Ұлттық азшылықтарға жататын адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету туралы конвенция
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Мемлекет басшылары кеңесінің 1994 жылғы 21 қазандағы Конвенциясы.
Конвенция оған күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің орындалғанын растайтын үшінші хабарламаның депозитарийге тапсырылған күнінен бастап күшіне енеді. Басқа Уағдаласушы Тараптар үшін Конвенция олардың мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы хабарламаны депозитарий алған күннен бастап күшіне енеді.
Қол қойғандар: Әзербайжан Республикасы, Армения Республикасы, Беларусь Республикасы, Грузия, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Молдова Республикасы, Ресей Федерациясы, Тәжікстан Республикасы, Украина.
Хабарламаларды тапсырған мемлекеттер:
Беларусь Республикасы — 1994 жылғы 7 желтоқсанда депозитарийге тапсырылды;
Әзербайжан Республикасы — 1995 жылғы 20 қарашада депозитарийге тапсырылды;
Армения Республикасы — 1997 жылғы 10 қаңтарда депозитарийге тапсырылды;
Тәжікстан Республикасы — 2001 жылғы 22 ақпанда депозитарийге тапсырылды;
Қырғыз Республикасы — 2003 жылғы 21 тамызда депозитарийге тапсырылды;
Ресей Федерациясы — 2004 жылғы 31 желтоқсанда депозитарийге тапсырылды (мемлекетішілік рәсімдер орындалуда);
Қазақстан Республикасы — 2005 жылғы 28 наурызда депозитарийге тапсырылды (мемлекетішілік рәсімдер орындалуда);
Украина — 2005 жылғы 26 шілдеде депозитарийге тапсырылды (мемлекетішілік рәсімдерді орындаудың орынсыздығы туралы).
Конвенция 1997 жылғы 10 қаңтарда күшіне енді.
Мемлекеттер үшін күшіне енген күндері:
Беларусь Республикасы — 1997 жылғы 10 қаңтар;
Әзербайжан Республикасы — 1997 жылғы 10 қаңтар;
Армения Республикасы — 1997 жылғы 10 қаңтар;
Тәжікстан Республикасы — 2001 жылғы 22 ақпан;
Қырғыз Республикасы — 2003 жылғы 21 тамыз.
Осы Конвенцияға қатысушы мемлекеттер, бұдан әрі Уағдаласушы Тараптар деп аталатындар,
олардың арасындағы достық, тату көршілік және ынтымақтастық қатынастарын дамыту мен нығайту халықтарының түбегейлі мүдделеріне сай келетінін және бейбітшілік пен қауіпсіздік ісіне қызмет ететінін ескере отырып,
демократияға, бостандыққа және әділдікке өздерінің бейілділігін растай отырып,
сондай-ақ Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясында, Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіде, Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактіде, Ұлттық немесе этникалық, діни және тілдік азшылықтарға жататын адамдардың құқықтары туралы декларацияда, Нәсілдік кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы халықаралық конвенцияда, Геноцид қылмысының алдын алу және ол үшін жазалау туралы конвенцияда, Бала құқықтары туралы конвенцияда және адам құқықтары жөніндегі басқа да негізгі құжаттарда бекітілген адам құқықтары саласындағы халықаралық стандарттарды сақтауға өздерінің бейілділігін растай отырып,
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі кеңестің Хельсинки Қорытынды актісінен, Мадрид, Вена және Хельсинки қорытынды құжаттарынан, ЕҚЫК-нің адам өлшемі жөніндегі Копенгаген және Мәскеу кеңестерінің құжаттарынан, Мәдени мұра жөніндегі Краков симпозиумының құжатынан, сондай-ақ Жаңа Еуропаға арналған Париж хартиясынан туындайтын міндеттемелерін ескере отырып,
ұлттық азшылықтарға жататын адамдардың құқықтары жалпыға танылған адам құқықтарының ажырамас бөлігі болып табылатынын негізге ала отырып,
әрбір Уағдаласушы Тараптың аумағында ұлттық азшылықтарға жататын адамдар тұратынын назарға ала отырып,
аталған азшылықтар өздері өмір сүрген және өмір сүріп жатқан қоғамның ажырамас бөлігі болып табылатынын және оны өз еңбегімен, өзіндік ерекшелігімен және мәдениетімен байытатынын мойындай отырып,
ұлттық азшылықтарға жататын адамдардың құқықтарын көтермелеу және қорғау олар тұратын мемлекеттердің саяси және әлеуметтік тұрақтылығына ықпал ететінін есепке ала отырып,
сондай-ақ ұлттық азшылықтардың құқықтарын қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қабылдау және осы мақсатта, оның ішінде екіжақты келісімдер шеңберінде ынтымақтастықтың тиісті тетіктерін құру қажеттігін мойындай отырып,
ТӨМЕНДЕГІЛЕР ТУРАЛЫ КЕЛІСТІ:
1-бап
Осы Конвенцияның мақсаттары үшін ұлттық азшылықтарға жататын адамдар деп Уағдаласушы Тараптардың бірінің аумағында тұрақты тұратын және оның азаматтығына ие, этникалық шығу тегі, тілі, мәдениеті, діні немесе дәстүрлері бойынша осы Уағдаласушы Тараптың негізгі халқынан ерекшеленетін адамдар түсініледі.
2-бап
Уағдаласушы Тараптар ұлттық азшылыққа жату мүдделі адамның жеке таңдауының мәселесі болып табылатынын растайды және мұндай таңдау аталған адам үшін қандай да бір қолайсыз салдарға әкеп соқпайтынына кепілдік береді.
3-бап
Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы ұлттық азшылықтарға жататын адамдарға адам құқықтары саласындағы жалпыға танылған халықаралық стандарттарға және өзінің заңнамасына сәйкес азаматтық, саяси, әлеуметтік, экономикалық, мәдени құқықтар мен бостандықтарға кепілдік береді.
Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы өз аумағында азаматтарды олардың ұлттық азшылыққа жату белгісі бойынша қандай да бір кемсітуге жол бермеу үшін шаралар қабылдайды.
Уағдаласушы Тараптар ұлттық азшылықтарға жататын адамдардың құқықтарын құрметтеу олардың өздері тұратын мемлекеттің алдындағы міндеттерін орындауын көздейтінін растайды.
4-бап
Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы ұлттық азшылықтарға жататын адамдардың өздерінің этникалық, тілдік, мәдени немесе діни өзіндік ерекшелігін жеке немесе өз тобының мүшелерімен бірлесіп кедергісіз білдіру, сақтау және дамыту құқығын таниды.
Уағдаласушы Тараптар өз саясатында ұлттық азшылықтардың заңды мүдделерін ескеруге және олардың этникалық, тілдік, мәдени және діни өзіндік ерекшелігін сақтау мен дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында қажетті шаралар қабылдауға міндеттенеді. Мұндай шаралар бүкіл қоғамның мүдделеріне қызмет етеді және Уағдаласушы Тараптардың басқа азаматтарының құқықтарына нұқсан келтірмеуге тиіс.
5-бап
Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы ұлттық азшылықтарға жататын адамдардың қоғамдық және мемлекеттік өмірге, әсіресе олардың мүдделерін қорғауға қатысты мәселелерді өңірлік деңгейде шешуге қатысу құқығын қамтамасыз етуге міндеттенеді.
Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы ұлттық азшылықтарға жататын адамдардың этникалық, тілдік, мәдени және діни өзіндік ерекшелігін сақтау және дамыту мақсатында ұлттық заңнамаға сәйкес ағартушылық, мәдени және діни сипаттағы әртүрлі ұйымдар (қауымдастықтар, жерлестер бірлестіктері және т.б.) құру құқығын таниды.
Аталған ұйымдар басқа да осындай ұйымдарға берілетін құқықтармен бірдей құқықтарға ие болады, атап айтқанда, қоғамдық ғимараттарды, радио хабарларын таратуды, теледидарды, баспасөзді және басқа да бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалану бөлігінде.
6-бап
Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы ұлттық азшылықтарға жататын адамдардың өзара байланыстарды тұратын мемлекетінің аумағында кедергісіз қолдау құқығын, сондай-ақ оларды ортақ этникалық шығу тегі, мәдениеті, тілі немесе діни наным-сенімдері байланыстыратын мемлекеттердің азаматтарымен және ұйымдарымен байланыстарды сақтау және қолдау құқығын таниды. Мұндай байланыстар мен қарым-қатынастар Уағдаласушы Тараптардың ұлттық заңнамасына қайшы келмеуге тиіс.
Уағдаласушы Тараптар өз аумақтарында басқа Уағдаласушы Тараптардың ақпараттық-мәдени орталықтарының қызметіне жәрдемдесетін болады.
7-бап
Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы ұлттық азшылықтарға жататын адамдардың өз есімдері мен тектерін, оның ішінде ресми құжаттарда, өз ана тілінде қабылданған тәртіппен пайдалану құқығын, сондай-ақ ана тілін жазбаша да, ауызша да кедергісіз пайдалану, осы тілдегі ақпаратқа қол жеткізу, мұндай ақпаратты тарату және онымен алмасу, оның ішінде ана тілінде бұқаралық ақпарат құралдарын құру құқығын таниды.
Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы ұлттық заңнамаға сәйкес мүмкін болған және қажетті жағдайларда ұлттық азшылықтардың тілін ресми билік органдарымен қарым-қатынас жасау кезінде пайдалану үшін жағдайлар жасайды.
8-бап
Уағдаласушы Тараптардың әрқайсысы ұлттық азшылықтарға жататын адамдардың өз дініне сәйкес жеке немесе өз тобының мүшелерімен бірлесіп дін ұстану және діни рәсімдерді орындау, ғибадат ғимараттарын ұстау, діни ғибадат жасауға қажетті заттарды сатып алу және пайдалану, сондай-ақ ана тілінде діни ағартушылық қызмет жүргізу құқығын таниды. Мұндай қызмет ұлттық заңнамаға қайшы келмеуге тиіс.
9-бап
Осы Конвенцияның 5-бабында аталған ағартушылық, мәдени және діни сипаттағы ұйымдар ерікті ақшалай және өзге де жарналар есебінен қаржыландырылуы, сондай-ақ орналасқан мемлекетінің заңнамасына сәйкес сол мемлекеттен көмек алуы мүмкін. Олар сондай-ақ орналасқан мемлекетінің заңнамасында белгіленген талаптарды сақтаған жағдайда басқа Уағдаласушы Тараптардың мемлекеттік және қоғамдық ұйымдарынан көмек ала алады.
10-бап
Ұлттық азшылықтардың этникалық, тілдік, мәдени және діни өзіндік ерекшелігін сақтауға жәрдемдесу мақсатында Уағдаласушы Тараптар, атап айтқанда:
а) әрбір Уағдаласушы Тараптың заңнамасына сәйкес мемлекеттік тілді оқып-үйрену қажеттігін мойындай отырып, қолда бар қажеттіліктерді ескере отырып, ұлттық азшылықтардың ана тілін оқып-үйренуі және ана тілінде білім алуы үшін тиісті жағдайлар жасайды, оның ішінде осы Конвенцияның 9-бабында көзделген әртүрлі көздерден қаржыландырылатын әртүрлі деңгейдегі білім беру мекемелері мен олардың бөлімшелерін ашу және қолдау;
б) Уағдаласушы Тараптардың білім беру мәселелерін жүргізетін мемлекеттік органдары арасындағы ынтымақтастыққа жәрдемдеседі, ұлттық азшылықтардың тілдерінде оқытылатын білім беру мекемелері мен олардың бөлімшелерін осы тілдердегі бағдарламалармен, оқу құралдарымен және оқу әдебиетімен қамтамасыз ету, осы білім беру мекемелері мен бөлімшелерінде жұмыс істеу үшін мамандар даярлауға жәрдем көрсету мақсатында;
в) ұлттық азшылықтардың мәдени мұрасын сақтау және зерделеу жөнінде шаралар қабылдайды, оның ішінде олардың тарихы мен мәдениетінің ескерткіштерін қорғауды қамтамасыз етеді;
г) оқу орындары мен ағартушылық ұйымдарда мемлекеттің тарихы мен мәдениетін зерделеу кезінде ұлттық азшылықтардың тарихы мен мәдениетін ескереді;
д) ұлттық кәсіпшіліктерді сақтауға және дамытуға жәрдемдеседі.
11-бап
Уағдаласушы Тараптар ұлттық азшылықтардың құқықтарын екіжақты, өңірлік және әмбебап деңгейлерде кодификациялау процесіне жәрдемдеседі және осы мақсатта Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі кеңес шеңберінде осыған бағытталған күш-жігерді қолдайды.
Уағдаласушы Тараптар халықаралық ұйымдардың ұлттық азшылықтардың құқықтарын қорғау саласындағы құқықшығармашылық қызметінің тәжірибесін пайдаланады.
12-бап
Уағдаласушы Тараптардың осы Конвенциядан туындайтын міндеттемелерінің ешқайсысы егемендік теңдігін, аумақтық тұтастықты және мемлекеттердің саяси тәуелсіздігін құрметтеу қағидаттарын қоса алғанда, халықаралық құқықтың жалпыға танылған қағидаттары мен нормаларына қайшы келетін қандай да бір қызметтің немесе әрекеттердің негізі ретінде түсіндірілуі мүмкін емес.
Осы Конвенцияда баяндалған құқықтарды жүзеге асыру кезінде ұлттық азшылықтарға жататын адамдар тұратын мемлекетінің заңнамасын сақтауға, сондай-ақ басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуге тиіс.
13-бап
Осы Конвенцияның орындалуын бақылау Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Жарғысының 33-бабына сәйкес құрылған Адам құқықтары жөніндегі комиссияға жүктеледі.
14-бап
Осы Конвенция оған күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің орындалғанын растайтын үшінші хабарламаның депозитарийге тапсырылған күнінен бастап күшіне енеді.
Басқа Уағдаласушы Тараптар үшін осы Конвенция осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген мемлекетішілік рәсімдердің орындалғаны туралы хабарламаны депозитарий алған күннен бастап күшіне енеді.
Осы Конвенцияның депозитарийі Беларусь Республикасы болып табылады.
15-бап
Осы Конвенция күшіне енгеннен кейін оның мақсаттары мен қағидаттарын бөлісетін басқа мемлекеттер оған осы Конвенцияның 14-бабының бірінші бөлігінде көрсетілген мемлекетішілік рәсімдердің орындалғанын растайтын хабарламаны депозитарийге тапсыру арқылы қосыла алады. Депозитарийдің аталған хабарламаны алған күні осы мемлекет үшін Конвенцияның күшіне ену күні болып табылады.
16-бап
Уағдаласушы Тараптардың кез келгені депозитарийге шығу күнінен кемінде 6 ай бұрын жазбаша хабарлама жіберу арқылы осы Конвенциядан шығатыны туралы мәлімдей алады.
Мәскеу қаласында 1994 жылғы 21 қазанда орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды. Түпнұсқа дана Беларусь Республикасы Үкіметінің Архивінде сақталады, ол осы Конвенцияға қол қойған әрбір мемлекетке оның куәландырылған көшірмесін жібереді.
Әзербайжан Республикасы атынан
* (ескертпелермен **) __________ қолы*
Армения Республикасы атынан __________ қолы
Беларусь Республикасы атынан __________ қолы
Грузия Республикасы атынан __________ қолы
Қазақстан Республикасы атынан __________ қолы
Қырғыз Республикасы атынан __________ қолы
Молдова Республикасы атынан __________ қолы
Ресей Федерациясы (РКФСР) атынан __________ қолы
Тәжікстан Республикасы атынан __________ қолы
Украина атынан
* (ескертпемен *) __________ қолы*
* Украинаның ескертпесі:
"Украина заңнамасын ескере отырып".
** Әзербайжан Республикасының ескертпелері:
"Әзербайжан Республикасы «Ұлттық азшылықтарға жататын адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету туралы» Конвенцияға Әзербайжан Республикасының Конституциясы мен ұлттық заңнамасына қайшы келмейтін көлемде және шектерде қатысады".
"Әзербайжан Республикасы ұлттық азшылықтарға жататын адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету туралы Конвенцияның 13-бабының ережелерін өзі үшін заңдық тұрғыдан міндетті деп есептемейді".
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік консультация Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер даулар Қорғау Арбитраждық Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Қағидалар Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсіндірме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Қағидалар Жолдаулар