362-бап. Өтiнiшхаттарды мәлiмдеу және шешу ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi
1. Төрағалық етушi тараптардан олардың жаңа куәларды, сарапшыларды және мамандарды шақыру туралы және заттай дәлелдемелер мен құжаттарды талап етіп алдыру туралы, оның ішінде медиация рәсімін өткізу не процестік келісім жасасу туралы өтiнiшхаттарының бар-жоғын сұрайды. Өтiнiшхатты мәлiмдеген тұлға қандай мән-жайларды анықтау үшiн қосымша дәлелдемелердiң қажет екенiн көрсетуге мiндеттi.
2. Төрағалық етушi, сондай-ақ тараптардан оларда талқылаудан дәлелдемелер ретiнде жарамсыз материалдарды алып тастау туралы өтiнiшхаттардың бар-жоғын анықтауға мiндеттi.
Осы Кодекстің 112-бабының үшінші бөлігінде көзделген мән-жайлардың болуына байланысты дәлелдемелерді жол берілмейтін деп тану туралы өтінішхат мәлімделгенінен кейін тікелей шешіледі. Қалған жағдайларда ол сот тергеуі барысында да, үкімнің қаулысымен бір мезгілде кеңесу бөлмесіне кеткеннен кейін де шешілуі мүмкін. Өтінішхат бойынша сот шешімі осы Кодекстің 99-бабында көзделген тәртіппен ресімделеді.
3. Сот талқылаудың қалған қатысушыларының пiкiрiн тыңдағаннан кейiн осы Кодекстің 99-бабында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде, мәлiмделген әрбiр өтiнiшхатты, оның ішінде процестік келісім жасасу және медиация рәсімін өткізу туралы өтінішхатты қарауға, оны қанағаттандыру немесе өтiнiшхатты қанағаттандырудан бас тарту туралы уәждi қаулы шығаруға тиiс.
4. Сот процестік келісім немесе медиация тәртібімен татуласуға қол жеткізу туралы келісім жасасу туралы, сондай-ақ сотқа тараптардың бастамасы бойынша келген адамдардан сот отырысында мамандар немесе куәгерлер ретiнде жауап алу туралы өтiнiшхаттарды қанағаттандырудан бас тартуға құқылы емес.
5. Сот өтiнiшхатын қанағаттандырудан бас тартқан тұлға оны одан әрi мәлiмдеуге құқылы.
Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы