71-бап. Сенат депутаттығына кандидаттар ұсыну Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы Конституциялық заңы
1. Сенат депутаттығына кандидаттар ұсыну сайлау тағайындалғаннан кейiн келесi күнi басталып, сайлау өткiзiлетiн күнге бiр ай қалғанда жергілікті уақытпен сағат он сегізде аяқталады.
2. Сенат депутаттығына кандидаттар ұсыну:
1) облыстық (республикалық маңызы бар қалалар мен астана), қалалық, аудандық мәслихаттар сессияларында жүргiзiледi. Саяси партиялар, өзге де қоғамдық бірлестіктер өздерiнiң мәслихаттардағы өкiлдері арқылы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына кандидатуралар ұсынады. Бұл ретте бiрнеше мәслихаттан бір кандидат ұсынылуы мүмкiн;
2) өзiн-өзi ұсыну тәртiбiмен жүргiзiледi.
3. Сенат депутаттығына кандидат болып тиiстi облыстың, республикалық маңызы бар қаланың немесе Республика астанасының аумағында тұратын азамат ұсыныла алады.
4. Сенат депутаттығына кандидат етiп ұсыну жөнiндегi шешiм тиiстi мәслихат депутаттарының жалпы санының көпшiлiк дауысымен қабылданады және бұл шешiм:
1) ұсынылған кандидатқа жеткiзiледi;
2) кандидаттың дауысқа түсуге келiсiмi туралы өтінiшiмен бiрге тиiстi облыстардың, республикалық маңызы бар қала мен Республика астанасының сайлау комиссиясына жiберiледi.
5. Сенат депутаттығына кандидаттардың өзiн-өзi ұсынуы азаматтардың тиiстi аумақтық сайлау комиссиясына осы әкiмшiлiк аумақтық бөлiнiс бойынша өзiнiң Сенат депутаттығына кандидат болып дауысқа түсу ниетi жайында өтiнiш беру арқылы жүргiзiледi.
6. Облыстық, қалалық (республикалық маңызы бар қала мен Республика астанасының) сайлау комиссиясы үш күн iшiнде кандидаттың Конституция мен осы Конституциялық заң қоятын талаптарға сәйкестiгiн анықтайды және осы баптың 4-тармағының 2)-тармақшасында, 5-тармағында көрсетiлген оның ұсынылуы туралы құжаттар негiзiнде оған таңдаушылардың қолдарын жинау үшiн қол қою парақтарын бередi.
7. Кандидаттарды тiркеу мерзiмi аяқталған күнi Сенаттың депутаттығына екiден кем кандидат тiркелген жағдайда, Орталық сайлау комиссиясы тиiстi аумақтық сайлау комиссиясының ұсынуы бойынша кандидаттарды ұсыну мерзiмiн жиырма күннен аспайтын мерзiмге ұзартады.
Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі N 2464 Конституциялық заңы.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы