Қызметтер үшін төлем тек компанияның шотына төленеді. Сізге ыңғайлы болу үшін біз Kaspi RED / CREDIT /БӨЛІП ТӨЛЕУДІ іске қостық 😎

Басты бет / Кейстер / Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру қылмыстық ісі бойынша

Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру қылмыстық ісі бойынша

Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру қылмыстық ісі бойынша

Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру қылмыстық ісі бойынша

2022 жылғы 16 қыркүйек № 5198-22-001-36/22 іс   Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты құрамында: төрағалық етуші судья Д.Мадалиев,сот отырысының хатшысы Ж.Найманның, мемлекеттік айыптаушы ‑ прокурор А.Бекхожаевтың, жәбірленуші Қ.Е, жәбірленушінің өкілі Т.Е, сотталушы А.Ктың, қорғаушы ‑ адвокаттар Р.Қ , Б.Ж , Б.Б  қатысуымен ашық сот отырысында, дыбыс-бейне жазбасын қолданып, қылмыстық істі қарады, ол бойынша:

К А Н , 27.11.1991 жылы Түркістан облысы, Мақтаарал ауданында туылған, ұлты қазақ, Қазақстан Республикасының азаматы, жоғары білімді, үйленген, асырауында кәмелетке толмаған жасөспірім бала-шағасы бар, жұмыссыз, бұрын сотты болмаған, Түркістан облысы, Мақтаарал ауданы, Атакент ауылы, Т.Рысқұов көшесі, №2 үйдің тұрғыны.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (әрі қарай ҚК-нің) 24-бабының 3-бөлігі, 99-бабының 1-бөлігінде көзделеген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін айыппен сотқа берілді.

2022 жылғы 24-қаңтар күндізгі уақытта Түркістан облысы, Мақтаарал ауданы, Атакент орталығында сотталушы А.К пен жәбірленуші Қ.Е сөзге келіп қалып, соңғысы А.Кты жекпе-жек төбелесуге шақырған. А.К өз кезегінде, Қ.Етың күрестен спорт мастері екенін білгендіктен онымен жекпе-жек шығудан бас тартқан. Қ.Е бұнымен тоқтамай, А.Ктың артынан Мақтаарал ауданы, Атакент орталығында орналасқан Полиция ғимаратына барып, А.Кты қайтадан жекпе-жек шығуға шақырған. Нәтижесінде, А.К пен Қ.Е Атакент орталығының саябағында татуласу үшін кездесуге келіскен.                

Сол күні, сағат 19.30 шамасында А.К пен Қ.Е достарымен бірге Атакент орталығының саябағына келіп, татуласа алмай бір-бірімен ерегіскен. Ерегіс барысында Қ.Е балағат сөздерді айтып саябақ ішінен қашып кеткен.

А.К, Қ.Етің айтқан сөздеріне ашуланып, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру мақсатында, автокөлікпен Қ.Етің артынан Бекжанов көшенің бойында орналасқан «Сәкен бар» дүкеннің алдында қуып жетіп, қолындағы пышағымен Қ.Етің екі санын, оң білегін, екі иығын, кеуде торын зақымдап, денсаулығына ауыр зиян келтірген.           

Сотта сотталушы А.К тағылған айыпты ішінара мойындап: оқиға болған күні Қ.Епен сөзге келіп қалғанын; Қ.Е оның артынан полиция ғимаратына барып, қайта-қайта жекпе-жек төбелесуге шақырғанын; Қ.Е күрестен мастер спорта болғандықтан, онымен төбелесуден бас тартқанын; саябақта Қ.Е оның анасын балағаттаған соң пышақты алып, артынан қуалағанын; «Сәкен бар» дүкеннің алдына жеткенде Қ.Е сүрініп, жерге құлағанын; сол мезетте қолындағы пышағымен Қ.Етің аяқ жағына және қол жағына соққы жасағанын; Қ.Еті өлтіру мақсаты болмағанын; егер де оны өлтіруге ниеті болғанда бірден өмірлік маңызды органын зақымдауға мүмкіндік болғанын көрсетті (файл 19072022153949, 1-сағат).       

Сотталушының қылмыстық іс-әрекеті (оның жауабынан басқа) сотта сұралған жәбірленушінің және куәлардың жауаптарымен дәлелденеді.

Атап айтқанда, сотта жәбірленуші Қ.Е: А.К екеуі сөзге келіп қалғанын; оның артынан полиция ғимаратына барып, саябақта кездесуге келіскенін; саябақта А.Ктың ағасы «Жүсіп» деген тұлға оны (Қ.Еті) ұрғанын; артынша А.К «өлтіремін» деп, пышақпен ұрмақшы болғанын; алайда А.Ктың қасында тұрған достары оны ұстап қалғанын; А.К оны шын мәнінде өлтіріп қояды деп қорқып, саябақтан қашып кеткенін; А.К оны автокөлігімен қуалап, «Сәкен бар» дүкеннің алдында пышақтағанын; осы мезетте А.Ктың ағасы - «Жүсіп» жүгіріп келіп, оның (Қ.Етің)  басынан, денесінен тепкенін; соқылардан есін жоғалтып, ары қарай не болғанын білмегенін көрсетті (файл 19072022153949, 19-минут).                   

Сотта куә А.Сайфидинов: оқиға болған күні А.К пен Қ.Е сөзге келіп қалғанын; Қ.Е А.Кты қайта-қайта жекпе-жекке шақырғанын; А.Кты полиция қызметкерлері алып кеткен соң, Қ.Е артынан барып, тағыда жекпе-жекке шақырғанын; А.К полиция ғимаратынан шыққан соң, Қ.Е екеуі саябақта кездескенін; Қ.Е А.Кты саябақта жекпе-жекке шақырғанын; екеуінің араларына түсіп, «қойындар» дегенін; сол мезетте Қ.Е саябақтан шығып жатып, А.Кқа қарай сөздерді айтқанын; А.К сол сөздерді естіп, автокөлігімен Қ.Етің артынан қуалағанын; ол (куә А.Сайфидинов), балдармен бірге олардың артынан барғанын; «Сәкен бар» дүкенге жеткен кезде, Қ.Етің қан болып жерде жатқанын; қасында А.К пышақ ұстап тұрғанын; Қ.Еті автокөлікке салып, дәріханаға апарғанын көрсетті (файл 0408202295859, 4-минут). 

Сотта куә Н.Б : оқиға болған күні Қ.Е үйіне келіп: ‑ «саябаққа барып келейік» дегенін; саябаққа ол (куә Н.Б ), Қ.Е және «А к» деген танысы барғанын; саябақта А.К және оның таныстары болғанын; А.К пен Қ.Е сөзге келіп қалғанын; сол мезетте Қ.Е А.Кқа қарай балағат сөздерді айтып, саябақтан қашып кеткенін; А.К автокөлігімен Қ.Етің артынан қуалағанын; балдармен бірге олардың артынан барғанын; «Сәкен бар» дүкенге жеткен кезде, Қ.Етің қан болып жерде жатқанын; қасында А.К тұрғанын; оны ешкім ұстап тұрмағанын; пышақ жерде жатқанын; Қ.Еті автокөлікке салып, дәріханаға апарғанын көрсетті (файл 0408202295859, 30-минут). 

Сотта куә Б.А в: оқиға болған күні А.К пен Қ.Е сөзге келіп қалғанын; Қ.Е А.Кты қайта-қайта жекпе-жекке шақырғанын; А.Кты полиция қызметкерлері алып кеткен соң, Қ.Е артынан барып, тағыда жекпе-жекке шақырғанын; екеуі достасамыз деп саябақта кездескенін; саябақта тағыда ерегісіп қалғанын; Қ.Е А.Кты төбелесуге шақырғанын; сол мезетте Қ.Е А.Кқа балағат сөздерді айтып, саябақтан шығып кеткенін; А.К автокөлігімен Қ.Етің артынан қуалағанын; «Сәкен бар» дүкеннің қасында екеуі төбелескенін; балдармен бірге олардың артынан барғанын; А.К Қ.Еті пышақтағанын; дүкеннің қасында Қ.Е жерде жатқанын; А.К оның қасында қарап тұрғанын; Қ.Еті автокөлікке салып, дәріханаға апарғанын көрсетті (файл 0408202295859, 58-минут). 

Яғни, жоғарыда көрсетілген тұлғалардың жауаптарымен сотталушы А.К жәбірленуші Қ.Еке пышақпен дене жарақат салғанын дәлелденген.              

24.01.2021 жылы түзілген «Оқиға болған жерді қарау туралы» хаттамасына сай, қылмыс Түркістан облысы, Мақтаарал ауданы, Атакент орталығы, Бекжанов

 көшенің бойында орналасқан «Сәкен бар» дүкеннің алдында орын алған (1-бума, 8-бет).

Сонымен қатар, сотталушы А.К жәбірленуші Қ.Еке ауыр дене жарақат салғанын келесі сот-сараптама қорытындыларымен дәлелденеді. 

18.04.2022 жылғы сот-медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес, жәбірленуші Қ.Етің кеуде торы оң бүйір беткейінің іш қуысына енбеген жарақат, екі иығының, оң білегінің, екі санының көптеген шаншылып кесілген жарақаттары анықталды. Денсаулығына ауыр дәрежелі зиян келтіру деп бағаланады (4-бума, 20-бет).

04.03.2022 жылғы сот-биологиялық сараптаманың қорытындысына сай, оқиға болған жерден, пышақтан, жәбірленушінің киімдерінен қан дақтары анықталды. Аталған қан дақтары жәбірленуші Қ.Етен пайда болған (2-бума, 38-бет).

Сот, жоғарыда көрсетілген дәлелдемелерді жан-жақты талдап, оларға баға беріп, бұл дәлелдемелермен сотталушының қылмыстық іс-әрекеті толық анықталып, дәлелденген деп есептейді.   

Алайда, сот, тергеп-тексеру органы сотталушының қылмыстық әрекетіне дұрыс баға бермеген деп санайды.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2007 жылғы 11 мамырдағы «Адамның өмірі мен денсаулығына қарсы кейбір қылмыстық құқық бұзушылықтарды саралау туралы» N 1 Нормативтік қаулысының 4-тармағына сай, адамды қасақана өлтіруге оқталғандық субъективтік жағынан тек тура бағытталған, тікелей пиғылмен жасалған әрекеттер болып есептеледі.

Тергеу органы Айыптау актісінде: «А.К жәбірленуші Қ.Еті қасақана өлтіру мақсатында, пышағымен қасақана денесі мен қабырға тұсынан бірнеше рет ұрып, дене жарақаттарын келтірген» деп көрсеткен.   

 Алайда, тергеу органы А.Ктың жәбірленушіні өлтіруге әрекетін тура бағытталған, тікелей пиғылмен жасағанын көрсетпеген.       

Аталған Нормативтік қаулысының 4-тармағына сай, егер қылмыстық құқық бұзушылық оны аяқтағанға дейін үзілген болса, онда кінәлі өз әрекеттерін не себепті тоқтатқанын, бұл оның еркіне тәуелді болған-болмағанын, бұл ретте қылмыстық құқық бұзушылықты жалғастыруға оның нақты мүмкіндігі болған-болмағанын, қандай мән-жайлардан кедергі болғанын анықтау қажет.

Тергеу органы Айыптау актісінде: «А.Ктың бұл қылмыстық іс-әрекетіне араша түсіп, тыйым салған өзге тұлғалардың әрекеттерінің және жәбірленушіге дер кезінде медициналық көмек берудің нәтижесінде, жәбірленуші өлім аузынан аман қалған» деп көрсеткен.

Алайда, тергеу органы өзге тұлғалардың қайсысы А.Ктың қылмыстық іс-әрекетіне араша түсіп, тыйым салғанын көрсетпеген.

Осы іс бойынша сұралған куәлардың ешқайсысы А.Ктың қылмыстық іс-әрекетіне араша түсіп тиым салғаны жөнінде көрсетпеген.

Жәбірленуші Қ.Етің өзі: - «А.К мені автокөлігімен қуалап, «Сәкен бар» дүкеннің алдына пышақтады. Осы мезетте А.Ктың ағасы - «Жүсіп» жүгіріп келіп, менің басынан, денемнен тепті. Мен соқылардан есімді жоғалттым» деп жауап берген.    

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында куә С.А : А.К жәбірленуші Қ.Етің иығын пышақтап, одан кейін аяғымен тепкенін; сол мезетте А.Ктың ағасы «Жүсіп» келіп, Қ.Еке айқалағанын; артынша бірнеше балдар келіп, Қ.Етің үстінде тұрған «Жүсіпті» ажыратып жібергенін көрсеткен (2-бума, 9-бет).

Жәбірленуші Қ.Етің,  куә С.А  жауаптары «Сәкен бар» дүкеннің ауласында тұрған бейне камераның жазуымен де қуатталады (іске дәлел ретінде тіркелген).

Бұл бейне жазуды зерттеу барысында: бірінші тұлғаның артынан екінші тұлға қуалап келіп жатқанын; бірінші тұлға сүрініп жерге құлағанын; екінші тұлға жерде жатқан бірінші тұлғаны ұрып жатқанын; бірінші тұлға екінші тұлғаны ұстап, жерге құлатқанын; екінші тұлға аяғына тұрғанын; бұл мезетте үшінші тұлға жүгіріп келіп, бірінші тұлғаны ұра бастағанын; екінші тұлға олардың қасында тұрғаны анықталды.

Тергеу барысында жоғарыда көрсетілген бейне жазуды криминалист маман зерттеп, хаттама толтырған (2-бума, 64-бет). Криминалист өзінің қорытындысында А.Ктың әрекеттеріне өзге тұлғалардың араша түсіп, тыйым салғанын көрсетпеген.

Яғни, сотталушы А.Ктың әрекетін нақты қандай мән-жайлар тоқтатқаны анықталмады.

Одан бөлек, 14.03.2022 жылы сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы «Жүсіп» есімді тұлғаға қатысты «Күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы» қаулы шығарып, бұл қаулыда: «Ж.К «Сәкен бар» дәмхананың алдында А.К пен Қ.Е алысып жатқанын көріп, ... Қ.Етің басынан теуіп, кескіш затпен дене жарақат келтірген...» деп көрсеткен.  

Яғни, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органы бір қылмыстық іс бойынша сотталушы А.Ктың әрекетіне екі әртүрлі қорытынды берген.

Сонымен қатар, сотталушы А.Ктың жәбірленуші Қ.Еті қасақана өлтіру мақсаты болмағаны келесі деректермен айқындалады.

А.К жәбірленуші Қ.Еті пышақпен ұрған кезде, бірінші соққыны аяғынан ұрған, екінші соққыны қолынан ұрған, үшінші соққыны оң жақ кеуде торы жағынан ұрған, алайда, сот-медициналық сараптаманың қорытындысына сай, үшінші соққы - іш қуысына енбеген жарақат болып табылады.   

Сотталушы А.К жәбірленуші Қ.Епен ерегіс барысында «өлтіремін» деген сөздерді айтпаған. Бұл дерек куәлардың жауаптарымен де қуатталады. Сонымен қатар, Айыптау актісінде бұл жөнінде ешнәрсе жазылмаған.

Тергеу органы Айыптау актісінде: «саябақта А.К пышақты алып, онымен арнайы қаруланып, жәбірленуші Қ.Еті бірнеше рет пышақпен ұрмақ болған. Алайда, саябақта жиналған өзге тұлғалар оған араша түсіп, А.Кты ұстап қалған» деп көрсеткен.

Тергеу органының бұл уәждері де куәлардың жауаптарымен қуатталмады. Сұралған куәлардың ешқайсысы (тергеу барысында да, сот отырысында да) «саябақта А.К пышақты алып, жәбірленуші Қ.Еті бірнеше рет пышақпен ұрмақ болды» деп көрсетпеген.          Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2006 жылғы 20 сәуірдегі N 4 «Қылмыстық істер бойынша дәлелдемелерді бағалаудың кейбір мәселелері туралы» Нормативтік қаулысының 12-тармағында, егер соттың үкімі сотталушы мен жәбірленушінің талданбаған, ақиқаты салыстырылмаған және басқа дәлелдемелермен: куәлардың айғақтарымен, процесстік әрекеттердің хаттамаларымен, сарапшылардың қорытындыларымен, заттай дәлелдемелермен және өзге де құжаттармен расталмаған айғақтарының негізінде ғана шығарылса, оны заңды деп тануға болмайды.

Тергеу органы сотталушы А.Кқа айыпты тек қана жәбірленушінің жауабына қарап таққан. Алайда, іс материалдарымен анықталғандай, жәбірленуші сотқа дейінгі тергеп тексеру барысында бірнеше рет жауабын өзгерткен.   

Ал сотталушы А.К сотқа дейінгі тергеп тексеру барысында басынан аяғына дейін «жәбірленуші Қ.Еті өлтіруге ниетім болған жоқ, мен оны қорқыту мақсатында пышақпен тек қана аяғына, қолына сілтедім» деп көрсеткен (1-бума, 94-бет; 3-бума, 168-бет; 4-бума, 1-бет; DVD дискілерге жазылған жауаптары іске тіркелген).             

Нәтижесінде, сот, анықталған мән-жайларға баға беріп, А.Ктың қылмыстық әрекетін ҚК-нің 24-бабының 3-бөлігі, 99-бабының 1-бөлігінен 106-бабының 1-бөлігіне қайта саралайды. Өйткені ол, жәбірленушінің денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірген.  

Сот-наркологиялық сараптамасының қорытындысына сәйкес, сотталушы А.К нашақорлықпен, алкоголизммен айырмайды, еріксіз емделуді қажет етпейді. Сот-психиатриялық сараптамасының қорытындысына сәйкес, ол созылмалы психикалық аурумен, кемақылдықпен немесе психикасының өзге де дерттерімен ауырмайды және ауырған емес, психикалық жағдайына байланысты еріксіз емделуді қажет етпейді.

Сот, сотталушыға жаза тағайындау кезінде, оның жасаған қылмыстық сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін, жеке басын, сонымен бірге, қылмыс жасағанға дейінгі және одан кейінгі мінез-құлықтарын, жауаптылық пен жазаны жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар ретінде, сондай-ақ тағайындалған жазаны оның түзелуіне және отбасының немесе оның асырауындағы адамдардың тіршілік жағдайына ықпалын ескереді.

Сот, сотталушы А.Ктың жеңілдететін мән-жайлар ретінде ‑ айыпты мойындаған, шын ниетімен өкінгенін, асырауында жас өспірім бала-шағасы барын, жәбiрленушiнiң қылмыстық құқық бұзушылыққа түрткi болған заңға қайшы және бейморальдық мінез-құлқынын таниды. Ауырлататын мән-жайлар анықталмады.

ҚК-нің 98-2 бабының 2-тармағына сай, А.Ктан Қазақстан Республикасының Жәбірленушілерге өтемақы қорына 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде өндіріледі.

ҚПК-нің 178-бабының талаптарына сәйкес, сот, сотталушыдан іс жүргізу шығындарын мемлекеттің пайдасына өндіреді.

Жоғарыда аталған іс бойынша тіркелген заттай дәлелдемелердің тағдыры ҚПК-нің 118-бабына сай шешіледі.

Осы қылмыстық іс бойынша жәбірленуші Қ.Е сотталушы А.Кқа қарсы азаматтық талап арыз беріп, материалдық шығын ретінде 470 899 теңге, моральдық шығын ретінде 10 миллион теңге өндіруді сұраған. Сот, ҚПК-нің 170-бабы 1-бөлігінің 1-тармағына сай, азаматтық талап арызды ішінара қанағаттандырады. Яғни, азаматтық талап арызының материалдық бөлігі медициналық құжаттармен, мекемелердің анықтамаларымен толық дәлелденгендіктен, сот, азаматтық жауапкер А.Ктан азаматтық талапкер Қ.Етің пайдасына 470 899 теңгені өндіру қажет деп есептейді.

Ал азаматтық талап арыздың моральдық бөлігін өндіруді сот қанағаттандырусыз қалдырады. Өйткені, сот тергеуі барысында сотталушының моральдық шығынды толық өтегені анықталды.

Бұл дерек келесі дәлелдемелермен анықталған.

Сотта қосымша куә Б.Шанпиев (жәбірленуші Қ.Етің туған нағашысы): 2022 жылғы наурыз айында ол, Қ.Етің әкесі - Т.Е, А.Ктың ағасы ‑ Ж.К үшеуікуә Б.Шанпиевтің жұмыс орнында кездескенін; сол жерде Ж.К кешірім сұрап, 

Қ.Етің әкесі - Т.Еке шығын ретінде 5 миллион теңге бергенін көрсетті (файл 5198-22-00-1/36_2022-09-07, 41-минут).      

Сотта қосымша куә Ж.К: 2022 жылғы наурыз айының 19-күні ол, Қ.Етің әкесі - Т.Е, Қ.Етің туған нағашысы - Б.Шанпиевүшеуі соңғының жұмыс орнында кездескенін; сол жерде Қ.Етің әкесі - Т.Етен кешірім сұрап, кеткен шығындарды өтеп беретінін айтқанын; Т.Е 4 миллион 600 мың теңге соманы айтқанын; сол мезетте үйіне қоңырау шалып, жүргізушісі М.Ошуровқа үйден 5 миллион теңге алып келуді бұйырғанын; М.О в ақша алып келген соң, Ж.К 5 миллион теңгені Б.Ш ң көзінше Қ.Етің әкесі - Т.Еке бергенін көрсетті (файл 5198-22-00-1/36_2022-09-07, 30-минут).       

Қосымша куә М.О в мағыналас жауап берген (файл 5198-22-00-1/36_2022-09-07, 30-минут).      

Демек, жәбірленуші Қ.Е және оның әкесі - Т.Етің сотталушы А.Ктың туысқандарынан моральдық шығын ретінде 5 миллион теңге алғаны дәлелденген.     

Одан бөлек, басты сот талқылауының арасында, нақтылап айтқанда 2022 жылғы 8-тамыз айында жәбірленуші Қ.Е және оның әкесі Т.Е нотариус арқылы кешірім арыз жазып, арызда: - «сотталушы А.Кқа қойяр дауымыз жоқ, онымен өзара ымыраға келіп татуластық, сол себепті кешірім беріп отырмыз, моральдық шығынды толық берген» деп көрсетіп, А.Ктың ағасы ‑ Ж.Ктан 6 миллион теңге алғаны анықталды.

Сотта жәбірленуші Қ.Етің әкесі - Т.Е өндірілген 11 миллион теңге сомаға қанағат қылмай сотталушы А.Ктың туысқандарынан қосымша 4 миллион теңге талап етіп, төлемеген жағдайда сотталушыға кешірім бермейтінін көрсеткен. Алайда, сотта А.Ктың ағасы ‑ Ж.К: бар ақшаны бергенін, қосымша ақша тауып беруге мүмкіндік жоқ екенін көрсетті.

Одан кейін, сотта, яғни 2022 жылғы 14-қыркүйек айында жәбірленуші Қ.Етің әкесі - Т.Е азаматтық талап арызын өзгертіп, моральдық шығын ретінде 30 миллион теңге өндіруді сұрағанын, төленбеген жағдайда сотталушыға кешірім бермейтінін көрсеткен.             

Алайда, сотталушы А.К тарапынан жәбірленушінің пайдасына 11 миллион теңге моральдық шығын өндірілгендіктен, сот, осы сомма жеткілікті деп есептейді. Сол себептен, сот,азаматтық талап арыздың моральдық бөлігін қайта өндіруді қанағаттандырусыз қалдырады.   

Сонымен қатар, сот, сотталушы А.К 7 айдан аса қамауда отырғанын, жәбірленушіден кешірім алу үшін оған 11 миллион теңге бергенін, асырауында жас өспірім бала-шағасы бар екенін, сондай-ақ, жәбірленушінің әрекетін де назарға алып, А.Кқа бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауға мүмкіндік бар деп есептейді.

А.Ктың жазасын өтеу мерзімі ҚК-нің 62-бабы 3-1 бөлінің 2-тармағының тәртібімен тағайындалады.    

ҚПК-нің 118, 170, 178, 387-393, 395-398, 402-баптарын басшылыққа ала отырып, сот

ҮКІМ  ЕТТІ:

 К Абильхаир Н  Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 106-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 5 (бес) жыл 4 (төрт) ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалсын.

А.Ктың «күзетпен ұстау» бұлтартпау шарасы жойылып, ол қамаудан тез арада босатылсын.

Қылмыстық кодексінің 44-бабына сай, А.Кқа тағайындалған мерзімге: жыл сайын бір жүз сағаттан мәжбүрлі еңбекке тартылсын. Мәжбүрлі еңбекті жергілікті атқарушы органдар қоғамдық орындарда ұйымдастырсын және күніне төрт сағаттан асырылмасын. Пробациялық бақылауды белгілеп,  мінез-құлқын бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органға хабарламай, тұрақты тұрғылықты жерін ауыстырмау, көңілді көтеретін белгілі бір орындарға бармау, оның түзелуіне және оның жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алуға ықпал ететін басқа да міндеттерді орындау жүктелсін.

А.Ктыңмінез-құлқын бақылау тұрғылықты жері бойынша Қылмыстық-атқару инспекциясына жүктелсін. Үкім заңды күшіне енгеннен кейін А.Кқа он тәулік ішінде есепке қою үшін пробация қызметіне келу міндеттелсін. Оған бас бостандығын шектеуді өтеуден қаскөйлікпен жалтарған жағдайда, оның өтелмеген мерзімі бас бостандығын шектеудің бір күні үшін бас бостандығынан айырудың бір күні есебімен бас бостандығынан айыруға ауыстырылатыны түсіндірілсін.

Қылмыстық кодексінің 62-бабы 3-1 бөлінің 2-тармағына сай, А.Ктың күзетпен ұстауда болған 7 ай 17 күн мерзімі 1 (бір) жыл 3 (үш) ай 4 (төрт) күн мерзімге ауыстырылып (7 ай 17 күн х 2), бұл мерзім өтелді деп есептелсін.  

А.Ктан қылмыстық іс бойынша процесстік шығындар ‑ 100 408 теңге мемлекеттің пайдасына өндірілсін.  

Қылмыстық кодексінің 98-2 бабының 4-тармағына сай, А.Ктан 20 айлық есептік көрсеткіш ‑ 61 260 теңге Қазақстан Республикасының Жәбірленушілерге өтемақы қорына өндіріліп, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитеті РММ, БИК KKMFKZ2A, ИИK KZ24070105KSN0000000, КБК 204303 есепшотына аударылсын.

Заттай дәлелдеме ретінде танылған: жыртылған трико, сыртқы киім (куртка), футболка, жемпір, 2-дана носки, 1-дана пышақ ‑ жойылсын; бейнекамера блогы ‑ егесіне қайтарылды деп есептелсін; DVD дискілерге жазылған тергеу амалдары - іспен бірге сақталсын. 

Азаматтық талапкер Қ.Етің азаматтық талап-арызы ішінара қанағаттандырылсын.Азаматтық жауапкер А.Ктан азаматтық талапкер Қ.Етің пайдасына материалдық шығын ретінде 470 899 теңге, мемлекеттік баж салығы ретінде 4 708 теңге 99 тиын өндірілсін.  

Үкімнің азаматтық талап бөлігін ерікті түрде орындау үшін, А.Кқа бір ай мерзім берілсін. Осы мерзім ішінде, азаматтық талап ерікті түрде орындалмаған жағдайда үкімнің азаматтық талап бөлігі мәжбүрлеп орындалсын. 

Тараптар, сотталған үкімге жарияланған күннен бастап, 15 тәуліктің ішінде Түркістан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасына қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты арқылы шағым, апелляциялық өтініш хат келтіруге құқылы.

 

Назар аударыңыз!  

«Заң және Құқық» адвокаттық кеңсесі, бұл құжаттың жалпылама екендігіне және нақты сіздің жағдайыңыздың талаптарына сәйкес келмеуі мүмкіндігіне көңіл бөлуіңізді сұрайды. Біздің заңгерлер сіздің нақты жағдайыңызға сәйкес келетін кез келген құқықтық құжатты әзірлеп көмектесуге дайын.  

Қосымша ақпарат алу үшін Заңгер/Адвокат телефонына хабарласуыңызға болады: +7 (708) 971-78-58; +7 (700) 978 5755, +7 (700) 978 5085.    

Адвокат Алматы Заңгер Қорғаушы Заң қызметі Құқық қорғау Құқықтық қөмек Заңгерлік кеңсе Азаматтық істері Қылмыстық істері Әкімшілік істері Арбитраж даулары Заңгерлік кеңес Заңгер Адвокаттық кеңсе Қазақстан Қорғаушы  Заң компаниясы 

 

Құжатты жүктеп алу