402-бап. Үкiмдi жариялау ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi
1. Төрағалық етуші үкімнің толық мәтініне қол қойғаннан кейін сот отырысы залына оралып, үкімді түрегеліп тұрып жариялайды. Сот отырысы залындағы қатысушылардың бәрі үкімді түрегеліп тұрып тыңдайды.
Егер үкім мәтінінің көлемі үлкен болса, төрағалық етуші оны жария ету кезінде қысқаша үзілістер жасап, содан соң үкімнің толық мәтінін жария етуді жалғастыруға не үкімнің кіріспе және қарар бөліктерін ғана жария етуге құқылы.
2. Егер үкім сотталушы (ақталушы) бiлмейтiн тiлде жазылса, онда аудармашы үкімнің жария етілу барысында оны сотталушының ана тiлiне немесе ол бiлетiн басқа тiлге iлеспе түрде дауыстап аударуға тиiс.
3. Төрағалық етушi сотталған (ақталған) адамға, процестiң басқа қатысушыларына үкiмге шағым жасау тәртібі мен мерзімін, сот отырысының хаттамасымен танысу және оған ескертулер жасау құқығын, сондай-ақ iстiң апелляциялық қаралуына қатысу туралы өтiнiшхат беру құқығын түсiндiредi. Ақталған адамға хабарлама табыс етілуге және оның заңсыз ұсталу, қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп айыпталу, бұлтартпау шараларын қолдану, сотқа заңсыз тартылу арқылы келтiрiлген зиянды өтеткізу құқығы, сондай-ақ оны жүзеге асыру тәртiбi түсiндiрілуге тиiс.
4. Алып тасталды – ҚР 29.12.2021 № 89-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
5. Егер сотталушыға пробациялық бақылау тағайындалып, оған үкім заңды күшіне енгеннен кейін он тәулік ішінде пробация қызметіне келу міндеті жүктелсе, сот оған осы міндетті орындамау салдарын түсіндіреді.
6. Егер сотталушы кепілгерлік белгіленуге байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылған болса, сот сотталушыға, сондай-ақ кепілгер болған адамға сотталушының кепілгерлік кезеңінде жаңа қылмыстық құқық бұзушылық жасауының салдарларын түсіндіреді.
Ескерту. 402-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 07.11.2014 № 248-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 29.12.2021 № 89-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы