573-бап. Құжаттарды табыс ету ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi
1. Құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салу (тапсырма, өтінішхат) бойынша осы сұрау салуға (тапсырмаға, өтінішхатқа) қоса тігілген құжаттар мен шешімдер сұрау салуда (тапсырмада, өтінішхатта) көрсетілген адамға осы бапта белгіленген тәртіппен табыс етіледі.
2. Тергеуші, анықтау органы, прокурор немесе сот құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салуды (тапсырманы, өтінішхатты) орындау тұрғысынан құжаттарды тапсыру үшін адамды шақырады. Егер адам дәлелді себептерсіз келмесе, оған осы Кодексте көзделген тәртіппен күштеп әкелу қолданылуы мүмкін.
3. Тергеуші, анықтау органы, прокурор немесе сот құжаттардың адамға табыс етілгендігі туралы олардың табыс етілген жері мен күнін көрсете отырып хаттама жасайды. Хаттамаға құжаттар табыс етілген адам құжаттарды алу кезіндегі мәлімдемелерін немесе ескертулерін жазып, қол қояды. Қазақстан Республикасының халықаралық шартында көзделген жағдайларда бөлек растау қағазы да жасалады, оған құжаттарды алған адам және оны табыс етуді жүзеге асырған адам қолдарын қояды.
4. Адам табыс етілуге жататын құжаттарды алудан бас тартқан жағдайда, бұл туралы хаттамада көрсетіледі. Бұл ретте табыс етілуге жататын құжаттар табыс етілді деп есептеледі, бұл туралы хаттамада көрсетіледі.
5. Егер табыс етілуге жататын құжаттардың қазақ немесе орыс тіліндегі аудармасы болмаса және сұрау салуда (тапсырмада, өтінішхатта) көрсетілген адам білмейтін тілде жасалса, ол адамның құжаттарды алудан бас тартуға құқығы бар. Мұндай жағдайда құжаттар табыс етілген жоқ деп есептеледі.
Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы