55-бап. Белгілі бір қылмыстық құқық бұзушылық үшін көзделген жазадан гөрі неғұрлым жеңiл жаза тағайындау ҚР ҚК, Қылмыстық кодексi Қазақстан Республикасының
- Егер осы Кодекстің Ерекше бөлігініңадам кінәлі деп танылған бабында немесе бабының бір бөлігінде бас бостандығынан айырудан гөрі онша қатаң емес жазаның негізгі түрі көзделсе, адамды:
1) онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасағаны үшін соттау кезінде, қылмыспен келтірілген мүліктік залалды адам өз еркiмен өтеген, моральдық және өзге зиянды қалпына келтірген жағдайда;
2) осы Кодекстің 218, 248 және 249-баптарында көзделгендерді қоспағанда, экономикалық қызмет саласында қылмыс жасағаны үшін соттау кезінде, қылмыспен келтірілген мүліктік залалды адам өз еркімен өтеген жағдайда, бас бостандығынан айыру тағайындалмайды.
- Жасалған қылмыс белгісі ретінде көзделмеген жеңiлдететiн мән-жай болған және ауырлататын мән-жайлар болмаған кезде, жазаның негізгі түрінің мерзімін немесе мөлшерін осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнiңтиiстi бабында көзделген ең жоғары мерзімнің немесе мөлшердің:
1) қылмыстық теріс қылық, онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасаған кезде – жартысынан;
2) ауыр қылмыс жасаған кезде – үштен екiсiнен;
3) аса ауыр қылмыс жасаған кезде төрттен үшiнен асыруға болмайды.
- Жеделдетілген сотқа дейінгі тергеп-тексеру істері бойынша, сондай-ақ процестік келісімнің барлық шарттары орындалған істер бойынша жасалған қылмыстық құқық бұзушылық үшін жазаның негізгі түрінің мерзімін немесе мөлшерін осы Кодекстің Ерекше бөлімініңтиісті бабында көзделген ең жоғары мерзімнің немесе мөлшердің жартысынан асыруға болмайды. Айыптау үкімі бұйрықты іс жүргізу тәртібімен шығарылған істер бойынша айыппұл қылмыстық теріс қылық жасалған кезде – айлық есептік көрсеткіштің оннан жиырмаға дейінгі, онша ауыр емес қылмыс жасалған кезде айлық есептік көрсеткіштің елуден екі жүзге дейінгі мөлшерінде тағайындалады.
- Іс-әрекеттiң мақсаттары мен себептерiне, кінәлі адамның рөлiне, оның қылмыстық құқық бұзушылық жасау кезiндегi немесе одан кейiнгi мінез-құлқына байланысты ерекше мән-жайлар және іс-әрекеттiң қоғамға қауiптiлiгi дәрежесiн едәуiр азайтатын басқа да мән-жайлар болған кезде, сол сияқты топтық қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысушы топтың жасаған іс-әрекеттерін ашуға белсене жәрдемдескен кезде, осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнiңтиiстi бабында көзделген ең төменгi шектен төмен жаза тағайындалуы мүмкiн не соттың жазаның осы бапта көзделгеннен неғұрлым жеңiл түрiн тағайындауы не мiндеттi жаза ретiнде көзделген қосымша жаза түрiн қолданбауы мүмкiн.
- Жеңiлдететiн жекелеген мән-жайлар да, осындай мән-жайлардың жиынтығы да ерекше мән-жайлар деп танылуы мүмкiн.
- Осы баптың екінші немесе үшінші бөліктерінде көрсетілген мән-жайлар болған кезде, жаза осы Кодекстің Ерекше бөлігініңтиісті бабында көзделген төменгі шектен төмен тағайындалуы мүмкін.
- Қылмысқа дайындалғаны немесе оқталғаны үшін жаза тағайындалған жағдайларда, осы баптың екінші және үшінші бөліктерінде көрсетілген шектер осы Кодекстің 56-бабыныңережелері ескеріле отырып айқындалады.
- Осы баптың ережелері кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс жасаған адамдарға, мұндай қылмысты кәмелетке толмаған адам он төрттен он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмаған адамға қатысты жасаған жағдайды қоспағанда, қолданылмайды.
https://adilet.zan.kz/kaz/docs/K1400000226#z1
Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (коментарии), Жоғарғы Соттың
нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы