303-бап. Прокурордың бұлтартпау шарасы туралы шешімі ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi
1. Осы Кодекстің 302-бабының бірінші бөлігінде санамаланған мәселелерді шешкен кезде прокурор күдіктіге қатысты бұрын таңдалған бұлтартпау шарасының күшін уәжді қаулымен жоюға немесе оны өзгертуге не, егер ондай қолданылмаған болса, бұлтартпау шарасын таңдауға құқылы.
2. Егер прокурор кепіл, күзетпен ұстау немесе үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасының күшін жою, оны өзгерту не таңдау не күдіктінің күзетпен ұсталу немесе үйқамақта болу мерзімін ұзарту қажет деп тапса, ол тиісінше осы Кодекстің 145, 146, 147, 152 және 153-баптарын басшылыққа алады.
Ескерту. 2-бөлік жаңа редакцияда – ҚР 27.12.2021 № 88-VII Заңымен (мынадай:
ішкі істер органдарының, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің және экономикалық тергеу қызметінің тергеушілері тергеп-тексеретін, оның ішінде басқа да қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы істермен біріктірілген аса ауыр қылмыстар туралы істерге қатысты 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап;
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 3-бабының 29) тармағында көзделген, оның ішінде басқа да қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы істермен біріктірілген сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы істерге қатысты 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін;
алдын ала тергеу нысанында аяқталған өзге де қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы істерге қатысты 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның сотқа дейінгі тергеп-тексерудің аяқталғаны туралы есепті жасауы, прокурордың айыптау актісін жасауы және прокурор айыптау актісін жасаған кезден бастап адамды айыпталушы деп тану бөлігінде).
Ескерту. 303-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.12.2017 № 118-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.12.2021 № 88-VII (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңдарымен.
Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы