2-бапқа түсініктеме. Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің қылмыстық сот ісін жүргізуде басым заңдық күші бар құқықтық нормаларын қолдану
1. Қазақстан Республикасының Конституциясы Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жоғары заңдық күшке ие және тікелей қолданылады. Осы Кодекстің қағидалары мен Қазақстан Республикасының Конституциясы арасында қайшылық болған жағдайда Қазақстан Республикасы Конституциясының ережелері қолданылады.
2. Осы Кодекстің қағидалары мен Қазақстан Республикасының конституциялық заңы арасында қайшылық болған жағдайда конституциялық заңның ережелері қолданылады. Осы Кодекстің қағидалары мен өзге де заңдар арасында қайшылық болған жағдайда осы Кодекстің ережелері қолданылады.
3. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттар осы Кодекстен басым болады және тікелей қолданылады, бұған халықаралық шарттан оны қолдану үшін заң шығару қажет екендігі туындайтын жағдайлар қосылмайды.
Осы бап нормаларының мазмұнын түсіну, сөзсіз, ҚПК-нің 1-бабы нормаларына жасалған алдыңғы талдаудан туындайды, өйткені онда ҚПК-нің 2-бабы нормаларында көтерілген мәселелердің басым бөлігіне жауаптар қамтылған. Біз тағы да қылмыстық сот ісін жүргізуде басым заңдық күші бар құқықтық нормаларды айқындауға және ҚПК-нің 2-бабы нормаларының талаптарын толықтыруға мүмкіндік беретін «Құқықтық актілер туралы» ҚР Заңының нормаларына, ережелеріне, институттарына жүгінеміз.
Аталған Заңның негізгі және туынды нормативтік құқықтық актілерді, олардың иерархиясын және өзара арақатынасын реттейтін 7-бабы 2-тармағының 1) тармақшасына, 10-бабының 1-тармағына сәйкес Конституция нормативтік құқықтық актілердің негізгі түріне жатады және Қазақстан Республикасының аумағында жоғары заңдық күшке ие. Тиісінше, заңдық күші бойынша одан бір саты төмен ҚПК орналасады, ол Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізетін заңдардан, конституциялық заңдардан және конституциялық заң күші бар Президент жарлықтарынан кейінгі орынды иеленеді (аталған Заңның 10-бабы 2-тармағының 1), 2), 3) тармақшалары). Нормативтік құқықтық актілердің заңдық күші бойынша осы тізбегінде кодекстерден кейін шоғырландырылған заңдар, ҚР заңдары, сондай-ақ заң күші бар ҚР Президентінің жарлықтары және т.б. орналасады (10-баптың 2-тармағының 4) тармақшасы).
«Құқықтық актілер туралы» ҚР Заңының төменгі деңгейдегі нормативтік құқықтық актілердің әрқайсысы жоғары деңгейдегі нормативтік құқықтық актілерге қайшы келмеуге тиіс екендігі туралы ережесі ерекше құнды болып табылады (10-баптың 3-тармағы). Сонымен қатар, барлық нормативтік құқықтық актілер нормалары тек Конституцияға негізделетін Конституциялық Кеңестің нормативтік қаулыларына қайшы келмеуге тиіс. Бұл Конституциялық Кеңестің нормативтік қаулыларының нормативтік құқықтық актілер иерархиясынан тыс орналасуын түсіндіреді. Осы мәртебеде (иерархиядан тыс) Заң Конституция мен конституциялық заңда ұйымы мен қызметі белгіленетін Жоғарғы Соттың нормативтік қаулыларына да орын берген. Конституцияға сәйкес Жоғарғы Сот, жергілікті және басқа да соттар мемлекеттік биліктің дербес сот тармағының иелері болып табылады (ҚР Конституциясының 3-бабының 4-тармағы, 75-бабы).
Құқық шығармашылық және құқық қолдану қызметіндегі әртүрлі кемшіліктерге байланысты, өкінішке қарай, туындайтын әртүрлі нормативтік құқықтық актілердің құқық нормалары арасындағы қайшылықтар «Құқықтық актілер туралы» ҚР Заңының нормаларына сәйкес мынадай тәртіппен шешіледі. Мәселен, әртүрлі деңгейдегі нормативтік құқықтық актілердің нормалары арасында қайшылықтар болған жағдайда неғұрлым жоғары деңгейдегі актінің нормалары қолданылады. Бір деңгейдегі нормативтік құқықтық актілердің нормалары арасында қайшылықтар болған жағдайда қолданысқа кейінірек енгізілген актінің нормалары қолданылады. Заңдардың нормалары кодекстердің нормаларымен алшақтықта болған жағдайда заңдардың нормалары кодекстерге тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілгеннен кейін ғана қолданылуы мүмкін (12-бап). Осыған байланысты ҚПК-де қылмыстық сот ісін жүргізу тәртібін реттейтін өзге заңдардың ережелері осы Кодекске енгізілуге жататыны жазылған (ҚПК-нің 1-бабының 1-бөлігі). Қағидатты тұрғыдан алғанда, ҚПК-де оның нормалары арасындағы коллизиялар қалай шешілетіні туралы арнайы норма алғаш рет қамтылғаны маңызды (10-баптың 4-бөлігі) (ҚПК-нің 10-бабының нормаларына берілген түсініктемені қараңыз).
ҚПК-нің 2-бабының 3-бөлігінің нормасын талдау үшін әр жылдардағы Конституциялық Кеңестің нормативтік қаулыларына қайта оралу қажет (олардан үзінділер жоғарыда келтірілген), онда ҚР халықаралық және ішкі заңнамасы нормаларының арақатынасына қатысты оның құқықтық ұстанымдары баяндалған. Бұл жерде конституциялық юрисдикция органының мынадай құқықтық ұстанымдарын келтірумен шектелеміз: «1. ҚР Конституциясының 4-бабының 3-тармағын Республика заңнамасынан басым заңдық күшке Республиканың Конституциясына сәйкес және заңнамада белгіленген тәртіппен жасалған әрі Республика Парламенті тиісті заң қабылдау арқылы ратификациялаған халықаралық шарттар ие болады деп түсіну қажет. 2. Күшіне ену шарты ретінде ратификациялауды көздемеген, 1995 жылғы Конституция қабылданғанға дейін жасалған халықаралық шарттар қолданыста болып табылады және егер мұндай халықаралық шарттар үшін басымдық тиісті құқықтық қатынастар салаларын реттейтін Республика заңдарында тікелей көзделсе, Республика заңнамасынан басымдығын сақтайды» (2000 жылғы 11 қазандағы № 18/2 ПКҚ, қарар бөлігінің 1–2-тармақшалары).
Осы мәселе бойынша, егер халықаралық шартта оны қолдану шарты ретінде қатысушы мемлекеттердің заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажеттігі ескертілсе, онда мұндай шарт тікелей қолдануға жатпайтынын да назарда ұстаған жөн. Оның нормалары тиісті ұлттық заң қабылданғаннан кейін ғана қолданылуы мүмкін.
Қазіргі уақытта халықаралық шарттардың, олардың тараптарының бірі ҚР болып табылатын жағдайдағы нормалары мен ҚПК нормаларының арақатынасын терең түсіну және түсіндіру үшін тиісті мемлекеттік органдар мен ғылыми заңгерлік орта тарапынан, ең алдымен, заң шығарушы үшін осы нормативтік құқықтық актілердің салыстырмалы ережелерін әзірлеу бұрынғыдан да өзекті болып отыр. Бұл ұлттық қылмыстық-процестік құқықтағы кемшіліктерді анықтауға және оларды уақтылы жоюға, ҚПК нормаларына әмбебап, өңірлік және екіжақты конвенциялардың, шарттардың, келісімдердің талаптарына сәйкес жаңа сапа беруге мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне 2020 жылғы түсініктеме, авторы – Қоғамов Марат Чекишевич, заң ғылымдарының докторы, Қазақстанның құрметті заңгері, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Заңгерлік қызмет Заңгерлік кеңес Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер даулар Қорғау Арбитраждық Қазақстан заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Ережелер Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Ережелер Жолдаулар