459-бапқа түсініктеме. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі. Әскери мүлікті қасақана жою немесе бүлдіру
1. Қару-жарақты, оқ-дәрілерді, жүріп-тұру құралдарын, әскери техниканы немесе өзге де әскери мүлікті қасақана жою немесе бүлдіру – екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Ауыр зардаптарға әкеп соққан немесе күш қолдану арқылы не оны қолдану қатерімен жасалған не адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған дәл сол іс-әрекет –
бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, ұрыс жағдайында немесе төтенше жағдай режимі жағдайларында жасалған іс-әрекеттер –
бес жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, соғыс уақытында жасалған іс-әрекеттер –
он жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Осы іс-әрекеттің қоғамдық қауіптілігі оның Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының материалдық базасын жоюында, соның салдарынан мемлекеттің қорғаныс қабілетін төмендетуінде, әскери іс-шаралардың өткізілуіне және қабылданған шешімдердің орындалуына кедергі келтіруінде.
Қол сұғушылық объектісі Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының жауынгерлік әзірлігі мен жауынгерлік қабілеттілігінің материалдық негізін құрайтын әскери мүлікті билік ету мен пайдалану тәртібі болып табылады.
ҚР ҚК-нің 459-бабы бойынша әскери мүлікті қасақана жойғаны немесе бүлдіргені үшін жауаптылыққа тарту мәселесін шешу кезінде әскери мүлік пен әскери техника ұғымдарының 2005 жылғы 7 қаңтардағы «Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы» ҚР Заңында берілгенін ескеру қажет.
Әскери мүлік – Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың мемлекеттік мекемелерінің жедел басқару құқығында тұрған қорғаныс объектілері, қару-жарақтың барлық түрлері, әскери техника, оқ-дәрілер, арнайы құралдар және өзге де мүлік (көрсетілген Заңның 1-бабының 12) тармақшасы).
Әскери техника – Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, басқа да әскерлері мен әскери құралымдары жарақтандырылатын жауынгерлік машиналар, әскери кемелер (катерлер және басқа да кемелер), әскери әуе кемелері және басқа да ұшу аппараттары (Заңның 1-бабының 13) тармақшасы).
Қару-жарақ – шабуыл жасауға және қорғануға арналған құрал, оған атыс қаруы: автоматтар мен пулеметтер, тапаншалар, атыс қаруының басқа да түрлері және суық қару: қанжар, сүңгі-пышақ жатады.
Оқ-дәрілер – қарсыластың тірі күші мен техникасын жоюға арналған қару-жарақ заттары: патрондар, гранаталар, жарылғыш, түтін шашатын шашкалар және басқалар.
Жүріп-тұру құралдары – әскери қызметшінің қызметтік пайдалануына сеніп тапсырылған көліктің барлық түрлері: ұшақтар мен тікұшақтар, танктер мен автомобильдер, мотоциклдер мен бронетранспортерлер және басқалар.
Әскери техника заттары – әскерлердің қару-жарағында тұрған, соғыс қимылдарын жүргізу немесе қамтамасыз ету құралдарына жататын және қару-жарақ пен оқ-дәрілер ұғымына кірмейтін әртүрлі техникалық құралдар. Бұларға арнайы автомобильдер, радиостанциялар, химиялық залалсыздандыру құралдары, компьютерлер мен дүрбілер, түнгі көру аспаптары және т.б. жатуы мүмкін.
Соғыс қимылдарын жүргізуге немесе қамтамасыз етуге қатысы жоқ техникалық құралдар әскери техника заттарына жатпайды.
Объективтік жағы қару-жарақты, оқ-дәрілерді, жүріп-тұру құралдарын, әскери техниканы немесе өзге де әскери мүлікті қасақана жою немесе бүлдіру арқылы көрініс табады.
Жою деп затқа оның толық жойылуына, өмір сүруін тоқтатуына әкеп соғатын әсер ету нысаны түсініледі. Жоюдың негізгі көрсеткіші – затты мақсаты бойынша пайдалану үшін қалпына келтірудің мүмкін болмауы.
Бүлдіру кезінде зат қалпына келтірілуі мүмкін жағдайға келтіріледі. Бүлдіру заттың өзінің функционалдық қасиеттерін толық немесе ішінара жоғалтуына (мысалы, ауытқумен ататын немесе мүлдем атпайтын қару) не заттың өзінің нысанын жоғалтуына (автомобильдің сынған шанағы) әкеп соғуы мүмкін.
Әскери мүлікті жою немесе бүлдіру тәсілдері физикалық жою, жарылыс жасау арқылы жою, өртеу, суға батыру, химиялық құралдарды пайдалану болуы мүмкін, бұлар қылмысты саралауға әсер етпейді.
Кінәлі адамның іс-әрекеті мен туындаған зардаптар арасында себепті байланыс анықталуға тиіс.
Егер көрсетілген әрекеттер әскери бөлімшелердің қарамағындағы қосарлы мақсаттағы объектілерге (көлік, радиостанциялар, телефон аппараттары, компьютерлер және т.б.), яғни әскери мүлікке немесе әскери техника заттарына жатпайтын объектілерге қатысты жасалса, онда бөтеннің мүлкін қасақана немесе абайсызда бүлдіргені немесе жойғаны үшін ҚР ҚК-нің 202 немесе 204-баптары бойынша жауаптылық туындайды.
Қылмыстың нысанасы армия мен флоттың жабдықталуындағы кез келген заттар емес, тек қару-жарақ, оқ-дәрілер немесе әскери техника заттары болып табылатын заттар ғана. Өзге де әскери мүлікті жою немесе бүлдіру, жоғарыда атап өтілгендей, меншікке қарсы қылмыс құрамын құрайды (ҚР ҚК-нің 202 және 204-баптары).
Қылмыс құрамы өзінің құрылымы бойынша формальдық болып табылады. Әскери мүлік жойылған немесе бүлінген сәттен бастап қылмыс аяқталған деп есептеледі.
Субъективтік жағы тікелей немесе жанама қасақаналық түріндегі кінәмен сипатталады.
Адам өзінің іс-әрекетінің қоғамдық қауіптілігін сезінеді, қоғамдық қауіпті зардаптардың туындау мүмкіндігін немесе болмай қоймайтынын алдын ала біледі және олардың туындауын қалайды не қаламаса да, олардың туындауына саналы түрде жол береді немесе оларға немқұрайлы қарайды. Ниеттер әртүрлі болуы мүмкін: бұзақылық ниет, қызметке, командирлердің (бастықтардың), қызметтестердің әрекеттеріне наразылық білдіру немесе әскери мүліктің сақталуына жауапты адамнан кек алу. Ниет пен мақсат қылмысты саралауға әсер етпейді, бірақ сот оларды жаза тағайындау кезінде ескереді.
Субъектісі – арнайы, яғни кез келген әскери қызметші, сондай-ақ әскери жиындарға шақырылған әскери міндетті адам.
ҚР ҚК-нің 459-бабының 2-бөлігінде ауыр зардаптардың туындауы немесе осы қылмыстың күш қолдану арқылы не оны қолдану қатерімен жасалуы, сондай-ақ адамдар тобының немесе алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобының жасауы саралаушы белгі ретінде көзделген.
Ауыр зардаптардың туындауы және іс-әрекеттің адамдар тобының немесе алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобының жасауы ұғымдары тиісінше ҚР ҚК-нің 437-бабының 2 және 3-бөліктеріне берілген түсініктемеде ашылған.
Зардаптардың ауырлығы келтірілген материалдық залалдың мөлшеріне, жойылған немесе бүлінген мүліктің әскери құндылығы мен бірегейлігіне, мүліктің жойылуы немесе бүлінуі салдарынан әскери, оқу-жауынгерлік және өзге де сипаттағы іс-шараның орындалмауының маңыздылығына, адамдармен болған жазатайым оқиғалардың болуына және тағы басқа мән-жайларға байланысты екенін атап өту қажет.
Ауыр зардапты құрайтын материалдық залалдың мөлшері нақты мән-жайларды ескере отырып айқындалады. Ірі материалдық залал – қылмыстық құқық бұзушылық жасалған кездегі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген айлық есептік көрсеткіштен бір мың есе асатын сомаға әскери мүлікті жою немесе бүлдіру нәтижесінде әскери ведомствоға келтірілген залал.
Күш қолдану физикалық та, психикалық та болуы мүмкін. Жәбірленушіге жеңіл немесе ауырлығы орташа зиян келтіру ҚР ҚК-нің 459-бабының 2-бөлігімен қамтылады және ҚР ҚК-нің 107-бабы бойынша қосымша саралауды талап етпейді. Жәбірленушінің денсаулығына ауыр зиян келтірілген немесе ол қайтыс болған жағдайда, жасалған әрекет қылмыстар жиынтығы бойынша – ҚР ҚК-нің 459-бабының 2-бөлігі және ҚР ҚК-нің 99, 106-баптары бойынша саралануға тиіс.
Күш қолдану қатері деп әртүрлі дәрежедегі зиян келтіру қатерін немесе өлімге әкеп соғу қатерін, сондай-ақ жеке адамға қатысты өзге де ауыр күш қолдану қатерін түсіну қажет. Бұл ретте ҚР ҚК-нің 115-бабы бойынша қосымша саралау талап етілмейді.
ҚР ҚК-нің 459-бабының 3-бөлігінде мүлікті ұрыс жағдайында немесе төтенше жағдай режимі жағдайларында жою немесе бүлдіру, ал 4-бөлігінде соғыс уақытында жою немесе бүлдіру көзделген. Олардың анықтамалары тиісінше ҚР ҚК-нің 437-бабының 3 және 4-бөліктеріне берілген түсініктемеде келтірілген.
ҚР ҚК-нің 459-бабының 1-бөлігінде көзделген іс-әрекет онша ауыр емес қылмыстарға жатады.
ҚР ҚК-нің 459-бабының 2-бөлігінде көзделген іс-әрекет ауырлығы орташа қылмыстарға жатады.
ҚР ҚК-нің 459-бабының 3-бөлігінде көзделген іс-әрекет ауыр қылмыстарға жатады.
ҚР ҚК-нің 459-бабының 4-бөлігінде көзделген іс-әрекет аса ауыр қылмыстарға жатады.
Исидор Шамилович Борчашвилидің Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 2021 жылғы түсініктемесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР Конституциялық Кеңесі және ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестердің мүшесі, ҚР Қауіпсіздік Кеңесі жанындағы құқық қорғау жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері.
Конституция Заң Кодекс Нормативтік акт Указ Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгері Заңгерлік қызмет Заңгерлік кеңес Азаматтық Қылмыстық Әкімшілік істер мен даулар Қорғау Төрелік Қазақстанның заң компаниясы Адвокаттық кеңсе Сот істері Декларация Жарлық Бұйрық Қаулы Шешім Баяндама Қорытынды Өтініш Қорытынды Конвенция Шарт Меморандум Әдістеме Нормалар Нота Ережелер Бағдарлама Жарғы Хартия Бап Түсініктеме Резолюция Регламент Хаттама Жоба Бағдарлама Ережелер Жолдаулар \