22-бап. Арыз иесі Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі
1. Әкімшілік органға, лауазымды адамға жолданымды бір немесе бірнеше тұлға (ұжымдық жолданым) бере алады.
Егер әкімшілік рәсім жолданымды беру арқылы қозғалған болса, онда мүдделі тұлғалар басталып кеткен әкімшілік рәсімге кірісуге құқылы. Бұл жағдайда көрсетілген тұлғалардың әрқайсысының жолданымы бойынша жеке әкімшілік рәсімді қозғау талап етілмейді.
2. Арыз иесінің:
1) әкімшілік органнан, лауазымды адамнан өзінің әкімшілік рәсімді жүзеге асыруға байланысты мәселелер бойынша құқықтары мен міндеттері туралы түсіндірме алуға;
2) осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, әкімшілік рәсім бойынша шешім қабылдау алдында тыңдалуға;
3) әкімшілік істі қарау барысында да, қарағаннан кейін де әкімшілік іспен танысуға, үзінді-көшірмелер жасауға және көшірмелерін түсіріп алуға;
4) өтінішхат мәлімдеуге;
5) әкімшілік актіге, әкімшілік әрекетке (әрекетсіздікке) шағым беруге;
6) әкімшілік орган, лауазымды адам қарап қойған мәселе бойынша осы Кодексте белгіленген тәртіппен қайта жолданым беруге;
7) шағым жасау барысында дәлелдемелер ұсынуға және оларды зерттеуге қатысуға, оның ішінде түсініктер беруге, заттай дәлелдемелер мен өзге де құжаттарды ұсынуға;
8) егер рәсім оның жолданымы бойынша қозғалған болса, әкімшілік рәсімді тоқтатуға;
9) әкімшілік рәсімде ана тілінде немесе өзі білетін тілде сөйлеуге, аудармашының көрсетілетін қызметтерін пайдалануға;
10) осы Кодексте көзделген жағдайларда қарсылық білдірулерді мәлімдеуге;
11) өкілінің болуына;
12) осы Кодексте көзделген жағдайларда өтемақы төлеуді талап етуге;
13) осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген басқа да құқықтарды пайдалануға құқығы бар.
3. Егер Қазақстан Республикасының Конституциясында, заңдарында және халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар және шетелдік заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының азаматтарымен және заңды тұлғаларымен бірдей құқықтарға ие болады және міндеттерді атқарады.
Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы Экология кодексі Әлеуметтік кодекс Азаматтық кодексi Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы