122-бап. Дәлелдемелерді жинау ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi
1. Дәлелдемелерді жинау сотқа дейінгі тергеп-тексеру және сот талқылауы процесінде осы Кодексте көзделген процестік әрекеттерді жүргізу арқылы жүргізіледі. Дәлелдемелерді жинау оларды табуды, бекітуді және алып қоюды қамтиды.
2. Қылмыстық процесті жүргізетін орган процеске қатысушылардың өтінішхаттары немесе өз бастамасы бойынша өзінің іс жүргізуіндегі қылмыстық іс бойынша жауап алу немесе сарапшы немесе маман ретінде қорытынды беру үшін осы Кодексте белгіленген тәртіппен кез келген адамды шақыруға; осы Кодексте көзделген процестік іс-әрекеттерді жүргізуге; коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді берудің және жария етудің Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртібін сақтай отырып, жеке, заңды тұлғалардан және лауазымды адамдардан, сондай-ақ жедел-іздестіру немесе қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдардан іс үшін маңызы бар құжаттар мен нәрселерді беруді талап етуге; уәкілетті органдар мен лауазымды адамдардан ревизиялар мен тексерулер жүргізуді талап етуге құқылы. Қылмыстық қудалау органы кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне ревизиялар мен тексерулер жүргізудің талап етілетіні туралы бір тәулік ішінде прокурорды хабардар етеді. Сот өз бастамасымен дәлелдемелер жинауға құқылы емес.
3. Осы Кодексте белгіленген тәртіппен сотқа дейінгі тергеп-тексеруге немесе сот талқылауына қатысуға жіберілген қорғаушы, жәбірленушінің өкілі Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді жария етпеу туралы тәртіпті сақтай отырып, жәбірленушіні қорғауды, оның мүдделерін білдіруді жүзеге асыру үшін қажетті мәліметтерді:
1) заңды тұлғалардан, оның ішінде мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктерден анықтамаларды, мінездемелерді, өзге де құжаттарды талап етіп алуға құқылы. Көрсетілген тұлғалар қорғаушыға, жәбірленушінің өкіліне олар сұратқан құжаттарды немесе олардың расталған көшірмелерін он тәулік ішінде беруге міндетті.
Күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы мәселені қарау кезінде талап етіп алдырылатын анықтамалар, мінездемелер және өзге де құжаттар қорғаушыға жиырма төрт сағат ішінде ұсынылады;
2) осы Кодекстің 272-бабының бесінші, тоғызыншы және оныншы бөліктеріне сәйкес шарттық негізде сот сараптамасын жүргізуге бастамашылық жасау;
3) сот сараптамасы органына не осы Кодекстің 273-бабы бірінші бөлігінің 2) және 3) тармақтарында аталғандардың арасындағы адамға шарттық негізде сот сараптамасын жүргізу туралы сұрау салу жіберу;
4) шарттық негізде маман тарту арқылы, оның ішінде ғылыми-техникалық құралдарды пайдалана отырып алуға құқылы.
Маманды шарттық негізде тартқан кезде қорғаушы, жәбірленушінің өкілі оның осы Кодекстің 80-бабында көзделген құқықтары мен міндеттерін және Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 420 және 423-баптары бойынша қылмыстық жауаптылықты қолхат ресімдей отырып түсіндіреді.
Көрсетілген қолхат бір тәулік ішінде сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамға іс материалдарына қоса тіркеу үшін жіберіледі;
5) қылмыстық іске қатысты ақпаратты білуі ықтимал адамдардың келісуімен, оларға сұрау салу арқылы, оның ішінде ғылыми-техникалық құралдарды пайдалана отырып алуға құқылы.
4. Дәлелдемелер ретінде қылмыстық іске қосып тігу үшін ауызша да, жазбаша да, не электрондық құжат нысанындағы мәліметтерді, сондай-ақ нәрселер мен құжаттарды күдікті, айыпталушы, қорғаушы, жекеше айыптаушы, жәбірленуші, азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер және олардың өкілдері, сондай-ақ кез келген азаматтар мен ұйымдар беруге құқылы.
5. Осы баптың үшінші бөлігі 1) тармағының талаптарын орындамау заңда белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
Ескерту. 122-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 31.10.2015 № 378-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) ; 28.12.2016 № 36-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін екі ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 21.12.2017 № 118-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 09.06.2021 № 49-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы