43-1-бап. Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының қызметі және құзыреті Білім туралы Заңы
1. Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары бюджеттен тыс қаржыландыру көздері есебінен мынадай қызмет түрлерін:
1) жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламалары бойынша кадрлар даярлауды, сондай-ақ іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулерді қоса алғанда, ғылыми-техникалық, инновациялық қызметті, ғылыми-зерттеу жұмыстарын;
2) білім алушыларды тамақтандырумен, тұрумен, медициналық қызмет көрсетумен қамтамасыз етуді;
3) жұмыскерлерді тамақтандырумен, тұрумен, медициналық қызмет көрсетумен қамтамасыз етуді;
4) білім алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді;
5) спорттық және мәдени-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізуді;
6) дене шынықтыру-сауықтыру іс-шараларын ұйымдастыру мен өткізуді, спорттық және шығармашылық секциялар құруды;
7) білім беру процесін, зерттеулерді, тәрбиелік және әлеуметтік-мәдени қызметті қамтамасыз ету үшін баспа және полиграфиялық қызметті;
8) халықаралық және республикалық деңгейдегі түрлі іс-шараларды: білім алушылар мен педагогтер арасындағы олимпиадаларды, жарыстарды, конкурстарды, конференцияларды, семинарларды ұйымдастыру мен оларға қатысуды;
9) білім алушыларды запастағы офицерлер және запастағы сержанттар бағдарламалары бойынша әскери даярлауды;
10) бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын, сондай-ақ техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, қосымша білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыруды;
11) технополистерді, технопарктерді, бизнес-инкубаторларды, инновациялық орталықтарды, технологияларды коммерцияландыру және трансферттеу орталықтарын, жобалау конструкторлық бюроларды және қызмет бейіні бойынша басқа да құрылымдарды құруды;
12) білім мен ғылым жүйесін одан әрі дамытуға және жетілдіруге бағытталған инновациялық әдістерді, оқыту технологиялары мен зерттеулерді әзірлеуге, сынақтан өткізуге және ендіруге қатысуды;
13) білім берудің барлық деңгейлері үшін цифрлық интерактивтік білім беру ресурстарын және оқу фильмдерін ұйымдастыруды, жасауды және дамытуды;
14) білім мен ғылымды өндіріспен интеграциялауға қатысуды;
15) Қазақстан Республикасының еншілес және басқа да ұйымдары мен шетелдік ұйымдардың қаржы ресурстарын тарта отырып, тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды, инновациялық және инвестициялық жобаларды ұйымдастыруды, қаржыландыруды, сондай-ақ білім және ғылым саласындағы жобаларды венчурлік қаржыландырудың тетіктері мен инфрақұрылымын қалыптастыруға қатысуды;
16) Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған өзге де қызмет түрлерін жүзеге асыруға құқылы.
Акцияларының елу пайызынан астамы мемлекетке тиесілі жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары және олармен үлестес тұлғалар осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген қызмет түрлерімен қатар Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін, акцияларының (жарғылық капиталдағы қатысу үлестерінің) елу пайызынан астамы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалар және олармен үлестес тұлғалар жүзеге асыратын қызмет түрлерінің тізбесінде көзделген өзге де қызмет түрлерін жүзеге асыруға құқылы.
2. Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының құзыретіне:
1) мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына сәйкес жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын әзірлеу және бекіту;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының жұмыскерлері лауазымдарының біліктілік сипаттамаларын айқындау;
3) профессор-оқытушылар құрамы мен ғылыми жұмыскерлер лауазымдарына конкурстық орналасу қағидаларын әзірлеу және бекіту;
4) білім беру қызметтерін көрсету шартының және кәсіптік практиканы өткізуге арналған шарттың нысандарын әзірлеу және бекіту;
5) дербес әзірленген оқу жүктемесі нормаларының, еңбекке ақы төлеу нысандары мен мөлшерлерінің негізінде білім беру қызметін жүзеге асыру;
6) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымына қабылдау қағидаларын әзірлеу және бекіту;
7) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымының даму бағдарламасын әзірлеу;
8) білім алушыларға "бакалавр" және "магистр" дәрежелерін беру;
9) кәсіптік практиканы ұйымдастыру мен өткізу қағидаларын және практика базалары ретінде ұйымдарды айқындау қағидаларын әзірлеу және бекіту;
10) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларына сәйкес білім алушыларды ауыстыру мен қайта қабылдау қағидаларын әзірлеу және бекіту;
11) білім алушыларға дәрігерлік-консультациялық комиссияның қорытындысы негізінде, босанған, бала асырап алған жағдайларда бала үш жасқа толғанға дейін, сондай-ақ әскери қызметке шақыруға байланысты академиялық демалыстар беру;
12) ішкі тәртіптеме қағидаларын әзірлеу және бекіту;
13) жұмыс оқу жоспарлары мен жұмыс оқу бағдарламаларын әзірлеу және бекіту;
14) оқытудың жаңа технологияларын, оның ішінде кредиттік оқыту технологиясын ендіру;
15) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларына сәйкес білім алушылардың үлгеріміне ағымдағы бақылауды, оларды аралық және қорытынды аттестаттауды өткізу;
16) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен кадрлардың біліктілігін арттыру мен оларды қайта даярлауды қамтамасыз ету;
17) қаржылық-шаруашылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету, оның ішінде жабдықтармен жарақтандыру;
18) кадрларды кәсіптік даярлаудың заманауи нысандарын ендіру;
19) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қаржылық есептілікті ұсыну жатады.
3. Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес:
1) эндаумент-қорды (нысаналы капиталды) қалыптастыруға және (немесе) толықтыруға, оның ішінде нысаналы капитал қорын құру арқылы қалыптастыруға және (немесе) толықтыруға;
2) бюджеттен тыс қаржыландыру көздері есебінен ғылыми-білім беру қызметі жөніндегі заңды тұлғаларды құруға;
3) стартап-компаниялар ашуға;
4) жарғылық қызметті жүзеге асыру үшін қаржы қаражаты мен материалдық құралдардың қосымша көздерін тартуға;
5) шет мемлекеттерде филиалдар құруға құқылы.
4. Ерекше мәртебесі бар жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары:
1) жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мазмұнын тиісті мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының талаптарынан төмен болмайтындай етіп өзі дербес айқындауға;
2) білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындаған тәртіпке сәйкес философия докторы (PhD) және бейіні бойынша доктор дәрежелерін беруге де құқылы.
Мемлекеттік мекемелердің ұйымдық-құқықтық нысанындағы жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары осы баптың 1-тармағының бірінші бөлігінде көзделген қызмет түрлерін, оның ішінде мемлекеттік мекемелердің ұйымдық-құқықтық нысанындағы мәдениет саласындағы жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары үшін осы баптың 1-тармағы бірінші бөлігінің 3), 6), 7), 9), 11), 13), 14) және 15) тармақшаларында көзделген нормаларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бюджет қаражаты есебінен жүзеге асыруға құқылы.
Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының осы баптың 2-тармағының 2), 3), 6), 9), 10), 11) және 15) тармақшаларында көзделген құзыреті Сот төрелігі академиясына, әскери, арнаулы оқу орындарына қолданылмайды.
Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі № 319 Заңы.
Осы Заң білім беру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, осы саладағы мемлекеттік саясаттың негізгі принциптерін айқындайды және Қазақстан Республикасы азаматтарының, сондай-ақ Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың білім алуға конституциялық құқығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы