60-бап. Арнаулы құралдар мен дене күшін қолдану Құқық қорғау қызметі туралы Заңы
1. Қызметкерлердің дене күшін, оның ішінде жауынгерлік күрес тәсілдерін, сондай-ақ арнаулы құралдарды, оның iшiнде қол кiсендерiн, резина таяқтарды, көзден жас ағызатын заттарды, алаңдатып әсер ететін жарық-дыбыс құрылғыларын, үй-жайларды ашуға, көлiктi мәжбүрлеп тоқтатуға арналған құрылғыларды, суатқыштарды, қызметтік жануарларды, броньды машиналар мен тiзбесiн бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша құқық қорғау органының басшысы айқындайтын басқа да арнаулы көлiк құралдарын:
1) жеке тұлғаларға, қызметкерлерге және қоғамдық тәртiптi қорғау, қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету және қылмыстылыққа қарсы іс-қимыл бойынша қызметтiк немесе қоғамдық борышын атқарып жүрген өзге де адамдарға жасалған шабуылды тойтару;
2) кепiлге алынған адамдарды босату, жаппай тәртiпсiздiктердің және қоғамдық тәртiптi топтасып бұзудың (қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде ұстаудың белгіленген режимін топтасып бұзушылықтарды), сондай-ақ сотталғандар, күдіктілер және айыпталушылар түзеу мекемелерінен және тергеу изоляторларынан қашқан кездегі немесе қашқандарды ұстау кезіндегі құқыққа қарсы әрекеттердің жолын кесу;
3) жеке тұлғаларға, ұйымдарға және мемлекеттiк органдарға тиесiлi үйлерге, үй-жайларға, ғимараттарға, көлiк құралдарына, жер телімдерiне жасалған шабуылды тойтару, сол сияқты оларды басып алудан босату;
4) егер құқық бұзушылар (сотталғандар, күдіктілер, айыпталушылар және әкімшілік құқық бұзушылық жасағандар) қызметкерлерге, қоғамдық тәртiптi қорғау, қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету бойынша өздерiне жүктелген мiндеттердi атқарып жүрген өзге де адамдарға бағынбаса немесе қарсылық көрсетсе, оларды құқық қорғау органдарына жеткiзу үшін ұстау үшін, ұсталған, күзет қойылған адамдарды, сондай-ақ әкiмшiлiк қамауға алынған, сотталған, күдікті және айыпталушы адамдарды, не олардың қашып кетуi немесе айналадағыларға немесе өзiне зиян келтiруi мүмкiн деп санауға жеткілікті негiздемелер болса, сондай-ақ қызметкерлердiң өздерiне заңмен жүктелген мiндеттерді жүзеге асыруына қасақана кедергi келтiретiн адамдарға қатысты күзетпен апару және күзету;
5) қызметкердің өзін-өзі қорғау немесе өзінің отбасының мүшелерін қорғау мақсатында оған және (немесе) олардың денсаулығына немесе өміріне ауыр зиян келтірудің нақты қаупі төнген кезде шабуылды тойтару;
6) қажетті қорғаныс, аса қажеттік;
7) егер бұл құқық бұзушылықтың жолын кесу, құқық бұзушының жеке басын анықтау, сондай-ақ егер хаттама жасау міндетті болып табылса, оны сол орында жасау мүмкін болмаған кезде әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасау мақсатында қажет болса, құқық бұзушыларды жеткізу;
8) егер жүргізуші қызметкердің тоқтату жөніндегі заңды талаптарына бағынбаса, көлік құралдарына ақау келтіру арқылы оларды тоқтату үшін қолдануға құқығы бар.
1-1. Қызметкерлердің осы Заңда атыс қаруын және өзге де қаруды қолдану рұқсат етілген барлық жағдайларда дене күшін, оның ішінде жауынгерлік күрес тәсілдерін, сондай-ақ арнайы құралдарды қолдануға құқығы бар.
1-2. Арнайы құралдың түрі, оны қолдану уақытының басталуы мен қарқындылығы орын алған жағдай, құқық бұзушылықтың сипаты және құқық бұзушының жеке басы ескеріле отырып айқындалады.
2. Айналадағылардың өмiрi мен денсаулығына қауіп төндiретiн шабуыл, топтасқан шабуыл жасаған не қарулы қарсылық көрсеткен жағдайларды қоспағанда, әйелдерге, мүгедектiк белгiлерi анық бiлiнiп тұрған адамдарға және жас балаларға қатысты арнаулы құралдар мен жауынгерлік күрес тәсілдерін қолдануға тыйым салынады.
Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 6 қаңтардағы № 380-IV Заңы.
Осы Заң Қазақстан Республикасының құқық қорғау қызметіне тұруға, оны өткеруге және тоқтатуға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары қызметкерлерінің құқықтық жағдайын (мәртебесін), материалдық қамтамасыз етілуін және әлеуметтік қорғалуын айқындайды.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы