдалануға шығаратын көлік құралының ақаулы екенін сезінеді, зиянды зардаптардың туындау мүмкіндігін алдын ала біледі, бірақ олардың алдын алуға негізсіз сенеді. Қылмыстық немқұрайлылық кезінде кінәлі адам зиянды зардаптарды алдын ала болжамайды, алайда тиісті мұқияттылық пен сақтық танытқан жағдайда олардың туындау мүмкіндігін алдын ала болжауға тиіс және болжай алатын еді.
ҚК-нің 298-бабының 2-бөлігінде алкогольдік, есірткілік немесе өзге де масаң күйдегі адамды көлік құралын басқаруға жібергені үшін, егер бұл абайсызда денсаулыққа ауырлығы орташа немесе ауыр зиян келтіруге әкеп соқса, жауаптылық көзделген.
Алкогольдік, есірткілік немесе өзге де масаң күйдегі адамды көлік құралын басқаруға жіберу деп көлік құралының меншік иесінің немесе иеленушісінің рейске шығуға рұқсат беру немесе масаң күйдегі адамға көлік құралын өз еркімен беру арқылы көрініс тапқан әрекеттерін; сондай-ақ масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруына жол бермеу жөнінде шаралар қабылдамауын, соның салдарынан ҚК-нің 298-бабының 2-бөлігінде көрсетілген зардаптардың туындауын түсіну қажет.
Масаң күй деп алкогольдік, есірткілік немесе өзге де масаңдықтың кез келген дәрежесін түсіну керек, өйткені қылмыстық-құқықтық тыйым да, сот практикасы да «масаң күй» терминін мұндай тар мағынада түсіндіруге ешқандай негіз бермейді.
Егер көлік құралы басқару үшін емес, мысалы, масаң күйдегі адамға сақтау үшін берілсе, онда мұндай жағдайларда ҚК-нің 298-бабының 2-бөлігі бойынша жауаптылық туындамайды.
Қылмыс ҚК-нің 298-бабының 2-бөлігінде көрсетілген зардаптардың кез келгені туындаған сәттен бастап аяқталған болып есептеледі.
ҚК-нің 298-бабының 2-бөлігінде көзделген қылмыстың субъектілері көлік құралының меншік иелері немесе иеленушілері болып табылады.
ҚК-нің 298-бабының 3-бөлігінде осы баптың 1 немесе 2-бөліктерінде көзделген, жәбірленушінің абайсызда өліміне әкеп соққан сол әрекет үшін жауаптылық белгіленген.
ҚК-нің 298-бабының 4-бөлігінде осы баптың 1 немесе 2-бөліктерінде көзделген, екі немесе одан да көп адамның абайсызда өліміне әкеп соққан әрекет үшін жауаптылық белгіленген.
Бір адамның ҚК-нің 298-бабының 1 және 2-бөліктерінде көзделген әрекеттерді жасауы кезінде қылмыстардың әрқайсысы дербес саралануға жатады.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2007 жылғы түсініктеме. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі И.Ш. Борчашвили.
Актінің өзгертілген күні: 02.08.2007
Актінің қабылданған күні: 02.08.2007
Қабылданған орны: ЖОҚ
Актіні қабылдаған орган: 180000000000
Нормашығармашылық орган берген нормативтік құқықтық актінің тіркеу нөмірі: 167
Актінің мәртебесі: new
Құқықтық қатынастар саласы: 028000000000
Актінің нысаны: ТҮСІНІКТЕМЕ
Заңдық күші: 1900
Актінің тілі: орыс тілі
Назар аударыңыз!
«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі, бұл құжаттың жалпылама екендігіне және нақты сіздің жағдайыңыздың талаптарына сәйкес келмеуі мүмкіндігіне көңіл бөлуіңізді сұрайды. Біздің заңгерлер сіздің нақты жағдайыңызға сәйкес келетін кез келген құқықтық құжатты әзірлеп көмектесуге дайын.
Қосымша ақпарат алу үшін Заңгер/Адвокат телефонына хабарласуыңызға болады: +7 (708) 971-78-58; +7 (700) 978 5755, +7 (700) 978 5085.
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер орғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Конвенция Келісімшарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Ережелер Бағдарлама Жарғы Мақала Түсініктеме Қарар Регламент Хаттама Жоба Жолдау