33-бап. Сайлауды мемлекеттiк қаржыландыру Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы Конституциялық заңы
1. Президенттiң, Парламент, мәслихаттар депутаттарының, өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелерінің сайлауы республикалық бюджет қаражатынан жергілікті атқарушы органдардың осы мақсаттарға арнап ашылған шоттары арқылы қаржыландырылады. Бұл шоттарға республикалық бюджеттен түсетін бюджет қаражатына иелік етуді аумақтық сайлау комиссиялары жүзеге асырады. Қаржыландыру тәртібi Қазақстан Республикасының бюджеттік заңнамасында белгіленеді.
1-1. Әкімдерді сайлау жергілікті атқарушы органдардың осы мақсаттар үшін ашылатын шоттары арқылы жергілікті бюджет қаражатынан қаржыландырылады. Осы мақсаттарға арналған бюджет қаражатына билік етуді аумақтық сайлау комиссиялары жүзеге асырады. Қаржыландыру тәртібі Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында белгіленеді.
2. Республикалық бюджет қаражатынан:
1) сайлау комиссияларын ұйымдастыру мен оның қызметiне, үй-жайды жалға алуға, iссапар шығыстарына, консультанттарға, сарапшыларға, лингвистикалық комиссияның мүшелерiне, электронды сайлау жүйелерінің пайдаланылуын қамтамасыз ететін мамандарға еңбек ақы төлеуге;
2) осы Конституциялық заңның 28-бабының 3-тармағына сәйкес, партиялық тiзiмдер бойынша дауысқа түсетiн кандидаттардан басқа, кандидаттардың бұқаралық ақпарат құралдарындағы сөздерiне;
3) осы Конституциялық заңның 28-бабының 4 және 5-тармақтарына сәйкес жүргiзiлетiн кандидаттардың сайлау алдындағы көпшiлiк шараларын өткiзуге, партиялық тiзiмдер бойынша дауысқа түсетiн кандидаттардан басқа, кандидаттардың үгiт материалдарын шығаруға;
4) партиялық тiзiмдер бойынша дауысқа түсетiн кандидаттардан басқа, кандидаттардың Орталық сайлау комиссиясы белгiлеген мөлшерде көлiкке;
5) сайлау комиссиясының үй-жайы мен дауыс беруге арналған үй-жайда орналастырылатын Президенттікке, Парламенттің және мәслихаттардың депутаттығына, өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелігіне кандидаттар туралы, сондай-ақ партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялар туралы ақпараттық плакаттарды дайындауға жұмсаған шығындары жабылады.
2-1. Жергілікті бюджет қаражатынан:
1) сайлау комиссияларын ұйымдастыруға және олардың қызметіне, үй-жайларды жалға алуға, іссапар шығыстарына, консультанттардың, сарапшылардың, электрондық сайлау жүйесін пайдалануды қамтамасыз ететін мамандардың еңбегіне ақы төлеуге;
2) әкім болуға кандидаттардың осы Конституциялық заңның 28-бабының 3-тармағына сәйкес бұқаралық ақпарат құралдарында сөз сөйлеуіне;
3) осы Конституциялық заңның 28-бабының 4 және 5-тармақтарына сәйкес өткізілетін әкім болуға кандидаттардың сайлау алдындағы жария іс-шараларын өткізуге және кандидаттардың үгіт материалдарын шығаруға;
4) әкім болуға кандидаттардың тиісті аумақтық сайлау комиссиясы белгілейтін мөлшердегі көліктік шығыстарына;
5) сайлау комиссиясының үй-жайында және дауыс беруге арналған үй-жайда орналастырылатын әкім болуға кандидаттар туралы ақпараттық плакаттарды дайындауға арналған шығыстар жабылады.
Әкім болуға кандидаттарға бөлінетін, осы тармақтың бірінші бөлігінің 2) – 4) тармақшаларында көрсетілген шығыстардың мөлшерін тиісті облыстық сайлау комиссиясы айқындайды.
2-2. Сайлауға, референдумға дайындық және оны өткізу кезеңінде сайлауға, референдумға дайындыққа және оны өткізуге арналған тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді алуға байланысты сатып алуға Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасы қолданылмайды.
Сайлауға, референдумға дайындық және оны өткізу кезеңінде сайлауға, референдумға дайындыққа және оны өткізуге арналған тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді алуға байланысты сатып алу Орталық сайлау комиссиясы айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.
3. Халықаралық ұйымдар мен халықаралық қоғамдық бiрлестiктер, шетелдiк мемлекеттiк органдар, шет елдердiң Заңды тұлғалары мен азаматтығы жоқ адамдар тарапынан Республикадағы сайлауды қаржыландыруға, олардың қандай да болмасын тiкелей немесе жанама түрде республикадағы сайлауды қаржыландыруға қатысуына тыйым салынады.
4. Алып тасталды - 2005.04.15 № 44 Конституциялық Заңымен.
Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі N 2464 Конституциялық заңы.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы