541-бап. Кәмелетке толмағандарды ұстап алу және оларға бұлтартпау шараларын қолдану ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi
1. Кәмелетке толмаған адам осы Кодексте көзделген тәртіппен ұстап алынуы және оған бұлтартпау шарасы қолданылуы мүмкін. Қылмыстық теріс қылық, онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасауда күдік келтірілетін, айыпталатын кәмелетке толмағандарға күзетпен ұстау түрінде бұлтартпау шарасы қолданылмайды.
2. Ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасады деп күдік келтірілген, айыпталған кәмелетке толмаған адамға қатысты бұлтартпау шарасының түрін таңдаған кезде осы Кодекстің 138-бабында көрсетілген мән-жайлардан бөлек кәмелетке толмаған адамның өмір сүру және тәрбиелену жағдайларын, оның жасы мен зияткерлік, ерiк-жiгерлік және психикалық даму дәрежесiн, мінезі мен темпераментінің ерекшеліктерін, қажеттіліктері мен қызығушылығын, кәмелетке толмаған адамға ересек адамдар мен басқа кәмелетке толмағандардың ықпалын, кәмелетке толмаған адамда оның есі дұрыстығын жоққа шығармайтын психикасының бұзылуының бар-жоғын және кәмелетке толмаған адамның жеке басын объективті түрде сипаттайтын басқа да мән-жайларды ескеру қажет.
3. Кәмелетке толмаған адамға істе бар мән-жайлар бойынша басқа бұлтарпау шаралары қолданыла алмайтын жағдайларда, күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылады.
4. Өздеріне күзетпен ұстау түрінде бұлтартпау шарасы қолданылған кәмелетке толмағандар ересектерден бөлек ұсталады. Сотқа дейінгі іс жүргізу барысында кәмелетке толмағандарды күзетпен ұстау мерзімі осы Кодексте көзделген тәртіппен алты айдан асатын мерзімге ұзартыла алмайды.
5. Кәмелетке толмаған адамның ұстап алынғаны, оған күзетпен ұстау түрінде шара таңдалғаны немесе күзетпен ұстау мерзімінің ұзартылғаны туралы оның ата-анасы немесе оның басқа заңды өкілдері, ал олар болмаған кезде – жақын туыстары және (немесе) қорғаншылық және қамқоршылық органдар дереу хабардар етіледі.
Ескерту. 541-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 01.04.2019 № 240-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы