78-бап. Егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексі
1. Елді мекендер аумақтарының жекелеген бөліктерін қала құрылысына игеру жобалары (егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары) елді мекеннің белгіленген тәртіппен бекітілген бас жоспары негізінде әзірленеді.
Белгіленген тәртіппен бекітілген егжей-тегжейлі жоспарлау жобасынсыз елді мекендер аумақтарының жекелеген бөліктерін игеруге тыйым салынады.
2. Егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары елді мекендердің бас жоспарларында белгіленген елді мекенді жоспарлау құрылымының элементтеріне, қала құрылысы регламенттеріне, бірыңғай сәулеттік келбеті мен дизайн-кодына сәйкес әзірленеді.
Құрылыс объектілерінің белгілі бір тұтастығын, композициялық бірыңғайлығы мен аяқталғандығын көзбен шолып сезінуге мүмкіндік беретін үйлесімді сыртқы келбеті мен сәулет стилі элементтерінің, түсіне қатысты шешімдердің, қабаттылығының, әрлеу материалдарының бірыңғайлығы дизайн-кодтың негізгі құрамдастары болып табылады.
3. Егжей-тегжейлі жоспарлау жобасында мыналар белгіленеді:
1) аумақтарды аймақтарға бөле отырып, аумақтарды жоспарлы ұйымдастырудың негізгі бағыттары;
2) қызыл, сары сызықтар және құрылыс салуды реттейтін сызықтар, су қорғау аймақтары мен белдеулері;
3) халыққа әлеуметтік, мәдени және коммуналдық қызмет көрсету объектілерін (ауруханалар, жалпы білім беретін мектептер, мектепке дейінгі ұйымдар, саябақтар, бульварлар, скверлер, және көпшілік пайдаланатын басқа да объектілер) орналастыру, көше-жол желісін және электрмен зарядтау станцияларын орналастыруды қоса алғанда, көлік қызметін көрсетуді ұйымдастыру және инженерлік коммуникацияларды трассалау үшін аумақты резервке қою;
4) көшелердің көлденең қималары;
5) аумақты абаттандыру және көгалдандыру;
6) қала құрылысы шектеулері;
7) инженерлік коммуникациялар жоспары;
8) жол инфрақұрылымын дамыту жоспары;
9) байланыс құрылысжайларын, байланыс желілерін және басқа да инженерлік инфрақұрылым объектілерін салу жоспарлары, сондай-ақ байланыс мұқтажы үшін аумақты резервке қою.
4. Егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын екі жылда бір реттен асырмай түзетуге (жаңартып отыруға) болады.
Тығыздап құрылыс салуды іске асыру үшін егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын тығыздығы, биіктігі, жалпы білім беретін мектептермен және мектепке дейінгі ұйымдармен, медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету объектілерімен, сондай-ақ тіршілікті қамтамасыз ету объектілерімен қамтамасыз ету жөніндегі нормалар сақталмаған кезде түзетуге (жаңартып отыруға) тыйым салынады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген талаптар елді мекеннің аумағын дамытуды өзгерту қажеттілігіне алып келген табиғи немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдайларға қолданылмайды. Бұл ретте егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын түзету (жаңартып отыру) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі негізінде қабылданады.
5. Егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын әзірлеу және бекіту кезінде сейсмикалық шағын аймақтарға бөлу карталары, сондай-ақ сел, көшкін және қар көшкіні қауіптілігі мен қауіп-қатерлерінің карталары ескеріледі.
Бұл ретте сел және көшкін қаупі бар учаскелерде тұрғын ғимараттарды, әлеуметтік, мәдени объектілерді үш қабаттан жоғары етіп жобалауға жол берілмейді.
Алматы қаласы аумағының сел және көшкін қаупі бар учаскелерінде инженерлік желілер, жолдар мен коммуникациялар салуды қоспағанда, елді мекеннің тұрғын аймағына, қоғамдық (қоғамдық-іскерлік) аймағына және өнеркәсіптік (өндірістік) аймағына жататын жаңа құрылыс объектілерін салуға тыйым салынады.
6. Егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларын әзірлеу үшін қажетті бастапқы материалдардың құрамы мен көлемі мемлекеттік нормативтік құжаттарда белгіленеді.
Егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларының бастапқы материалдары қала құрылысы жобаларына кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізу қағидаларына сәйкес қала құрылысы жобаларына кешенді қала құрылысы сараптамасы жүргізілгенге дейін мемлекеттік қала құрылысы кадастрына енгізілуге тиіс.
Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 9 қаңтардағы № 253-VIII ҚРЗ Кодексі.
Осы Кодекс Қазақстан Республикасында сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін жүзеге асыруға,
адам өмір сүретін және тіршілік ететін толыққанды ортаны қалыптастыруға, елді мекендерді, қонысаралық аумақтарды жоспарлауға және дамытуға, құрылыс объектілерінің пайдаланылу циклінің барлық кезеңінде олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы