132-бап. Құрылыс объектілерін пайдалануға қабылдап алу және беру тәртібіне Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексі
қойылатын жалпы талаптар
1. Құрылыс объектілерін пайдалануға қабылдап алу осы Кодекспен және Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексімен реттеледі.
2. Тапсырыс беруші құрылыс объектісін пайдалануға қабылдап алу мен беруді бекітілген құрылыс жобасына сәйкес ол толық әзір болған және сәйкестік туралы декларациясы, құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасы туралы, орындалған жұмыстардың құрылыс жобасына сәйкестігі және құрылыс объектісінің өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі туралы қорытындылары болған кезде жүргізеді.
Құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасы туралы қорытынды облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауын жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органымен сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган айқындаған тәртіппен келісілуге тиіс.
Құрылыс объектісін пайдалануға қабылдап алудың белгіленген мерзімі өткеннен кейін құрылыс объектісін күтіп-ұстау шығыстарын тапсырыс беруші көтереді.
Бұл ретте құрылыс объектісінің толық әзірлігі құрылыс салуды ұйымдастыру және құрылыс саласындағы рұқсат беру рәсімдерінен өту қағидаларына сәйкес айқындалады.
Осы Кодекстің 133-бабында көзделген жекелеген жағдайларда құрылыс объектісін пайдалануға қабылдап алуды меншік иесі (тапсырыс беруші, инвестор) өз бетінше жүргізеді.
3. Талшықты-оптикалық байланыс желілерінің құрылысы бойынша аяқталған жол жұмыстарын пайдалануға қабылдап алуды автомобиль жолдары бойындағы талшықты-оптикалық байланыс желілерінің құрылысына тапсырыс беруші олар толық әзір болған кезде жүргізеді және ол Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
4. Құрылысы аяқталмаған құрылыс объектілерін пайдалануға қабылдап алу мен беруге рұқсат етілмейді.
5. Құрылысы аяқталмаған құрылыс объектілерін аяқталған құрылыс кезектері (оның ішінде іске қосу кешендері мен кезеңдері) бөлігінде пайдалануға беруге Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес рұқсат етіледі.
6. Құрылыс объектісін пайдалануға қабылдап алу құрылыс объектісін пайдалануға қабылдап алу актісімен ресімделеді. Құрылыс объектісін пайдалануға қабылдап алу актісі бекітілуге тиіс.
Құрылыс объектісін пайдалануға қабылдап алу актісін бекітуді тапсырыс беруші жүргізеді. Құрылыс объектісін пайдалануға қабылдап алу актісіне қол қойылған күн оның бекітілген күні және құрылыс объектісінің пайдалануға берілген күні болып есептеледі.
7. Құрылыс объектісін пайдалануға қабылдап алу актісіне сәйкестік туралы декларацияның және орындалған жұмыстардың құрылыс жобасына сәйкестігі және құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасы туралы қорытындылардың негізінде тапсырыс беруші, мердігер (бас мердігер), жобаны басқаруды, техникалық қадағалауды және авторлық сүйемелдеуді жүзеге асыратын тұлғалар қол қояды.
Құрылыс объектісі бұзушылықтармен және (немесе) кемшіліктерімен (ақауларымен және шалағайлықтарымен) пайдалануға қабылдап алынған жағдайда құрылыс объектісін пайдалануға қабылдап алуға қатысушылар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
8. Құрылыс объектісін пайдалануға қабылдап алуға қатысушылардың міндеттеріне мыналар кіреді:
1) құрылыс объектісінің пайдалануға әзірлігін анықтау және құжаттамалық растау;
2) орындалған құрылыс-монтаждау жұмыстарының және монтаждалған технологиялық, инженерлік немесе өзге де жабдықтың белгіленген тәртіппен бекітілген жобалау-сметалық құжаттамаға, нормативтік талаптарға (шарттарға, шектеулерге) сәйкестігін бағалау;
3) құрылыс объектісінің қолданысқа енгізілетін қуатының (сыйымдылығының, өткізу қабілетінің) құрылыс жобасында бекітілген көрсеткіштерге сәйкестігін анықтау;
4) монтаждалған технологиялық, инженерлік немесе өзге де жабдықтар мен инженерлік жүйелерге бақылау мақсатындағы сынамалау мен сынақтар жүргізу;
5) құрылыс объектісі пайдалануға жарамсыз болған жағдайда, тапсырыс берушіге тиісті уәжді қорытынды ұсыну.
9. Құрылыс объектісін пайдалануға қабылдап алу актісіне қол қою құрылыс объектісі түпкілікті қарап-тексерілгеннен және осы тарауда белгіленген талаптар сақталғаннан кейін жүзеге асырылады.
10. Құрылыс объектісін пайдалануға қабылдап алудың бекітілген актісінсіз құрылыс объектісін пайдалануға жол берілмейді. Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың аумағында өнеркәсіптік (өндірістік) объектілерді пайдалануға іске қосу-баптау жұмыстарын жүргізу кезінде жол беріледі. Стандарттау және қауіпсіздік талаптарына сәйкес келетін, іске қосу-баптау жұмыстары кезінде шығарылатын өнімдер құрылыс объектісін пайдалануға қабылдап алу актісі бекітілгеннен кейін өткізіледі.
11. Құқықтық кадастрдың цифрлық жүйесіне жаңадан салынған жылжымайтын мүлікке ғимараттардың, құрылысжайлардың және (немесе) олардың құрамдас бөліктерінің сәйкестендіру және техникалық мәліметтерін енгізу, жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу үшін құрылыс объектiсін пайдалануға қабылдап алудың бекiтiлген актiсi негіз болып табылады.
12. Тапсырыс беруші құрылыс объектісін пайдалануға қабылдап алу актісі бекітілгенге дейін қала құрылысы жобаларын, жобалау алдындағы және жобалау-сметалық құжаттаманы, сондай-ақ сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі объектілерін мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған цифрлық жүйесінде тіркеу қағидаларына сәйкес мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған цифрлық жүйесінде тіркеу үшін инженерлік желілердің және (немесе) ғимараттардың (құрылысжайлардың) нақты орналасуының атқарушылық геодезиялық түсірілімін мемлекеттік қала құрылысы кадастрына жібереді.
Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 9 қаңтардағы № 253-VIII ҚРЗ Кодексі.
Осы Кодекс Қазақстан Республикасында сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін жүзеге асыруға,
адам өмір сүретін және тіршілік ететін толыққанды ортаны қалыптастыруға, елді мекендерді, қонысаралық аумақтарды жоспарлауға және дамытуға, құрылыс объектілерінің пайдаланылу циклінің барлық кезеңінде олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы