41-бап. Мемлекеттік нормативтік құжаттардың түрлері Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексі
1. Мемлекеттік нормативтік құжаттар мынадай аспектілерді қамтиды:
1) құрылысты ұйымдастырушылық-әдістемелік қамтамасыз ету;
2) құрылыс объектілері сенімділігінің негізгі ережелері, ішкі климат және қолайсыз факторлардан қорғау;
3) қала құрылысы, құрылыс объектілері;
4) құрылыс объектілерін және олардың кешендерін немесе бөліктерін, сондай-ақ олардың сыртқы желілерін инженерлік жағынан қамтамасыз ету;
5) құрылыс конструкциялары мен негіздері;
6) құрылыс материалдары мен бұйымдары;
7) мобильді құрылыс объектілері, құрылыс жарағы және мүкәммал;
8) құрылыстағы баға белгілеу және сметалар;
9) мемлекеттік қала құрылысы кадастры;
10) сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауы, сәйкестікті бағалау.
2. Мемлекеттік нормативтік құжаттар мыналарды қамтиды:
1) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі субъектілерінің қызметін ұйымдастыруға қойылатын міндетті талаптарды белгілейтін және өзара қатынастарын реттейтін Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілері:
талаптар, қағидалар, тәртіп және басқа да нормативтік құқықтық актілер;
техникалық регламенттер;
құрылыстағы басшылық құжаттар;
мемлекеттік қала құрылысы кадастрын жүргізу жөніндегі нормативтік құжаттар;
қала құрылысы регламенттері;
2) техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес құрылыс объектілерінің жекелеген түрлеріне және (немесе) олардың пайдаланылу циклінің процестеріне қойылатын міндетті қауіпсіздік талаптарын белгілейтін нормативтік техникалық құжаттар:
құрылыс нормалары, оның ішінде құрылыс нормалары мен қағидалары (сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын қолданылу мерзімімен қатар қолдану кезеңіне арналған);
сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметіндегі техникалық нормалау объектілеріне қойылатын талаптарды белгілейтін техникалық кодификацияланған нормалар;
құрылыстағы баға белгілеу жөніндегі нормативтік құжаттар;
үлгілік технологиялық карталар;
3) ерікті таңдаумен қолданылатын нормативтік техникалық құжаттар:
қағидалар жинақтары;
технологиялық жобалау нормалары;
нормативтік-техникалық оқу құралдары;
сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметіндегі, өнеркәсіптегі стандарттау жөніндегі құжаттар;
оқу құралдары мен әдістемелік ұсынымдар.
Бұл ретте ерікті таңдаумен қолданылатын нормативтік техникалық құжаттарда техникалық регламенттер мен құрылыс нормаларының талаптары немесе міндетті нормалармен регламенттелмеген жекелеген дербес мәселелер бойынша талаптар ескерілуге тиіс.
Ерікті таңдаумен қолданылатын нормативтік техникалық құжаттарды таңдау кезінде оның талаптары, оның ішінде халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін қолжетімділікті қамтамасыз ету кезінде міндетті болып табылады.
3. Мемлекеттік нормативтік құжаттар Қазақстан Республикасының аумағында қолданысқа енгізілген мынадай мемлекетаралық нормативтік құжаттарды да қамтиды:
1) мемлекетаралық нормативтер (мемлекетаралық нормативтік құжаттар);
2) жобалау және құрылыс жөніндегі қағидалардың мемлекетаралық жинақтары;
3) мемлекетаралық стандарттар.
4. Халықаралық, өңірлік стандарттар мен шет мемлекеттердің стандарттары Қазақстан Республикасының стандарттау саласындағы заңнамасына сәйкес құрылыс объектілерін жобалау және салу кезінде қолданылады.
5. Мемлекеттік нормативтік құжаттарды осы баптың 6-тармағында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.
Сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган мемлекеттік нормативтік құжаттарды әзірлеуді ұйымдастырады.
6. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган құзыреті шегінде стандарттау жөніндегі құжаттардың жобаларын қарауды, сондай-ақ стандарттау саласындағы уәкілетті органға енгізу үшін ұлттық, мемлекетаралық стандарттарды, техникалық-экономикалық ақпараттың ұлттық сыныптауыштарын әзірлеу, өзгерістер енгізу, қайта қарау және күшін жою жөнінде ұсыныстар және стандарттау жөнінде ұсынымдар дайындауды жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 9 қаңтардағы № 253-VIII ҚРЗ Кодексі.
Осы Кодекс Қазақстан Республикасында сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін жүзеге асыруға,
адам өмір сүретін және тіршілік ететін толыққанды ортаны қалыптастыруға, елді мекендерді, қонысаралық аумақтарды жоспарлауға және дамытуға, құрылыс объектілерінің пайдаланылу циклінің барлық кезеңінде олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы