Қызметтер үшін төлем тек компанияның шотына төленеді. Сізге ыңғайлы болу үшін біз Kaspi RED / CREDIT /БӨЛІП ТӨЛЕУДІ іске қостық 😎

Басты бет / Кейстер / Заңды тұлғалардың банкроттығы туралы азаматтық істер

Заңды тұлғалардың банкроттығы туралы азаматтық істер

Заңды тұлғалардың банкроттығы туралы азаматтық істер

Заңды тұлғалардың банкроттығы туралы азаматтық істер

              Банкроттық – борышкердiң сот шешiмiмен танылған, оны таратуға негiз болып табылатын дәрменсiздiгi.

«Оңалту және банкроттық туралы» Заңның (әрі қарай - Заң) 4-бабына сәйкес, банкроттық борышкердiң сотқа берген өтiнiшi негiзiнде ерікті түрде банкроттық кредиторлардың немесе осы Заңмен уәкілеттік берiлген өзге де тұлғалардың сотқа берген өтiнiшi негiзiнде мәжбүрлі түрде белгiленедi.

Борышкердiң төлем қабілетін қалпына келтiру мүмкiндiгi болмаған кездегі төлем қабiлетсiздiгi өзiн банкрот деп тану туралы өтiнiшпен сотқа жүгiнуiне негiз болып табылады.

Бұл ретте Заңның 11-бабы 2-тармағына сәйкес, борышкер өзін банкрот деп тану туралы сотқа жүгінуге міндетті егер:

- оның мүлкінің меншік иесі, ол уәкілеттік берген орган, заңды тұлғаның құрылтайшылық құжаттармен осыған уәкілеттік берілген органы оны тарату туралы шешім қабылдаған, ал мүлкінің құны кредиторлардың талаптарын толық көлемде қанағаттандыру үшін жеткіліксіз болған жағдайда;

- егер бір кредитордың немесе бірнеше кредитордың талаптарын қанағаттандыру оның басқа кредиторлар алдындағы ақшалай міндеттемелерін толық көлемде орындаудың мүмкін болмауына әкелсе;

 - борышкер төлем қабілетсіздігінің басталғаны туралы білген немесе білуге тиіс болған кезден бастап алты ай ішінде өзін банкрот деп танығанда.

Кредитордық борышкердi банкрот деп тану туралы өтінішпен сотқа жүгiнуi үшін негiз болып борышкердiң төлем қабiлетсiздiгi табылады, яғни Заңның 5-бабының 1-бөлігінде шарттары көрсетілген.

Борышкерді банкрот деп тану ісінің соттылығы

              Заңның 3-бабы 2-бөліміне және ҚР АІЖК 313-бабына сәйкес, сот дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың банкроттығы туралы iстердi Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасында белгіленген ерекшеліктермен азаматтық сот iсiн жүргiзудiң жалпы қағидалары бойынша қарайды. Сотта банкроттық туралы іс бойынша іс жүргізу Заңның 5-бабында көзделген негіздер болған кезде – борышкердiң, кредитордың (кредиторлардың), Заңның 47-бабында көзделген жағдайларда – прокурордың, Заңның 82-бабында көзделген жағдайда – оңалтуды басқарушының өтiнiшi негiзiнде қозғалады.

Салықтарға және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерге қатысты мемлекеттік кіріс органы және өзге де уәкілетті мемлекеттік орган, сондай-ақ азаматтық-құқықтық және өзге де міндеттемелер бойынша кредитор — жеке және заңды тұлғалар борышкерді банкрот деп тану туралы кредитордың өтінішін сотқа беру құқығына ие болады.

Сот борышкердi банкрот деп тану туралы өтiнiштi іс жүргiзуге қабылдау туралы ұйғарым шығарған кезден бастап банкроттық туралы iс бойынша iс жүргiзу қозғалды деп есептеледі.

Бұл ретте, борышкер, оңалтуды басқарушы берген банкрот деп тану туралы өтiнiш соттың тиiстi шешiмiнсiз қайтарып алынбайды.

Заңның 82-бабында (Оңалту рәсiмiн тоқтату) көзделген негіздер бойынша өтiнiш берiлген жағдайларды қоспағанда, кредитордың (кредиторлардың), прокурордың өтiнiштерін олар борышкердi банкрот деп тану туралы шешiм қабылданғанға дейiн қайтарып алуы мүмкiн.

Заңның 44-бабына сәйкес, банкроттық туралы iс азаматтық-құқықтық және өзге де мiндеттемелер бойынша кредитордың (кредиторлардың) өтiнiшi негiзiнде қозғалуы мүмкiн.

Біздің ойымызша, Заңның 44-бабының түсінігі бойынша (банкроттық туралы іс заңды және жеке тұлғалардың өтінішімен қозғалуы мүмкін ) Заңның 3 бабының 2 бөлімі (банкроттық туралы iстердi сот осы Заңда белгiленген ерекшелiктерімен азаматтық сот iсiн жүргiзудiң жалпы қағидалары бойынша қарайды.)

ҚР АІЖК 313-бабы (Сот дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың банкроттығы туралы iстердi Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасында белгіленген ерекшеліктермен осы Кодексте көзделген жалпы қағидалар бойынша қарайды) банкроттық туралы істер олардың түрлеріне қарай мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттармен қарастырылуы тиіс.

Қызылорда облыстық соттарының қорытуларында ҚР АІЖК 30-бабына сәйкес қарастырылған істердің осы категориялары тек мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттардың соттылығына жататындығы көрсетілген).

Қазақстан Республикасының «Оңалту және банкроттық туралы» Заңының талаптарына сәйкес заңды тұлғаның банкроттығы туралы өтінішті борышкер мен қоса кредитор да беруі мүмкін.

Заңның 41-бабына сәйкес, борышкердiң өтiнiшi сотқа жазбаша нысанда берiледi, борышкер – заңды тұлғаның басшысы не құрылтайшылық құжаттарына сәйкес оны ауыстыратын адам қол қояды және онда өтiнiш берiлетiн соттың атауын;

кредиторлар талаптарын қанағаттандырудың мүмкiн еместiгiнiң негiздемесiн; онда бар мүлiк, оның iшiнде кепiл ауыртпалығы салынған, мүліктік жалдаудағы (жалға алудағы) және (немесе) лизингідегі мүлiк, банктік шоттардағы ақша, шоттардың нөмiрлерi және банктердiң орналасқан жерi туралы мәлiметтердi, орналасқан жерлерi мен берешек сомалары көрсетiлген дебиторлар тiзбесiн;

орындалу мерзiмi басталмаған мiндеттемелерi туралы мәлiметтердi;

қызметiнiң табиғи монополия саласына қатысы туралы немесе осы борышкердiң тауар нарығында үстем (монополиялық) жағдайға ие нарық субъектiсi болып табылатыны туралы ақпараты;

қоса берiлетiн құжаттар тiзбесi болуы тиiс.

Борышкер сотқа өтініш берумен бір мезгілде уәкiлеттi органға өтiнiштiң және оған қоса берiлетiн құжаттардың көшiрмелерiн жiберуге мiндеттi.

Борышкердің оның банкроттығын тануға берілген өтініші жоғарыда айтылған талаптарға сай болмаса кері қайтарылады.

Заңның 44-бабына сәйкес, кредитордың (кредиторлардың) өтiнiшiнде өтiнiш берiлiп отырған соттың атауы;

борышкер дара кәсiпкердiң тегi, аты, әкесiнiң аты (ол болған кезде), тұрғылықты жерi немесе борышкер заңды тұлғаның атауы, орналасқан жерi;

кредитор (кредиторлар) жеке тұлғаның тегi, аты, әкесiнiң аты (ол болған кезде), тұрғылықты жерi немесе кредитор (кредиторлар) заңды тұлғаның атауы, орналасқан жерi;

борышкердiң кредитор (кредиторлар) алдындағы оның талабы туындаған мiндеттемесi, бұл мiндеттеменiң орындалу мерзiмi;

осы кредитордың (кредиторлардың) борышкерге қойған талаптарының мәнi мен сомасы;

мiндеттеме бойынша берешектің және осы сомаға есептелген сыйақының (мүдденің), борышкерден өндiрiп алуға жататын тұрақсыздық айыбының (айыппұлдың, өсiмпұлдың) және залалдың сомасы; кредитор (кредиторлар) талаптарының белгiленген құқықтық негiздерi (сот шешiмi, бұл талаптарды борышкердiң тануы, ал олар болмаған кезде – кредитор (кредиторлар) талаптарының негiздiлiгiн және олардың сомаларын растайтын дәлелдемелер);

борышкердегі мүлiк туралы кредиторға (кредиторларға) белгiлi мәлiметтер; жоқ борышкерді банкрот деп тану туралы өтініш берілген кезде борышкердің жоқ екендігі туралы ақпарат; қоса берілетiн құжаттар тiзбесi;

борышкерге талаптар қойып жүгінуінің дәлелі; егер банкроттық немесе оңалту туралы iстi қарау үшiн қажет болса, өзге де мәлiметтер көрсетiлуге тиiс.

Кредитор (кредиторлар) сотқа өтініш берумен бір мезгілде 9 өтiнiштiң және оған қоса берілетiн құжаттардың көшiрмелерiн борышкерге, уәкiлеттi органға жiберуге мiндеттi.

Сот кредитордың (кредиторлардың) Заңның 44-бабының 2 және 3- тармақтарында көзделген талаптарға сай келмейтiн, сондай-ақ қажеттi құжаттар қоса тiркелмей берiлген өтiнiшiн қарамастан қайтарады.

Мәселен, 13.01.2014ж. Алматы қ-сы, Медеу ауданының сотының ұйғарымы бойынша И.В.Сажиннің «ImperialXXI» ЖШС-н банкроттығын тануға берілген өтініші «Банкроттық туралы» Заңнын 22 -бабының 2- тармағына сәйкес келмегендіктен қайтарылған, себебі онда борышкерге талаптар қойып жүгінуінің дәлелі (8),10 тармақтар)) ретінде кредиторға белгілі борышкердегі мүлiк туралы мәлiметтері көрсетілмеген.

Сонымен қатар, Заңнын 23 бабына сүйене отырып өтінішпен бірге белгіленген тәртіппен және мөлшерде мемлекеттік баж төленгенін растайтын құжат, борышкерге және уәкiлеттi органға өтініш көшiрмелерiн және оған қоса берілетiн құжаттары жiберіледi ( 1 және 2 тармақтар)).

Салық кодексінің 535-бабының 1-тарм.13) тармақшасына сәйкес, заңды тұлғалардың банкрот беп тануға берілген өтініші бойынша 500 пайыз көлемінде мемелекеттік баж алынады, демек өтініш берушінің мемлекеттік бажды 8655 тенге көлемінде ғана төлегенін қоса берілген мемлекеттік бажды төлеу түбіртегінен көруге болады.

Сот «Банкроттық туралы» Заңнын 22-бабының 5-тармағына сәйкес, кредитордың өтінішін, осы баптың 2 және 3 тармақтарында қарастырылған талаптарына сәйкес келмегендігінен, сонымен қатар қажетті қосымша құжаттардың болмауынан қараусыз қалдырады.

Заңнын 1-бабының 6) және 7) тармақшаларына сәйкес, банкротқа ұшырау борышкердің таратылуына негіз болатын оның төлем қабілетсіздігінің болуы сот шешімі арқылы танылған.

Банкроттық рәсім - Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгіленген тәртіппен банкрот мүлікті есебінен кредиторлардың талаптарын қанағаттандыру мақсатында жүзеге асырылатын рәсім.

Сотта банкроттық туралы іс бойынша іс жүргізу осы Заңның 5-бабында көзделген негіздер болған кезде – борышкердiң, кредитордың (кредиторлардың) өтініштері бойынша қозғалады, және борышкердi банкрот деп тану туралы өтiнiштi іс жүргiзуге қабылдау туралы ұйғарым шығарған кезден бастап банкроттық туралы iс бойынша iс жүргiзу қозғалды деп есептеледі.

Сонымен қатар Заң өтініштің мазмұны мен нысанына белгілі бір мән береді, яғни Заңнын 43- бабына сәйкес банкрот деп тану туралы өтiнiшпен сотқа жүгiнуі Заңның 41 және 42-баптарында көзделген талаптарға сәйкес келмейтiндіктен өтiнiштiң қаралмай қайтарылуына негiз болып табылады.

Борышкердi банкрот деп тану туралы өтiнiштi ала отырып, сот өтiнiш келiп түскеннен кейiн бес жұмыс күнiнен кешiктiрмей, іс жүргізу туралы ұйғарым шығарылып, соттың iс қозғау туралы ұйғарымының көшiрмелерiн сот борышкерге, өтiнiш берушiге, уәкiлеттi органға, мүлiкке құқықтарды тiркеудi жүзеге асыратын мемлекеттiк және өзге де органдарға, жеке сот орындаушыларының өңiрлiк палатасына және борышкердiң орналасңан жерi бойынша аумақтық әділет органына жiбередi.

Банкроттық туралы істі сот талқылауына дайындау туралы ұйғарымның көшірмелерін уәкілетті органға, борышкерге, кредиторларға, прокурорға және іске қатысатын өзге де адамдарға жіберіледі.

ҚР АК 52-53 баптары бойынша банкроттық - борышкердiң соттың шешiмiмен танылған оны таратуға негiз болып табылатын дәрменсiздiгi; борышкердiң - жеке кәсiпкердiң немесе заңды тұлғаның ақшалай мiндеттемелер бойынша несие берушiлердiң талаптарын толық көлемде қанағаттандыра алмауы, еңбек шарты бойынша жұмыс iстейтiн адамдармен еңбегiне ақы төлеу жөнiнде есеп айырыса алмауы, салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдарды, сондай-ақ мiндеттi зейнетақы жарналарын және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеуді қамтамасыз ете алмайтын қабiлетсiздiгi сот белгілеген оның дәрменсiздiгi деп түсiнiледi; банкроттық ерiктi түрде немесе мәжбүр ету тәртiбiмен танылуы мүмкiн; мәжбүр ету тәртiбiмен банкрот деп тану несие берушiнiң сотқа өтiнiш беруi негiзiнде жүзеге асырылады деп көрсетілген.

Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 31 қаңтардағы «Жеке кәсiпкерлiк туралы» Заңның 28-бабының 1-тармағына сәйкес, жеке кәсiпкерлiк субъектiсi борышкердің немесе кредитордың, ал Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда өзге де адамдардың сотқа өтiнiшi негiзiнде сот шешiмiмен банкрот деп танылады.

Заңның 36-бабына сәйкес, соттың борышкердi банкрот деп тану және конкурстық iс жүргiзудi қозғау туралы шешiмi мынадай жағдайларда:

1) iс 15 қозғалған кезден бастап екi айдан аспайтын мерзiмде соттың iстi қарауы барысында борышкер өзiнiң қабiлеттiлiгiн дәлелдей алмағанда;

2) iс қозғалған кезден бастап отыз күннен аспайтын мерзiмде, оның дәрменсіздігін растайтын құжаттарды қоса борышкердiң өз жауабында дәрменсiздiгiн мойындағанда;

3) iс қозғалған кезден бастап он күннен аспайтын мерзiмде, оның дәрменсіздігін растайтын құжаттарды қоса борышкер өзiн банкрот деп тану туралы арыз бергенде шығарылады.

2000 жылғы 28 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Қазақстан Республикасы соттарының банкроттық туралы заңды қолданудың кейбiр мәселелерi туралы» нормативтік қаулысының 15-тармағына сәйкес, іс қозғалған кезден бастап 30 күн мерзiмнен кешiктiрмей, борышкердiң дәрменсiздiгiн тану туралы жауабы немесе борышкердiң банкроттық туралы iс қозғалған кезден бастап 10 күн мерзiм iшiнде өзiн банкрот деп тану туралы өтiнiшi "Банкроттық туралы" Заңының 36-бабының 1-2), 1-3) тармақтарына сәйкес борышкердi банкрот деп тануға негiз болып табылады. Борышкердiң мойындау жауабы немесе өтiнiшi түскен жағдайда, соттар жауапқа немесе өтiнiшке қол қойған адамның өкiлеттерiн мiндеттi түрде тексеруi тиiс.

Соттың, борышкердiң өзiнiң дәрменсiздiгiн мойындауына негiзделген оны банкрот деп тану туралы шешiмi борышкердiң қаржы жағдайы туралы мәліметтердi, сондай-ақ борышкердiң дәрмендiлiгiне мәнiсi бойынша берiлген негiзделген бағаны қамтуы тиiс.

Заңның 4-бабының 3-тармағына сәйкес, осы Заңда белгiленген жағдайларда борышкер өзiн банкрот деп тану туралы өтiнiшпен сотқа жүгінуге мiндеттi. Заңның 5-бабының 2-тармағына сәйкес, борышкердiң төлем қабілетін қалпына келтiру мүмкiндiгi болмаған кездегі төлем қабiлетсiздiгi өзiн банкрот деп тану туралы өтiнiшпен сотқа жүгiнуiне негiз болып табылады.

Өзiн банкрот деп тану туралы борышкер өтiнiшiнiң нысаны мен мазмұны Заңның 41-бабында көрсетiлген, ал оған қоса берiлетiн құжаттар – 42-бапта.

Борышкердiң банкрот деп тану туралы, осы Заңның 41 және 42- баптарында көзделген талаптарға сәйкес келмейтiн өтiнiшпен сотқа жүгiнуi өтiнiштiң қаралмай қайтарылуына негiз болып табылады.

Борышкер үшiн банкрот деп тану туралы өтiнiшпен сотқа жүгiну мiндеттi болып табылған және қажеттi құжаттар өтiнiшке қоса берілмеген жағдайларда, мұндай өтiнiштi сот iс жүргiзуге қабылдайды, ал жеткiлiксiз құжаттарды сот талқылауына iстi дайындау тәртiбiмен сот сұратып алады.

Заңның 48-бабының 3-тармағына сәйкес, сот iс қозғау туралы ұйғарым шығарылған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде уәкілетті органның интернет-ресурсында ұйғарымды шығару күніне олар туралы мәліметтер орналастырылған, уәкілетті органда тіркелген тұлғалар қатарынан уақытша басқарушыны тағайындау туралы ұйғарым шығарады.

Уақытша басқарушы борышкердің қаржылық жағдайы туралы мәліметтерді жинауды жүзеге асыру нәтижелері бойынша талдамалық сипаттағы қорытынды жасайды, істі қарастырған кезде борышкердің дәрменді немесе дәрменсіз қабілеттілігіне бірден бір дәлел болып табылады.

Банкроттық туралы істі қараудағы соттық практикасының талдауы жоғарыда көрсетілген Заңның ереже талаптарын бұзуына соттар жол бермейді, уақытша басқарушы қорытындысы борышкердің дәрменділігіне дәлел ретінде талданады.

Заңның 57-бабына сәйкес Уақытша басқарушының борышкерді банкрот деп тану туралы өтініште көрсетілген мекенжай бойынша борышкердің жоқ екендігі және есебінен банкроттық рәсімін жүзеге асыру мүмкін болатын мүлкінің (активтерінің) жоқ екендігі туралы қорытындысын ескере отырып, жоқ борышкерге қатысты сот уәкілетті органның келісімімен борышкердi банкрот деп тану және банкроттық рәсімін қозғамай оны тарату туралы шешiм шығарады.

Банкроттық рәсімін қозғамай жоқ борышкерді таратуды уәкілетті орган Заңның 118-бабында белгіленген тәртіппен жүргізеді.

Заңның 57-бабының 2-тармағына сәйкес жоқ борышкерді тарату рәсімін жүргізу уәкілетті органға жүктелген кезде әкімшінің (сотта істерді қарау және оңалту рәсімі мен банкроттық рәсімін жүргізу кезеңінде белгіленген тәртіппен тағайындалатын уақытша әкімші, оңалтуды, уақытша және банкроттықты басқарушылар - Заңның 1-бабы 3-тармақшасы) Заңда көзделген құқықтары мен міндеттері уәкілетті органға ауысады.

 Банкротта активтер, сондай-ақ Заңның 7-бабына сәйкес жарамсыз деп тануға жататын мәмілелер болмаған жағдайда, уәкілетті орган бір ай мерзімде кредиторлар жиналысына келісу үшін қорытынды есепті және тарату балансын ұсынуға, кредиторлар жиналысымен келіскен кезден бастап екі жұмыс күні ішінде сотқа бекіту үшін қорытынды есеп пен тарату балансын ұсынуға, сот қорытынды есепті бекіткеннен кейін үш жұмыс күні ішінде банкроттың банктік шоттарын жабуға және салық төлеуші куәлігінің және қосылған құн салығы бойынша есепке қою туралы куәліктің бланкілерін (олар болған жағдайда) мемлекеттік кіріс органына тапсыруға міндетті.

Борышкерді таратуды жүргізу барысында мүлік массасы және (немесе) бұдан бұрын шығарылған мүлікті мүліктік массасына қайтару анықталған кезде уәкілетті орган жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша банкроттық рәсімін қозғамастан, борышкерді банкрот деп тану туралы сот шешімін қайта қарау туралы сотқа жүгінуге міндетті. Банкроттық рәсімін қозғамастан борышкерді банкрот деп тану шешімін АІЖК 404-бабы 1) тармақшасы негізінде жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарауы мүмкін, солай болғанда борышкерді таратуды жүргізу барысында мүлік массасы және (немесе) бұдан бұрын шығарылған мүлікті мүліктік массасына қайтару кезінде өтініш берушіге белгілі болмаған және болмайды да, яғни іске елеулі мән жайлар болып табылады деп ойлаймыз.

              Заңның 47-бабына сәйкес, прокурор әдейі банкроттық белгiлерiн анықтағанда, кредитор – Қазақстан Республикасының, мемлекеттік органдардың мүдделерінде борышкерді банкрот деп тану туралы өтінішпен сотқа жүгінеді.

Алайда, Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде өзгеше көзделмесе немесе құқықтық қатынастардың мәнінен туындамаса, прокурордың өтінішi сотқа осы Заңда кредитордың өтiнiшiне қатысты көзделген талаптар сақтала отырып берiледi.

Бұл ереже АІЖ кодексінің 55-бабының 3- бөлігінің ережелеріне келіседі, яғни прокурор азаматтардың құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерiн, ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн, қоғамдық немесе мемлекеттiк мүдделердi қорғау туралы талап қойып, арыз беріп сотқа жүгінуге құқылы.

2014ж. ҚР БААТЖ мәліметтер базасының талдауынан, көрсетілген мерзімде сотқа заңды тұлғаларды банкрот деп тану өтініштерімен прокурорлар жүгінбеген.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2009 жылғы 12 қаңтардағы «Жалған кәсіпкерлік туралы заңнаманы қолданудың кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулының 23-тармағының мәні бойынша жалған кәсіпкерлік банкроттық негізінде таратылуына жатпайды.

Заңның 55-бабына сәйкес, сот банкроттық туралы iстi сот отырысында қарап, мынадай сот актiлерiнiң бiрiн: борышкердi банкрот деп тану және банкроттық рәсімін қозғай отырып, оны тарату туралы шешiм; борышкердi банкрот деп тану және банкроттық рәсімін қозғамастан, оны тарату туралы шешiм; борышкердi банкрот деп танудан бас тарту туралы шешiм қабылдауы мүмкін.

Кредитордың немесе прокурордың өтініші бойынша борышкерді банкрот деп тану және банкроттық рәсімін қозғай отырып, оны тарату туралы шешімді борышкердің төлем қабілетсіздігі және оны банкрот деп тануға негіздердің бар екендігі туралы уақытша басқарушының қорытындысын ескере отырып, сондай-ақ уақытша басқарушыға есепке алу құжаттамасына рұқсат берілмеген, бұл қорытынды жасауға кедергі болған жағдайда, сот шығарады.

Банкроттық туралы сот шешімдерінің мазмұны Заңның 56-58 бапбарында анықталған.

Сонымен қатар, соттың банкрот деп тану туралы шешімі ҚР АІЖК 217-221 баптарына және ҚР Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 11 маусымдағы №5 «Сот шешімі туралы» нормативтік қаулысына сәйкес болуы тиіс.

Заңның 85-бабына сәйкес, мыналар:банкроттық туралы істі қарайтын сот; уәкілетті орган; банкрот; банкрот мүлкiнің меншiк иесі, қатысушылар (құрылтайшылар); кредитор; уақытша және банкроттықты басқарушылар; басқа да мүдделі адамдар банкроттық рәсіміне қатысушылар болып табылады.

 Жоғарыда айтылғандар бойынша борышкерді банкрот деп тану ісінде міндетті түрде сот отырысында өтініш беруші, уәкілетті орган, уақытша басқарушы, яғни банкрот деп тану туралы талап өтінішіне қатысты тұлға қатысулары керек.

 Уақытша басқарушының, банкрот деп тану туралы талаптану өтінішіне қатысты тұлғаның қатысуынсыз істің қаралғаны соттың көрсетілген талаптарын бұзу болып табылады.

Борышкерді банкрот деп тану туралы азаматтық істердің соттылығы туралы мәселе Заңның 44-бабының ережелеріне сәйкес шешілуі тиіс. Оған сәйкес, заңды және жеке тұлғалардың өтініші бойынша банкроттық туралы іс қозғалуы мүмкін. Бұл ретте Заңның 3-бабының 2-бөлігі (сот банкроттық туралы істерді осы заңда бекітілген ерекшеліктерді ескере отырып, азаматтық сот өндірісінің жалпы ережелері бойынша қарайды) және ҚР Азаматтық істер жүргізу кодексінің 313 бабының (сот дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың банкроттығы, заңды тұлғаларды жеделдетілген оңалту рәсімі және оңалту туралы iстердi Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасында белгіленген ерекшеліктермен осы Кодексте көзделген жалпы қағидалар бойынша қарайды) ережелері ескерілуі тиіс.

Сот борышкерді дәрменсіз деп тану туралы мәселені объективті түрде және жан-жақты зерттеуі мақсатында уәкілетті орган, дәрменсіз борышкер, банкрот тұлға мүлкінің меншік иесі, несие беруші және уақытша басқарушы банкроттық туралы істі қарауға міндетті түрде қатысуы тиіс.

Соттың дәрменсіз борышкерді банкрот деп тану туралы шешімі ҚР «Оңалту және банкроттық туралы» заңының 55-58 баптарына, ҚР АІЖК 217- 221 баптарына және ҚР Жоғарғы Сотының 2003 жылғы 11 маусымдағы №5 «Сот шешімі туралы» нормативтік қаулысына сәйкес болуы тиіс.

Сот шешімінде борышкердің қаржылық дәрменсіздігі немесе қаржылық тұрақтылығын көрсететін дәйектер талдануы тиіс және осының негізінде сот дәрменсіз борышкерді банкрот деп тану туралы өтінішті қанағаттандыру немесе қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім шығаруы тиіс.

Заңды тұлғалардың банкроттық бойынша азаматтық істерін қараудағы қолданылатын заңнама.

Қазақстан Республикасының заңды тұлғалардың банкроттық туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негiзделедi және жеке шаруашылық субъектілерге қатысты қолданылатын процедураларының ерекшеліктерін белгілейтін Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінен, 2014 жылғы 7 наурыздағы № 176-V ҚРЗ «Оңалту және банкроттық туралы» Қазақстан Республикасының Заңы, 2000 жылғы 28 сәуірдегі №3 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысы (2002 жылғы 28 маусымындағы №14 және 2008 жылғы 22 желтоқсанындағы №11 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулыларына енгізілген өзгерістері мен толықтырулармен бірге) «Қазақстан Республикасы соттарының банкроттық туралы заңды қолданудың кейбiр мәселелерi туралы» өзге де заңдар мен нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.

2014 жылғы 7 наурыздағы «Оналту және банкроттық туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қолданысқа енгізілгенге дейін қозғалынған азаматтық істеріне қатысты Қазақстан Республикасының «Банкроттық туралы» Заңы әрекет етеді.

 Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта «Оңалту және банкроттық туралы» Заңда көзделгендегіден өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

«Оңалту және банкроттық туралы» Заң қазыналық кәсiпорындар мен мекемелерден, жинақтаушы зейнетақы қорларынан, банктерден, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарынан басқа, заңды тұлғаларды жеделдетiлген оңалту рәсімі және оңалту, дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың банкроттығы туралы iстерге қолданылады.

Сот банкті, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымын, жинақтаушы зейнетақы қорын банкрот деп тану туралы шешім қабылдаған жағдайда оларды тарату Қазақстан Республикасының банк заңнамасына, Қазақстан Республикасының сақтандыру және сақтандыру қызметі, сондай - ақ зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Банкроттық рәсiмдерiн мақта өңдеу ұйымдарына, астық қабылдау кәсіпорындарына, сондай-ақ табиғи монополия субъектiлерiне немесе тиісті тауар нарығында үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектiлерiне қатысты қолдану ерекшелiктерi Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленуi мүмкiн.

Осы Заң Қазақстан Республикасының жеке кәсіпкерлер туралы заңдарымен реттелмеген, яғни жеке кәсіпкерлердің банкроттылығына қолданылады.

Назар аударыңыз!

«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі, бұл құжаттың жалпылама екендігіне және нақты сіздің жағдайыңыздың талаптарына сәйкес келмеуі мүмкендігіне көңіл бөлуіңізді сұрайды.

Біздің заңгерлер сіздің нақты жағдайыңызға сәйкес келетін кез келген құқықтық құжатты әзірлеп көмектесуге дайын.

Қосымша ақпарат алу үшін Заңгер/Адвокат телефонына хабарласуыңызға болады: +7 (708) 971-78-58; +7 (700) 978 5755, +7 (700) 978 5085.

            Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы  Заң компаниясы

Құжатты жүктеп алу