54-бап. Техникалық қадағалау Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексі
1. Осы Кодекстің 121-бабында және 133-бабының 1-тармағында көрсетілгендерді қоспағанда, барлық құрылыс объектісінде техникалық қадағалау міндетті түрде сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган бекіткен сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметінде инжинирингтік қызметтер көрсету қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
Құрылыс объектісін салу аяқталған кезде техникалық қадағалауды жүзеге асыратын тұлғалар тапсырыс берушіге астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауын жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органымен келісілген құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасы туралы қорытынды береді.
Құрылыс объектісіне бару жоспар-графигі ұсынылмаған жағдайда, тапсырыс беруші мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауын жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органның құрылыс объектісінің пайдалануға әзірлігін анықтау бойынша құрылыс объектісіне кіруін қамтамасыз етеді.
2. Тапсырыс беруші техникалық қадағалауды өз бетінше немесе аккредиттелген заңды тұлғаны не техникалық қадағалауды жүргізу бойынша инжинирингтік қызметтер көрсетуге арналған сертификаты бар маманды тарта отырып, құрылыс жобасында көзделетін қаражат есебінен жүзеге асырады.
3. Бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері (тапсырыс берушілер) мемлекеттік инвестициялар есебінен қаржыландырылатын құрылыс жобаларының іске асырылуына техникалық қадағалауды жүзеге асыру үшін инжинирингтік қызметтер көрсетуге арналған тиісті сертификаты бар, нарықта жұмыс істейтін мамандарды тартуға құқылы.
4. Техникалық қадағалауды жүзеге асыратын тұлғалардың:
1) салынып жатқан тиісті құрылыс объектісіне еркін кіруге;
2) салынып жатқан құрылыс объектісіне қатысы бар құжаттамамен танысуға;
3) мердігерден (бас мердігерден) бекітілген құрылыс жобасында көзделген жобалау шешімдері мен есеп-қисаптардың, сондай-ақ құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізудің технологиялық процесін айқындайтын ұйымдастырушылық-технологиялық құжаттар талаптарының мүлтіксіз сақталуын талап етуге;
4) нұсқауларды белгіленген мерзімдерде орындау үшін құрылыс-монтаждау жұмыстарын тоқтата тұру құқығымен, мердігер (бас мердігер) құрылыс барысында жол берген мемлекеттік (мемлекетаралық) нормативтік құжаттарды бұзушылықтарды, бекітілген құрылыс жобасында көзделген жобалау шешімдерінен және (немесе) ұйымдастырушылық-технологиялық құжаттардың талаптарынан ауытқуларды міндетті түрде жоюы туралы жазбаша нұсқауларды беруге;
5) орындалған жұмыстарды қабылдап алу кезінде оларға ақы төлеу үшін, қажет болған жағдайда, меншік немесе жалға алу құқығындағы аккредиттелген сынақ зертханасының (орталығының) орындалған құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасына, олардың көлеміне, қолданылатын материалдарға, бұйымдарға, конструкциялар мен жабдыққа сынақ жүргізуге құқығы бар.
5. Техникалық қадағалауды жүзеге асыратын тұлғалар:
1) мердігердің (бас мердігердің) құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізудің технологиялық процесін айқындайтын мемлекеттік (мемлекетаралық) нормативтік құжаттардың, ұйымдастырушылық-технологиялық құжаттардың талаптарын сақтауын қадағалауды қамтамасыз етуге;
2) күнделікті (үздіксіз) негізде құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапалы орындалуын қамтамасыз етуге;
3) техникалық қадағалау журналын тұрақты және тиісінше жүргізуді жүзеге асыруға;
4) мемлекеттік нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкес жасырын жұмыстарды куәландыру және жауапты конструкцияларды аралық қабылдап алу актілерін ресімдеуге және оларға қол қоюға қатысуға;
5) ай сайынғы негізде мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауын жүзеге асыратын тиісті жергілікті атқарушы органға құрылыстың жай-күйі мен барысы туралы есеп ұсынуға;
6) мердігер (бас мердігер) нұсқауды орындамаған немесе тиісінше орындамаған жағдайда бұл туралы тапсырыс берушінің назарына жеткізуге, сондай-ақ мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауын жүзеге асыратын тиісті жергілікті атқарушы органға хабар беруге;
7) техникалық қадағалау журналына енгізілген өз нұсқауларының орындалуын бақылауды жүзеге асыруға;
8) мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауын жүзеге асыратын тиісті жергілікті атқарушы органға құрылыс жобасын, сондай-ақ тиісті құрылыс жобаларының сараптама қорытындыларын танысу үшін ұсынуға міндетті.
6. Жауапкершіліктің барлық деңгейіндегі объектілерде Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасының талаптарын бұзушылықтар анықталған кезде жол берілген бұзушылықтар үшін техникалық қадағалауды жүргізу бойынша инжинирингтік көрсетілетін қызметтерді орындайтын аккредиттелген заңды тұлға жауаптылыққа тартылады.
Осы Кодекстің 98-бабының 4-тармағында көрсетілген объектілерде жол берілген бұзушылықтар үшін техникалық қадағалауды жүргізу бойынша инжинирингтік көрсетілетін қызметтерді орындайтын тұлға жауаптылыққа тартылады.
7. Жауапкершіліктің барлық деңгейіндегі объектілерде техникалық қадағалауды құрамында жауапкершіліктің тиісті деңгейін техникалық қадағалауды жүргізу бойынша инжинирингтік қызметтер көрсетуге арналған сертификатына ие кемінде үш жұмыскері бар аккредиттелген заңды тұлғалар жүргізуге тиіс.
Техникалық қадағалау сертификаты бар мамандар осы Кодекстің 98-бабының 4-тармағында көрсетілген объектілерде қызметті жүзеге асырады.
8. Техникалық қадағалауды жүргізу бойынша қызметті жүзеге асыру кезінде мамандар мен аккредиттелген заңды тұлғалардың меншік немесе жалға алу құқығында өлшеу және бақылау құралдары, нормативтік құжаттама және меншік құқығындағы не тартылған аккредиттелген сынақ зертханасы (орталығы) болуы міндетті.
Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 9 қаңтардағы № 253-VIII ҚРЗ Кодексі.
Осы Кодекс Қазақстан Республикасында сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін жүзеге асыруға,
адам өмір сүретін және тіршілік ететін толыққанды ортаны қалыптастыруға, елді мекендерді, қонысаралық аумақтарды жоспарлауға және дамытуға, құрылыс объектілерінің пайдаланылу циклінің барлық кезеңінде олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы