28-бап. Облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана әкімдіктерінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметіндегі құзыреті Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексі
1. Облыс әкімдіктерінің құзыретіне мыналар жатады:
1) облыстың, аудандардың аумақтарын қала құрылысына жоспарлаудың кешенді схемасын, облыс аумағындағы елді мекендердің белгіленген тәртіппен бекітілген бас жоспарларын іске асыру жөніндегі қызметті үйлестіру;
2) сәулет, қала құрылысы және құрылыс, құрылыс индустриясының өндірістік базасын дамыту саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;
3) кейіннен Қазақстан Республикасының Үкіметіне бекітуге ұсыну үшін халқының есептік саны бір жүз мың тұрғыннан асатын облыстық маңызы бар қаланың бас жоспарының жобасын облыстық мәслихатқа келісу үшін енгізу;
4) облыстық мәслихатпен келісілген, халқының есептік саны бір жүз мың тұрғыннан асатын облыстық маңызы бар қалалардың бас жоспарларын әзірлеуді ұйымдастыру және Қазақстан Республикасының Үкіметіне бекіту үшін ұсыну;
5) облыстардың, аудандардың аумақтарын қала құрылысына жоспарлаудың кешенді схемаларын, сондай-ақ халқының есептік саны бір жүз мың тұрғынға дейінгі облыстық маңызы бар қалалардың мәслихаттарымен келісілген және кешенді қала құрылысы сараптамасынан өткен, халқының есептік саны бір жүз мың тұрғынға дейінгі облыстық маңызы бар қалаларды дамытудың бас жоспарларының жобаларын және олардың түзетулерін әзірлеуді ұйымдастыру және облыстық мәслихатқа бекітуге ұсыну;
6) екі және одан көп облыстың аумақтарын (не олардың бөліктерін), агломерацияны аумақты дамытудың өңіраралық схемаларының жобаларын келісу;
7) аумақтарды абаттандыру және инженерлік жағынан қамтамасыз ету қағидаларын, сондай-ақ тұрғын үй қорын, тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы өзге де құрылыс объектілерін, инженерлік коммуникацияларды сақтау және күтіп-ұстау қағидаларын облыстық мәслихатқа бекіту үшін ұсыну;
8) Қазақстан Республикасының орман қорына кірмейтін жасыл екпелерді облыстың елді мекендерінің шекаралары шегінде жасау, күтіп-ұстау және қорғау қағидаларын облыстық мәслихатқа бекіту үшін ұсыну;
9) республикалық маңызы бар қалалардың, астананың бас жоспарларының жобаларын облыс аумағы, резервтік аумақтар, қала маңындағы аймақ, сондай-ақ олар ықпал ететін аймаққа жатқызылған өзге де аумақтар есебінен оларды дамыту бөлігінде келісу;
10) халқының есептік саны бір жүз мың тұрғыннан асатын облыстық маңызы бар қалалардың бас жоспарларының жобаларын келісу;
11) аумақта жоспарланып отырған құрылыс салу не өзге де қала құрылысы өзгерістері туралы халыққа хабар береді;
12) кешенді қала құрылысы сараптамасынан өткен қала құрылысы жобаларын бақылау және іске асыру;
13) аумақта құрылыс салу, құрылыс объектілерін, инженерлік және көліктік коммуникацияларды кеңейту, техникалық қайта жарақтандыру, жаңғырту, реконструкциялау (қайта жоспарлау, қайта жабдықтау, қайта бейіндеу), реставрациялау және күрделі жөндеу туралы, сондай-ақ аумақты инженерлік жағынан дайындау, абаттандыру және көгалдандыру, құрылысы аяқталмаған объектілерді консервациялау, облыстық маңызы бар құрылыс объектілерін кейіннен кәдеге жарату жөніндегі жұмыстар кешенін жүргізу туралы шешім қабылдау;
14) облыстық маңызы бар құрылыс объектілерін сүру туралы актілерді есепке алуды және тіркеуді жүргізу;
15) халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін қолжетімділіктің қамтамасыз етілуін міндетті түрде ескере отырып, құрылыс объектілерін пайдалануға қабылдап алу актілерін есепке алуды жүргізу;
16) облыс аумағында мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауын жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың жұмысына жәрдем көрсету;
17) мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған цифрлық жүйесін толықтыру, сондай-ақ оны мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде пайдалану үшін ақпарат және (немесе) мәліметтер енгізу;
18) жер учаскелерін бөліп беру және олардың нысаналы мақсаттарын өзгерту бойынша ай сайынғы есептерді сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органға ұсыну;
19) сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган айқындаған тәртіппен салынып жатқан (салынуы белгіленген) құрылыс объектілері мен кешендерінің мониторингін жүргізу;
20) халықаралық және республикалық деңгейдегі жарыстарды өткізуге арналған спорт құрылысжайларын жобалауға арналған техникалық ерекшелік пен техникалық тапсырманы аккредиттелген ұлттық спорт федерацияларымен келісу;
21) мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауын жүзеге асыру, құрылыс объектілерінде сәулет-қала құрылысы тәртібін бұзушыларға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде белгіленген әкімшілік ықпал ету шараларын қолдану;
22) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында лицензиялауды жүзеге асыру;
23) Қазақстан Республикасы заңнамасының, мемлекеттік нормативтік құжаттардың нормаларын, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында белгіленген талаптар мен шектеулерді жол берілген бұзушылықтарға және олардан ауытқуларға байланысты бұзушыларға Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген шараларды қолдану туралы шешімдер қабылдау;
24) жобалау құжаттамасының сапасын қадағалауды ұйымдастыру және жүзеге асыру;
25) жергілікті бюджет, сондай-ақ жергілікті бюджеттік инвестициялық жобаны қаржыландыруға бөлінген республикалық бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын жобалау алдындағы құжаттаманы және құрылыс жобасын қарау және бекіту;
26) сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы жобаларды басқару жөніндегі ұйымдарды аккредиттеу;
27) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың арсеналдары, базалары мен қоймалары жанындағы тыйым салынған аймақ пен тыйым салынған аудан аумақтарының шекараларын келісу;
28) қала маңындағы аймақта орналасқан елді мекеннің бас жоспарының жобасын астана немесе республикалық маңызы бар қала әкімдігіне келісуге енгізу;
29) облыстың бас сәулетшілеріне және мемлекеттік құрылыс инспекторларына қойылатын біліктілік талаптарын сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органға келісу үшін енгізу;
30) тұрғынжайды реновациялау бағдарламасын әзірлеу және облыстық мәслихатқа бекіту үшін ұсыну;
31) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен реновациялау объектілеріне инженерлік-коммуникациялық және әлеуметтік инфрақұрылымдарды жүргізуді және (немесе) жаңғыртуды қамтамасыз ету
32) мемлекеттік органдармен олардың құзыретіне жататын мәселелер бойынша өзара іс-қимылды және ынтымақтастықты жүзеге асыру;
33) Қазақстан Республикасының заңнамасында жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде жүзеге асыру.
2. Республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкімдіктерінің құзыретіне мыналар жатады:
1) сәулет, қала құрылысы және құрылыс, құрылыс индустриясының өндірістік базасын дамыту саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;
2) қаланың бас жоспарын іске асыру;
3) қаланың бас жоспарының жобасын, қала шегін және қала маңындағы аймақтың шекараларын, сондай-ақ қала аудандарының шекараларын белгілеу және өзгерту жобасын әзірлеуді ұйымдастыру және мәслихатқа келісу үшін енгізу;
4) қаланың бас жоспарының жобаларын Қазақстан Республикасының Үкіметіне бекіту үшін енгізу;
5) ведомстволық бағынысты аумақты қалалық абаттандыру және инженерлік қамтамасыз ету қағидаларын мәслихатқа бекіту үшін ұсыну;
6) Қазақстан Республикасының орман қорына кірмейтін жасыл екпелерді қала шекаралары шегінде жасау, күтіп-ұстау және қорғау қағидаларын қалалық мәслихатқа бекіту үшін ұсыну;
7) тұрғын үй қорын, тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы өзге де құрылыс объектілерін, инженерлік коммуникацияларды сақтау және күтіп-ұстау қағидаларын белгілеу жөніндегі ұсынысты мәслихатқа енгізу;
8) аумақта жоспарланып отырған құрылыс салу не өзге де қала құрылысы өзгерістері туралы халыққа хабар беру;
9) қаланың бекітілген бас жоспарын дамыту үшін әзірленетін егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын бекіту және іске асыру;
10) дүлей зілзалаларға (су тасқынына, жер сілкінісіне, селге, көшкінге және қар көшкініне) ұшырауын ескере отырып, аумақта құрылыс салу, құрылыс объектілерін, инженерлік және көліктік коммуникацияларды кеңейту, техникалық қайта жарақтандыру, жаңғырту, реконструкциялау (қайта жоспарлау, қайта жабдықтау, қайта бейіндеу), реставрациялау және күрделі жөндеу туралы, сондай-ақ аумақты инженерлік жағынан дайындау, абаттандыру және көгалдандыру, құрылысы аяқталмаған объектілерді консервациялау, құрылыс объектілерін кейіннен кәдеге жарату жөніндегі жұмыстар кешенін жүргізу туралы шешім қабылдау;
11) қалалық маңызы бар құрылыс объектілерін сүру туралы актілерді есепке алуды және тіркеуді жүргізу;
12) халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін қолжетімділікті қамтамасыз етуді міндетті түрде ескере отырып, құрылыс объектілерін пайдалануға қабылдап алу актілерін есепке алуды жүргізу;
13) мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауын жүргізетін мемлекеттік органдарының жұмысына жәрдем көрсету;
14) тұрғын үй қорын, коммуникацияларды, тарих пен мәдениет ескерткіштерін сақтауды ұйымдастыру және оларды күтіп-ұстауға (қолдануға, пайдалануға) бақылау жүргізу;
15) мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған цифрлық жүйесін толықтыру, сондай-ақ оны мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде пайдалану үшін ақпарат және (немесе) мәліметтер енгізу;
16) аумақтарда құрылыс салуды мониторингтеу үшін мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған цифрлық жүйесінде республикалық маңызы бар қалалардың, астананың кезекші топографиялық жоспарын жүргізу және жаңартып отыру;
17) салынып жатқан (салынуы белгіленген) құрылыс объектілері мен кешендерінің мониторингін сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган айқындаған тәртіппен жүргізу;
18) халықаралық және республикалық деңгейдегі жарыстарды өткізуге арналған спорт құрылысжайларын жобалауға арналған техникалық ерекшелікті және техникалық тапсырманы аккредиттелген ұлттық спорт федерацияларымен келісу;
19) мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауын жүзеге асыру, құрылыс объектілерінде сәулет-қала құрылысы тәртібін бұзушыларға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде белгіленген әкімшілік ықпал ету шараларын қолдану;
20) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында лицензиялауды жүзеге асыру;
21) Қазақстан Республикасы заңнамасының, мемлекеттік нормативтік құжаттардың нормаларын, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында белгіленген талаптар мен шектеулерді жол берілген бұзушылықтарға және олардан ауытқуларға байланысты бұзушыларға Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген шараларды қолдану туралы шешім қабылдау;
22) жобалау құжаттамасының сапасын қадағалауды ұйымдастыру және жүзеге асыру;
23) жергілікті бюджет, сондай-ақ жергілікті бюджеттік инвестициялық жобаны қаржыландыруға бөлінген республикалық бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын жобалау алдындағы құжаттаманы және құрылыс жобасын қарау және бекіту;
24) сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы жобаларды басқару жөніндегі ұйымдарды аккредиттеу;
25) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың арсеналдары, базалары мен қоймалары жанындағы тыйым салынған аймақ пен тыйым салынған аудан аумақтарының шекараларын келісу;
26) қала маңындағы аймақтың аумағында қолданылатын мемлекеттік қала құрылысы саясатын әзірлеуге қатысу;
27) қала маңындағы аймақта орналасқан елді мекеннің бас жоспарының жобасын әзірлеуге қатысу;
28) қала маңындағы аймақта орналасқан елді мекеннің бас жоспарының жобаларын:
елді мекен халқының жобалық санын айқындау;
халықты еңбекпен қамтуды қамтамасыз ету;
халықты ауызсу көздерімен және электр энергиясымен қамтамасыз ету бөлігінде келісу;
29) республикалық маңызы бар қалалар мен астананың бас сәулетшілеріне және мемлекеттік құрылыс инспекторларына қойылатын біліктілік талаптарын сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органға келісу үшін енгізу;
30) тұрғынжайды реновациялау бағдарламасын әзірлеу және қалалық мәслихатқа бекіту үшін ұсыну;
31) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен реновациялау объектілеріне инженерлік-коммуникациялық және әлеуметтік инфрақұрылымдарды жүргізуді және (немесе) жаңғыртуды қамтамасыз ету;
32) республикалық маңызы бар қалалар мен астананың дизайн-кодын әзірлеу және бекіту;
33) республикалық маңызы бар қаланың және астананың дизайн-кодын әкімшілендіру қағидаларын бекіту;
34) бекітілген қала құрылысы жобаларына сәйкес айқындалған аумақтарда жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін белгіленген тәртіппен беру;
35) азаматтарды жеке тұрғын үйлерді, басқа да құрылыстарды салу мен пайдалану және жер учаскелерін пайдалану қағидалары туралы хабар беру;
36) мемлекеттік органдармен олардың құзыретіне жататын мәселелер бойынша өзара іс-қимылды және ынтымақтастықты жүзеге асыру;
37) Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 44-2-бабына сәйкес республикалық маңызы бар қалаларда және астанада жер учаскесіне құқық беру мүмкіндігін (мүмкін еместігін) айқындау;
38) Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 44-2-бабына сәйкес республикалық маңызы бар қалаларда және астанада жер учаскесіне құқық берудің мүмкін еместігі туралы уәжді бас тарту түріндегі қорытынды беру;
39) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қаланың сәулеттік келбетін қалыптастыру және қала құрылысына жоспарлау қағидаларын әзірлеу және сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органға келісу үшін енгізу;
40) Қазақстан Республикасының заңнамасында жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде жүзеге асыру.
Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 9 қаңтардағы № 253-VIII ҚРЗ Кодексі.
Осы Кодекс Қазақстан Республикасында сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін жүзеге асыруға,
адам өмір сүретін және тіршілік ететін толыққанды ортаны қалыптастыруға, елді мекендерді, қонысаралық аумақтарды жоспарлауға және дамытуға, құрылыс объектілерінің пайдаланылу циклінің барлық кезеңінде олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы