574-бап. Уақытша беру ҚР ҚПК Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi
1. Егер қылмыстық іс бойынша айғақтар беру немесе өзге де процестік әрекеттерге қатысу үшін шет мемлекеттің аумағында күзетпен ұсталып отырған немесе бас бостандығынан айыру түрінде жазасын өтеп жатқан және осы қылмыстық іс бойынша қылмыстық жауаптылыққа тартылмаған адамның қатысуы қажет болса, қылмыстық процесті жүргізетін орган осы адамды Қазақстан Республикасына уақытша беру туралы өтінішхат жасайды.
2. Сұрау салынған тарап адамды уақытша беру туралы өтінішхатты қанағаттандырған жағдайда, мұндай адам ол берілген процестік әрекеттер жүргізілгеннен кейін шет мемлекетпен келісілген мерзімде қайтарылуға тиіс.
Уақытша берудің келісілген мерзімі жеткіліксіз болған кезде қылмыстық процесті жүргізетін орган ол аяқталардан жиырма тәулік бұрын Қазақстан Республикасының орталық органына шет мемлекетпен келісу үшін көрсетілген мерзімді ұзарту туралы өтінішхат жібереді.
3. Шет мемлекеттің құзыретті органының адамды күзетпен ұстау немесе оған бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындау туралы шешімі Қазақстан Республикасына уақытша берілген адамды Қазақстан Республикасында күзетпен ұстауға негіз болып табылады.
4. Қазақстан Республикасының аумағында жазасын өтеп жатқан адамды осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде көзделген шарттарды сақтай отырып, шет мемлекеттің құзыретті органының өтінішхаты бойынша шет мемлекетке уақытша беруге болады.
5. Адамды уақытша беру осы адамның жазбаша келісімі болған кезде ғана жүзеге асырылады.
Қылмыстық-процестік кодексi, Қылмыстық кодекс, Қылмыстық кодекске түсініктеме (комментарии), Жоғарғы Соттың нормативтік қаулысы, Қылмыстық заңнама, Нормативті құқықтық актілер Қазақстан Республикасы