207-бап. Күдіктінің іс-әрекетін саралауды, қылмыстық құқық бұзушылықты саралауды өзгерту немесе толықтыру ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi
Ескерту. 207-баптың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР 19.12.2020 № 384-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
1. Егер сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізу кезінде күдіктінің іс-әрекетін саралауды, қылмыстық құқық бұзушылықты саралауды өзгерту немесе толықтыру үшін негіздер туындаса, прокурор, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адам осы Кодекстің 204-бабының талаптарын сақтай отырып, күдікті адамға қатысты, ал егер күдікті адам анықталмаған болса – осы баптың 1-1-бөлігін сақтай отырып, прокурормен келісуге жататын тиісінше күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы жаңа қаулы не қылмыстық құқық бұзушылықты саралау туралы жаңа қаулы жасауға міндетті.
Күдіктінің іс-әрекетін саралауды өзгерту немесе толықтыру туралы қаулы күдіктіге осы Кодекстің 205, 206-баптарында белгіленген тәртіппен жарияланады.
Күдіктінің іс-әрекетін түпкілікті саралау және қылмыстық құқық бұзушылықты саралау соңғы қаулының шығарылған күні бойынша айқындалады.
1-1. Қылмыстық құқық бұзушылықты саралауды өзгерту немесе толықтыру туралы қаулыда: оның жасалған орны мен уақыты; қаулыны кімнің жасағаны; анықталмаған адам жасаған қылмыстық құқық бұзушылықтың жасалған уақыты мен орны, сондай-ақ осы Кодекстің 113-бабына сәйкес дәлелдеуге жататын өзге де мән-жайлар көрсетіле отырып, оның сипаттамасы; жасалған іс-әрекет сараланатын қылмыстық заң (бап, бөлік, тармақ) көрсетілуге тиіс.
2. Егер сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында жария етілген күдік қандай да бір бөлігінде расталмаса, тергеуші өзінің қаулысымен осы бөлікте қылмыстық қудалауды тоқтатады, бұл туралы қабылданған шешімнің көшірмесін табыс ете отырып, күдіктіні және процестің басқа да қатысушыларын хабардар етеді.
Ескерту. 207-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 19.12.2020 № 384-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы