134-бап. Құрылыс объектілерін пайдалануға қабылдап алудың тәртібі Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексі
1. Тапсырыс беруші мердігерден (бас мердігерден) құрылыс объектісін пайдалануға қабылдап алуды авторлық сүйемелдеумен, техникалық қадағалаумен бірлесіп жүзеге асырады.
2. Тапсырыс беруші мердігерден (бас мердігерден) құрылыс объектісінің пайдалануға қабылдап алуға әзірлігі туралы жазбаша хабархат алғаннан кейін құрылыс объектісін пайдалануға қабылдап алуды жүзеге асырады.
3. Тапсырыс беруші мердігерден (бас мердігерден) құрылыс объектісінің әзірлігі туралы хабархатты алған күннен бастап мердігерден (бас мердігерден) және техникалық қадағалауды және авторлық сүйемелдеуді, өрт-техникалық зерттеп-қарауды жүзеге асыратын тұлғалардан сәйкестік туралы декларацияны, құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасы, орындалған жұмыстардың құрылыс жобасына сәйкестігі және объектінің өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі туралы қорытындыларды сұратады.
Мердігер (бас мердігер) және техникалық қадағалауды және авторлық сүйемелдеуді жүзеге асыратын тұлғалар тапсырыс берушіден сұрау салуды алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде сәйкестік туралы декларацияны, құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасы және орындалған жұмыстардың құрылыс жобасына сәйкестігі туралы қорытындыларды не теріс қорытындыларды ұсынады.
Азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық органы тапсырыс берушіден өтінішті алған күннен бастап Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімдерде өрт-техникалық зерттеп-қарауды жүзеге асырады және адамдар көп болатын объекті мен биіктігі жиырма сегіз метрден асатын ғимараттар өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес келген кезде оларды пайдалануға қабылдап алу алдында тиісті қорытынды береді.
Орындалған жұмыстардың құрылыс жобасына сәйкестігі туралы қорытынды, егер бұл Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген нормалар мен талаптарға қайшы келмесе, инженерлік және коммуналдық қамтамасыз ету бойынша көрсетілетін қызметтерді ұсынушылардың құрылыс объектісін жобалау кезінде бұрын берілген техникалық шарттарға сәйкес олар көрсететін қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз етуі үшін негіз болып табылады.
4. Тапсырыс беруші сәйкестік туралы декларацияның, құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасы туралы, орындалған жұмыстардың құрылыс жобасына сәйкестігі және объектінің өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі туралы қорытындылардың негізінде мердігермен (бас мердігермен), техникалық қадағалауды және авторлық сүйемелдеуді жүзеге асыратын тұлғалармен бірлесіп, атқарушылық техникалық құжаттаманың бар-жоғы және жинақталымы тұрғысынан тексеруге, құрылыс объектісін қарап-тексеруге және құрылыс объектісін пайдалануға қабылдап алу актісі бойынша пайдалануға қабылдап алуға (құрылыс объектісінің пайдалануға қабылдап алуға әзірлігіне түпкілікті тексеру жүргізуге) міндетті.
5. Бекітілген жобалау шешімдерін және мемлекеттік (мемлекетаралық) нормативтік құжаттардың нормативтерін бұзушылықтар анықталған жағдайда, сондай-ақ теріс қорытындылар (авторлық сүйемелдеудің және (немесе) техникалық қадағалаудың қорытындылары бойынша берілген) болған кезде, мердігер (бас мердігер) бұзушылықтарды жойғаннан кейін тапсырыс беруші құрылыс объектісін пайдалануға қабылдап алады.
Анықталған бұзушылықтар жойылған кезде құрылыс объектісін пайдалануға қабылдап алу осы бапта белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
6. Тапсырыс берушіге жобалау-сметалық құжаттаманы, сәйкестік туралы декларацияны, құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасы, орындалған жұмыстардың құрылыс жобасына сәйкестігі және объектінің өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі туралы қорытындыларды ұсыну жобалау және құрылыс-монтаждау жұмыстарына мердiгерлiкті орындаушыларды, техникалық қадағалауды және авторлық сүйемелдеуді, өрт-техникалық зерттеп-қарауды жүзеге асыратын тұлғаларды құрылыс объектісін жобалау, салу, пайдалануға қабылдап алу және беру кезiнде орындалған жұмыстар үшiн жауаптылықтан босатпайды.
Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 9 қаңтардағы № 253-VIII ҚРЗ Кодексі.
Осы Кодекс Қазақстан Республикасында сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін жүзеге асыруға,
адам өмір сүретін және тіршілік ететін толыққанды ортаны қалыптастыруға, елді мекендерді, қонысаралық аумақтарды жоспарлауға және дамытуға, құрылыс объектілерінің пайдаланылу циклінің барлық кезеңінде олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы