94-бап. Сотталғандарды мекемелерде бөлек ұстау Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексі
1. Мекемелерде сотталған ерлер мен әйелдердi, кәмелетке толмағандар мен ересектердi бөлек ұстау белгiленеді.
2. Осы баптың бесінші бөлігінде аталған адамдарды қоспағанда, бас бостандығынан айыруға алғаш рет сотталғандар бас бостандығынан айыруды бұрыннан өтеп жүрген сотталғандардан жеке ұсталады. Осы баптың қолданысы қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерге қолданылмайды.
Бiр мекемеде бас бостандығынан айыруға алғаш рет сотталған және бұл жазаны бұрыннан өтеп жүрген әйелдер, оның ішінде соттардың, құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттік органдардың бұрынғы қызметкерлері, сотталғандардың мінез-құлқын бақылау мен қадағалауды жүзеге асыруға уәкілетті адамдар бөлек ұсталуы мүмкін.
Басқа сотталғандардан оқшауланып, сондай-ақ бөлек: қылмыстардың қауiптi қайталануы жағдайында сотталғандар; өмiр бойына бас бостандығынан айыруға сотталғандар; өмiр бойына бас бостандығынан айыру кешiрiм жасау тәртiбiмен белгiлi бiр мерзiмге бас бостандығынан айыруға ауыстырылған сотталғандар ұсталады.
3. Жекелеген мекемелерде, сотталғандығының санына қарамастан, сотталғандар – соттардың, құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттік органдардың бұрынғы қызметкерлері, сотталғандардың мінез-құлқын бақылау мен қадағалауды жүзеге асыруға уәкілетті адамдар ұсталады.
Сотталған әйелдерді – соттардың, құқық қорғау органдары мен арнаулы мемлекеттік органдардың бұрынғы қызметкерлерін, сотталғандардың мінез-құлқын бақылау мен қадағалауды жүзеге асыруға уәкілетті адамдарды жеке ұстау мүмкін болмаған жағдайда, олар мекемелерде басқа сотталғандардан бөлек ұсталуы мүмкін.
Осы бөліктің күші қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерге қолданылмайды.
4. Сотталғандарды бөлек ұстаудың осы бапта белгiленген талаптары балалар үйi бар мекемелерге қолданылмайды.
5. Әртүрлi инфекциялық аурулармен ауыратын сотталғандар бөлек және денi сау сотталғандардан жеке ұсталады. Емдеу-профилактикалық мекемелерде (ауруханаларда, мамандандырылған психиатриялық және туберкулезге қарсы ауруханаларда) сотталған ерлер сот айқындаған режим түрiне қарамастан, бiрге ұсталады. Туберкулезге қарсы ауруханаларда сотталғандарды бөлек ұстау медициналық көрсетімдермен айқындалады.
Қазақстан Республикасының Кодексі 2014 жылғы 5 шілдедегі № 234-V ҚРЗ.
Қазақстан Республикасының
Президенті
© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК
Конституция Заң Кодекс Норматив Жарлық Бұйрық Шешім Қаулы Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы Заң компаниясы