428-бап. Апелляциялық сатыдағы сот отырысын тағайындау ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi
1. Апелляциялық сатыдағы сот шағымдар, прокурордың өтінішхаты бар қылмыстық іс келіп түскен күннен бастап он тәулік ішінде сот отырысын тағайындайды, бұл туралы қаулы шығарады, онда сотталған немесе ақталған адамға қатысты бұлтартпау шарасын сақтау, таңдау, күшін жою немесе өзгерту туралы мәселені шешеді. Сот қаулысының көшірмесі шығарылған күннен бастап үш тәулік ішінде тараптарға жіберіледі.
2. Күзетпен ұсталатын сотталған адамнан өзінің жағдайын нашарлатуға бағытталған шағымды немесе прокурордың өтінішхатын қарау кезінде апелляциялық сатыдағы сот отырысына қатысу туралы өтінішхат келіп түскен кезде апелляциялық сатыдағы сот істі сотталған адамның тікелей қатысуымен не аталған адамның қашықтықтан қатысуын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін ғылыми-техникалық құралдарды пайдалана отырып қарау туралы қаулы шығарады, оны орындау үшін тиісті органдарға жібереді.
3. Өзге жағдайларда күзетпен ұсталып отырған сотталған адамды сот отырысына шақыру туралы мәселені апелляциялық сатыдағы сот шешеді. Апелляциялық сатыдағы сот сот тергеуін жүргізген кезде сотталған (ақталған) адамның апелляциялық сатыдағы отырысқа қатысуы міндетті. Мұндай жағдайларда осы Кодекстің 335-бабында көрсетілген мән-жайлар болған кезде істі сотталған (ақталған) адамның қатысуынсыз қарауға жол беріледі.
4. Қорғаушының апелляциялық сатыда қатысуы осы Кодекстің 67-бабының бірінші бөлігінде көзделген жағдайларда жүзеге асырылады. Кәмелетке толмаған сотталған адамға қатысты іс қаралған кезде не сотталған адамның жағдайын нашарлату туралы мәселе қойылған, жәбірленушінің (азаматтық талапкердің), олардың өкілдерінің апелляциялық шағымы, прокурордың өтінішхаты бойынша іс қаралып жатқан не іс бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу және істі бірінші сатыдағы сотта қарау айыпталушының қатысуынсыз жүзеге асырылған жағдайларда не апелляциялық сатыдағы сот сот тергеуін жүргізген кезде қорғаушының апелляциялық сатыда қатысуы міндетті.
5. Осы Кодекстің 414-бабына сәйкес үкімге шағым жасау құқығы берілген тұлғалар соттың апелляциялық отырысына барлық жағдайда да жіберіледі. Оларға өздерінің өтінуі бойынша, берілген шағымды немесе прокурордың келтірілген өтінішхатын не оларға қарсылықтарды негіздеп сөйлеу үшін сөз беріледі.
6. Жекеше айыптау істерін қоспағанда, прокурордың апелляциялық сатыда қатысуы міндетті.
Апелляциялық сатыда прокурор осы Кодекстің 337-бабында көзделген өкілеттіктерге ие болады.
Қорғаушыны қоспағанда, апелляциялық отырыстың орны мен уақыты туралы уақтылы хабардар етілген процестің басқа қатысушыларының келмеуі істі қарауға кедергі болмайды.
Қазақстан Республикасының Кодексі 2014 жылғы 4 шілдедегі № 231-V ҚРЗ.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы