59-бап. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы жобаларды басқару Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексі
1. Жобаны басқаруды ұйымдастыру үшін тапсырыс беруші (инвестор) жобаны басқару жөніндегі инжинирингтік көрсетілетін қызметтерді жүзеге асыратын аккредиттелген заңды тұлғаны тартуға құқылы.
Жобаны басқару жөніндегі инжинирингтік көрсетілетін қызметтерді жүзеге асыратын аккредиттелген заңды тұлғаны тапсырыс беруші (инвестор) құрылыс объектісін құру кезеңінің кез келген сатысында тарта алады.
2. Жобаларды басқару жөніндегі инжинирингтік қызметтерді көрсету тәртібін және аккредиттелген заңды тұлғаларға қойылатын біліктілік талаптарын сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган бекітеді.
3. Мемлекеттік инвестициялар есебінен қаржыландырылатын жобаларды басқару жөніндегі инжинирингтік қызметтерді көрсетуге арналған шығындарды есептеу мемлекеттік нормативтік құжаттарда айқындалған тәртіппен орындалады.
Инвестициялардың өзге түрлері есебінен қаржыландырылатын жобаларды басқару жөніндегі инжинирингтік қызметтерді көрсетуге арналған шығындарды есептеу кезінде мемлекеттік нормативтік құжаттар ұсынымдық сипатта болады.
4. Жобаны басқару жөніндегі инжинирингтік көрсетілетін қызметтерді жүзеге асыратын аккредиттелген заңды тұлға техникалық қадағалауды дербес немесе техникалық қадағалауды жүргізу жөніндегі инжинирингтік көрсетілетін қызметтерді жүзеге асыратын аккредиттелген заңды тұлғаны тарта отырып жүргізеді.
5. Жобаны басқару жөніндегі инжинирингтік көрсетілетін қызметтерді жүзеге асыру кезінде:
1) тапсырыс берушімен (инвестормен) жасалған шартта ескерілген, жобаларды табысты іске асыру және мердігерлік шарттарды орындау үшін қажетті инжинирингтік қызметтерді көрсету;
2) техникалық шарттар мен атқарушылық геодезиялық түсірілімдердің уақтылы және дұрыс ресімделуін қамтамасыз ету;
3) мердігерлік конкурстардың (тендерлердің) ұйымдастырушысы болу, техникалық тапсырмаларды әзірлеу, қатысушылардың біліктілігін айқындау және олардың ұсыныстарын бағалау;
4) мердігерлермен – жобалауға және жабдықтар мен құрылыс материалдарын, бұйымдары мен конструкцияларын берушілермен құрылыс салуға арналған шарттар жасасуды қамтамасыз ету;
5) мердігерлік шартты іске асыруға қатысты туындаған немесе туындауы мүмкін проблемалар туралы тапсырыс берушіге (инвесторға) хабар беруге;
6) жасалған шарттарға сәйкес құрылыс объектілерін жобалауды, салуды және пайдалануға беруді жоспарлау мен бақылау жөніндегі қызметті қамтамасыз ету;
7) ай сайынғы негізде тапсырыс берушіге және мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауын жүзеге асыратын жергілікті атқарушы органдарға жобалық тәуекелдер, құрылыстың аяқталу жоспарлары мен барысы туралы есепті ұсыну;
8) авторлық сүйемелдеуді жүзеге асыратын адамдар қатысқан кезде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітілген құрылыс жобасына негізделген өзгерістер енгізу қажеттілігі туралы шешімдерді уақтылы қабылдау;
9) мердігер (бас мердігер) міндеттемелерді орындамаған немесе тиісінше орындамаған жағдайда бұл туралы тапсырыс берушінің назарына жеткізу, сондай-ақ мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы мен қадағалауын жүзеге асыратын тиісті жергілікті атқарушы органға хабар беру қажет.
Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 9 қаңтардағы № 253-VIII ҚРЗ Кодексі.
Осы Кодекс Қазақстан Республикасында сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін жүзеге асыруға,
адам өмір сүретін және тіршілік ететін толыққанды ортаны қалыптастыруға, елді мекендерді, қонысаралық аумақтарды жоспарлауға және дамытуға, құрылыс объектілерінің пайдаланылу циклінің барлық кезеңінде олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы