40-бап. Технологиялық нормативтер Қазақстан Республикасының Экология кодексі
1. Технологиялық нормативтер деп осы Кодексте кешенді экологиялық рұқсатта:
1) эмиссиялар көлемінің бірлігіндегі маркерлік ластағыш заттардың шекті саны (массасы);
2) уақыт бірлігіне немесе өндірілетін өнімнің (тауардың), орындалатын жұмыстың, көрсетілетін қызметтің бірлігіне есептелетін электр және (немесе) жылу энергиясының, өзге ресурстардың тұтынылу мөлшері түрінде белгіленетін экологиялық нормативтер түсініледі.
Маркерлік ластағыш заттар деп өндірістің немесе технологиялық процестің нақты түрінің эмиссиялары үшін неғұрлым маңызды ластағыш заттар түсініледі, олар осындай өндіріске немесе технологиялық процеске тән ластағыш заттар тобынан таңдап алынады және олардың көмегімен топқа кіретін барлық ластағыш зат эмиссиясының мәнін бағалауға болады.
Маркерлік ластағыш заттар, маркерлік ластағыш заттар эмиссияларының деңгейлері және ең үздік қолжетімді техникаларды қолдануға байланысты энергияның және (немесе) өзге де ресурстардың тұтынылу деңгейлері Ең үздік қолжетімді техникалар бойынша қорытындыларда айқындалады.
2. Технологиялық нормативтерге:
1) шығарындылардың технологиялық нормативтері;
2) төгінділердің технологиялық нормативтері;
3) суды тұтынудың технологиялық үлестік нормативтері;
4) жылу және (немесе) электр энергиясын тұтынудың технологиялық үлестік нормативтері жатады.
3. Технологиялық нормативтер кешенді экологиялық рұқсатта белгіленеді және ең үздік қолжетімді техникалар жөніндегі қорытындыларда белгіленген оларды нақты қолдану салалары бойынша ең үздік қолжетімді техникаларды қолдануға байланысты тиісті технологиялық көрсеткіштерден (олар бар болса) аспауға тиіс.
4. Технологиялық нормативтердің негіздемесі объектінің операторы кешенді экологиялық рұқсат алуға өтінішпен бірге қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға беретін технологиялық нормативтердің жобасында қамтамасыз етіледі.
Экология кодексі Әлеуметтік кодекс Азаматтық кодексi Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы